ҚАБДЕШ БЕКЕТІ
23.08.2022
1010
0

Қабдеш Жұмаділ дүниеден қайтқалы да жыл айналды. Өтерінен 15 жыл бұрын 70 жасын Мақаншыда тойлап, енді жақындарымен бірге Алматыға бет алған Қабекең көңілді еді. Ол қолдаушы топты Таскескеннің тұсындағы жол айрығына тоқтатып: «Мен дүниеден қайтқанда осынау тұсқа қойыңдар» деп жол жиегін көрсеткен.

Қапияда қайтқанына, пандемияның асқынып тұрғанына қарамай, қалың елі жиналып, Қабдешінің өсиетін орындаған болатын. «Қабдеш қайтты» деген қаралы хабарды естіген бетте жұртты оның 15 жыл бұрын айтқан өсиетін орындауға жұмылдырған жазушының рухани інісі Ұлықпан Сыдық еді. Қазір де Тарбағатай тау сілемдерінің батыс күнгейіндегі Алматы-Өскемен жолының 683 шақырымында Қабдеш жатыр. Жол торабында еңселі ақкүмбез кесене көтеріліп, бұл мекен «Қабдеш бекеті» атанды.
Жазушы көз жұмған соң оның есімімен қоғамдық қор құрылған. Қорды құрған да сол көрнекті ұлт қайраткері, профессор Ұлықпан Сыдық пен жазушының ұлдары және біраз жанкүйер оқырманы еді. Қор классиктің рухани қазынасын насихаттаудың жоба-жоспарларын түзіп жіті әрі нәтижелі қимылдады. Кезек күттірмейтін келелі жұмыс – жазушы зиратына кесене тұрғызу болатын. Пандемия асқынып тұрған кезде жұртты жұмылдыру да қиын еді. Сондай уақытта саналы бағытпен сарқыла қимылдаған қор президентіне жерлестері қолдау көрсетті. Чүкеев Ерлан Мырзахметұлы қатарлы Семейдің серке жігіттері сайланып шыққан да қор президентінің қасынан табылған.
Маңғыстаудан алдырған мұғжиза ұлу таспен қиюлап қалаған ақ күмбезді кесенені солар салды. Ол ұлы жазушының аппақ ары, биік, намысындай жарқырап алыстан көз тартады.
Тарбағатай тау жоталарының Алакөл, Балқашқа қарай бұрылып аласарып, төбешіктеп, шашылып барып тоқтайтын бұл тұсы шығыс өлкенің кіндігі дерсің. Қабдеш Бекетінің батысы – әлем картасында «Қазақ адырлары» деп аталатын қазыналы қатпарлы, қыналы қара төбелі Қарағанды беті, ары қарай Арқа. Ал шығысы – Шәуешек, Құлыстай, Орқашар, Барлық, Қараеміл-Сарыеміл, Семізтай, Серке, Сауыр, Майлы, Жәйір – Қабдешті туған мекен. Күнгейін айтсаңыз – Жетісу, Балқаш, Алакөл, Арқас тау, Алматы бағыты болғанда; теріскейі – Аягөз, Семей, Өскемен, Алтай, ұзын аққан Ертіс. Мәңгілік мекенін таңдау үшін де талант, талғам, парасат және биік рух керек екен ғой. «Мәңгі жасаудың мұндай да ғажап үлгісі болады екен-ау!» дейсің.
«Қабдеш бекеті» деген қасиетті тіркесті де қор президенті жазушының іні досы Ұлықпан Сыдық айтқан. Қабдеш бекеті мыңдаған машина ағылып өтіп жатқан жол торабында тұр.
Күн сайын біраз кісі жол жиегіне тоқтап, кесенені тамашалап, тамсанып, жазушыға құрмет етер және оның томдарын, романдарын еске алар. Ал көптеген көліктің өзі кідірмесе де, көліктегі жолаушының көзі кідірер. Көрген көзден көңілге көшкен «Қабдеш бекеті» жолаушының ой-санасын мынау – осы нүктеден Қабдеш жасаған әдебиет әлемінің бекеттеріне – уақыт қойнауына қарай бастап кетер.
Мұндайда жүрдек көлік екпінімен жүйрік қиял да сапарға шығады. Енді қараңыз, Қабдеш шығармаларының жұрт кідіретін тұстары, оқып отырып толқып тоқтайтын, шұқшиып шұқып, қайталап қарайтын тұстары бар ғой. Иә, ол көп. Міне, сол ара – сана сапарының аялдайтын тұсы – Қабдеш жасаған әдебиеттің алтын бекеттері.
Жазушы шығармалары, сөз жоқ, қазақ әдебиеті көшінің де керемет сиқырлы өлкесін түзеді. Ол тұтас оқырман керуені түйесін шөгеріп, күркесін тігіп, ерулеп өтер алып бекеттер тізбесін құрайды. Ол – даусыз!
«Көкей кестіден» басталатын он роман, «Бір түп тораңғыдан» басталатын жиырма повесі мен «Қаздар қайтып барады» деп басталатын жұтынып тұрған жыр сипатты әдемі әңгімелерін, тек осынау көркем әдебиет жанрындағы шығармаларын айтсақ, Қабдеш жасаған рух көшінің керуен жолы сіздің санаңызды ғасырлар сапарына шақырады.

Көкейкесті

Жазушының отызында орда бұзғанын әйгілеген роман. Бұл – жазушының тұңғыш романы.
Роман сюжеті 20 жас шамасындағы жап-жас Жәнібектің және оған жолығатын он шақты кейіпкердің қатысуымен құрылады. Шығармадағы аздаған шегіністі баяндауды қоспағанда, ол бірер жылдың ауқымын ғана қамтиды. Бас кейіпкерлері де жас, жазушы да жас болған соң, жалындап тұрған махаббат пен төгіліп түскен тілден ақ өлең дерлік лиризм лебі еседі.
Бас кейіпкердің әкесі Сәрсен заманның адамы. Айдаладағы ақ тышқандарды зерттеп, докторлық атақ алудың жанталасымен өмірі өтеді. Кеңестік кадр мен кеңестік ғылымға тиесілі кісі. Оның екінші қатыны Күлзипа, шәкірті Сапар да сол уақыттың ойлау, өмір сүру дағдысын көрсетеді. Жәнібек бұлардың бәрін жек көреді. Шығарманың өн бойы­нан заманға деген зіл, кекесін көрінеді.
Роман басталғанда вагон терезесінен кең дала жосылады. Пойыз Семейден келе жатқанын, Алматыға ертең тәңертең жететінін ескерсек, шексіз сүйіне тамылжыта суреттелген сол дала қазіргі «Қабдеш бекетінің» тұсы. Жас Қабдештің кейіпкері осынау мекенді 60 жыл бұрын-ақ ақтарыла суреттегенін қараңыз.
Пойыз терезесінен кең далаға көз салған кейіпкер, сол заманда ғарышкерді жырлаған ақынның «Адамға табын жер енді» дейтін өрекпіген өлеңін еске алып: «Апырай, осы ожар белсенділік қой түбімізге жеткен» деп түңіледі. Ол заманда, 1960 жылдары, бұлай айту басқа кісінің ойына келмейтін, ойына келсе де батылы жетпейтін батырлық еді. Белсендінің ақын Қабдештің құрдасы Олжас екенін танисыз. Ал айналасына ашық пікірмен сөйлеу – Қабдештің қанында бар екенін содан білесіз.
Ол замандағы прозаға қойылар басты теориялық талап тип жасау типтік бейне сомдау болатын. Ата мекеніне келіп, еңбекке араласқан Жәнібектің Қарлығашпен махаббат диалогы жүрек толқытады. Онда жастық жалын мен жан дүние дастаны шалқиды.
«Тип» дедік қой. Жәнібек Қарлығашқа «Мен ауылдан керемет типтер таптым» дейтіні бар. Шынымен де романды оқып отырып, сол ауылдың он шақты кісісімен танысасың және оны ұмытпайсың. Әумесерлеу Дудар, директор Кемел, сықаяқ Сатыбалды, тағдырлы Сақыш – бәрі де сізбен таныс кісіге айналады. Әсіресе Базар ата мен оның ақиық Қыранын айтыңыз. «Қарадауылдың» тұсында Тарбағатайдың бір биік жотасына шығып, бүркітті түзге жібереді. Айналып әбден биікке көтеріліп, сонан соң теріскейді бетке алып сол бұлдырап кеткен қыранға қарап тұрған Базар қарт: «Алтайға тартты. Енді оралмайды», – деп көзіне жас алады. Осы жерді оқып отырып, қазірде Көк байрағымызда тұрған қыранға байқаусыз көз саласың…
Осы романдағы автордың жаны байыз таппаған кейіпкері Жәнібекті ата мекенге алып кетуі, онда да Тарбағатайдың биігі Етікші шыңының етегіне апаруы, төрт жыл бұрын 26 жасында жазған «Қаздар қайтып барады» атты әңгімесімен астасады.
Ол әңгімеде де Етікші шыңы және жалғыз кейіпкер, Тарбағатай тау, жаңғырған жартас, жапан түз. Жансебіл қарт соңғы демін жинап, «Қарғыба –Базарым, қалың ел – Назарым!» деп атасының зиратына жетіп құлайды ғой.
«Дәл осы кезде тайыншадай овчарканы алдарына салып, екі шекарашы Айнабұлаққа қарай түсіп келе жатты. Ізшіл ит шынжырларын жұлқа ентелеп, ескі қыстауға қарай тартады». Жазушы тұңғыш әңгімесін осылай аяқтайды.
Өмірде де дәл солай болды. Жаңағы исшіл овчаркалардың тұқымы 60 жыл бойы Қабдештің ізінен қалған жоқ. Шынжырын үзердей аласұрған тұстары да болды. Азаттықтан кейін де арсылдап артына ілесті.
Қабдеш 80-ге толғанда биліктің сызы бетіне шығып тұрған шақ еді. Жазушының мерейтойын мемлекет әдейі елемеді. Ал сол жылы 80-ге толған Қабдештің құрдастарына биік марапат­тар ұсынып, абыз қаламгерді алалап кетті. Алматыдағы кездесуде «Сізге неге марапат бермеді?» деген сұраққа Қабекең: «Осындай денсаулықпен, осынша халықтың ықыласымен, осынша тартымды роман, повестермен 80 жаста алдарыңда тік тұрғаным мен үшін үлкен сыйлық» дегені бар. Сол күндері Қабекеңнің Ақордада қызмет ететін рухани інісі Мұхтар Абырарұлының биліктің бетін жылытар қайла таппай жанұшырған кезі есімізде. Билік бұрылмады, жазушы иілмеді. Марапат алғандардың қара үзіп Қабдештен озғанын да жұрт көрген жоқ. Бүгінде бірер бұралқы қазіргі Қабдеш бекетіне қарап үрсе, сонау Тарбағатайдың Айнабұлағында 60 жыл бұрын ізге түскен әлгі иттің тұқымы екені дауысынан танылар.
Кейінгі 30 жылда Қабдештің шапанын іліп, атын ерттеп қасында жүрдік. Әңгімесін тыңдадық, сырына қанықтық. Талантына тәнті болдық, ұқыбына таңдандық. «Қандай шығарма жазсам да, кейіпкерім жүрген жерді, ауылы қонған бұлақты, жылқы жусатқан алқапты түп-түгел аралап, көзіммен көріп шығамын» дейтін еді. «Прометей алауын» жазарда Ақтайлақтың тұқымы Аягөзде тұратын Айтқазы деген жігіттің романда жазылатын тау-тасты түгел аралатқанын, жасы тоқсаннан асқан шежіреші Бейсенғали қарттың ел қонған көне жұрттарды нұсқағанын айтатын. Сол жұрттардың қай-қайсысы да Қабдеш шығармаларындағы оқырман ойы түнеп қалар бекеттер санатында. Сол жолы «Ақтамбердінің жатқан жерін жаңылмай тапқанын» әңгімелегенде тамсанып тыңдайтынбыз.
Мақаламызда есімі әлгінде аталған Абырар ақсақалдың арғы әкелері де сол «Прометей алауындағы» Ақтайлақ би Түркістаннан алдыратын көшпен Тарбағатайға келеді. Ары қарай Шәуешекке, Қабдештің ауылына барып қоныс тебеді. Бұл тақырып осы романда тарау бойы жазылып, суреттелген.
Достық дәстүрі деген де өзі тектен тартатын көрінеді ғой. Аталары Сымайыл зәңгі, Ешенсейт-Құлмұхамметтерден басталып, Абырар, Қабдеш, Сейдах­меттерге жалғасқан достықтың жіп ұшы бүгінгі Мұхтардың, Рахымғалидың Қабдешке деген биік құрметіне ұласқан. Тағы да сол «Прометей алауындағы» бас кейіпкер Ақтайлақ би әулетінен өрбитін Бәту ападан өрген бүгінгі Жәкулиндер де достық дәстүрді атадан балаға жалғап, жазушыға, оның рухына ерекше пейіл бергеніне жұрт риза көңілде.
Бірде Қабдеш аға: «Басқа ел, басқа жұрттан әкелетін және әкелмейтін мамандар бар» деп сөз бастап еді. «Жазушы мен ақын туған топырағында – ата-бабасынан өсіп-өнген мекенінде ғана махаббат пен шабытпен қалам сілтейді. Ол басқа өлке, басқа халықтан ауыстырып әкелетін маман иесі емес» деген. Ары қарай Жетісуды, «Мамания» мектебін, Маманның Тұрысбегін жазуға жас, қайратты шағында мұрша болмағанын, қазір жазуға қаймығатынын айтып, «әттең-ай!» деп отырар еді.
Ол кісінің ойынша жаңалыққа, ғылымға құлшыну жағынан қазақ жерінде Жетісу өлкесі көш бастаған. Ал сол цивилизация, сол тарих, сол төңкерісті жасаған ұлы қазақтардың көркем бейнесі әдебиетте жасалмады.
Алғашқы қадамын «Қабдеш бекетінен» аттаған соң Қабдеш шығармаларындағы уақыт пен кеңістіктің көңіл ерулер бекеттерін түгендеуге беттеген бұл «сапарымыз» таяу маңда тоқтамасы анық. Біз ол туралы асықпай және жалықпай жазуға, оны жазудың оқырман үшін тартымды тәсілдерін табуға құлшынамыз. Біздің мақаламызды оқыған кісі одан ары Қабдеш жазған жазира алқапқа ауса екен дейміз. Соған амал жасауды көздейміз.
Туған топырақтың қадірін көтерер негізгі бір себеп ол жайлы айтылатын, оны сипаттайтын сөзде. Сөз бұлақтарында, сөз өзендерінде. Айталық, Тарбағатайдың Етікші шыңы тұсындағыдай кез келген кезеңіне шыққанда, Жәкуланың Қызылтасын, Жағалбайлы асуын көргенде, Үшбоғас, Тайжүзген, Шорға өзендерін көргенде ол жайлы айтылар әңгіме еске келуі керек. Өйтпесе, табиғат мылқау күйде қалады. Қабдеш жазған көркем, тартымды томдардың құндылығы сонда. Ұлтын, атамекенін сипаттауда Қабекең қара сөзден дария шалқытқан адам.
Жазушының өзі есейген сайын сөзі де ұлғаяды, роман, хикаяттарының жағрапиялық, ұлттық ауқымы да өсе түседі. «Сәйгүліктер», «Саржайлау», «Қозыкүрең», «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз», «Қылкөпір», «Таңғажайып дүние» бұлардың бәрі де бірін-бірі қайталамайтын және бірін-бірі толықтыратын ғажайып туындылар. Бұлар тұтас неше ғасырлық кеңістікте тарау тартатын жағрапиялық және уақыт көкжиегіндегі маяктар.
Қазақ сөзінің таусылмайтын, тасып ағатын тау өзендері. Ойлап қарасаң, соның бәрі Қабдеш әлемінің сәулеті бөлек, сәні сиқырлы ой ұшында құбылып бітпес ғажайып бекеттері.
«Саржайлаудағы» талқыға түскен тағдыр, адам сезімінің нәзік қылын шертетін шебер суреттеулер, естен кетпес кейіпкер бейнелері жан дүниеңді еліктіреді. Ал «Сәйгүліктердегі» жылқы тағдыры және жылқышы мінезі көз алдыңда тұрады. Ондағы адамға, тіпті жылқыға жасалған ащы қиянаттың жан түршіктірер тұстарды да ұйықтасаң түсіңе кірердей түбін түсіре баяндалған.

Аруақ қону

«Соңғы көш» – ауқымды құбылыс. XX ғасыр басындағы тұтас ұлт кешуі. Бұл кез жазушының жеке кейіпкер сомдау, тип жасау шеберлігімен бірге ары қарай биіктей түскен кезі. Соған қоса тұтас ұлттық ауқымға ауыса бастаған уақыты. Қабдешті қазақ романшыларының алдыңғы тобына бір жолата орнықтырған туынды.
Уақыт кеңістігі жағынан XIX ғасырдың соңғы жартысына тура келетін «Тағдыр» романы да «Соңғы көштің» арғы тұсынан тұтасатын аса ауқымды, көркем әлем. «Соңғы көште» негізгі тақырып ел тағдыры болса, «Тағдырда» жер тағдыры және ер тағдыры ерекше жазылады.
Жазушының кереметі де сол, сонша ауқымды тақырыптарды, ұлтты және оның ұлттық топырағы аумағын өзек еткен шығарманы, сол кездегі халықты оятқан шығарманы, осынау орасан қуатты ұлтшыл романдарды, орыс империясының отарында отырып-ақ жазғанында. Сөйтіп оны он мыңдаған тиражбен ортаға салғанында.
Сонымен қатар осы екі романда да жазушы шекара сыртында қалған қазақтың жан дүниесі мен жарқын образын жазды және оны ата жұрттағы ағайынның жүрегіне орнықтырды. Бұл дегеніңіз – ұлттың рухын тұтастауы.
Мақаламыздың бастауы «Қабдеш бекеті» болса, мынау екі роман атанның қомын алып, белін босатып, ат қунатып жататын жазиралы деңдер болмақ.
Автор шығармасындағы XVIII ғасыр және XIX ғасырдың басқы тұсындағы қазақ кешуі туралы «Дарабоз» және «Прометей алауы» жазушы мүмкіндігінің шексіздігін әйгіледі. Бұған қоса, шығармашылық шеберлік үйлесімі мен білім көкжиегін керемет көрсеткен кесек дүние болды.
«Дарабозды» жазған соң Қабекең қасқайып биіктей түсті. Маңдайы жарқырап, өзін өр рухпен ұстайтыны айналасына анық байқалғандай еді.
Сөйтсек, Қабанбайды ойлап, Қабан­байша ойлап, Қабанбайды сомдап, өңінде де, түсінде де «Қабанбайлап» жүрген Қабекеңе аруақ қонған екен ғой. Семсер сөзі жарқ етіп, кез келген сәтте кесіп түсетін тұсы осы кезден басталғандай еді. Қабдеш шығармаларының «Дарабоз» деген бекетінде айлап қалып, Қабанбай жорығына ойша қосылыңыз. Бұл бекеттен сізге де аруақ қонады.
Осы жерде айта кетер болсам, бүгінгі ақкүмбез кесенелі Қабдеш бекетін тұрғызып жатқан топтың басында жүрген әкелі-балалы Ұлықпан мен Әсет – сол Қабанбайдың тікелей ұрпақтары. Ал екеуінің қатарында жүрген Съезбек Рахышұлы Қабанбайдың серігі Баймұрат батырдан өрбиді. Батырлардың батыл тұқымы 300 жылдан соң да бірге жүр деңіз.
«Аруақ қонады» деген шын ба, біз­ше ,шын! Жазушының әппақ арынан, Азат отанының болашағына деген алаң көңілінен және бірбеткей мінезінен туған роман ол – «Қылкөпір». Жемқор паразит билік пен қайсар қаламгердің арасын барынша ашқан да сол шығарма. Халық жазушысына қаншама қысым жасалатын кезі – сол уақыт. Оны 7 жыл бойы кім көрінген алатын стипендиядан айырып, масқара болатыны да сол кез. Ал оған қайғырған Қабдеш болған жоқ.

Найман ана
ескерткіші

Қабдеш хикаят жазуды «Бір түп тораңғыдан» бастады. Трагикомедиялық үлгіде туған шығармада жан түршігер тұстар көңіл толқытады. Ал осы шығар­маға өзек болған киелі әпсананы Қабекең «Найман ана ескерткіші» хикаятында да қолданады.
Ұлттың негізін құраушы ірі тайпалар­дың қатарындағы 9 таңбалы Найман тарайтын ақиқаттан қымбат аңыз еді ғой. Соны шебер суреттейтін хикаяттың соңы мысқыл мен күлкіге өріледі.
Жазушы Айжарық пен мүсінші Барақ «Найман анаға Ескерткіш» жасап алып, қоятын жер таппай бүкіл шығысты аралап сенделеді. «Қап, мыналарды-ай!» дейді ғой кейіпкер.
«Домалақ анаға ескерткіш жасап жолға шықсам, Ұзынағаштан оздырмай таласар еді. Адай атаға ескерткіш жасап сапарласам, Қызылордадан бастап жармасар еді» дейтіні бар. Ақыры, Өскемен мен Семейден көңілі қалған кейіпкер Аягөзге келіп, анау Еңірекейге шыға берістегі тақыр төбенің бауырын сұрайды ғой.
Сөйтсе әкім: «Қап, кешігіп қал­дыңыз­дар. Әлгінде, түсте ғана Қытайларға беріп қойып едік», – деп қарап тұрады… Соңында ескерткішті көлікке салып Ал­ма­тыға беттейді де, 92 км-ге келгенде тоқтап: «Мынау жер тоғыз жолдың торабы. Төрт төңірек түйіскен жер, осында қоямыз» деп, Найман ана ескерткішін ойша орнықтырады.
Жазушы меңзеген мекенде ескерткіш шынымен де бой көтерді. Қаламнан туған «Найман ана» ескерткіші емес, Қабдешке арнап халық орнатқан кесене. Ақ күмбезі айға шағылысқан Қабдеш бекеті.
Жол бойындағы Қабдеш бекеті біреу дейік. Ал сан миллион саналы қазақтың жүрегіндегі Қабдеш рухтың бекеті, сан ғасыр бойы самаладай жанып, жүрек түкпірлерінде самсап тұрады.
Қабдеш қорының төрағасы Ұлықпан Сыдық жалпақ жұртқа сауын айтқан. 2022 жылдың 20 тамызында ақкүмбез кесенелі Қабдеш бекеті салтанатты шарамен ашылады. Толқулы көңілмен тойға ұлассын дейміз!
Жазушы рухын дәріптейтін жалаулы бастамалар жалғасын тапқай!

 

 

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір