Қойылымның сахнаға келуі
Өнер атаулы о баста-ақ адамзатты ізгілікке үндеу үшін жаралған болар. Заманның ығына жүгінеміз деп алашапқын күйге түскен адам баласы бір уақыт ойланып, жүрегінің түкпіріндегі ізгіліктің көзін ашқысы келгенде, «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерге» сүйсінгісі келгенде театрға бас сұғатыны рас. Күз мезгілі өмірді сезінуге, қым-қуыт жүгірістен бір сәт дамылдауға мұрсат беретін театрлардың ашылатын уақыты. Біз бүгін театр маусымының ашылуы қарсаңында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді МҰҚАН мен журналист Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫН аз-кем әңгімеге тарттық.
– Театр маусымының ашылуы мен жабылуын театр сыншылары, көпшілік қалай сезінеді? Осы екі аралықты театрға құштар көрермен қалай өткізеді?
Аманкелді МҰҚАН:
– Өмірін театр өнерінсіз елестете алмайтындар үшін мейлі ол қатардағы көрермен болса да, зерттеуші маман болса да театр атты сиқырлы әлеммен қауышу мен қоштасудың орны бөлек. Маусымның ашылуын қауышу мерекесі десек, бірнеше айға созылатын демалыс алдындағы әр қоштасу да ерекше із тастайды.
Кей театрларымыз қалыптасқан дәстүрді берік ұстанып жыл сайын маусымды репертуардағы бойтұмар спектакльдерімен ашады. Енді бірі арнайы дайындаған жаңа қойылымдармен бастауды дұрыс көреді. Музыкалық театрлар труппаларының жаңарған шығармашылық құрамын таныстыратын концерттермен ашатын жәйттері де бар.
Мен үшін театр маусымының ашылуы – ұжымның жаңа шығармашылық жоспарымен танысатын, қызықты қойылымдарымен жүздесуге асығатын, көркемдік деңгейі жоғары сапалы туындыны көруді күтетін аламан бәйгенің басы. Ал маусымның жабылуы – жаңа спектакльдерді сараптайтын, үміттердің қаншалықты ақталғанын қорытындылайтын жауапты кезең.
Көпшілік сүйікті театрымен ондағы талантты актерлер құрамымен жүздесуге, олардың шеберліктерін дәл сол сәтте көріп, тамашалауға асығады. Өзге сахна-экрандық өнер түрлерінен театрдың артықшылығы, театрдың құдіреті де осы жандылығы болар. Бір көрген спектакльді сан мәрте қайталап көре беруге бар шынайы театр көрермені үшін актерлерімен олардың сәтті сомдалған рөлдері арқылы жүздесу ешбір дүниенің қызығына, байлығына айырбасталмайтын рахат сезімдер болса керек.
Әрине, бұл екі аралықтағы демалыс мәселесі көрерменнің өз еркінде. Негізінен республикадағы театрлардың маусымы шамамен бір мезгілде ашылып, бір мезгілде жабылады. Театрлар бұл кезеңді әр түрлі пайдаланады. Қаржылық жағдайы көтеріп жатса көрші елдерге, республиканың өзге облыстарына, болмаса өз облыстарының ауыл, аудан, қалаларын аралап гастрольдік сапарларға барады. Ертеректе демалысқа кеткен театрдың орнын сол қалаға келетін өзге өңір театрларының қойылымдары толтырып жатушы еді. Қазір мұндай үрдіс тоқтап қалды. Театрлар бұрынғы жүйемен жұмыс істеп жатса да гастрольдік карта деген өзара барыс-келісті реттейтін тәжірибесінен айырылып қалды. Әркім өз қал-қадірінше іссапарларға шығады. Шағын қалалардың халқы мен қонақтары демалыста барарға жер таппай сеңдей соғылысып жүретініне куә болып жүрміз. Ал ондағы театр залдары көбіне бос тұрады. Үлкен қалаларда демалыс уақытын өткізетін орындар көп десек те, театрға барудың, рухани демалудың орны бөлек деп білемін.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ:
– Әрине, жаңа маусымның ашылуын театрдың тұрақты көрермені кішігірім мереке сияқты күтеді. Өйткені, үш-төрт ай демалыста болғанда көрермен де, театр артистері де сахнаны сағынып қалады ғой. Бұл «дәстүрді» сақтай беру керек пе, әлде «бұзуға» бола ма, ол жағы күмәнді мәселе. Мысалы, Батыс елдерінде театрлар үзіліс жасамайды, жаз айларында жұмыстары тіпті қыза түседі десе де болады. Себебі, көбі антреприздік жүйемен жұмыс істейді: яғни бір театрға бір режиссер уақытша жалданып, жан-жақтан актерлер шақыртып, келісілген пьесаны қояды да, белгілі бір уақыт жаңағы шығарма ойналған соң, көрермен азайған кезде труппа қайта тарап кетеді. Кейбір актерлер мен режиссерлер жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеуі мүмкін, кейбірі жұмыссыз жүруі мүмкін. Тұрақтылық жоқ, бірақ әділ бәсеке бар. Біздің театрлар, басқа да посткеңестік елдердегі сияқты әлі де репертуарлық театр жүйесін құп көріп отыр. Бір жағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін, бір жағы оларды босаңсытып та жіберетін репертуарлық театрдың демалыссыз жұмыс істеуі мүмкін еместей көрінеді. Әлде кеңестік дәуірден қалған дәстүрден айнығымыз келмей ме, әйтеуір жаз айларында көрерменнің көңілін аулауға әрекеттенбейміз. Әрине, жаңа маусымда әркім де тың идеялар ұсына алатын жаңа шығармалар күтеді. Театр фестивальдері ұйымдастырылып, бірнеше театрдың жұмысымен танысуға мүмкіндіктер туып жатса, тіпті керемет. Кей маусымдар шынында да жаңалықтарға толы болады, кейбірі солғын өтеді. Бұл барлық өнім бірдей болып шығатын зауыт емес қой, сондықтан сәтсіз қойылымдар да сахнаға шығуы мүмкін, бірақ көп жағдайда ондайлар көпке бармай, репертуардан түсіп қалып жатады.
– Қазіргі театр қойылымдары қарапайым халықтан ажырап «Өнер – өнер үшін» деген қағидаға бас ұрып кеткен жоқ па? Театр насихаты туралы не айтар едіңіз?
Аманкелді МҰҚАН:
– Бүгінгі театр көрерменге ой салатын, дәстүр мен тілді сақтаған, салт-сананы жаңғыртатын ағартушылық мекеме ретінде міндетін жақсы атқарып келеді. Қойылымдардан аракідік танымдық дүниелер мен әлеуметтік мәселелер де көріп қаламыз. Театрдың құбылмалы дүниенің астарына үңіліп, қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін, адамның кейбір тылсымға толы жұмбақ сәттерін дәл көрсететін ұтқырлық сипаты ашылды деп әлі де айта алмаймын. Бізде белгілі бір тақырыптарды сахнада ашып көрсетуге заң жүзінде тыйым болмаса да билікті, жекеленген тұлғаларды, саяси астары бар мәселелерді көтеруде үнсіздік сақтап, мәселені айналып өтетін әдет бар. Провокациялық ой тудыратын қойылымдар жасауда ішкі цензурамыз берік сақталып қалған. Ал театр тірі организм ретінде өмірді шынайы һәм көркем көрсетпесе, режиссер мен актерлер өз ойындағысын дөп басып сахнадан айтпаса, ол театр заманауи үнінен ажырап, таптаурындыққа бет бұрары анық. Эксперименттік қойылымдарды сахналау мәселесі жабулы жатыр. Бүгінгідей қарбаласқан уақытта театрлардың «Өнер – өнер үшін» деген қағидаға бас ұратын мұршалары жоқ, мүмкіндіктері де аз. «Өнер – өнер үшін» деген үрдіс қарын тоқ, қайғы жоқ кезеңде белең алатын суреткердің ермегі деп білемін. Қазіргі заман мен уақыттың үрдісі барлық істе асығыстық бар екенін аңғартады. Иіні қанбаған пьеса, бір емес, бірнеше қайнауы ішінде жүретін қойылымдар осы асығыстықтың салдары. Оған қарнымыздың ашатыны рас.
Ақпарат құралдары көзді ашып жұмғанша шартарапқа хабар тарататын заманда өмір сүріп жатырмыз. Барша жұрт әлеуметтік желіде отыр. Театрларымыздың электронды ақпарат құралдарының бар мүмкіндіктерін пайдалана алмауы үлкен кемшілік, тіпті заманға бейімделе алмайтын басшыларының әрекетсіздігі деп білемін. Мұндай жайбасарлық қазақ тілді театрлар арасында әлі де кездеседі. Ғаламтордан театрдың сайтын таба алмай, табыла қалса, ондағы ақпараттың екі-үш жылдан бері жаңармағанын көретініміз жасырын емес.
Театрларымызды насихаттау жоқ дей салуға болмас. Әр театр қал-қадірінше өз жаңалықтарын жарнамалап жатады. Бірақ сол насихат кәсіби тұрғыдағы ой-тұжырымға емес, біржақты мақтау мен мақтанудан аспай қалады. Театр мамандары бұдан біраз жыл бұрын Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай секілді кәсіби театр сыншыларының ойларымен келіспесе де, олардың айтқандарына құлақ асатын, белгілі бір дәрежеде солармен санасатын. Репертуардағы бар қойылымды немесе премьераны сырттан кәсіби мамандар шақырып, ашық талқылау тәжірибесі бар еді. «Сырт көз сыншы» болғанымен ол қашанда әділ насихатшы ғой. Кейінгі жылдары театрларда директор немесе режиссер өзінің тамыр, танысын шақырып, спектакльді мақтату секілді жаман әдетке бой алдырып жүр. Жағымды пікір қалыптастыру үшін мұндай ұсақ насихатқа өздерін-өздері итермелеу бейшаралық. Өнер бұзып-жарып өктемдік жасауға көнбейді. Халықтың талғамы өте нәзік. Мақталған, марапатталған спектакльді көргенде кемшіліктері көзге бірден ұрады. Театрдың жұмысын осы өнер ұжымына бейтарап жан жіліктеп, талдап бергенде ғана халық өнердің парқын анық сезіне алады.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ:
– Егер сіз айтып отырған сипаттағы қойылымдар көбейсе, мен шын жүректен қуанар едім. Өйткені, «таза мінсіз» қойылым өнерге адалдық болған жерде ғана туады. Мен керісінше, қазір өнері аз, публицистикасы көп қойылымдар көбейіп кетпесе екен деп тілеймін. Науқаншылдық бар. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне біраз театрларда тарихи пьесалар қойылды. Бірақ бәрінің сапасы жоғары деуге келмейді. Заманауи отбасындағы қарым-қатынастар туралы кейбір пьесаларда өнерден гөрі дидактика басым болып кетіп жатады. Идеялық құндылығы нәрсіз, татымсыз дүниелерді де көріп жүрміз. Ал негізінде, театр қойылымы қандай қағидамен қойылғанына, қандай тақырыпты көтеретініне қарай жіктелмейді. Не жақсы жазылған, не нашар жазылған, не жақсы қойылған, не нашар сахналанған шығарма ғана болады. Театрға насихат жоқ деп айтпас едім. Қазір кейбір театрлардың фан-клубтары жұмыс істей бастады, театрларда жастардың шоғыры бар екені де байқалып тұрады.Бірақ театр басқа ма, көрермен басқа ма аға-апаларымыз жыр қылып айтатын өткен ғасырдың 80 жылдардағыдай билет жетпей қалып, көрермендер есік сындырып кіретін немесе қойылым кезінде әсерленіп, талып құлап жататын, аулада «Жедел-жәрдем» көлігі күзететін жағдайға жетпей жатырмыз. Мүмкін, театр қоғам үшін, ұлт үшін маңызды мәселелерді жеріне жеткізіп айта алмай жатқан болар… Бірақ солай болған күннің өзінде әрбір театрдағы шығармалар өзіне лайық кәсіби бағасын ала алмай отырғаны анық. Біздің елде Америка театрларындағыдай қойылымның тағдырын сыншылар шешпейді. Театр сыншылары әрбір премьералық қойылым туралы жан-жақты сараптама жазбайды, сол себептен де қойылымның сахнада қалу-қалмауы стихиялы түрде шешіліп жататын секілді.
Дайындаған Назым Дүтбаева.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.