Қабдеш Жұмаділов. Мұхтар туралы сөз
03.02.2020
3935
0

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, ғалым Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 80 жастың сеңгіріне шықты. Өзі айтпақшы, мықты қаламгер баянды ұзақ ғұмыр кешуі керек болса, сол баянды ғұмыр айбоз қаламгеріміздің тәлейіне анық жазылған екен. Үйірге, топқа үйіріле бермейтін Мағауин алғашқы тырнақалды әңгімеле­рімен-ақ әдеби ортаны елең еткізген еді. Содан бері оның есім-сойы ел аузынан түскен емес. Кең тынысты көркем дүниелері туралы да әркез айтылып келеді. Мұхаңның жеке басы, болмыс- бітімі, мінезі жайында да қызықты, ғибратты әңгімелер жетерлік. Біз бүгін соның бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы

Мұхтар туралы сөз

(Жазушының 60 жасқа толған мерейтойында сөйлеген сөз)

Бiр кезде қолдан ерiксiз шығып кетiп, ойда жоқта қайта оралған тәуелсiздiк – ата-бабаның аңсаған арманы, бұрынды-соңды төгiлген киелi қандардың өтеуi екенi рас. Бiрақ бiз осы бостандыққа жан-жақты дайындықпен, кескiлескен саяси күреспен жеттiк десек, асыра айтқандық болар елi. Әдiлетке жүгiнсек, баяғы Алаш қозғалысынан кейiн бiзде ұлт азаттығын ұран ғып көтерген бiрде-бiр партия, не ұйым болған емес. Отызыншы жылдардағы аштық апаты мен сталиндiк репрессияның қазаққа батып кеткенi сонша, зиялы қауым ендiгi жерде ошаң етiп бас көтеруден қалған. Бертiнде өзге халықтар арасынан Кеңес билiгiне наразы неше алуан дисиденттер шығып жатқанда, қазақ қауымының тым-тырыс жатуы – соның бiр дәлелi. Мұндайда бет-жүздiк етiп айтарымыз – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ғана. Бұл оқиға рухани сiлкiнiстiң басы болғаны рас. Бiрақ ол да арыдан келе жатқан саяси күрестiң сарабдал нәтижесi емес, Кремльдiң шектен тыс дөрекiлiгiнен туған стихиялы қозғалыс болатын.

Осы арада мынадай заңды сұрақ туады. Астыртын ұйым, не партиясы жоқ, етекбасты елде халықты осы өзгерiске бiртiндеп дайындаған, империяның iргесiн шайқалтып, бостандық туралы пiкiр қалыптастырған қандай күш деп ойлайсыз? Бiздiңше, ол мiндеттi абыроймен атқарған – қашанда ұлттық сананың басты тiрегi саналатын көркем әдебиет, алдыңғы қатарлы қаламгер қауым. Егер бұл күнде тәуелсiздiк дәмiн татып, ойымызға нұр, бойымызға шыр бiте бастаса, өз тiзгiнiмiз өз қолымызға тиiп, бiреуiмiз көсем, бiреуiмiз шешен атанып жүрсек, солардың бәрi де қазақтың көркем сөзiне қарыздар.

Осы бiр айдай ақиқатты еске алып тұрған себебiмiз, бұл әңгiменiң ел құрметiне ерек бөленiп жүрген, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, «Түрiк дүниесiне қызмет» атты халықаралық сыйлықтың иегерi Мұхтар Мағауинге тiкелей қатысы бар.

Сөзiмiз түсiнiктi болу үшiн, сонау алпысыншы жылдардың екiншi жартысына бiр сәт ой жiберiп көрелiкшi. Мұхтар Әуезов дүниеден өткен соң, әдебиеттегi реалистiк, халықтық бағыттың туын ұстайтын, көш бастар дара тұлға табылмай, рухани дүниемiз бiр мезет күңгiрт тартып қалғаны естерiңiзде шығар. Мен бұл арада империялық саясаттың қолды-аяқты құлына айналған бодандық әдебиет өкiлдерiн санатқа әдейi қоспай отырмын. Мiне, дәл осы мезетте өздерiнiң тарихи миссиясын атқару үшiн, әдебиетке жаңа бiр толқын келдi. Ол – марқұм Iлияс Есенберлиндi алға салған жастардың талантты тобы едi. Бiр мезетте қатар жарық көрген Есенберлиннiң тарихи романдары мен Мағауиннiң зерттеу еңбектерi әдебиетте үлкен бетбұрыс, рухани «жарылыс» жасады десек асыра айтқандық болмас. Көне тарих қойнауын ақтарып, ескiнi еске түсiретiн бұл шығармалар халықтың үзiлiп қалған зердесiн қайта жалғады. Қазақтың iргелi ел болғанын, мәдениетi, әдебиетi болғанын бүгiнгi ұрпақтың есiне салып, ұлттың еңсесiн көтердi.

Дәл осы тұста бұған дейiн тиым салынып келген тағы бiр тақырып бой көтердi. Ол – шетелдегi қазақтар тағдыры. Басқа бiр империяның тепкiсiнде жатқан қандас бауырларының ауыр халiн, аңсаған арманын кiтаптан оқығанда, мұндағы жұрт өз бейнесiн айнадан көргендей әсер алғаны анық. Бұл тақырыпта тұтас бiр романдар циклiн жазған қаламгердiң кiм екенiн айтпасам да, жұрт оны басқа ешкiммен шатастырмайды. Өйткенi ол көп емес, бiр-ақ адамның есiмiмен байланысты.

Ал сол жылдары Мұхтар Мағауин қолдарынан жетектеп әкелiп, әдебиет төрiне отырғызған Қазтуған, Доспамбет, Шалкиiз, Ақтамбердi, Үмбетей мұраларының елге тигiзген әсерiн тiлмен айтып жеткiзу қиын. Ең ғажабы, жыраулар поэзиясында әлi ешкiмге құл болмаған азат көшпендiнiң айбынды үнi жатыр едi. Сондықтан да қалың жұртшылық бұл шығармаларды тарыққанда таңдай жiбiтер тiршiлiк нәрiндей қабылдады. Мағауин туралы сөз болғанда, жырауларға соқпай өту күнә. Бiр сәт жырға кезек берелiкшi. Естерiңiзде бар ма, Доспанбеттiң:

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкiнбен.

Толғамалы ала балта алып,

Топ бастадым, өкiнбен.

Тобыршығы биiк жәй салып,

Дұшпан аттым, өкiнбен.

Тоғыңды сарты нар жегiп,

Көш түзедiм өкiнбен! –

деп келетiн асқақ жырымен алғаш қауышқанда, немесе Шалкиiздiң:

Қоғалы көлдер, қом сулар,

Кiмдерге қоныс болмаған.

Саздауға бiткен сарыағаш

Кiмдерге сайғақ болмаған.

Жағына жалаң жiбек байлаған

Арулар кiмнен қалмаған.

Жағы түктi жылқы айуан

Иесiн қайда жаяу салмаған, –

деген өзекжарды өкiнiшiн сезiнгенде, немесе Ақтамбердiнiң:

Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,

Күреңдi мiнер ме екенбiз.

Күдерiден бау тағып,

Кiреуке киер ме екенбiз…

Тобылғы сапты қамшы алып,

Тұмар мойын ат мiнiп,

Қоныс та қарар ма екенбiз!

Ел жазылып жайлауда,

Жақсылар кеңес құрғанда,

Мұртымыз көкке шаншылып,

Бұрын да сөйлер ме екенбiз! –

дейтiн арманға толы жолдарын оқығанда, көзiмiзге мөлтiлдеп жас келмеушi ме едi?! Шүкiр, осының бәрi текке кеткен жоқ. Бұл күнде азат-еркiн ел болдық. «Мұртымыз көкке шаншылып» бұрын сөйлер күйге жеттiк.

Мұхтар Мағауин орта ғасырдағы жыраулар поэзиясынан небәрi жиырма алты жасында диссертация қорғады. Сөйтiп, академик ғалымдарымыз қазақ әдебиетiнiң тарихын Бұқар жыраудан ары апара алмай жүргенде, жас ғалым ол шектi үш ғасыр ары жылжытты. Университеттiң ғылыми кеңесiнде өткен бұл қорғаудың қандай табысқа жеткенi әлi көз алдымызда. Бүкiл халықтық мерекеге, әдебиеттiң тойына айналды. Бiрақ, амал не, кезiнде әдебиеттану ғылымына дүбiрлi бетбұрыс жасаған сол еңбекке, қатып қалған қағида бойынша, небәрi кандидаттық қана дәреже берiлдi.

Жалпы, тарихқа, әдебиетке қатысты зерттеулерге Мұхтар одан кейiн де ат iзiн суытпай қатысып келедi. Ал оның Абай айналасындағы ақындық дәстүрдi жiтi зерттей жүрiп, Шәкәрiм сынды тұлғалардың шығармасы түгiл, атын атау мүмкiн болмай тұрғанда, солардың өлеңдерiн орысшаға аудартып, «Қазақ поэзиясының антологиясы» деген атпен, 1978 жылы Ленинградта бастырып шығарған ерлiк еңбегiн бұл күндерi алғыспен еске алмасқа хақымыз жоқ.

Әдетте, осындай мүшелтой кездерiнде той иесiне мадақ-мақтаулар көп айтылып жатады. Алайда бүгiнгi сөздiң жөнi басқа. Өйткенi Мұхтар Мағауин – бiреулердiң көтере мақтауына, абырой асырып, атақ шығаруға зәру боп жүрген жазушы емес. Мұхтарды оқушы жұртшылық онсыз да жақсы бiледi. Оның шығармалары – туған халқының санасында, әр үйдiң кiтап сөресiнде. Бiздiң мiндетiмiз жазушының өмiр жолын, әдебиетке сiңiрген еңбектерiн қайталап еске салу ғана.

Көркем әдебиетке әркiм әрқалай жолмен келедi. Бiреулер өмiрде бастан кешкенi, көрген-бiлгенi көп болып, жүре келе сол қазынасын жұртпен бөлiсуге талпынады. Ендi бiреулер ұзақ жыл баспасөзде iстеп, қалам қызметiне бiрте-бiрте машықтанып, бойы үйрене келе әдебиеттiң қонақжай ауылына ат басын бұра салады… Ал Мұхтардың жөнi бөлек. Ол – әдебиетке кездейсоқ қосылған көк атты емес, көркем сөз құдыретiне қаршадайынан табынған, бүкiл тағдыр-талайын қалам қызметiне табыстаған, әдебиеттiң қолтума, бел баласы.

Жазушының бұлайша ерте қанаттануына сенiмдi себептер бар. Мағауиннiң туған жерi бұл күнде әдебиетiмiздiң Меккесiне айналған Абай ауылымен қоныстас. Бақанас бойы, шежiрелi Шыңғыстаудың күнгейi. Қашан мектеп бiтiрiп, алыс астанаға аттанғанша, қазақтың көне көз қарияларының бiрi, атақты атбегi Маға­уия ақсақалдың тәрбие­сiнде өскен зерделi баланың естiп-бiлгенi, сүтпен бiтiп, сүйекке сiңген дүниесi аз болмаса керек. Бұл жағынан, Мұхтардың жазушы болмасқа қақысы жоқтай. Бұдан ары оны адамтану ғылымының ұзақ сапар жолы күтiп тұрды. Iзденiске толы студенттiк жылдар, аспирантура, диссертация қорғау, осының ара-арасында прозаның шағын жанрында қалам ұстарту, баспагерлiк, педагогтық жұмыстар. Мiне, былай қарағанда, кедергiсiз төте жолдай көрiнетiн, шын мәнiнде, iзденiске, мехнатқа толы жазушы соқпағы осындай.

Әдетте, жоғары оқу орнын бiтiрген немесе ғалым дәрежесi бар қаламгердi әдебиетке мол дайындықпен келген деп жатамыз. Бiрақ дайындық өлшемi диплом ғана ма екен? Өз басым бүгiнгi қазақ қаламгерлерi арасында жастайынан Батыс пен Шығыс әдебиетiн көп оқып, мол қаныққан, сол арқылы шығарма жазудағы балаңдық, шәкiрттiк кезеңдi барынша қысқартқан, iлiм-бiлiмге жетiк жазушы деп Мұхтарды бөлiп айтар едiм.

Мағауин – ең алдымен прозашы, үлкен романист. Әдебиетке араласқан қырық жылға жуық уақыт iшiнде жазушы қаламынан, ғылыми еңбектерiн есепке алмағанда, ондаған әңгiме, «Тазының өлiмi», «Қара қыз», «Бiр атаның балалары» сияқты повестер, «Көк мұнар», «Көк балақ», «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шахан серi» романдар және «Мен» атты мемуар туды. Бұл аз ба, көп пе? Кейбiр жазғыштармен салыстырғанда, жұпыны көрiнуi де ықтимал. Бiрақ жазушы еңбегi ешқашан санмен өлшенбейдi.

Мұхтарды кең құлашты романист ретiн­де танытқан, бүгiнге дейiнгi көркемдiк iзде­нiстерiнiң биiк шыңы саналатын бас кiтабы – «Аласапыран» дилогиясы. Көтерген тақырыбының бұрын iз түспеген сонылығы жағынан болсын, жазушы шеберлiгiнiң биiкке жол тартқан кемелдiгi жағынан болсын, бұл роман – әдебиетiмiзге үлкен олжа салған шығарма.

Әрине, «жалғыз шапқан ат жүйрiк» дейтiн емес, бiзде әр жылдар жарық көрген тарихи шығармалар жеткiлiктi. Ашығын айтсақ, солардың көпшiлiгi – қатып қалған схема бойынша, Қазақ ССР тарихының көне оқулығына иллюстрация түрiнде жазылған дүниелер. Тәуелсiздiктен кейiн тағы бiр ұшқарылыққа тап болдық. Тарихи фактiлердi белiнен басып, әркiм өз ұлысын, өз ата-бабасын дәрiптейтiн татымсыз кiтаптар көбейдi. Ал тарихқа тыңнан жол салған, адам танытқыштық, көркемдiк iзденiстерiнiң сыртында, тарихшының мiндетiн қоса атқаратын тағылымы мол шығармалар саусақпен санарлықтай. «Аласапыран» – сондай аз асылдарымыздың бiрi, жай бiрi ғана емес, бiрегейi. Мен бiр мақаламда «Аласапыранды» қазақ прозасындағы ұлы романдардың бiрi деп атағам. Қазiр де сол пiкiрдемiн.

Сонау Алтын Орда, Ноғайлы дәуiрiнен бергi Қазақ хандығының тарихын терең зерттеген Мұхтардың мол бiлiмi мен суреткерлiк шеберлiгi «Аласапыранда» жақсы үйлесiм тапқан. Жазушы сiздi көне тарихқа, есте жоқ ескi оқиғаларға алып кетедi. Көз алдыңыздан XVI ғасырдағы қазақтың азат даласы, Iбiр-Сiбiрдегi Көшiм хандығы, мұнаралы Мәскеудегi орыс патшалығы ретiмен тiзiлiп өтiп жатады. Хан ордасы деген не? Хан кiм, қалға кiм? Алаш бегi, ұлыс бегi деген кiмдер? Батыр, би, сұлтан, оғлан дегендер не мiндет атқарады? Олардың iшер асы, киген киiмi, асынған қару-жарағы қандай? Разы болатынымыз: жазушы осы сұрақтардың ешқайсысын айналып өтпей, белiнен баспай, бiлгiрлiкпен дәл суреттейдi.

Сондай-ақ сол дәуiрдегi Ресей патша­лы­ғының iшкi-сыртқы саясаты, таяу болашақта Шығыс Еуропа мен жарты Азияның қожасына айналғалы тұрған елдiң жан-жаққа өлермендене созған ашқарақ қолы, Мәскеудегi тақ үшiн тартыс, бәрi-бәрi де романда өз бейнесiн тапқан. Сүйсiнерлiгi, осыншама мол материалды қамтыған қос томды кесек шығарманы оқығанда, шұбалаңқылық, не оқиға селкеулiгi сезiлмейдi. Себебi, соның бәрi де бас қаҺарман Ораз-Мұхамет тағдырына қатысты түрде, негiзгi желiге көгенделiп берiлген.

Жалпы, Ораз-Мұхамет бейнесi – өзiнiң қайталанбас трагедиялық болмысымен оқушы санасында өшпес iз қалдыратын, қазақ прозасында бұрын-соңды ұшыраспаған, классикалық деңгейдегi аса айшықты тұлға. Тағдырдың айдауымен жат ортада жүрген осы бiр асыл тектi азаматты жан тартып, жақсы көрiп кететiнiңiз сонша, роман соңында оның қазасы суреттелетiн беттердi көзге жас алмай, тебiренбей оқу мүмкiн емес. «Аласапыранда» оқушы санасында мөрдей басылып қалатын бұдан басқа да толыққанды бейнелер аз емес. Қазақ әйелiнiң ар-иманын, тәлiм-мiнезiн бойларына мол жинақтаған асыл әже Әз-ханым мен Айшешек, Дiлшат сынды арулар қандай? Жат жұртта Ораз-Мұхаметке бiрден-бiр арқа тiрек, сүйенiш болған ер көңiлдi, көзсiз батыр, кешегi ноғай ұрпағы – Петр Урусовты қалай ұмытарсың? Ақырында, бүкiл елге сор болған, өзiнiң пасықтығымен Ораз-Мұхаметтiң де түбiне жеткен жалған патша – Дмитрий кәззапқа қалай лағынет айтпассың.

Тiл, стиль жөнiне келсек, Мағауин қолтаңбасы барынша айқын, оны жай текстiң өзiнен-ақ ешкiмге шатастырмай танып алуға болады. Онда қосақ арасында бос жүретiн, басы артық, бұралқы сөз кездеспейдi. Көбеңсiген көбiгi жоқ, бiрыңғай бұлшық еттен тұратын таза проза. Мұхтар шығармаларының басқа тiлге аударылғанда азайып-апшымай, қалпын сақтап қалатыны да сондықтан. Жазушы «Аласапыранда» пайдаланған көне сөздердi немесе жаңадан жасалған тiл қорын түгел терсек, тұтас бiр сөздiк жасауға болар едi.

Стиль – жазушының өзi, болмысы мен мiнезi. Мұхтарда бiздiң көбiмiзде жетiспейтiн тас-түйiн жинақылық, бастаған iсiн аяғына жеткiзбей тынбайтын қайсар табандылық бар. Ол қыдыруға, желiгуге, серiлiк құруға уақыт шығындамайды. Онысын шектен тыс тақуалыққа жорып, сырттай тон пiшiп жүретiндер де жоқ емес. Алайда, жұрт не десе де, түбiнде ұтыс Мұхтар жағында болары даусыз.

Жаңылмасам, жетпiсiншi жылдардың соңын ала, Мұхтар Мағауин бiр топ әдебиетшiлермен бiрге «дөңгелек үстел» басында отырып: «Қазақ романы ХХ ғасыр соңында дүние жүзiн жаулап алады» деген болжам айтып едi. Бұл сөздi бұдан он жыл бұрын Мұхтар елуге толған кезде де бiр рет еске алғанбыз. Ендi, мiне, ғасыр болса аяқталды. Жазушының сол болжамы орындалды деймiз бе, әлде сәуегейлiк күйiнде қалды ма?

Бiздiң ойымызша, Мұхтардың бұл сөзi де шындықтан тым алшақ кетпеген секiлдi. Бұл күнде қазақ романы озық елдер әдебиетiн қуып жеткенi рас. Бұл ақиқатты шетке шоқынған нигилистер ғана мойындамауы мүмкiн. Ал кiтабымыз дүние жүзiн жаулап алмаса, оған қазақ романы жазықты емес, асылымызды таныта алмаған кiнә өзiмiзде. Бiз бұрын есептен жаңылысып, бәйгеге кiлең жабыларды қосып келдiк қой. Ал сүйреп қосқан тазылар түлкi алып жарытпады… Сонан соң «жаулап алу» деген де – шартты ұғым ғой. Қазiр дүниеде шекесi шылқып тұрған әдебиет бар ма?

Сонымен, алдымызда жаңа ХХI ғасыр тұр. Ол бiзге жаңалық болғанымен, арыдан келе жатқан қазақ әдебиетi үшiн көп бекеттiң бiрiндей ғана. Көш керуенi әлi тоқтаған жоқ. Соның алдыңғы легiнде көш бұйдасын соза тартып, Мұхтар Мағауин кетiп барады.

2000 жыл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір