Орта ғасыр мен жаңа ғасыр
13.02.2020
1904
1

Біздің заманымыздағы құндылықтар біздің заманымызға дейін қалыптасып қойғаны жайлы пікірге қалай қарайсыз? Бәлкім сізді өркениет алмасуы, Спенсер мен Канттың қартаюы, керісінше, бағзы данышпандардың уақыт өте келе су бетіне қалқып шығуы қызықтыратын болар. Сіздіңше, философияны көктен жерге түсірген Сократ па? Сіздіңше, өз ғасыры миллион рет ақтап алса да, дәуір алмасу үстінде әр беті өзді-өзінен еріп, тозаңға айналған шығармаларға кім қорғаушылық жасай алмақ?

Жаңа ғасыр: Әрбір ескілік өзімен бір­ге ескілік туғызады. Және олар ақы­мақ адамша өзінің қай сатыда екенін ешқашан білмейді. Содан да ол әлдеқашан қолданыстан шыққан терминдер мен жауыр болған түсініктерін санаға күш­теп таңуға құмар. Мәселен, сіз, өзіңіз­ді орта ғасырмын дейсіз, «барлық құндылық­тардың бастауы менде жатыр» дегіңіз келеді. Орта ғасыр адамзат үшін не жасады? Адамзатқа нені үйретті? Бәлкім, Шекспирді көлденең тартатын боларсыз. Әлбетте, Шекспир рухының біршама кезеңдерді әлдилегені рас. Бірақ оның өз торына өзі қамалып, көпсөзділікке ұрынған, түбірі суицидке бастайтын тұн­жыр философиясын жаңа ғасыр қошемет­пен қарсы алады деп ойлайсыз ба?

Орта ғасыр: Орта ғасыр дегенде жөн-жо­сықсыз Шекспирді суыртпақтай жөнел­геніңізге жол болсын! Орта ғасыр бұл – Данте! Бұл – Петрарка! Бұл – Дуфу мен Ли Бай, Хафиз бен Хаям! Бұл – ғылымдардың басы болған Ибн Сина, Әбу Абдолла Әл-Хорезми, Бируни! Бұл – әрқайсысының бейіті бүгінде күмбезге айналған әулиелер мен қасиетті дәруіштер шоғыры. Тұран әдебиетінің екпіні мен Парсы саздарын қайда қоймақсыз? Кез-келген дүниенің соңы мен төмен ағысы емес, бастау бұлағы құнды. Ал жаңа ғасырдың бастау бұлағы орта ғасыр екені талассыз ақиқат.

Жаңа ғасыр: Әр қоғамда, әр кеңістікте жаңа бұйым келгенде оған ескі бұйым орын беріп, төрге шығарады. Мәселен, 100 вольттық жарық шам пайда болған соң, ескіше от жағып, өлімші алауына телміріп отыру ақымақтық саналар еді.

Орта ғасыр: Шамды ойлап тапқан Эдисонның не дегенін білесіз бе?

Жаңа ғасыр: ?..

Орта ғасыр: Эдисон: «Мен электр то­ғын Мұхиддин ибн Арабидың «Футух атул-Мәккия» кітабынан таптым», – деп ағынан жарылады. Міне, ол осы сөзімен-ақ орта ғасырға бас иіп тұр. Ал даңқты Гетенің бәрі білетін «Шығыста жеті ғаламат ақын бар, солардың ең осалы менен мықты», – деген пікірін қайда қайда қоймақсыз? Габриэль Гарсиа Маркестің «Мені жазушы болуға итермелеген «Мың бір түн» еді» дейтін сөзін білесіз бе? Мәселен, Пер Беранже, Иван Крыловтардың орта ғасырлық Жәләләддин Румиден, арысы «Кәлилә мен Димнәдан» шыққанын неге мойындағыңыз келмейді? Португалдық жазушы Жозе Сарамагоның Нобель сый­лығын алған «Соқырлық» атты шы­ғар­масы Түркінің «Жұмжұма» дастанын­да әлдеқашан жырмен кестеленіп қойға­нын білсеңіз етті. Сіздер біздегі бай қор­да­лан­ған құнарды түрлі формаға салып, біршама күрделендіріп, тонын айналдырғаннан өңге не жаңалық алып келдіңіздер? Содан да жаңа ғасырлық туындылардың көбі ішкілік үстіндегі дос­тықтай құнсыз тартады. Гамлеттегі Полоний не деуші еді? «Сіз өзіңіз сөздің өңін аудара қоюға керемет машықтанып алыпсыз!»

Жаңа ғасыр: Дүниеде қанша адам бар болса, олардың ішкі сезінуі де бір-біріне ұқсамақ емес. Сіз дидактикамен ағаштың сыртқы қабығын жырласаңыз, жаңа ғасыр оның ішкі қабаттарын, түбірін сезіне білді. Және құрғақ сөзбен емес, символистік, сюрреалистік образдармен өрнектеді. Екіншіден, «адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді» дейді Абай. Ал әдебиетте тұлғаның шын тұлғасы өзінің шығармашылық жолын, миссиясын қалай аяқтай алғанымен білінеді. Егер тұлға таудың шыңына жетсе, оған көп септігін тигізген тау ортасындағы сатылы тастар емес, ең бірінші – өзі! Ол өзін әлгі тастарға қарыздар сезініп, төменге именшектей берсе, шыңға ешқашан жете алмас еді. Жә, орта ғасыр түбіріміз делік, бірақ ол өзінің қартайып, әлдеқашан әлжуазданғанын мойындаса керек-ті. Сіздер католиктік шіркеудің ой-танымынан аса алмаған қайта құруға дейінгі Еуропа әдебиетінің, оның еңбек өлеңдері мен әдет-ғұрыпқа негізделген діни гимндерін, тәурат парафразалары тұнған клерикалық әдебиетін қалайша ақтап алмақсыздар? Және фео­далдық қатынастардың пайда болуынан, өркендеген феодализмнің сарқын­шақ­тарынан құралған прозаларын алға тарт­қыңыз келеді. Онан да ежелгі Антика мен ертерек ояна білген Француз ағарту­шылығына салауат айтқандарыңыз жөн болар.

Орта ғасыр: Егер бүкіл адамзат баласын жаңа штат бойынша қайта құру жайлы сөз болса, алдымен сізден бастар едім! Жаңа ғасыр Петрарканың демінен, Франсуа Вийон шылауынан биікке қол соза алған жоқ. Керісінше, әлі күнге солардың ұйығынан шыға алмай келеді. «Дүниеде жаңадан пайда болған ештеңе жоқ». Бәрі ескі. Сондықтан оны алғаш құрғандар мәңгілік ұлы болып қала береді.

Жаңа ғасыр: Сірә, сізбен сөз жарыс­тыру­дың керегі шамалы секілді, бірақ біліп қойыңыз: жаратылыс есіктері адам ша­шынан он есе, тіпті жүз есе көп. Қоғам олардың жартысын да ашып біткен жоқ. Содан да ғылым, өнер, кеңістік жыл сайын жаңара бермек. Жыл сайын әрбір зат өзгеше атау алып, өзгеше түрге енбек. Еркіндіктің өзі азапқа айналған қоғам мен үстемдік жүргізгенді құдіретті санайтын тобырлық комплекстің де жойылатын мезгілі келеді. Адамзат баласының жеті қат жер астына дейін сіңген көз жасы раушан кейпінде қайта өнетін дәуір алыс емес. Тұла бойына көнбістік пен құмырсқа мінез дарыған шашақты ағаштар оталар, орнына күнсүйгіш бүршіктер бүр жарар. Оһ, сонда жайдың оғы жазықсызға емес, жауызға түсер. Ұрпақтың сана диірмені тек жаңаша, тек жаңаша айналар!

Орта ғасыр: Әр адамның өмірбаяны болатыны секілді әр халықтың, әр әдебиеттің өз өмірбаяны болады десек, бір халықтың санасы екінші сатыға көтерілу үшін, кемінде, он ұрпақ алмасуы қажет. Тіпті, мұның өзі күмән туғызады.

Жаңа ғасыр: Ол сол дәуірдің, сол халық­тың тегіне, ішкі мәдениетіне байланысты болса керек.

Орта ғасыр: Дегенмен…

Жаңа ғасыр: Біз, жаңа ғасыр, өзімізге дейінгі қалыптасқан қасаң түсініктерді бұзушы ұрпақпыз. Жаны азапталған Фауст: «Апыр-ай, ғылым –шексіз, өмір – шекті, биіктен бір мұнара көрінсе етті!» дер еді. Алыс жағалаудан манары жалт-жұлт еткен бір мұнара көремін. Ол – Жаңа сөз, Жаңа ой, Жаңа ұғым мұнарасы.

 

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.02.2020 | 11:32

Сауатсыздың жазғаны. Ғылымда «орта ғасыр» деген термин жоқ. V — XV ғасырларларды қамтитын кезеңді Орта ғасырлар дейміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір