Бауыржан Жақып. Самарқанда ай қондырдым қолыма
22.01.2020
1276
0

МЕН ЖАҚҚАН ОТ

Мен жаққан от –

Сөнбейтін сөз алауы,

Жанған сайын жан-дүнием тазарады,

Мен көрмеген жерлерде лаулап жанып,

Мен бармаған жерлерді кезе алады.

 

Мен жаққан от

Абайдан ұшқын алған,

Әуезов боп әуелі

құшты жалған.

Мағжан болып санаға

сәуле шашып,

Одан сайын маздаған,

күшті жанған.

 

Мен жаққан от

Сәкен боп серттей жанған,

Ілияс боп арғымақ

ерттейді арман.

Жүсіпбек боп күймесі

жалт-жұлт етіп,

Қасым болып қаулаған

өртке айналған.

 

Мен жаққан от –

далада маздаған от,

Қойлы ауылдың қойнында

қоздаған от.

Суық қолдар су құйып

бір заманда,

Жанбай жатып сөне де

жаздаған от.

 

Мен жаққан от –

сөнбеген бірақ, бірақ,

Күннің шуағынан да

 шуақтырақ.

Тоқтар болып ғарышқа

самғап ұшқан,

Жердің тартылысынан да

қуаттырақ.

 

Мен жаққан от

Төңірекке төккен арай,

Өйткені оны тұтатып кеткен Абай.

Қазағымның өшпейтін жұлдызы боп,

Көтеріліп барады көкке қарай.

СЕМЕЙТОЛҒАУ

Қойнауында тығылған мәнді дерек,

Құт мекендер болады мәңгі керек.

Қала көп қой әлемде әлем-жәлем,

Қазақ үшін Семейдің орны бөлек.

 

Қалың орман Ертістің жағалауы,

Арнасында кәрі өзен ағады әлі.

Абай жырын жүрекке жеткізеді,

Шыңғыстаудан есетін самал әні.

 

Мен де сенен бастадым сапарымды,

Өлеңіммен шығарам атағыңды

Құлағымда шыңылдап тұрып алды,

Атқан оқтың дауысы Шәкәрімді.

 

Саған тоқтап жібітіп бір таңдайын,

Ақаң, Жақаң су ішкен тұлпардайын.

Пароммен кеп Әлихан Бөкейханов,

Сөз сөйлеген саңқылдап сұңқардайын.

 

Мағжан келіп үр жырын үзілдірген,

Маржан сөзін күмістей тізілдірген.

Халел, Мәннан, Райымжан, Ыдырыстай,

Арыстардың сен ғана жүзін білген.

 

Жүрек оты, Семейім – жанған қала,

Қалың ойға қашан да шомған қала!

«Тар жол, тайғақ кешудің» заманында,

Алашыма Астана болған қала.

 

Көрсеттің сен төгілген жыр болғанын,

Дөнентаев Сәбиттің кім болғанын.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып»,

Сұлтанмахмұт ақынның Күн болғанын.

Тарих сөйлеп сарғайған парақтардан,

Халық мұнда шежіре сан ақтарған.

Семейімде айналған мұзбалаққа,

Семинарист Әуезов қанаттанған.

 

Ауыр-ауыр, Семейім, жүк көтердің.

Бар қазаққа таныттың –

мықты екен кім?!

Қаныш пенен Әлкейге білім беріп,

Бар ғылымын қазақтың тік көтердің.

 

Шағалалы шабытын шарықтатқан,

Қажымұқан мен Исаға болып мақтан.

Сен өнердің тербелген бесігісің,

Әміренің әндерін қалықтатқан.

 

Тереңдесем, жапырағы – жаяр бағы,

Оянғаны, елімнің, ой-арманы.

Еңлік пен Кебек те сенде туған,

Сенде туған Қозы мен Баян-дағы.

 

Сөзбен қосып жырлаған көк пен жерді,

Бүкіл қазақ Дулатты мақтан көрді.

Күлдір-күлдір күреңін кісінетіп,

Ары барсам, сөйлейді Ақтамберді.

 

Бұл Семей – көмейінен бал құсқан жер,

Жанақ пен Рүстем төре шарпысқан жер.

Шөже мен Балта ақын тартысқан жер.

Әсет пенен Кемпірбай айтысқан жер.

Көкірегінен қоштасқан қарт ақынның

«Көк ала үйрек» өлең боп қайта

ұшқан жер.

 

Өзіңде бар өшпейтін көне сарын,

Мен білемін уақыт та санасарын.

Өткен күнің айналған мол тарихқа,

Одан да зор, ендеше, болашағың.

 

* * *

Өзіңменен биіктейді еңсем де,

Он бір буын, төрт тармақты өрейін.

Киелісің – Алаш рухы бар сенде.

Шабытымның қайнар көзі – Семейім.

 

Сол баяғы паровоздың айқайы,

Сол баяғы составтардың солқылы,

Бәрімізді артып алып қайқайып,

Бара жатыр уақыт деген делқұлы.

 

Ертіс ағып арнасымен баяғы,

Кемесі жоқ кеме тоқтар айлақ тұр.

Бір кафеде шырқалады той әні,

Құлағымда өмір күйі ойнап тұр.

 

Көне Семей күркілдеген кеудесі,

Жөтеледі зауыттары от бүркіп.

Үріккен қойдай бір-біріне селбесіп,

Бұлттар қашып бара жатыр көкте үркіп.

Желілерден құлағыма күй келді,

Жел соққанда ышқынады бұл-дағы.

Жалғап тұрған көп қабатты үйлерді,

Электрдің ысқырады сымдары.

 

Қос жағалау қос қапталдан ентелеп,

Мешіт, шіркеу көк Ертіске төнеді.

Шаһар ішін аралап жүр еркелеп,

Ұлы Абайдың ұмытылмас өлеңі.

 

Әрқайсысы екі қолға шаруа ап бір,

Атқарып жүр адамдары іс нөпір.

Оңтүстік пен Солтүстікті жалғап тұр,

Өзен үстін кесіп өткен үш көпір.

 

Бастан ұшқан бал күндерім алыстап,

Сені көрсем бар дертімнен емделдім.

Өзің жайлы өлең оқып дауыстап,

Еңсеңді бір көтеруге мен келдім.

 

* * *

Самарқанда Ай қондырдым

қолыма,

Бұхарада Күн қондырдым

қолыма.

Жан рахаты – әулиелер

мекені –

Бесқалада жыр қондырдым

жаныма.

 

Самарқанда жақындадым

ғарышқа,

Бұхарада баттым көне

ағысқа.

Құлақ түрдім Хиуаға

барғанда

Ғасырлардан талып жеткен

дауысқа.

 

Көне ғасыр. Талып жеткен

тылсым үн,

Тас дуалдар тығып жатыр

мың сырын.

Тас қалада естігендей

боламын,

Науаидың жүрегінің

дүрсілін.

 

Бұрын мұнда тірлік кешкен

қанша адам,

Арман көрдім сол адамдар

 аңсаған.

Құс жолынан қол бұлғайды

жымыңдап,

Ұлықбектің жұлдыздары

 самсаған.

 

Жанарымды сағым дүние

бойлады,

Уақыт – қайрақ жүрегімді

қайрады.

Жүзіп бара жатты Әмудің

бетінде,

Бирунидің айтылмаған

ойлары.

 

Мұңдылардың айтылмаған

мұңдары,

Сырлылардың айтылмаған

 сырлары,

Қарсы алдымнан күтіп алды

Нөкісте

Бердақ пенен Әжнияздың

жырлары.

 

Тылсымына тарта түсіп

ескілік,

Қалғып кетсем, түске керуен,

көш кіріп,

Басқа әлемде кетіп бара

жатамын,

Қайда барсам көне сарын

естіліп.

 

Жан-дүниемді қозғап кетті

сол әуен,

Ағып барам шетсіз-шексіз

даламен,

Тас төбемнен төңкерілген

көк аспан,

Маған қарап тұрғандайын

бар әлем.

АҚМЕШІТТІҢ АҚШАМЫ

Шайдай ашық Ақмешіттің аспаны,

Шайырлардың жанып тұрған от шағы.

Сені қалай шығарамын есімнен,

Шәйкөйлекті Ақмешіттің ақшамы.

 

Шайдай ашық Ақмешіттің аспаны,

Шашып маған шұғыласын тастады.

Сені қалай ұмытармын мен енді,

Шәйіорамал Ақмешіттің ақшамы.

 

Шайдай ашық Ақмешіттің аспаны,

Шайдай ашып ұйқымды да тастады.

Сені қалай ұмытармын, баппенен,

Шәй құятын Ақмешіттің ақшамы.

 

Шайдай ашық Ақмешіттің аспаны,

Жайып салған жан-дүниесін жастары.

Түсіме енді перінің қызы Бекторы,

Түс сыйлаған Ақмешіттің ақшамы.

 

ҚАР ЖАУҒАН ТҮН

Ақ қар жауады,

Аспанның жерге сәлемі,

Туады сонда ақынның аппақ өлеңі.

Әндетіп баяу, санасы ояу, бір жаяу

Домбығып беті, омбылап қарды келеді.

 

Сергітеді ойды шыңылтыр аяз,

                түнгі ызғар,

Алақаныма қонады аппақ жұлдыз қар.

Аспаннан жауған ақ қардан менің

жаныма,

Жырларды жолдап жатқандай

алыс жұлдыздар.

 

Жауып тұр ақ қар, толассыз, төпеп,

жауып тұр,

Аспан да, жер де ақ қар әуенге

салып тұр.

Ғарыштан жеткен ғаламның аппақ

өлеңі,

Тазалап менің жан сарайымды

сауықтыр.

 

Қап-қара түнде аппақ қар салып бекініс,

Жан-дүниемдегі аппақ әлемге секіріс.

Аппақ дүние, ақ қардың жазған дастаны,

Ешқашан енді қайталанбайтыны – өкініш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір