Шет тілдерін оқытатын мектеп
25.10.2015
1012
0
573314_1526439032_10321ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Халықаралық «Болашақ» стипендиясының ресми әкімшісінің қолдауымен ТМД елдері арасындағы, Орталық Азиядағы ең үздік ЖОО бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бірінші рет шет тілдерін оқытатын орталық (мектеп) ашылды. Университет ағылшын тілін үйрету үшін ҚазҰУ-да биология және биотехнология факультетінен аудиториялар бөлді.

Шет тілдерін оқытатын орталықтың (мектептің) ресми ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Қазақс­танның білім беру саласында ағылшын тілін дамыту маңызды шаруалар­дың бірі екенін атап айтты. «Қазіргі таңда ғылыми мақалалардың, еңбектердің басым көпшілігі ағылшын тілінде жазылады. Осы мектепті ашу арқылы біз ғылым мен білім саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырамыз. Сонымен қатар, біз Прези­ден­ті­міз Нұрсұлтан Әбішұлының үш тілді ұлт болу идеясын жүзеге асырамыз», – деді М.Бүркітбаев.
Өз кезегінде «Халықаралық бағдарла­ма­лар орталығы» АҚ президенті Ғани Ны­ғы­метов «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша  ағылшын тілін оқыту жүйесі ай­тар­лықтай өзгергенін айтты. Бүгінде айлық оқыту курсының құны орта есеппен бір студентке 4,5 мың доллар, бұл шет елде тіл үйретуден біршама арзан. Ал шет тілді сыртта оқыту ай сайын бір студентке 10-15 мың доллар жұмсалатын. «Сапар алдында стипендиаттар жарты жыл көлемінде осы тіл оқыту мектебінде дәріс алады. Ал келесі жарты жылда тілді оқуға баратын елде үйрететін болады. Бұл курс акаде­мия­лық бағдарлама бойынша оқуға түсетін стипендиаттарға арналған. Бағдар­ла­ма бойынша «Болашақ» стипендиаттары ғана емес, сонымен қатар,  ҚазҰУ сту­дент­тері мен оқытушылары да оқуға мүмкіндік алады», – деді  Ғ.Нығыме­тов.
Тілдік  және  оқыту  бағдарламалары білім беру саласындағы халықаралық Бри­тан­дық Кеңеспен ұйымымен  әріптестік ­не­гіз­інде дайындалады. Британдық Ке­ңестің  директоры Энди Уильямс: «Бұл мектептің ашылуы Қазақстан–Британ білім беру саласындағы қарым-қатынасының нығая түсуіне жасалған тағы бір қадам», – деп атап өтті. «Біз өзіміздің тарапымыздан мұн­дай тілдік орта­лық­тардың ашылуын толықтай қолдаймыз. Бүгінде ағылшын тілін­де достық қарым-қатынастар мен мем­лекеттер арасындағы жемісті халықа­ра­лық ынтымақтастық орнатылып жатыр. Қа­зақстан  Президенті  атап өткендей, ағылшын тілі «100 нақты қадам» бойынша Қазақстанның болашақта сәтті дамуының бір бөлігі болады», – деді ағылшын дипломаты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ағыл­шын тілін үйретуді дамыту үшін белсенді іс-шаралар атқарылып келеді. Соңғы бес жылдың ішінде ЖОО факультеттерінде тек ағылшын тілінде сабақ оқытылатын топтар жұмыс жасайды. ҚазҰУ-ға Еуропа және АҚШ университеттерімен жасалған келі­сім-шарт негізінде профессорлар келіп ағылшын тілінде түрлі дәрістер мен са­бақ­тар өткізеді. Оқытудың бұл әдісі білім беру саласында үлкен сұранысқа ие болған­дық­тан, ҚазҰУ-дың халықаралық дәре­жеде жоғарғы деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі­нің дәлелі болса керек. Алдағы уақытта ҚазҰУ негізінде  құрылған алғаш­қы тіл оқыту мектебі университеттегі тіл оқыту әдістерінің дамуына өз үлесін қо­сады.

ПІКІР ҚОСУ