Тағылымы мол төрттағандар
08.02.2020
1306
0

(Ақын Темірғали Көпбаевтың «Даналық тәпсірі» кітабын оқығанда туған ойлар)

Біздің дәуіріміздің 330-379 жылдары өмір сүрген грек философы Ұлы Василий Кесарийский әдеби шығармалардың эстетикалық мәнін меңгеруді адамгершілік тәрбиесіне, сананы сәулелендіруге, жанды тазартуға қызмет ететіндей мақсатта ұйымдастыруды ұсынған еді. Ол ежелгі авторлардың көптеген мысалдарына сүйене отырып, олардың шығармалары байлық пен даңққұмарлықтан жиренуге, ашу-ызаны ауыздықтауға, төзімділік пен байсалдылыққа, табандылық пен мақсаткерлікке үйрететінін айтады. Міне, сол Ұлы Василий оқыған кітаптардан қандай пайда алуға болатыны хақында былай дейді: «Жандүниемізді байыту үшін қандай да бір пайдалы нәрсе алуға болатын ақындармен, жазушылармен, шешендермен және барша адамдармен ойша сырласып, сұхбаттасуымыз ауадай қажет».

Сол айтқандай, ақын Темірғали Көпбайдың (суретте) «Даналық тәпсіріндегі» тағылымы мол төрттағандарында адамның санасын сәулелендіріп, жандүниесін тазартатын бір құдіретті күш барына көзімді жеткізгендей болдым. Адам жайшылықта өмірге не үшін келгенін ойлап, істеген істеріне, тіпті айтқан сөздеріне де мән бере бермейді ғой. Темірғали біздің сол немқұрайлы енжарлығымызды бетімізге басып, санамызды сергітіп жібергендей болады. Оқып көрелік:

 Жер бетінде ұзақ жүре тұрсақ дер,

 Ей, адамдар, бірер сөзге мұрсат бер.

 Бір ғұмырға татитұғын сәттер бар,

 Ғұмыр да бар татымайтын бір сәтке.

Сен өмір бойы жер бетінде көптің бірі болып, қарайып жүрсең де өмірде барың, жоғың білінбеуі мүмкін ғой. Әйтеуір таңыңды атырып, күніңді батырып жүргеніңді олжа санарсың, бәлкім. Бір ғұмырға татитындай ісімен немесе ерлігімен жарқ етіп көрініп, құйрықты жұлдыздай ағып түскен оғландардың ерлігін естігенде, немесе, сондай ерлікке куә болғаныңда қандай сезім кешерің өзіңе ғана мәлім. Осы шумақтың соңғы екі жолы санаңды сілкінтетіні даусыз. Мысалы, соғыс кезінде ажал сеуіп тұрған амбразураны кеудесімен жауып, жауынгерлердің алға қарай жылжуына жол ашқан ерліктер аз болды ма? Отқа оранған ұшағын жау танктерінің легіне қарай бағыттаған Нұркендердің өшпес ерліктері бір ғұмырға татитұғын сәт емес деп кім айта алады?! Бүгінгі өмірде де мұндай ерліктердің талайы жасалып жатыр. Мысалы, от-жалынға оранған үйдің ішінен адамдарды алып шыққандар, суға батып бара жатқан адамдарды құтқарғандар, басқалардың өмірі үшін өздері мерт болған жандар аз ба?! Міне, бір-ақ сәтте жарқ етіп көрініп, тұтас ғұмырға татитын ерлік жасайтын сондай азаматтар Темірғали ақынның осы шумағының басты кейіпкерлері екені даусыз.

 Кімнің жер бетінде ұзақ ғұмыр жасағысы келмейді дейсің? Алланың берген жасын жасайсың. Ал енді қартаю дегенді мойындағың келмей, жастау кезіңде баратын жерлеріңе көңілің тартып тұратыны рас қой? Жасың шау тартса да, көкірегің қартайғысы келмейтіні тағы бар. Мына бір шумақта осы шындықтың беті ашыла түскендей:

 Толқынында өмір атты көшкіннің,

 Адамдардың шын аңсарын кеш білдім.

 Ұзақ ғұмыр жасағысы келгенмен,

 Қартайғысы келмейді екен ешкімнің.

 Азабы мен ғажабы аралас өмірде Алланың пенделеріне дайындаған тосын сыйлары аз емес. Адам соның өзінде де өмір сүруге ұмтылады. Алдына қойған мақсатына жету үшін барын салып тырысады. Сол жолда көретін азабы аз болмаса да қартайғысы келмейді. Сондай-ақ жарық күнге іңкәр жандар да аз емес. Ақын Темірғали бұл арада ортаға былай деп ой тастайды:

 Жарық күнге іңкәр көзбен қараған,

 Адамдардың арманынан нәр алам.

 Біле тұра азапты жол екенін,

 Ұзақ ғұмыр сүрсек дейді бар адам.

Өмірдің өткіншілігін көңіл тереңімен түйсінсек те оған біз терең мән беріп, ойланбаймыз. Бұл өмірге немқұрайлы қарайтынымыз – табиғатымызға тән қасиет. Ал ақын болса жон арқамыздан сөз-қамшысымен осып-осып жіберіп, есімізді жиғызады:

 Өзіңді-өзің танып білу оңай ма,

 Өткінші өмір, әр сәтіне абайла.

 Уақытты өлтірудің жолы көп,

 Өлген күнді қайтаратын жоқ айла.

Ертеңгі күні өзіңді не күтіп тұрғанын білмейсің ғой. Сондықтан сергек бол, әр басқан қадамыңа абай бол. Өйткені зымыран уақыт саған ойлануға мұрша бермейді. Оның үстіне, өткен уақытты қайтара алмайсың. Ал сол өткен күндеріңде сен біреуге қатты сөз айтып, көңілін қалдырдың ба? Біреуді жамандап, өсектедің бе? Осының бәрі ескерусіз қалмайды екен. Мұны Темірғали ақын мына шумақтарымен есімізге салады:

 Өмір деген – бір қуаныш, бір қайғы,

 Уақыт кейде сеніміңді ұрлайды.

 Сені мақтап, жұртты даттап тұрғандар,

 Ертең сені жамандамай тұрмайды.

Немесе:

 Өмір деген қателіктен тұрады,

 Өз қатесін кім мойындап, ұғады?

 Қателікті жібергенің түк емес,

 Түземесең, түбі жарға жығады.

Тағы да:

 Жараспайды көп жабырқап жүргенің,

 Арман сені жетелесін күнбе-күн.

 Өмір емес өткен күннің барлығы,

 Өмір деген – есте қалған күндерің.

 Адам өзінің өткен өмірінде жіберген әттеген-айларынан сабақ ала ма? Жіберген қателіктерін түзеуге әрекеттене ме? Әй, қайдам… Әрине қателік жасамайтын және кемшіліксіз адам болмайды. Қателеспейтін бір Алла ғана!

 Темірғалидың барлық төрттағандарының өзегі адамдарды ізгіліктің соқпағына бастайды. Оның ойынша адамдардың қателесуінің маңызды себебі – олардың өзін-өзі білмеуінде жатыр екен. Кейде мүлде қателеспей жүрудің өзі де қателік болып шығатын кезі болады. Өйткені өз ортаңнан басқаша ойласаң да, айналаңдағылардан озықтау сөз сөйлесең де, сені түсініп, ұғатын жандар көп емес. Керісінше, ақымақ адамдар көбірек сияқты. Сол үшін де америкалық әдебиеттің ақтангері Марк Твен: «Ақымақ адамдармен ешқашан да таласпа, олар сені өз деңгейлеріне дейін құлдыратады, сосын өз тәжірибелерімен тұншықтырады» дейді. Әркім өз шындығын дұрыс санайды. Осыған байланысты Темірғали ақын былай деп ой қорытады:

 Кезіккенде надандармен сөз бермес,

 Безгің келер алыс маңға көз көрмес.

 Сырт киімін өзгерткенмен адамдар,

 Ішкі болмыс сол қалпынан өзгермес.

 Қазақтың бас ақыны Абай өзінің қырқыншы сөзінде: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» дейді және осы сауалға өзі жауап іздейді. Бұл сұрақтың жауабын Темірғали ақын да өз бетінше іздеп көріпті:

 Жақсыларды көрден іздеп, зарықтық,

 Жер жұтқанның жаманы жоқ, жаңа ұқтық.

 Есі кеткен есалаңның өзін де,

 Еске аламыз: « Жақсы еді, деп, жарықтық!» деп жырлайды. Шынында да, атам қазақ о дүниелік болған адамдардың артынан тек жақсы сөз айтады ғой. Табиғатымыз, жаратылысымыз бұл.

 Біз жоғарыда Темірғали жырларының ізгілікке бастайтыны туралы айтқанбыз. Ұлы Гомер де: «Ізгілікке қол жеткізуге тырысу керек, адамдар!.. Жеңіп алған ізгілік қана ажырағысыз, ол адаммен көзі тірісінде де, өлгеннен кейін де бірге қалады». Меніңше, сондықтан да Эксекестидің ұлы Солон байларға былай дейді:

 Топастар жүр бай болып, тақыр кедей – жақсы жан,

 Бір қап ақша біздерге алмастырмас даңқты.

 Ізгілік қой мәңгілік! Пайда бар ма ақшадан?

 Бүгін онда бар еді, ертең біреу тауыпты.

Гомер ізгіліктің қас дұшпаны ақша екенін, ешқандай ақша даңқты алмастыра алмайтынын ерте заманда-ақ тасқа жазғандай етіп кейінгі ұрпақтарға ескертіп кеткен болса, бүгінгі күннің ақыны Темірғали да ұлы жыраудың ойын:

 Құтырынды қоңыр ауыл, қоңыр маң,

 Заман мынау доллар қуып долырған.

 Адамдарды қас қаққанша бұзатын,

 Ақша деген қауіптірек обырдан, – деп өз сөзімен түйіндейді. Көріп отырғанымыздай, ақша қай заманда да адамдарды бай және кедей қылып, екіге бөліп келген екен, әлі де өз билігін жүргізіп отырғаны анық.

 Сонымен сананы ақша билеген жаман қасиеттен, обырдан да қауіпті дерттен арылтатын дәрі бар ма? Бұл сұрақтың жауабын ақын Темірғали өзінше іздеп көрген екен. Ендеше солардың біразын оқып көрелік:

 Күмәнді ойлар көп болса да көңілде,

 Тағдырменен тайталасқын, жеңілме,

 Өзіңді-өзің өзгертуге жігер бөл,

 Сен өзгермей өзгермейді өмір де.

 ***

 Бұл өмірде өзіңді-өзің алдама,

 Шынайы бол, жалған әдет жалғама.

 Жалт беретін бұл ғұмырдың сипаты,

 Мініп, түскен секілді екен арбаға.

 ***

 Отырасың кейде көмей бүлкілдеп,

 «Қиындықтан құтылсам ғой, шіркін» деп.

 Маңайыңа жақсы адамдар жинасаң,

 Өмірің де жақсарады біртіндеп.

 ***

 Өмір жолы – тоқсан тарау, бұралаң,

 Бұралаңда талай тұлпар құлаған.

 Жүрек таза, мақсат айқын болғанда,

 Бұралаңнан өтерсің-ау дін аман.

 Міне, көріп отырғандарыңыздай «Даналық тәпсірінде» адамды ашкөздіктен, құлқынқұмарлықтан, дүниеқоңыздықтан, қызғаныштан арылтып, ізгілікке, адамгершілікке үндейтін шумақтар көп-ақ. Кітаптың өзі айтып тұрғандай, ақынның басты идеясы да, мақсаты да даналықты насихаттау, оқырмандарын даналық ойлармен сусындату. Даналыққа жетудің азапты жол екенін ескерте отырып: «Сол жолда қырық мәрте құласаң да, қырық бірінші рет тұрып, қайта ілгеріле, алған бағытыңнан қайтпа» дейді. Англосаксон білімдарларының бірі Алкуин Иорксидің даналық туралы былай дегені бар: «Егер сендерге адам даңқы үшін, уақытша сый-марапат үшін, жалған, алданыш байлықтарға қызығу үшін емес, даналыққа апарар жолды көрсету керек болса, онда оны көрсету маған жеңіл. Егер даңқ мансап пен байлықты сүйсе, онда ол өз үйінің табалдырығын аттай алмай қалған мас адам сияқты ғылым жарығынан адасып жүреді».

 Қорыта айтар болсақ, даналыққа ұмтылу – бұл ақылды жанның таза даналықпен сауаттануы, оған жанасудың өзі және оған үндеу ұлы даналыққа ұмтылу мен оған үйреніп-үйірсектену болып табылады. Осыдан барып ақыл мен ойдың пісіп-жетілуі және қасиетті де пәк әрекеттердің шынайылығы жүзеге асады. Демек, Ақын Темірғали Көпбайдың «Даналық тәпсіріндегі» ой иірімдері мен айтпақ болған ізгі ниеті де пәкізі мақсаттан туған екен.

 Ақынның өзі айтқандай, даналық ойлар – өмірдің, болмыстың мәні мен маңызын айқындататын қанатты сөздер мен асыл ой түйіндерінің жиынтығы. Дәуірлер, ғасырлар ауысса да даналық ойлар азбайтын, тозбайтын, қайта уақыт өткен сайын жақұттай жарқырай беретін адамзаттың ортақ асыл қазынасы екен. Темірғали ақынның төрттағандарының әлемдік ақыл-ой иелерінің мұраларымен үндесіп жатуы тегін болмаса керек. Өйткені ол сол даналардың философиялық ойларымен сусындаған. Олардың саф алтындай ой-түйіндерін әрін кетірмей, сапасын бұзбастан, қайта бүгінгі дәуір тынысына, ұлттық болмысымызға қарай бейімдеп, интерпретациялық әдіспен түрлендіре, дамыта жырлаған.

Қайғының да болады естірегі,

Қараңғы адам даурығып көшке үреді.

Диуананың дұғасын жаттағаннан,

Диогеннің мұңы артық бөшкедегі, – дейді ақын Темірғали. Осындағы Диоген деген кім дерсіз бәлкім? Диоген – адамзатқа тән көзсіз құнығу атаулыдан жиреніп, тіпті өзін ұлы патшадан да бақытты сезінген, әрі атақты Александр Македонскиймен аяусыз қақтығысқа шыққан өз заманының аса ұлы ойшылдарының бірі болған.

 Қазақ ақындарының ішінде соңғы ғасырда Абайға соқпағаны, оның ой теңізіне сүңгіп, інжу-маржан термегені жоқ шығар. Оның қара сөздерінің өзінен қуаттанған, жүрегі шуақтанған, сөйтіп өз жырларына шырақ жаққан ақын аз ба? Темірғали ақын да осы «Даналық тәпсірінде» Абайдан рухани дән алыпты. Мысалы, Ұлы Абай өзінің Он жетінші қара сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін бағамдап, айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті… Сонда ғылым олардың сөзін тыңдап болып, үшеуінің де жақсы, жаман істерін таразыға салып айтыпты: Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті», – десе, Темірғали ақын:

 Биік қойсаң – ақыл, қайрат, жүректі,

 Алла берер ойыңдағы тілекті.

 Өзіндегі жұдырықтай жүрекке,

 Бойлай алмай көп адамның күні өтті, – деп, Абай айтқан сол құдайшылық пен тазалыққа және ізгілік пен кеңдікке мекен болған жұдырықтай жүрегіне бойлай алмай, өмірден өткен адамдарды есімізге салады. Шынында да, адамның жүрегінен басқа аяулысы жоқ. Ендеше жүрекке салмақ түсіріп, жүк артпайық дегенді ескертеді ақын.

 Ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз дейміз. Ал енді сол тіл мен сөзге біз жоғарыда атын атаған Алкуин Иоркский: «Сөз дегеніміз – жан сатқыны. Тіл дегеніміз – ауаның қамшысы» деп анықтама берген екен. Халқымызда «Қызыл тілден ашынғанда у тамар, басылғанда бал тамар» деген де мақал бар. Бұдан да басқа тіл мен сөзге қатысты айтылған қанатты сөздер аз емес, әрине. Өйткені тіл мен сөздің «қолынан» келмейтіні жоқ. Айтылмайтын жері, кірмейтін тесігі мен тетігі жоқ. Айта берсең, дүниені төңкеріп жіберетін де осы екеуі! Бұл екеуінен Ұлы Абайдан бергі ақындардың ешқайсысы да аман қалғаны жоқ. Солардың жүріп өткен соқпақтарын басып келе жатқан Темірғали ақын да сол тілден бал жалап, сөзден у да ішкен. Сондықтан да ол өз сөзін Абайдан бастап, былай деп жырлайды:

 «Дертпен тең» деп сөз жайын

Абай айтқан,

 Абайдан да ілгері талай айтқан.

 Әркім мұны жүрегін иттей жеген,

 Қайғының салмағына қарай айтқан, – деп бір қайырып алады да, ары қарай былай деп түйдек-түйдек ойларын санамызға қорғасынды ерітіп құйғандай қылып төгіп-төгіп тастайды:

 Сөз дегенің – соңнан қалмас сүйреткі,

 Өмір бізді көп нәрсеге үйретті.

 Кіп-кішкентай болғанменен қызыл тіл,

 Таудай үлкен тағдырларды күйретті.

Немесе:

 Сараңның да сілкілейтін санасын,

 СӨЗ деген – КІЛТ. Білу керек бағасын.

 Сол кілтпенен жүректерді ашасың,

 Сол кілтпенен ауыздарды жабасың.

Тағы да:

 Ой анықта сөзді дұрыс таңдайсың,

 Сөзің түзу болса биік самғайсың.

 Сөйлер кезде ақылың мен тіліңнің,

 Байланысын бір тексеріп алғайсың.

Немесе:

 Сөз – әуелден қазынасы Алланың,

 Тағдырымыз сөз бен істің тізбегі.

 Құран-Кәрім дүниенің бар мәнін,

 Асыл сөздің астарынан іздеді.

 Көріп отырғанымыздай, сөздің өнердегі, өлеңдегі құдіреті мен дүрлігін айтудан да, жазудан да адам баласы ешқашан жалыққан емес. Ащыны тәтті қылатын – аштық дейтін болсақ, сөзді тәтті қылатын да, ащы қылатын да – тіл екен. Сенека прозамен болса да поэтикалық сезіммен былай деген екен: «Жаныңды істің мәні кернеген кезде, оған сөз жан бітіреді». Сол айтқандай, жоғарыдағы шумақтарды Темірғали ақын да бүгінгі өмірдің болмысы, айналамыздағы кейбір адамдардың санаға симайтын психологиясы, істеген пендешілік істері жанын кернеп, мазасын алған соң жазып отыр ғой.

Ақынның ендігі бірсыпыра төрттаған­дары махаббат тақырыбына арналыпты. Махаббат болғанда, нәзік жандарға қарата айтылатын «сүйдім, күйдім, өлердей ғашықпын» деп немесе «мөлдіреген көзің, қиылған қасың…», тағы да сол сияқты сұлу сөздер, әдемі теңеулерден ада, керісінше, махаббаттың адамдарды ессіздік пен нәпсінің жолында адастырып, шоқ бастыратын, өкіндіретін, опындыратын қасиеттерінен сақтандыратын шумақтар бәрі де. Сөзім дәлелді болсын, оқып көрелік:

 Асау сезім асқынады, тасады,

 Көп ғашықтың құрғамай жүр жасы әлі.

 Махаббаттың жалынына орансаң,

 Салқ- ын ақыл сені тастап қашады,– дейді ақын. Махаббаттың жалыны шарпыса, ақылыңнан адасатының рас. Сонда, алды-артыңды ойлап, дертіңді сауықтыруға шамаң келе ме? Немесе:

 О, махаббат, Мәжнүндердің жыры едің,

 Ләйлілердің лүпілдеттің жүрегін.

 Талайларды тақастырып тағдырмен,

 Талайларды тығырыққа тіредің, – дегендей, ғашықтық дертінің адамды әрі-сәрі күйге түсіріп, тығырыққа тіреп қоятыны рас қой. Сонымен:

 Естен танды бал ләззатқа батқандар,

 Естен танды жан азабын тартқандар.

 Ғашықтыққа жол бергеннің барлығы,

 Есін жиып үлгере алмай жатқандар,– екен. Өйткені:

 

 Махаббат – бал қосылған заһар деген,

 Уынан көзсіз ғашық татар деген.

 Махаббат – сезімге мас көңіл құсы,

 Жүрмейді ол көпке ілесіп қатарменен.

Ғашықтық адамды жер мен көктің арасында қалқытады, көңіл құсын қырандар ұшатын биікке самғатады. Жүрегінде ғашықтықтың оты бар адамдар өздерін жарты патша санайтыны анық.

 Ол үшін тамұққа да енсін мейлі,

 Ол жоқта жұмақ төрін жерсінбейді.

 Ғашықтың жүрегінде от тұрғанда,

 Махаббат алтын тақты менсінбейді.

Тағы да:

 Сыйластық ғашықтықтан жөні бөлек,

 Сыйласу – бой үйрету сеніп, елеп.

 Махаббат – от жебенің ысқыруы,

 Ғашыққа Прометейдің демі керек,– дейді ақын. Ғашықтық – адам өмірінде маңызды рөл ойнайтын құдіретті сезім. Ғашық адам өмірдегі ең бақытты жан! Ендеше:

Ғашық болып көрмегендер тірлікте,

Өмір сүрдім демесе де болғандай,– деп түйіндейді ойын Темірғали ақын. Сағынбасаң, сезінбесең, ғашықтық дегеннің не екенін қайдан білесің? Ал ғашық адамның бұл өмірде аңсары біткен бе? Сондықтан махаббат тақырыбы да ақындардың шын аңсары болған және бола береді де.

Сонымен сөзімізді қорыта келіп, айтайын дегеніміз, Темірғали Көпбайдың «Даналық тәпсіріндегі» 522 төрттағанның көтеріп тұрған жүгін атан түйе де көтере алмайды екен! Сондықтан да олардағы көтерілген мәселелер мен айтылар ой ұшқындарын осынау жалғыз мақаламен қамтып, талдап-зерттеп тастау әсте мүмкін емес! Тіпті олардың әрқайсына жеке-жеке тоқталып, үлкен-үлкен мақалалар жазуға да болады. Сол үшін менің ендігі бір тоқталайын дегенім, ақын тілінің тазалығы мен қарапайымдылығы және ойының теңіздей тереңдігі хақында.

 Француздың жазушысы әрі ойшылы Монтень Мишель былай дейді: «Мен жақсы көретін сөз – бұл ешқандай қулық-сұмдықты білмейтін қарапайым сөз және қағаз бетінде қандай болса, ауызекі нұсқасында да сол қалпындағы сөз: сөл-шырыны бойында және өткір, қысқа да нұсқа, қаншалықты нәзік болса, соншалықты қуатты да, қатал да: түптің түбінде, дүр сілкіндіретін осындай сөз ғана ұнайды». Міне, қадірменді оқырман, Темірғали ақынның да тілі дәл осындай тіл. Мысалы, Аристофан Грамматик Эпикурдің шешендігі мен тіл тазалығын мақсат еткен ізгі ниетін оның сөзінің қарапайымдылығынан байқап, құрмет тұтқан болса, Платон да тіл байлығына, тазалығына қатты мән берген екен. Ол тіпті өз заманында бірқатар елдердің сөйлеу мәдениеті мен олардың тілдік ерекшеліктеріне, стиліне талдау да жасап, баға берген. Ол былай дейді: «Афиналықтар өз тілінің байлығы мен әдемілігі туралы көбірек қам жейді, лакедемондықтар болса – сөздің қысқалығын, ал Қытай тұрғындары тілдің байлығына қарағанда, ойдың бай болғанын қалайды: ал соңғылары бәрінен де ақылды ойлайды». Темірғалидың төрттағандарында да сол Платон айтқандай, тіл көркемдігімен бірге ой байлығы басым екеніне ешқандай талас болмаса керек.

Есенәлі ЕРАЛЫ,

Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір