АЖАЛЫНА АСЫҚҚАН АҚЫН
14.01.2020
971
0

Хайзы

Хайзы – небәрі 25 жасында өмірден өткен қытай ақыны. Оның қиын тағдыры мен ойлы өлеңдері туралы әлі күнге дейін айтылып, жазылып келеді. Өлеңге төңкеріс жасауды көздеген ол өзін рельске тастап, бақилық болған. Ауылды жанындай жақсы көретін ол Қытайдағы жаппай қалаластыру науқанына қарсы шаралар ұйымдастырған еді. 

Көктемнің бөленейін гүлдерімен…

 Ертеңнен бастап, бәлем,

бақытты жан болайын,

Ат жемдеп, отын жарып, әлемді айналайын.

Ертеңнен… көңіл бөліп астық пен көкөніске,

Үй болып, жүзім төсеп көктемгі желемікке;

 

Құлпырған гүл-бәйшешек,

                туыспен амандасып,

Айтайын құшқандығын мені де сараң бақыт.

Бақыттың жай оттары бойыма тарағанда,

Сездірген бар мұңдарын айтайын бар адамға.

 

Сыйлайын өзен-тауға жақсы есім,

                шат қуантып,

Саған да, бейтаныс жан, тілейін

                шаттық, бақыт.

Алдағы сапарларың болсын деп

                жарқын, жақұт.

 

Сыйлайын, өзен-тауым, жағымды ат  бір-бірден,

Сен-дағы сұм өмірде жұптасып сүйгеніңмен,

 Бақытқа кенел.

Ал мен бетке алып көк теңізді,

Көктемнің бөленейін құлпырған гүлдеріне.

 

МҰҢЛЫ ҚЫЗ

Қыз келеді шалыс басып жүрісінен  жаңылып,

Ақ балтыры мұздай суық шық суына   малынып.

 

Балаған үй… әкесіне мұңлы жүзбен    қарайды,

Қара шашын қос қолымен қақ айыра тарайды.

 

Шекесінде жалғыз тал гүл қисаяды қадаулы,

Бір сыңарын ұсынды екен қандай жанға аяулы.

 

Көктем – самал, күз – толған ай,

Сені сезген кезімде.

 Кетіпті ару жаңбырдан соң мұң ұялап көзіне,

Жауқазындар самал желмен

тербетілген жеріне.

Аударған
Байсенім ӘБДІБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір