Толымбек Әбдірайым. Бәс
22.01.2020
1256
0

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл…

Хәкім АБАЙ

 

Өзімен-өзі оңаша қалған кезде жүрегі елжіреп, көзін дымдап алатыны бар…

* * *

– Апырым-ай, неге ғана көштік екен?! Жақсы еді ғой ауылы. Үлкендер бұның сөзін тыңдап не қылсын?!. Бала біткен ата-анасының айтқанын орындауы тиіс.

Қалай дегенмен, бейтаныс жер, бөтен балаларға үйрене алмай жүр әлі.

Ай-хой десеңші, туған ауылындағы сыңсыған қарағай, ақ балтырлы қайыңдар қандай еді?! Дербіс тауы етегіндегі дала жидегі, қойбүлдірген, қарақат пен қызылқат көз жауын алар еді-ау! Шілденің ортасы ауа балалар мен жас қыз-келіншектер уылжып піскен жеміс-жидекке мелдектей тойып, қалағанынша теріп, у да шу, мәре-сәре болатын. Кейінгі жылдары біраз үй аудан, облыс орталығына, Алматы, Астанаға қоныс аударды емес пе?! Тағы бір себеп – орта мектептің жабылуы. Бала саны жетпейді, бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны аз. Мектеп бастауыш сынып оқитын дәрежеге түсіп қалды. Бұрындары он бес мұғалім сабақ берсе, қазіргі ұстаздар саны үшеу. Мектеп директоры Жарқын ағайлары көрші ауылға дене тәрбиесі мұғалімі болып баратын болды.

Қазақ ауылдары құри ма, жан адам тұрмай ма сонда?!. Былтыр өзі жақсы көретін орыс жазушысы Валентин Распутиннің «Матерамен қоштасу» повесін оқып, бір кездегі ақар-шақар үлкен деревняның күл-талқаны шығып, ауыл тұрғындарының үйлерін қиратып, жан-жаққа бытырай қоныс аударғанын ғажап суреттеген қаламгердің шеберлігіне таң-тамаша қалған. Повесть арқауы – Ангарадағы Матера деген аралдың су астында қалуы. Өркениетке бет алдық, жаңа ғасырда қала біткенді көркейтеміз деген желеумен шағын елдімекендердің бәрін міндетті түрде жоқ ету керек пе? Отыз-отыз бес жыл бұрынғы Сібір жеріндегі сол кептің біздің елге де жеткені ме?!. Қазақтың алтын тұғыр бесігі – айналайын ауыл емес пе?! Осындай қарапайым нәрсені үлкендер неге түсінбейді?!.

Мына шаһардың шетінде қалай болса солай салынған қиқы-жиқы, ескі үйлер көп-ақ. Көшелері де асфальтталмаған, бұралаң-бұлтарысы жетерлік. Жазды күндері сәл-пәл соққан самал желден шаң көтеріліп ұйтқып жатса, жаңбыр жауғанда саз-балшықтан аяқ алып жүру қиындық туғызады, суға толған лай көлшіктерді айналып, қағыл-қағыл құрғақ жерді іздеп жүргенің.

Ақ-сары баланың үйі қала шетінде, «Жаңа ауыл» аталатын аймақта болғандықтан, оқитын мектебі де алыстау, таңертең – жарты сағат, сабақтан соң тағы сондай уақыты жолға кетеді.

Бұрын бұл қаланы биік-биік көп қабатты үйлер мен кең даңғылдары көңіл сүйіндіріп, сәмбі талдары бой түзеген, қарасаңыз көз тоймайтын әдемі шаһарға балайтын. Әлде, шағын қала болған соң осындай сұрқай, жадағай ма?!

Мектепке барар жолда көлденең Семей жақтан келетін темір жол жатыр. Ұдайы ұзынша ала бағана көтеріліп тұратын шлагбаумда сары күртеше киіп, кокардасы қоқырайған күзетші тәулік бойына кезекшілік жасайды. Соған қарағанда, темір жолдағы кезекшілердің жұмысы аса жауапты болғаны ғой.

Бірде шойын жолға тақап қалғанда, ала шлагбаум сыр-р ете дыбыс шығарды да, басын иіп кесе-көлденең сымдай тартыла көлбеді. Екі жақтан, қарама-қарсы келе жатқан автомашиналар тежегіштерін басып, тоқтай-тоқтай қалысты. Сары күртеше киген кезекші ала таяғын шошайтып, тәртіпті оқушыдай қасқайып тікесінен тік тұр. Қапелімде автокөліктер арасынан бір ақ «Ауди» автокөлігі лып ете солға бұрылды да, ашық тұрған тар қуыстан зып беріп ары қарай өте шықты. Кокардасы қоқырайған кезекші қойдың асығындай аспабын жан қалтасынан ала сала жанұшыра ысқырды дейсіз! Қолды-аяққа тұрар емес! Аузынан балағат сөздер де шығып кетті. Алда-жалда ақ «Ауди» әлдебір себеппен жол ортасына тұрып қалса не болғаны?! Қырсық, қыңыр осындай кісілердің кесірінен күн сайын қаншама жол апаты болып жатыр.

Сол сәтті күткендей ащы дауысын боздатып, қара жерді солқылдата жолаушылар пойызы өткен.

– Уф-ф! – деп жағаларын ұстады оны көргендер

* * *

Көздері жылтыңдаған, тапал бойлы Нұрғазыны сыныптастарының суқаны сүймейді. Ұғымтал болғанымен сабаққа жүрдім-бардым, атүсті қарайтындықтан, ұстаздардан сөз естіп жүргені ылғи.

– Көз майыңды тауысып, шұқшиып кітап оқығанның несі жақсы? Мұғалім апайлар мен ағайлардың айтқанын миыма мықтап тоқып аламын да, ертеңіне қаз-қалпында айтып беремін, – дейді ол мақтанып.

Мақтанса мақтанғандай, үй тапсырмаларына берілген сабақтың бетін бір ашпайды-ау Нұрғазы. Не деген жады десеңізші! Өзі математикаға ерен жүйрік. Түрлі-түрлі, қиын есептерді шығарғанда алдына жан салмайды. Тағы бір қыры – сұмдық ойынпаз. Компьютерден қолы босаған сәтте «Жаңа ауылдағы» балалардың басын қосып, неше түрлі ойын ойлап, тауып жүргені.

Сол Нұрекең жапсарлас көрші, қалқанқұлақ Жұманмен күн шуақта әңгімелесіп отыр.

– Тымпиып жүрген ана Әлішер түбі бізден озады, – деді, Нұрғазы досына сен не айтасың дегендей сынай қарап.

– Мүттәқым өзі…

– Соны айтам! Қара да тұр, сыныптағы ең тәртіпті, ең озат оқушы болады ол.

– Қызғанып отырсың ба?!

– Жоға-а, неғып қызғанайын… Әшейін әңгіме ғой…

– Неге оны еске алдың?!.

– Жәй…

– Жәй емес.

– Өзі қалта телефон ұстамайды екен.

– Оған неменеге таңданасың?

– Қулығын айтам, сұрағандарға «сабақта отырғанда алаңдайсың, әрі есте сақтау, қабілетіне кері әсері мол» деп жауап қайтарыпты.

– Асқар Жұмаділдаевқа еліктегені ғой өзінше.

– Оның кім?

– Атақты ғалым, математик.

– Былай, естіген сияқтымын…

– Бұнысы жөн, ақылды баланың ісі. Оқушыға қалта телефонның не керегі бар, шынында?!. – Нұрғазы сөзден тосылды. Жеңілмеудің себебін таппаған соң:          

– Өзі қорқақтау сияқты, – деді тағы бір ши шығарып.

– Оны қайдан білесің?

– Білдім.

– Қайтіп?!.

– Әзірше құпия.

– Айтсаңшы бәлсінбей.

– Көп ұзамай көзің жетеді.

– Айтпасаң, Айтбайдың қойын бақ!..

– Асықпа!.. Сол кезде… менің ығыма жығыла бер… Түсіндің бе?!.

Жұман басын изеді.

* * *

Оның жанары…

Мұндай жәудір, нәркес көзге ғашық болмау мүмкін емес. Ине-жіптен енді шыққандай жараса кететін өзіне шап-шақ сәнді киімдерін кигенде жанды қуыршақ деп ойларсың. Шынар деп қалай-қалай тауып қойған есімін. Әжесінің сөзімен айтқанда, Жаратқан иеміз бәрін үйіп-төгіп бере салған: қою қара қасты, мөлдіреген қара көзді, дөңгелек жүзді, қара торының сұлуы және-және оқу озаты. Мектепте өткізілетін жиналыстарда мінбеге шығып сөйлемеген кездері аз-ау деймін Шынардың. Қашан көрсең, тақылдап тұрғаны… Ән айтатын кім? Шынар. Мың бұрала би билейтін кім? Шынар. Мектеп ішілік олимпиадаларда жүлделі орын алатын кім? Шынар… Шынар… Шынар…

Бала атаулыны маңына онша жолатпайтын сол Шынармен биылғы жазда ауылдан көшіп келген Әлішер екеуінің әңгімелері жарасып, әрдайым бірге жүргенін көрген Нұрғазының ішін қызғаныштың қызыл иті тырнады. Шынарға деген балаң махаббаты кек алуға, ақ-сары баланы мұқатуға бағытталған.

Қызғаншақ Нұрғазының жатса-тұрса ойы – ақ-сары баланы масқараламақ. «Қандай амал-айла бар, не істесем екен?» деп аласұрды. Оның топшылауында, қайдағы бір келімсектің келмей жатып, сыныптағы ең сұлу қызбен тіл табысып, бірін-бірі баяғыдан танып-білетіндей әмпей-жәмпей әңгімелесетіні әділетсіздік. Әсілі, сұлу қыздардың жібектей сызылған әдепті балаларды емес, орман-бермен, ұрдажықтау ұлдарды ұнатқаны жөн шығар. Басын қанша қатырса да, миы жетпеді. Көп ойлағаннан ба екен, кейінгі кезде түсінде Әлішермен жаға жыртысып жүретін болды. Бүгін… таң алдында көрген түсінде, мұның қылығына ренжіген кейіппен мұңайып, теріс қарап Шынар тұр анадай жерде…

Ана жолы Нұрғазы Әлішерге жазық­сыздан-жазықсыз тиіскені бар.

– Балалар, – деді жолдарындағы кесе-көлденең жатқан темір жолдан өткен соң.

Бұл араға қыс айларында қатты соққан боран мен қардан ықтасын болу үшін қатар-қатар тізіп ағаштар отырғызылған болатын. Дәл ортасын недәуір ашық алаңқай алып жатыр.

– Балалар, – деді Нұрғазы екінші мәрте. – Күрессек қайтеді?

– Сенің де шығармайтының жоқ екен? – Ұзынтұра Рүстем сыныптасының сауалын ұнатыңқырамады.

– Үстіміздегі таза киіммен қалай күресеміз?

– Былғанып қалмай ма?

– Бүйректен сирақ шығарғаның не? – деп балалар ыңғай бермеп еді, қай-қашан ілік іздеуге жақын тұратын сайқымазақ Еркебұлан:

– Онда тұрған не бар, күрессек күресейік! – деді көздері шоқтай жайнап.

– Бәсе!.. Еркебұлан болмаса, басқа­ларды қой!.. – Нұрғазы сөзін сөй­лейтін, жақтасатын бір баланың табыл­ғанына қуанғандай.

–Кіммен кім күреседі? – Тағы да Еркебұлан.

– Әлішермен күрескім келіп тұр… – Нұрғазы қарсыласының келіскен-келіспегенін қаперіне де алмастан, кәс­төмін шешіп, шалбарының балағын түріп, ортаға шықты.

Бұзықтығымен балалар арасында «атаман» атанған Нұрғазыны Әлішер аса жақсы көрмейтін. Көздері бір жерге тоқтамай, әркімге бір ұрынып қашанда ілік іздеп жүретін сұйықтығынан шошыған. Пәле іздеген қызыл көздің дәл өзісің-ау деп түйген. Сол ойы шынға айналғандай. Қай қылығы жақпады, қай жерден сүрінді?!. Ешкімге соқтықпай-ақ тып-тыныш, өзімен-өзі жүрсе де, көрмейсің бе?! Неше рет бұралқы сөзбен қағытып, жөнді-жөнсіз тиісіп, ықтырғысы келгенін білсе де сезбеген сыңай танытып еді. Мына соқтығуына жол болсын.– Мен күреске шықпаймын, –деді Әлішер.– Сужүрек екенсің!.. – Нұрғазының келемежіне балалар ду күлді.

–Қатын десеңші!..

– Бәсе-е!..

Әлішердің ашуы бұрқ етті. Келісіп алғандай, қасындағы балалар да бұлардың текетірескенін қоштайтындай ма?! «Шегінетін жер қалмады, азар болса, жығылармын… Бозөкпе деп ойлар…».

 Қолдарын қалтасына салып мысқылдай күліп тұрған Нұрғазымен апаш-құпаш ұстаса кетті. Анау мұның шалт қимылын күтпегендей. Аңысын аңдып жүрді де, оң жамбасқа келтіре алып ұрды жерге.

– Ур-ра!

– Молоток, Әлішер!

– Үндемей жүріп, пәлесін қара!..

– Тәмам-тәмам! Жеңіс Әлішерде, – деген балалардың ысқырық-айқайынан құлақ тұнды.

Таза жеңілгенін білсе де, мойындағысы келмей кекжиіп, жылауға шақ қалған Нұрғазының қабағы қатайды. Ұялған тек тұрмасқа бағып:

– Байқамай қалдым, давай, тағы күресейік, – деді, үсті-басының шаңын қаққыштап.

– Бүгін емес, келесі жолы. – Әлішердің дауысы сенімді шықты.

Ұлдар үн-түнсіз тарасты.

 

* * *

Нұрғазы бойын кернеген намыстан жарылардай халге жетті. Бұл жеңілу – абыройын бір саты төмендетіп жібергендей. «Е-ей, сылқым сері!.. Әліне қарамай қызшылын өзінің?! Ерегісіп нем бар еді?!. Адам баласы бірдей ме?!. Біреудің қабілет-қарымы, енді біреуінің білімі, енді бірінің күші басым болуы заңдылық. Одан да сабағымды оқып, ешкімге соқтықпай жәйіммен жүре бермедім бе?!. Сол керек саған, Нұрғазы?! Шоқ-шоқ!..».

Бұл Нұрғазының ащы да болса ақиқат ойы болатын. Бірақ оны тәкаппар Нұрғазы мойындар емес. «Сонда қалай, жеңілгенімді мойындап, үнсіз жүре берейін бе?! Көнбеймін оған!.. Болмайды!.. Атаман деген атым бар емес пе?!.»

Сабағын қарауға отырған Нұрғазы орнынан тұрып кетті.

– Көрсетем, кімнің кім екендігін?!. Көкесін білмей жүр екен ол неме?!.

Ол сол күннің ертеңінен спорт мектебі қасындағы күрес секциясына қатыса бастады. Аптасына төрт рет кешке қарай ақ тер, көк тері шыққанша жаттығу жасады. Бұл ісін ешкімге айтқан жоқ. Жаттықтырушы Жеңісхан ағайы бірнеше рет мақтады. Енді кіммен күрессе де оңайшылықпен жеңіле қоймас. Әсіресе, әне біреумен… Оның есімін атағысы да келмейді…

Ал Әлішер болса, сол біртоға мінезінен жаңылар емес. Сыныптағы беделі керемет, сабақты да жақсы оқиды. Ондай көркем мінезді, оқу озатын ұстаздар да іш тартады. Шынар екеуінің достығы бәз-баяғы қалпы. Сабақтан шыққан соң екеуінің жұбы жазылмай үйге бірге қайтып бара жатқанын жиі көреді. Қанша бұрылыс болса да Шынардың үйіне дейін бірге еріп барады Әлішер. Әңгімелері таусылмайтын сияқты. Кейде жол шетіне шығып, бір-біріне тақала тұрып сұхбат құрады-ау!.. Не айтады екен? Тыңдаса ғой, шіркін… Көрермін әуселеңді! Абыройдан жұрдай етіп, бір жеңбесем, атымды өзге қойыңдар! Тоқтай тұр Әлішер!.. Сенімен болсын ісім…

Бірінші ауысымның оқушылары үйлеріне қайтып барады. Әлішер әңгіме айтып, өзара дауласқан сыныптастарына қосылмай оңашалау, артта келе жатқан. Жолдарындағы шойын жолдан өткен соң балалар тоқтай қалды. Ақ-сары бала секем алып қалды. Неге тоқтады бұлар? Не ойлағандары бар екен!.. Алқа-қотан тұра қалып, сыбырласып тұр.

– Әй, Әлішер, есіңде ме күресеміз дегенің.

Нұрғазы кекесінмен тіл қатты.

– Есімде. – Әлішер жүрегін басты.

– Ендеше, жекпе-жектің реті келді.

– Дәл қазір ме?

– Иә.

– Көзің бақырайып кетіпті… Қорқып тұрсың-ау, сірә?!

– Кімнен қорқам, сенен бе?!

– Батыр екенсің.

– Мәселе, батырлықта ғана ма?!

– Енді неде сенің ше?

– Сөзде тұру!

– Көп сөз, боқ сөз!.. Короче, шарт былай. Шарт емес, бәс деген ләзім. Сен өзі бәс дегенді білемісің, әуелі?!

– Білмегенде?!

– Кімнің жамбасы жерге тисе, Семей жақтан келе жатқан пойызды тоқтатуы керек.

– Түсінбедім.

– Түсінбейтін несі бар, қай жеңілгеніміз рельстің ортасына шығып, амалын тауып пойыз тоқтатамыз.

– Онда, менің де шартым бар.

– Айт.

– Үш рет күресеміз. Кім екі рет жеңсе, жеңіс сонда.

– Келістік.

Нұрғазы Әлішерді екі рет жеңді.

Балалар шу етті:

– Болды!.. Осымен тәмам!.. Таза жеңіс!..

* * *

Әлішер рельс ортасында. Қолында сөмке. Жүрегі атша тулайды. Тістеніп алған. «Аяғым таймағанда, екінші рет жығылмас едім, қарашы…». Бәстің аты – бәс! Тайқып кетсең, өлім ғой! Бас сауғалап қашқақтайтындар сапынан емеспін! Онда, тіптен басынып алар! Көрсін, кімнің-кім екенін?!.

Балалар шлагбаумнан алыстау, кокардасы қоқырайған кезекшіден көрінбейтін тұсқа кеткен болатын. Бұл жер – бұрылыс, сырт көзден таса.

Елу-алпыс метрдей жерде, ағаш арасында демдерін іштерінен алып бес-алты бала отыр. Мақсаттары – Әлішердің «батырлығын» тамашалау. Бірақ, бірақ… алдағы сұрапыл сұмдықты сезгендей, ұрлықтары ашылып қалардай тым-тырыс.

– Әй, Нұрғазы-ай! Дәл осының иттік! Жөн емес!.. – Адамды аяғыш, көңілшек Естайдың даусы дірілдеп, көздеріне мөлт-мөлт жас келді – Алда-жалда… ағызып келе жатқан пойыз тоқтай алмай…

– Сен де қара аспанды төндіріп!.. – Қара палуан атанған Қапан «жылауық» Естайды жеп қоярдай ажырая қарады – Жығылды ғой, жығылды… Несі бар бәстесіп…

– Ержүрек екен!..

– Батыр дегенмен!..

«Егестің соңы отқа айналып жүрер, Әлішерден кешірім сұраймын ба?» – деп бір жағынан оны аяп, екінші жағынан «кегімді қайтардым ба?» деп, екіұдай сезім жетегіне берілген Нұрғазыны достарының сөздері қамшылағандай. «Сәл шыдайын!.. Райынан қайтар!..»

№ 21 темір жол бекетінен шыққан жүк пойызының машинисі көз ұшында қараңдаған ноқаттың адам екенін біліп, жылдамдықты дереу азайтты. Бір абыройы – құрамд ағы вагондар бос болатын. Ноқат-адам тапжылар емес! Тепловоз ботадай боздап келеді.

– Бу-у-уп! Бу-у-у-уп!..

Машинистің көмекшісі де анық көрді.

– Үлкен адам емес! Қолындағы сөмкесін бұлғай бастады, әне-е?!.. Оқушы болар, сірә…

Машинист диспетчерге хабарласты:

– Шұғыл тоқтауға тура келді. Жол ортасында бала тұр!

– Рұқсат, – деді диспетчер.

* * *

– Әлішер-р-р!..

Ащы айқай құлақ жарғандай. Орнынан тұра берген Естайды балалардың біреуі етегінен тартып отырғызды.

– Үндерің шықпасын!.. Жан керек болса, пойыз тақағанда өзі де тұра қашар, – деді Нұрғазы кірпік қақпай.

Жүректері дүрсілдей соғып үнсіз жатқан балалар қолындағы сөмкесін бұлғап, тапжылмай тұрған Әлішерді аяғандары анық еді. Бірақ бірде-біреуі, міне-міне төніп қалған ажал аранынан арашалауға аса ұмтылған жоқ.

Қайыра-қайыра дауысын боздатып, бірте-бірте жылдамдығын азайтқан жүк пойызы сахараны дүр сілкіндіре темір дөңгелектері ысқыра шиқылдап, кілт тоқтады.      

Әлішер мен пойыз арасы алпыс-жетпіс қадам жер…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір