Мереке Құлкенов. Атырау асулары
15.12.2019
1081
0

Атырау қаласынан Индербор кентін бағыттап тақтайдай тас жолмен заулап келеміз. Кәдімгі Қазтуған жырау:

«Мен кеткенмін, кеткенмін,

Қурайлы жүріп жеткенмін!

Тайсойған мен Дендерден,

Сағыз бенен Жемдерден

Құралайдай шұбырып,

Күліп-ойнап өткенмін!» –

деп жырлап кеткен, Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, Малайсары сияқты ұлылар мәңгілік ұйқыда жатқан қасиетті аймақ. Тәуелсіздігімен марқайып, күн өткен сайын көркейіп келе жатқан еңселі өлке.

Көлігіміз – Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновтың жеңіл мәшинесі. Серік Жамбылұлы, бүгінгі тілмен айтқанда, болашағынан көп үміт күттіретін жас кадрлардың бірі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірдің әлеуметтік мәселелеріне жауап береді. Қазір ол Индерборда бой көтерген ұлы ақын Мұрат Мөңкеұлы мен күні кешеге дейін қасымызда күліп-ойнап жүрген, бар болғаны 45 жыл ғана өмір сүріп, дүниеден тым ерте озған «Толағай» талант, барт-ақын Табылды Досымға қойылған ескерткіштердің ашылу салтанатына арнайы іс-сапармен келе жатыр. Менің де мақсатым сол.

Ескерткіш демекші, Атырау қаласы соңғы кездері ардақтыларға қойылған ескерткіштерімен де басқалардан ерекшеленеді. Қаланың орталық көшелеріне қойылған Жұмекен Нәжімеденовтің, Фариза Оңғарсынованың, Әбу Сәрсенбаевтың, Қаршыға Ахмедияровтың, әуежай аумағындағы Хиуаз Доспанованың қола бейнелері, Құмаршыққа тұрғызылған ескерткіш қаланың айбынын асыра түскендей. Бүгін көрнекті ақын Хамит Ерғалиевтің ескерткішінің ашылу салтанаты өтпекші. Енді, Құдай қаласа, ұлы Абайдың ескерткіші бой көтермекші…

Даңғыл жолда көлік моторының бір қалыпты үні ғана естіледі, көз сүрінер бұдыры жоқ шетсіз-шексіз кең дала дөңгеленіп қалып жатыр.

– Мынау бір кетігі жоқ ғажап жол ғой, шіркін, Атырау аумағындағы тарам-тарам жолдар қашан осындай қалыпқа түсер екен? – дедім мен ішкі арманымды жасыра алмай.

– Кішкене сабыр етіңіз, ағасы, енді көп ұзамай облысымыздағы барлық жолдар осындай тақтайдай даңғылға айналады. Ал мына жол бұдан 3,5 жыл бұрын Бахтықожа Ізмұхамбетов әкім болып тұрғанда салынған. Сапалы салынғандығы сондай, әлі міні құрыған жоқ, – деді.

Иә, біздің елдің ең осал тұсы жол екендігін жұрттың бәрі біледі. Алайда соңғы уақытта Атырауда оң өзгеріс көп. Жақында Қызылқоға ауданының 75 жылдық тойына барғанымызда көрдім, өңірдің шалғай елді мекенінің бірі Қарабаудан аудан орталығы – Миялыға дейін тақтайдай керемет жол салыныпты, келесі жылы бұл жол Индерборға жетпекші. Ал 2018 жылы Атырауға арнайы келген сапарында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе – Атырау – Астрахань тас жолын салуға тапсырма берген еді. Ауқымды жоба әлдеқашан басталып кетті, қазір Ақтөбеден басталған жол құрылысы Атырау облысының Сағыз кентіне жақындап қалса, Құрманғазы кентінен Атырау қаласына дейінгі жол құрылысы да іске кірісті. Алла жазса, «Нұрлы жол» аясындағы бұл жоба 2021 жылы толық аяқталмақшы. Бұл дегеніңіз, алдағы 2-3 жылда Батыс өңіріндегі ең басты магистраль халық игілігіне беріледі деген сөз…

Көлік зырлап келеді. Мен ойымды бөліп, қолындағы қағазға шұқшиып отырған сапарласыма қарап:

– Көлікте келе жатып та жұмыс істей бересіңдер, ә, – деп әзілдедім.

– Ескерткіштердің ашылуында сөйлейтін сөзімді қайта қарап отырғаным ғой, – деп Серік бауырым жымия тіл қатты.

– Табыл замандасың ғой, оның шығармашылығын жақсы білетініңе күмәнім жоқ, ал Мұрат Мөңкеұлына қалай дайындалдың? – дедім мен қарап отырмай.

– Мереке Әбдешұлы, мен Мұрат Мөңкеұлын бала кезімнен үлкендердің аузынан жиі естіп, өлеңдерін тыңдап өстім ғой. Әкемнің «ақсақалдардан естіп едім» деп айтып отыратын мынадай әңгімесі есімде қалыпты: Мұрат бабамыз бала кезінен-ақ ақын атаныпты. Он бес жастар шамасында ел жайлауға көшіп, қоныстанып жатқанда көрнектілеу бір үйдің жанына келіп, қоныс құтты болсын айтады. Қыз-келіншектер Мұратты танып, «ел айтып жүрген ақын екенің рас болса, құтты болсынды өлеңмен жеткізші» , – деп қолқа салады. Мұрат ат үстінде тұрып сонда былай деген екен:

Өлеңнің мен айтамын өнегесін,

Жайықтың ел жайлайды кенересін.

Ақ отау әшекеймен тігіп шетке

Бастырды алтын зермен дөдегесін.

Қыздары осы ауылдың қандай шандоз,

Қонғанда атпен жаяд керегесін.

Сапырып сары қымыз қойды жолға

Дегендей ақын-билер келе кетсін.

 

Өлеңге сен де жетік, мен де жетік,

Айтсаңшы, жетік болсаң мендей етіп.

Мәс байпақ, жібек шұлғау, кестелі етік,

Ұштаптан киді көйлек күлтелі етіп.

Иығыңа екі үкінің жүнін тағып,

Жарасар жорға мінсең дөңгелетіп.

Шығасың қара қырға қолың сермеп,

Жиналған топ әлеумет бізді көр деп, –

деген екен деп, облыс әкімінің бірінші орынбасары өлеңді аяқтады.

– Бәрекелді, – дедім мен таңданғанымды әрі ризалығымды жасыра алмай, – мына көрші Ресейде Степашин деген мемлекет қайраткері болды. Сол кісінің Пушкинді жатқа оқығанын естіп таң қалғанмын, шынымды айтсам, сен Мұрат Мөңкеұлының өлеңін жатқа оқиды деп ойлаған емеспін. Атырауда мәдени шаралар көп өтетінінің жарқын бір дәлелі сенен анық байқалып тұр. Алайда кейбіреулердің Атырауға келмейтін ақын, келмейтін әнші қалмады деп күңкілдеп жүргені рас қой…

– Әркімнің өз пікірі бар ғой, кімнің аузына қақпақ боласың, – деді Серік Жамбылұлы ойланып. – Рас, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы әдебиет пен өнерді қатты бағалайды. Ерекше жақсы көретін ақын-жазушылары да, әнші-күйшілері де, актер, суретшілері де мол. Өйткені ол жаңа шыққан әдеби, тарихи танымдық кітаптарды іздетіп, таптырып алып, өзі оқып болған соң бәріміздің оқып шығуымызды талап етеді. Бір мысал айта кетейін: Қазір оқырман жұртшылықтың аузында жүрген көрнекті жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлының Сырым батырдың ұлт-азаттық көтерілісіне арналған (айтқандай, Сіздің баспадан жарық көрген) «Тар кезең» атты тамаша романын Нұрлан Асқарұлы «облыс әкімдігі қызметкерлерінің бәрі оқып шықсын», – деп тапсырма берді. Соңыра облыс орталығында романның тұсаукесері өткенде әкімшілік қызметкерлерінің бәрі қатысып, ой-пікірлерін айтуға ықылас білдіргендер көп болды.

– Иә, дұрыс айтасың, «Тар кезең» кітабының тұсау кесерінде пікір білдірушілердің мол болғанына іштей таң қалғанмын. Тіпті менің кейбір пікіріме сенің қарсы дау айтқаның да әлі есімде, – дедім мен оның әңгімесіне риза көңілмен. – Осы елдің тумасы болғандықтан, талай-талай мәдени шараларға қатысып жүрміз, сонда байқағаным – күн сайын өтіп жататын мәдени жиындарға әкім уақыт тапса, міндетті түрде өзі қатысады, әйтпесе орынбасарларының бірін жібереді. Жаңа түске дейін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында, Әнұранымыздың мәтінінің авторларының бірі, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармаларын көркем оқушылар бәйгесінің қорытынды жиыны болды. Бұл конкурсты облыс басшысының идеясымен 4 жылдан бері облыстық тіл басқармасы жыл сайын үзбей өткізіп келеді. Әр облыстан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан бір-бірден үміткерлер қатысып, Жұмекен ақынның бір өлеңін және прозалық шығармаларынан үзінді оқиды. Биыл да шығармашылық байқау өте жоғары дәрежеде өтті. Байқаудың қорытынды сөзін айтуға облыс әкімінің өндіріс жөніндегі орынбасары Айбек Қыранбаев келіп қатысты. Сіздердің қолдарыңыз тимеген соң келді ме, әлде?

– Жо, жоқ, – деді Серік Жамбылұлы күліп – Облыс әкімі үнемі бізге: «Мәдениет бәрімізге ортақ, егер сіз «мен ауылшаруашылық немесе өнеркәсіп саласын басқарамын, мәдениетке қандай қатысым бар» деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Біздің әрқайсымыз алдымен өзіміздің мәдениетімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді бір адамдай білуіміз керек», – деп айтумен келеді. Және әлгіндей мәдени шараларға өзінің орынбасарларын кезегімен жұмсап отырады. Айбектің Жұмекеннің байқауына қатысып сөз сөйлеуі алдын-ала келісілген болатын.

– Айбек ініміз мағыналы сөйледі, Жұмекен шығармашылығын жақсы білетіні байқалып тұрды, – дедім мен де ризашылығымды жасырмай. – Ал енді сен Айбектің қазақ әдебиетіне жасаған қамқорлығын білетін шығарсың?

– Жоқ, ол қандай қамқорлық? – деп Серік інім елең ете қалды.

– Жақында Алматыдағы Ұлттық орталық кітапханадан ұлы Қожа Ахмет Яссауидің жолын қуған шәкірті, мүриті болған Сүлеймен Бақырғанидің (ХІІ ғ.) үлкен кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Сол қымбат жәдігердің бас демеушісі – Айбек Қыранбаев. Бақырғани бабамыздың кітабында мынандай жолдар бар:

Жаратушы Ие, қиямет күні

Мен күнәмді қайда қоямын?

Осы аһ ұрған өкініш күні

Мен күнәмді қайда қоямын?

Таразысы мен көпірін құрса,

Айдаушылар әзір тұрса

Не істегенімді сұраса

Мен күнәмді қайда қоямын?..

Көлік зырлап келеді. Екеуміз де үнсізбіз.

Кенет менің есіме Индерборға сапарға шығар алдында көлікке бізбен бірге өңі жылы, салиқалы келіншек отырып, облыстық денсаулық сақтау департаментіне барғанымыз, содан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары мен жаңағы әйелдің ғимаратқа кіргендері есіме түсіп:

– Түрі таныс, манағы көлікке бізбен бірге отырған кісі кім? – деп сұрадым.

– Сіз, танымайтын ба едіңіз? Ол облыстық Денсаулық сақтау департаментінің директоры Мәншүк Аймұрзиева ғой. Жаңа өз арызы бойынша орнынан босаттық, – деп Серік Жамбылұлы үнсіз қалды.

Мен де үндемей, ойланып отырмын. Жаңа өзім алғаш рет жүзбе-жүз көрген Денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы директоры туралы ойладым. Ол кісінің бұдан 2-3 жыл бұрын көршілес Батыс Қазақстан облысынан келгенін білетінмін. Халықтың айтуына құлақ салсақ, Мәншүк Құдайбергенқызы департаментке басшы болған бойда тұралап қалған денсаулық саласын қалпына келтіріп, сауықтыруға көп еңбек сіңірген тынымсыз еңбектің адамы екен. Барлық аудандарды аралап, облыстық, қалалық ауруханалардың ахуалын өз көзімен зерттеп біліп алған соң ғана қордаланып тұрған мәселелерді бірте-бірте шешуге кірісіпті. Күні кеше, дәлірек айтқанда, 2016 жылы облыста 160-тан астам медицина маманы тапшы болса, бүгіндері өзі жұмыстан кеткенге дейін жетіспейтін мамандар саны 30-ға дейін қысқарған. Мәншүк әртүрлі сала бойынша қажет болған мамандарды Қазақстанның барлық аймақтарынан іздеп, тауып әкелген дейді білетіндер. Биыл облыс әкімдігі тарапынан өңірге керек мамандықтар бойынша мектеп түлектеріне бөлінген 231 гранттың 53-і медицина саласының үлесіне тиюіне де Мәншүк қарындасымыздың тікелей ықпалы болыпты. Жақында Атырауда орын алған қайғылы оқиғадан кейін істі болып жатқан перзентхананың директоры да басқа жақтан арнайы шақырумен келген білікті маман Қуаныш Нысанғалиев деген азамат деп естідім.

Азғантай уақыттың ішінде әбден тозығы жеткен перзентхананы адам танымастай өзгертіп, ана мен сәбидің кірсе шыққысыз қасиетті үйіне айналдырыпты. Өз ісіне жауапты қарайтын білікті мамандарды жинағандықтан, перзентхана жұмысы айтарлықтай жақсарып, сәбидің шетінеуі азайған көрінеді. Біздіңше, бүкіл Қазақстан бойынша медицина саласы – білімді, тәжірибелі мамандарға зәру. Сөйте тұра, «мәселенің байыбына барып алмай, талай өз ісіне жетік азаматтардың обалына қалып отырған жоқпыз ба?» деген өкінішті ой келеді. Әрине, абайсызда жіберген қателікті мойнымен көтермесе тағы болмайды. Алайда ойламаған жерден кететін оқыс қателіктерге ізгілік тұрғысынан байыппен қараған дұрыс-ау деп те ойламасқа амалымыз жоқ. Жабуды жаба тоқымай айтар болсақ – кейінгі кезде елімізде жершілдіктің, рушылдықтың өрті өршіп бара жатқаны да ащы шындық. Бұл аса қауіпті індет, көп болып тамырына балта шаппаса болмайды. Әсіресе, халыққа қызмет ететін медицина мен білім беру саласында бұл індеттің жайыла түскенін айтпаса болмайды. Елімізде күн сайын болып жатқан көптеген келеңсіз, қайғылы оқиғалардың басты себебі осы – жершілдік пен рушылдықта жатыр. Әсіресе, басқа жақтан келген мамандарға кедергі келтіріп, жұмыс істетпеу белең алып кеткенін айтпаса болмайды.

Біз арнайы ашылу салтанатына келген Индербордағы екі ескерткіш – Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымның еңселі қола бейнелері көңілге қуаныш сезімін ұялатты. Халық та бір жасап қалды. Орайы келгенде айта кеткен абзал, бұл жолы біз бүкіл Индербор кенті қайта түлеп жатқандай әсер алдық. Қай жағынан қарасаңыз да, жаңадан төселген тас жолдар мен тротуарлар, көп пәтерлі үйлер, күрделі жөндеуден өтіп жатқан ғимараттар.

– Индерборға күзге салым келсеңіздер, қайта түлеген кентімізді танымай қаласыздар, – дейді ауданның жап-жас әкімі Мейірім Халауи мақтанышын жасыра алмай. Айтса айтқандай, Индербор кенті тұрғындарының ішінде 94 отбасы биыл күзде жаңа пәтерлі болады.

Мен білген жерде Атырау облысының барлық аудандарында халық қуанатын осындай жаңалықтар өте мол. Бір ауылда – жаңа мектеп, екіншісінде мәдениет үйі, үшінші бір елді мекенде – медициналық орталық, әйтеуір жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайлары күн сайын жақсарып келеді.

Міне, біз келген жолымызбен Атырау қаласына қайтып келеміз. Халықтың жарқын жүзін көріп, емен-жарқын әңгімелеріне қанып, ыстық ықыластарына кенеліп, екеуміз де көңілдіміз. Сол жағымызда қарауытып ұлы Ақ Жайық көлбей ағып жатыр. Есіме көрнекті жазушы Әнес Сарайдың «Ала қарға» деген ғажап әңгімесі оралды. Өмір бойы қарт Каспий мен ару Ақ Жайықты жырлап келе жатқан қаламгер әйгілі әңгімесінде – көне айдындарымызды мекендейтін балықтардың тағдырына алаңдайды. Тайдай тулаған ақ сазандар мен алып қортпалардың күннен- күнге, айдан айға, жылдан жылға азайып бара жатқанына қапаланады. Жайықты жағалаған, Каспийді паналаған жұрттың бәрін бұл проблема көптен ойландыруда. Біз де солардың біріміз. Арнасынан тым төмен түсіп кеткен Ақ Жайықты, мұнайға былғанған ұлы Каспийді, ондағы алтынға бергісіз сан алуан балық біткенді қайткенде аман алып қаламыз? Бұл өзекті мәселені облыс басшылығы қалай шешуге кірісіп жатыр?

Менің сұрағыма Серік Жамбылұлы сәл ойланып алды да:

– Осыдан екі жыл бұрын Жайық, Қиғаш өзендеріндегі балық өтіп барып ұрық шашатын арналарды тереңдететін жұмыстар басталып, әлі жалғасуда. Бұл қиын жұмыс көп кешікпей нәтижесін беруге тиіс, – деп сеніммен жауап берді.

Мен жақында, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының осы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары бойынша даму қорытындыларымен танысып шықтым. Сараң цифрларға қарап отырып, облыстың даму қарқынына қатты риза болған жайым бар. Алдымен назар аударғанымыз – Республикалық жалпы ішкі өнім көлемінде облыстың үлес салмағы – 15,1% құрайды. Бұл дегеніңіз, облыстың экономикалық мол мүмкіндігінен хабар берсе керек. Өнеркәсіп көлемі жыл сайын үнемі өсіп келеді. Менің көптен байқап жүрген ақиқатым – жергілікті халық мұнайдан басқа кәсіпті онша менсіне бермейді. Осы көптен қалыптасқан үрдісті өзгертіп, жұрттың назарын басқа кәсіптерге бұру мақсатында облыс әкімдігі қыруар жұмыстар атқарып жатқанын аса ризашылықпен айтқымыз келеді.

– Бізде шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы биік деңгейде, – дейді Серік Жамбылұлы. – Атырауда әртүрлі салада еңбек ететін 50 мыңға жуық кәсіпкерлер бар. Оларды жан-жақты қолдау барысында 35 жаңа жоба қолға алынуда. Бүгінгі кезек күттірмейтін мәселе – жастарды меңдеп алған жалқаулық, арамтамақтық, бойкүйездік сияқты жаман қасиеттерді жоюдың жолдарын қарастыру. Қаланы былай қойғанда, Атырау облысының елді мекендерінде тұратын жас отбасылар шөп басын сындырғысы келмейтін жалқаулыққа бой алдырып барады. Осының басты себебі – тұрмыстық жағдайдың жақсаруында жатыр. Қазір Атырау облысында көгілдір отын – газ бармаған ауыл жоқтың қасы. Ауыз су тапшылығы да бірте-бірте жойылуда. Бір сөзбен айтқанда, ауылда да қаладағыдай күнделікті тұрмысқа қажет жағдайдың бәрі бар. Үй жанында мал ұстайсың ба, құс өсіресің бе, өзің біл. Алайда, өкінішке қарай, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі сүт, май, ірімшікті, етті дүкеннен сатып алады. Мал бағып, құс өсіруге кежегесі кері тартады. Осындайда ұлы Абайдың: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген өлең жолдары ойға оралады. Күйеуі вахталық жұмысқа кеткен жас келіншек таңертең балаларын балабақшаға, мектепке жіберген соң, күні бойы бос, не мал ұстамайды, не бақша өсірмейді. Бұрынғыдай от жағып, күл шығармайды. Күні бойы теледидардан телміріп, көретіні – мәнсіз-мағынасыз телехикаялар немесе өзі сияқты үйге сыймай отырған құрбыларымен бас қосып, әртүрлі жат қылықтарға салыну. Атырау облысындағы ауылға қатысты басты проблема осы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әлеуметтік бағыттағы отбасы бизнесін құруға жан-жақты көңіл бөлу керек екенін баса айтты. Бұл, дегеніңіз, ең алдымен, біз айтып отырған проблемаларды жоюдың басты бағыты болса керек. Сондықтан біз биыл сәуір айынан бастап «Іскер ана» жобасын қолға алдық. Қазірдің өзінде аталған жобаға 1000-ға жақын отбасы қатысуда. Бұл әсіресе, көпбалалы аналарға, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасындағы аналарға жан-жақты қолдау беретін жоба. Сонымен бірге ауыл аналарын қамтитын «Жусан» операциясы да іске кірісті.

Мен облыс әкімінің бірінші орынбасарының әсерлі әңгімесін тыңдай отырып, өзім мұқият танысып шыққан 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы деректерді қайта есіме алдым. Осы көрсеткіштерге зер сала қараған адамға Атырау облысының бір жылда алған асулары тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Айталық, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, кәсіпкерлікті қолдау картасы, негізгі капиталға инвестиция, құрылыс жұмыстарының көлемі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік, бөлшек сауда, көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау сияқты салалар бойынша облыстың деңгейі өте жоғары. Демек, Ұлттық қорға 821,5 млрд теңге аударуының өзі Атырау облысының Республикамыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысындағы қомақты үлесінен хабар берсе керек.

Иә, мол мұнайлы, қалың малды, тулаған балықты өңірдің бүгінгі таңда еңсесі биік, мерейі үстем.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір