МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АҚШ-ТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
06.02.2020
537
0

Апта басында, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео екі күндік сапармен Қазақстанға келді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Тұңғыш Президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақордадағы» резиденциясында Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемле­кеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабыл­дады.

Мемлекет басшысы америкалық дипло­матқа ілтипат білдіріп, екі ел арасында дип­­ломатиялық қарым-қатынас орнаған кезден бастап, екіжақты ықпалдастықты да­мытуда мол табысқа қол жеткізілгенін айта келе: «Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылар­дың бірі болып мойындаған ел. Біз бұл тарихи деректі үнемі есте ұстаймыз. Екі мемлекет арасында көптеген бағыт бойынша, оның ішінде, ядролық қаруды таратпау, халықаралық лаңкестікпен күрес және экономикалық ынтымақтастықты нығайту секілді салаларда тығыз қарым-қатынас орнаған. Сонымен қатар өзара ықпалдастығымызды одан әрі дамыту мақсатында пайдалануға болатын әлеуетіміз де бар», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы кезінде АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездескенін атап өтіп, Америка Президентіне ыстық сәлемін жолдады. Сондай-ақ америкалық әріптесімен әлемнің кез келген жерінде кездесуге дайын екенін, дегенмен бұл жүздесудің Қазақс­танда өткенін жөн санайтынын айтты.

Тараптар барлық бағыт бойынша, оның ішінде сауда, инвестиция, IT-технология, демократиялық құндылықтарды ілгерілету және халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимыл әрекетіндегі екіжақты байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Президентіне қонақжайлылық көрсеткені үшін алғысын білдіріп, екі елдің экономика, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бағыттарында дәстүрлі әрі сенімді серіктестікті қалыптастырғанын жеткізді.

– Біздің экономикалық байланыста­рымыз өте жақсы. Екі ел арасында ті­келей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарас­ты­рылуда. Энергетикалық бағыттағы ынты­мақтастықтан бөлек, басқа да салалардағы байланыстарды өркендетуге әлеуетіміз зор. Президент Дональд Трамп сізге сәлем жолдады. Бүгін осында өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын, – деді Майкл Помпео.

Америкалық дипломат Қазақстанның «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын қайтарып алғанын жоғары бағалады. Ол еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, оның экономикасы мен адами әлеуетін күшейтуге қосқан үлесіне тоқталды әрі елімізде қолға алынған саяси реформалар жайында да жылы пікірін айтып, оның іске асуына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Американың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының негізгі ережелері туралы мәлімет берді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Майкл Помпео Әуе қатынастары туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын құптады. Аталған құжат «ашық аспан» қағидаттарына жауап береді, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасында тұрақты әрі тікелей әуе рейсін ашу үшін құқықтық негіз қалады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір