Біздің қаламгерлерге шет тілі керек пе?
29.01.2020
830
0

Осы сауал туралы көптен бері ойланып жүрмін. Мемлекеттердің достығы мен қарым-қатынасы күн сайын артып бара жатқан мына дәуірде шет тілі кімге болсын керек екенін біз өмір сүріп жатқан қоғамның өзі дәлелдеп жатыр. Ал ұлтының тағдыры мен тарихы туралы том-том еңбек жазатын қаламгер қауымы үшін де шет тілін білмеу көштен қалумен бірдей саналуда. Жаһандық әдеби жаңалықтарға назар салсақ, ол жақтағы қалам ұстаған қауымның басым бөлігі екі-үш шет тілін үйренуді өздеріне міндет санайды екен. Сол үшін де олардың дені әлемнің әр түкпіріндегі әдеби өмірден ақпарат алып, шығармашылықтарына тың дүние енгізе алады.

Ал өзімізге оралсақ, біздегі ақын-жазушылардың ішінен шет тілін білетіндердің саны саусақпен санарлықтай. Қынжылатын тұсымыз осы. Шығармашылық жұмыс пен оның қайнап жатқан қазаны тек өз тіліңде кітап оқып, өз айналаңмен пікірлесумен шектелмесе керек-ті. Егер солай болса, онда рухани шектеулік пен мәлім шеңбердің арасында ғана ойлануға, қиялдауға, ақпарат алуға мәжбүр боламыз. Кезінде «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың өзі бірнеше шет тілін меңгергенін сенімді деректер растайды. Ендеше, бұл орайда заман туралы емес, ынта туралы сөз қозғауға тиіспіз. Абайдың дәуіріндегі өнер-білімге деген ынта қазір азайған. Тіпті, өшуге таяғандай.

     Жаңа дәуірдегі шығармашылық әлем ешкімді аяйтын түрі жоқ. Ол ортаға дендеп ену үшін,  кенде білім, шикі түсінік, шала көзқарас –  тек босағадан сығалағандай күй кештіреді. Соны түсінген Батыс «жазғыштары» жатпай-тұрмай шет тілін үйреніп, шартарапқа танылудың жолын іздепті. Енді солардың сол таңдаулы жолын біз басуымызға тура келіп тұр.  Ол үшін тағы қайталап айтайын, ынта керек. Нобель әдебиет сыйлығының иегері Мо Ян Колумбия университетінде жасаған баяндамасында өзінің ағылшын тілін үйренуге деген ынтасы жайлы «Кезінде ағылшын тілін үйрену мүмкіндігім болған еді. Бірақ менің алдымда не роман жазу, не бар уақытымды жұмсап, ағылшын тілін үйрену сияқты екі жол тұрды. Мен ары-бері ойланып, алдыңғысын таңдадым. Міне, бүгін сол шешімімнің мүлде қате екеніне көзім жетті. Тіл үйренуден кешіккен екенмін. АҚШ-қа осымен алтыншы рет келіп тұрмын. Әр келген сайын ағылшын тілін немесе басқа шет тілін білмейтініме налимын да, «Бейжіңге қайтып барған соң, басқа шаруаларымды ысырып қойып, ағылшын тілін үйренуге шындап кірісемін» деп өзіме уәде беретінмін. Өкінерлігі, Бейжіңге бара салысымен, әлгі қызығушылығым су сепкендей басылып қалады. Менің түсінгенім, еш ынтасы жоқ адамдар қанша талпынса да шет тілін үйрене алмайды екен», – деп ағынан жарылады. Бұл – шығармашылықта жетістікке жеткен жазушының шет тілін үйрену туралы әредіктегі «әттеген-айы».

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумына» шетелден елуге жуық ақын-жазушы келді. Бір өкінерлігі, сол қаламгерлер мен біздің қаламгерлер өзара пікір алмаса алмады. Әрине, басты себеп – тіл білмеу. Ащы болса да айталық, бізге қарағанда, Моңғолияның, соғыс өрті әлі толастамаған Ауғанстанның қаламгерлері ағылшын тіліне ағып тұр екен. Сол әдеби жиналыста әлдебір жазушы ағамыздан «Неге ағылшын тілін үйреніп алмадыңыз?» – деп сұрағанымда, «Құдай-ау, ағылшын тілі емес, біздің ақын-жазушылардың 90 пайызы орыс тілін де білмейді, сол тілде кітап оқи алмайды», –  деп өз шындығын айтты. Бұл жағдайға да қынжылудан басқа лажымыз жоқ.  

Осы жазбаны жазып отырып, есіме Гарсия Маркестің мына бір естелігі орала кетті.  Ол ұстазы Хемингуэйді Париж көшелерінің бірінде көрген сәтінде оған барып сәлемдескісі келгенімен, өзінің ағылшын тілін жетік білмейтіні райынан қайтарады. Сол сәтті Маркес былай баяндайды: «Ол кезде мен екі түрлі кереғар сезімнің ортасында қалдым. Оның артынан қуып барып жедел сұхбат жасап жіберерімді, әлде, оған деген құрметімді көзіммен білдіріп үнсіз қала берерімді білмей ұзақ ойға шомдым. Дегенмен  бұл екі мақсатты орындаудың да мен үшін ыңғайсыз жағы бар еді: ол кезде менің ағылшын тілін білу деңгейім қазіргідей жоғары емес, әрі оның Корида де Торос (бұқамен сайысушы) үлгісіндегі Испаншасын да дерліктей түсіне бермеймін. Бұл екі әрекеттің қайсысына барсам да, сол кездегі әжептәуір тамаша көріністі бүлдіретінім анық». Азырақ  ойланып көрсеңіз, осының бәрі шет тілін білмегеніне кейіген қаламгерлердің ішіндегі айқайы екенін түсінесіз.

Қош, сонымен, мейлі қай елдің қаламгерлері болсын, шет тілін үйрену – шығармашылық аясын кеңейтуге, өзгеше ойлауға, ең бастысы, не жазса да, ұлттық шеңберде ғана емес, әлемдік масштабта жазуына өріс ашатынын айтқымыз келеді. Қазақ ақын-жазушыларының ішінде ағылшын тілін білетін ақын Есенғали Раушановтың: «Әр қандай есі дұрыс адам бір тілді 18 айда меңгеріп алады», – деген пікірін жас қаламгерлердің есіне салғым келеді. Шетелге көп саяхаттайтын, ағылшын тілінен хабардар ақын ағамыз бұл сөзді өз тәжірибесі ретінде айтқаны көрініп-ақ тұр.  Ендеше, жас қаламгер, сіз алдағы 18 айды бекер өткізбегейсіз.

Дүйсенәлі Әлімақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір