Әдебиет әлемінде атқарылған айтулы шаралар
29.12.2019
955
0

Биыл ұлт руханиятының қара шаңырағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Оқырман қауымның назарына осы жылы әдебиет әлемінде болған ірі оқиғалардың тізбегін қысқаша ұсынып отырмыз.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ 6 ТІЛГЕ АУДАРЫЛДЫ

2019 жылдың 18 сәуірінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның алты тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының сүйінші даналары басылып шығып, таныстырылымы өтті.

«60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары бір мезетте әлемнің ең ірі 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындарына, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жетеді. Жалпы саны 2 миллиард 600 миллион халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алады», – деді басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева.

ПРЕЗИДЕНТ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

31 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетті қабылдады.

Қазақстан Президентіне әдебиет­тің қазіргі жағдайы мен дамуы, Жазушылар ода­ғының атқарған жұмыстары және алдағы жоспары жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық рухани әлеуетті ілгерілету ісінде ақын-жазушылар қауымы маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, Жазушылар одағының жұмыстарына жоғары баға беріп, қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі.

ЕУРАЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия астаналарының халықаралық форумы өтті. Оған Еуразия кеңістігінің оншақты елінен белгілі қаламгерлер қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет форум аясында журналистерге:

«Форум Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Жазушылар одағының қалалық филиалының мұрындық болуымен өтіп жатыр. Мақсатымыз  – өз қазанымызда қайнай бермей, әдебиетке жаңа арна ашу, қазақ әдебиетін әлемге насихаттау, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтеруге атсалысу. Осы форумды жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналдырсақ деген ойымыз бар», – деп пікір білдірді.

АЗИЯ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ ФОРУМЫ

4 қыркүйек күні Елордада Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Азия елдері қаламгерлерінің I форумы» өтті. Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қ.Тоқаев бұл маңызды шара шығармашылық қауымның диалог алаңына айналуы керектігін айтты. Жиынға 38 елден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер қатысты.

«Азия қаламгерлері форумы шығар­ма­шылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан  әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Осы мақсатпен «Азия алыбы» әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

ӘБЕҢ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ»

26 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша Халық жазушысы Әбдіжәмил Нұрпейісов «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.

Әлемге танымал жазушы биыл 95 жасқа келді. «Қан мен тер», «Курландия», «Соңғы парыз» сынды кесек туындылардың авторы.

ІРГЕЛІ ҰЙЫМНЫҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

9 желтоқсан күні Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиетінің» 85 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жиынға қаламгерлер қауымымен қатар, ҚР Мемлекетттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, сөз сөйледі.

«Бүгін ұлт руханиятының, қазақ сөз өнерінің мерейлі белесіне арналған мазмұнды әрі мәртебелі кеште бас қосып отырмыз. Ұлтқа ұран тасталған кезде алдымен үн қосып, өнегелі істі өрге сүйреп іліп әкету қалам ұстаған қайраткерлер қалыптастырған игі дәстүр. Сондықтан қазақ елі қашанда жазушылар қауымын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды. Ежелден сөз өнерін кие тұтқан, асыл сөзді ардың ісі санаған халқымыз өткен ғасыр басында бір тілекке ұйысқан ақын-жазушыларға дәл осылай үміт артқан болатын. 85 жылдық тарихында сөз зергерлері сол үмітті халық қамы мен ел сенімінің темірқазығына айналдыра білді», – деді өз сөзінде Қ. Көшербаев.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір