ӘҢГІМЕ БОЛҒАН ОҚИҒАНЫҢ әсерімен ЖАЗЫЛДЫ
22.01.2020
936
0

Толымбек Әбдірайым, жазушы

– Аға, әңгімеңізді «Өзімен-өзі оңаша қалған кезде жүрегі елжіреп, көзін дымдап алатыны бар…» – деп бастаған екенсіз. Бұл тұста қай кейіпкер туралы айтылып тұр?

– Әлішер ғой.

– Ақ-сары баланы сіздің прототипіңіз ретінде қабылдауға бола ма?

– Олай қабылдауға да болады… Әскерден оралған соң мен жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде жұмыс істедім. Ол темір жолмен тығыз байланыста еді. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет», Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романдарында суреттелетін темір жол бекеттері, станциялар өмірімен таныспын. Бірде елге барғанымда, оқушы екі баланың бір қызға таласып, бәстесіп, біреуінің пойыз тоқтатқанын естіп жағамды ұстадым. Бұл оқиға бір жағынан балалық болғанымен, екінші жағынан ана жасөспірімнің мықтылығы. Сол оқиға көпке дейін ойымнан шықпай қойды. Сөйтіп, осы әңгіме дүниеге келді.

Танымал әдебиет сыншысы, үлкен ғалым Зейнолла Қабдолов бүй дейді: «…Жазушы суреттеген өмірлік құбыластардың бәрін оның өз басынан кешкен шындық екен деуге болмайды. Мәселен, жазушы бір шығармада өзінің бір қаһарманының өлімін жазды делік. Оны автор өз басынан кешіргесін жазып отыр деуге, әрине, болмас еді. Ендеше, жазушы творчествосы оның өмірбаянынан әлдеқайда кең; бірақ тағы да айтамыз, бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты…».

– Әңгіменің басты кейіпкерлері Нұрғазы мен Әлішердің «текетіресі» оқырманға әрқилы әсер қалдырады. Бір жағынан Нұрғазының балаң сезіміне түсінік танытса, бір жағынан әңгіменің шешуші кезеңіндегі Әлішерге жаны аши отырып, екі кейіпкердің де бетінен қайтпайтынына қынжылыспен қарайды. Әрі кей тұстарда Нұрғазының іштей ойлану арқылы өз-өзімен бетпе-бет келіп, іс-әрекетін таразылайтынын да тілге тиек етесіз. Яғни, Нұрғазы образын тұтастай жағымсыз кейіпкер еткіңіз келмегені байқалады.

– Табиғатында, Нұрғазы аса жаман бала емес. Пенде болған соң іштарлық, қызғаныш деген нәпсі қалауы бар емес пе? Көптен бері сыныптасы, оқу озаты, сұлу Шынарды жақсы көргенімен, паң бойжеткен ешкімді маңына жолатпайды. Сыныпқа жаңадан келген Әлішер мен Шынардың әңгімелері жарасып, мектептен бірге қайтатыны, сұхбаттары таусылмайтыны Нұрғазының ашуын келтіреді. Оның топшылауында әдемі қыздар батыл, батыр ұлдарды ұнатуы тиіс. Ал шынайы өмірде олай емес, Шынар Әлішердің көркем мінезін, адамгершілігін, досқа деген адалдығын бағаласа керек. Нұрғазы болса, ондай таза достықты көре алмай, кек қайтаруға әрекет жасады.

– Шығарманың шешуші сәтінде «көңілшек Естайдың» Нұрғазының бұрыс әрекетіне қарсылық танытатыны бар. Бірақ сол ниетін Әлішерді темір жолдан ары әкету арқылы көрсетуін қаламадыңыз ба?

– Кісіге жаны ашығыш, ақкөңіл Естай Нұрғазының қойған шартын естіп зәресі ұшты. Өзге балалар да сондай ойда болуы мүмкін. Бірақ Естайдай эмоциясын сыртқа шығарған жоқ, бейтараптық танытты, әліптің артын бақты. Енді не істеу керек? Күрес алдында екі бала бәстесті. Әлішер үшін бәстің аты – бәс!

Шығарманың шырқау шегі, басты лейтмотиві осы тұста көрінеді. Былайғы кезде жуас, біртоға, ешкіммен қақ-соғы жоқ Әлішер қорқып, айнып кетер деген ұлдардың ойы іске аспады. Нұрғазы да солай топшылаған.

Естайдың жаны ашып, рельс ортасында қаққан қазықтай қасқайып тұрған сыныптасына көмек бергісі келгенімен, ол әрекеті сөз күйінде қалды. Демек, Естай да жасықтық танытты. Көпке қарсы шығуға дәрмені жетпеді.

Мұндай адамдар шын өмірде аз ба?!. Балалар ғана емес, кейбір үлкендердің өзі аумалы-төкпелі, қысталаң шақта екіжүзділік танытып, табан астында айнып сатқындық жасайтыны ежелден белгілі.

Әлішердің басын қатерге тігіп, сөзде тұруы – ерлік! Рухының мықтылығы! Жастардың бойынан күшті рухты, елі мен жерін жанындай сүйген отаншылдықты көргім келеді.

– Балалар тақырыбына жиі оралып отыратыныңызды білеміз. Салыстырмалы түрде қарасақ, балалар жан-дүниесін бейнелеу қиын ба, әлде ересектер психологиясына үңілу ме?

– Екеуі де оңай емес. Дей тұрғанмен, бала психологиясына дендеу, ақ қағаздай кіршікісіз, таза бала жанына барлау жасау қиынның қиыны. Бұл орайда жазушы Ғабиден Мұстафинның: «Меніңше, балаларға арналған әдебиет, сол балалармен қатар үлкендер оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болса керек», – деген сөзі әр кезде көкейімнен кетпейді.

Сіз үлкендерге арнап жазасыз ба, балалар тақырыбын қаузайсыз ба, екеуінде де айтар ойыңыз, сомдаған образыңыз болуы тиіс.

Жазушы шығармасы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов айтқандай, «адамның жан-дүниесін қойма ақтарғандай қопару керек!..» Жақсы шығармадан оқырманның жүрегі шуақтануы керек! Қатігездік пен имансыздық көрсе жерініп, түршігуі керек! Олай болмаған жағдайда бостан-босқа сөйлем құраудың қажеті бола қоймас.

«Жекелеген образ ұнай ма, жоқ па, мәселе мұнда емес, – дейді Гете, –жалпы кітап ұнай ма, жоқ па, гәп осы арада жатыр».

– Сыныптағы ең озат оқушы Әлішер мен ішкі әлемі қайшылыққа толы Нұрғазы образын дәл сипаттайсыз. Балалар бойындағы мұндай қасиеттерді балалық шақтағы өз бойыңыздан іздейсіз бе немесе күнделікті өмірде ойыңызға түйіп жүресіз бе?

– Елді елең еткізерлік, не болмаса, қызық бір деталь мен үшін жеткілікті. Детальдың басты шарты – шындыққа жанасымды дәлдігінде. Мәселен, осы әңгімедегі Әлішердің пойызды тоқтатуы – деталь! Оның жүректілігі! Қайсарлығы! Бұл жағдайды естігенде менің көз алдыма, батыр бала бейнесі елестеді. Мен оны көрдім! Бастапқыда таңдансам да, көп ұзамай ана балаға риза болдым.

Әлішер мен Нұрғазының образын өз бойымнан да, күнде көріп жүрген көріністерден де алдым десем болады. Әсілі, мен аспаннан алып, қиялдап ештеңе жазбаймын. Шығарма сюжеттерін аласапыран, қым-қуыт, қайнаған, не болмаса, естіген, көрген оқиғадан, яғни өмірден алам.

Жаңалық ашып отырған жоқпын. Дегенмен оқиғалар тізбегін оңды-солды, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп жаза берсең, көркем шығарма бола ма?!. Кәдеге асады, осы жарар деген оқиғалар миымда іріктеліп, екшеледі. Содан соң фантазия қосылып, кілті табылған соң дүниеге келеді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 

 

Әңгімелескен,

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір