ТАРИХЫ ТЕРЕҢ «ТОМИРИС»
30.12.2019
6834
2

2019 жылғы қазақ киносы

Қазақ киносының қоржыны жылда жаңа туындылармен толығып келеді. Биыл да қалың көрермен кәсіби және әуесқой режиссерлер түсірген бірнеше кинолентаны тамашалады. Жалпы, соңғы жылдары қазақ киносы тарихи тақырыптарды жиі қозғап жүргені белгілі. 2019 жылы да тарихтан сыр шерткен жаңа фильмдердің тұсауы кесілді. Біз солардың кейбіріне тоқталғанды жөн көрдік.

2019 жылы қазақ көрермендерінің назарына ұсынылған ірі киножобалардың көшбасында, сөзсіз, режиссер Ақан Сатаевтың «Томирисі» тұр. «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсеновтің айтуынша, Ұлы даланы ұлықтаған патшайым туралы фильмнің түсіріліміне 10 млн.-ға жуық доллар қаражат жұмсалған. Сондай-ақ Әсенов мырза былай дейді: «Кино – көп ақша, бірақ ол ақша артығымен оралады. Киноны, мәдени мұраны бюджетпен салыстыруға болмайды. Біз өз ұрпақтарымызға сапалы дүние қалдыруға, тарихымызды жасауға тырысамыз». ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев фильм бюджетін нақтылай келе, «Томирис» фильміне 2 млрд. 259 млн. теңге жұмсалғанын айтты.

Фильмді «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Сатайфильм» киностудиясымен бірігіп түсірген. Идея авторы және Бас продюсері – Әлия Назарбаева. Ұзақтығы 2,5 сағаттық фильмнің сценаристері – Тимур Жақсылықов пен Әлия Назарбаева.

«Томирис» 93 күн түсірілген. Жалпы, жобаны жарыққа шығаруға екі жарым жыл уақыт кетіпті. Түсірілім алаңында бір уақытта 800-ге жуық адам жұмыс істеген күндер де болған. Картина, негізінен, Жаркент, Бурабай, Баянауыл, Шонжы, Қапшағай өңірлерінде түсірілді.

 Осы орайда режиссер Ақан Сатаев: «Біз, ең басында, мүмкін Вавилон, Кир патшасы бар кино бөліктерін Мароккода түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ, біздің суретшілеріміз барып, ол жақтың декорацияларын көріп келгеннен кейін аздап қаражатты үнемдеу туралы шешім қабылданды», – дейді.

Киноның басты жетістіктерінің бірі – басты рөлге актерлердің дұрыс таңдалуы. Томирис – бас кейіпкер бейнесін сомдаған актриса Альмира Тұрсынның кино жолындағы ірі қадамы десек, артық айтқандық емес. Бұған қоса, бұл фильмде сұлу да қайсар кейіпкерінің бейнесін шебер сомдай білген А.Тұрсынның алғашқы қадамы да. Ақан Сатаев мырза да жас актрисаның ойынына риза екенін былайша жеткізеді:

«Альмира кино табалдырығын енді ғана аттап отыр. Бірақ, менің сенімім мол. Біздің киномызда жаңа жұлдыз пайда болды деп толығымен айта аламын».

 Альмира Тұрсынның Томирис рөліне тағайындалуының өзі бір оқиға сынды. Түсіру тобының кастинг-директоры оның суретін ғаламтордан көріп қалып, бас кейіпкерге қатты ұқсатыпты. Альмираның өзі ол кастинг туралы естімеген де. Осылайша талай кәсіби актрисаның арманы болған рөлге Альмира Тұрсын әлеуметтік желідегі суреті арқылы келген. «Кастинг-директор ұсынған суреттердің ішінде Альмираның да фотолары болды. Келбеті Томириске келетін сияқты көрінді. Ұжым боп ақылдастық та, актерлік қабілетін сынау үшін жүздесуге шақырдық. Барлық сыннан сүрінбей өтіп, басты рөлге алынды», – дейді Ақан Сатаев.

 Ал, кинодағы дебютін осындай ірі тарихи рөлден бастаған 28 жастағы ару: «Актриса мамандығын меңгермегенмін. Негізгі мамандығым басқа. Психолог. Осы рөльдің маған бұйыруы бақ деп санаймын. Өмірім жақсы жағына өзгерді деп айтуға болады. Бала кезімде «киноға түссем ғой» деген бір балаң армандар болғанын да жасырмаймын. Образға енерде қиыншылықтар кездесті. Өйткені менің болмысыма жат дөрекі іс-қимылдарды, төбелесті, атпен жүруді меңгеруім керек болды», – дейді. Сондай-ақ, ауыр костюмдер, қару-жарақ, ауа райының қолайсыздығы да көп қиындық туғызған. Бірақ бәрі де картинаның шынайы шығуына әсер еткен.

 Түсірілім кезіндегі көп қиыншылықтың бірі – оқыстан Альмира Тұрсынның аяғы сынған. «Аяғымды аттан құлап сындырған жоқпын. Тайып құлап, мертіккен болатынмын. Жаз кезі еді. Бір ай бойы гипспен жүрдім. Тағы бір ай шалт қимылдардан сақтануға тура келді. Фильмге деген ынтам шығар, тез жазылып, қатарға қосылуға асықтым. Қазір аяғым мазаламайды», – дейді актрисаның өзі.

 Фильмде жақындарынан айрылған массагет тайпасының мұрагері – балауса Томиристің сақ патшайымы тағына отырғанға дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Сақ тайпаларының парсы патшасы Кирге қарсы жорығы да кинотуындыда кең көрініс тапқан.

 Фильмнің тағы бір ерекшелігі – кейіпкерлер ежелгі түркі және парсы тілдерінде сөйлейді. Қазақ және орыс тілдеріне аударма жасалған. Қазақ тіліндегі аудармасын жасаған – белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай.

 Фильмде Томиристің ері Арғұнның рөлін Әділ Ахметов, ұлы Спаргаписті Асылхан Төлепов ойнаған. Сонымен қатар «Томириске» Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асхат Үрпеков және т.б. белгілі артистер қатысқан.

 Режиссер Ақан Сатаевтың қызы Мәриям Сатайдың айтуынша, әкесі «Томиристі» шетінеп кеткен тұңғыш қызының рухына арнап түсірген. «Есімі Сақ патшасының құрметіне қойылған үлкен әпкем Томирис тірі болса, бүгінде 24 жасқа толар еді. Әкем мен анам оны Томико деп атапты. Мен оны көрмесем де, әлі күнге дейін жоқтаймын. Бала күнімде ол қандай болды, кімге көбірек ұқсайтын еді, қасымда болған кезде қалай болар еді деп жиі ойлаймын. «Томирис» фильмін әкем менің ерте бақилық болған әпкеме арнады», – дейді Мәриям Сатай.

 Ал, фильмнің сценарийі қалай жазылды? Режиссердің айуынша, тарихи туындының сценарийі Алмас Ордабаев сынды тарихшылардың кеңесімен жазылған. Ал фильмнің жалпы сюжетіне әйгілі тарихшы Геродоттың жазбалары негіз болыпты.

 «Осыдан 2,5 жыл бұрын біздің бас продюсеріміз Әлия Нұрсұлтанқызы «Анаға апарар жол» фильмінен кейін «Томирис» дейтін тарихи туынды түсірсек деген ұсыныс айтқан болатын. Сол кезден бастап сценарий жазуды қолға алдық. Одан кейін Елбасының алдынан өтіп, ақ батасын алдық», – дейді Ақан Сатаев. Журналистердің марқұм Таласбек Әсемқұлов жазып қалдырған, көпшілікке танымал сценарийді неге таңдамағаны туралы сауалына Сатаев мырза былайша жауап береді: «Ондай сценарийдің бар екені маған айтылды. Бірақ өзім тікелей оқып танысқан жоқпын. Біз бұл фильмді түсірер кезде барынша обьективті болу үшін Геродоттың әлем мойындаған нұсқасын алдық. Сондықтан да сценарийді соның негізінде бастан-аяқ өзіміз жазып шықтық».

Ақан Сатаев фильмнің толық нұсқасы шықпай тұрып, ирандықтардан сын естігенін де айтады. «Біткен іске сыншы көп. Егер сын негізді болса, біз қабылдауға әрқашан дайынбыз. Иран тарапынан біздің Геродот жазбаларына сүйеніп жазған сценарийімізге сын айтылды. Иран халқы Геродот жазып қалдырған тарихи нұсқаны қабылдамайды екен. Ал, біз ұсынған тарихтың түпбастауында Геродоттың нұсқасы жатыр. Әлемдегі халықтардың 90 пайызы бұл тарихты соның жазғанымен қабылдайды. Сонымен қатар фильмдегі тағы бір ірі тұлға – Кир патша. Мен оны сол заманның ұлы тұлғаларының бірі деп есептеймін. Біз бұл кейіпкерге өте зор құрметпен қарадық», – дейді. Фильмде Кир патшаның рөлін Ридли Скоттың «Аспан әмірлігі» фильмінде Саладин патшаның рөлін сомдаған Голливуд актері Гасан Мусад сомдаған. Фильм Геродоттың жазбалары негізінде Ұлы дала ойшылы – әл-Фарабидің баяндауымен басталады.

Көптен күткен фильмнің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен тұсаукесерлеріне қазақтың зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары жиналды. Әттеген-айы – премьераның орыс тілінде қойылғандығы. Осыған байланысты фильмге қатысты көптеген сын пікірлер айтылды. Бұған режиссер: «Бізде фильмнің қазақша нұсқасы толығымен бар. Бірақ «Қазақфильмнің» шешімі бойынша, премьераны орыс тілінде, қазақша субтитрмен көрсетеміз деген шешім қабылданды. Өйткені Қазақстанда 116 ұлт бар, осының бәрін ойластырып, сондай шешімге келдік», – деп жауап беріпті. Ал «Қазақфильм» атынан жауап берген ресми өкілі Бауыржан Үсенов негізгі мәселе прокат жүйесінде екенін айтады: «Өздеріңіз білесіздер, біздегі барлық кинотеатрлар жекеменшік. Бұл, негізінен, біздің прокат желісімен айналысатын мамандардың қолында. Біз фильмнің екі нұсқасын дайындадық: қазақ және орыс тілдерінде. Прокат мамандарының таңдауы орыс тілі болды», – дейді ол.

Иә, бізде «фильмнің қазақша нұсқасына сұраныс жоқ» деген желеумен киноны, негізінен, орыс тілінде қоятыны жасырын жайт емес. Бұл келеңсіздіктің күллі қазақ елі күткен «Томиристі» де айналып өтпегені өкінішті-ақ. Әйтсе де, тарихқа терең үңіле білген «Томирис» жалпы көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады. Қазақ киносының алар белесі бұдан да биік боларына бек сенеміз.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 22.04.2021 | 09:14

Керемет

Аноним 20.11.2023 | 22:28

Өтініш фильм жайлы мәліметтерді қосыңыздаршыы???!!!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір