Ш.Әбдікәрімов. Қазақ жырындай поэзия әлемде жоқ
16.12.2019
1312
0

Қазақ поэзиясына тегеурінді екпінімен, рухты жырларымен өз үнін естірте келген ақындардың бірі – Шаһизада Әбдікәрімов. Оның қай өлеңінде де өр мінезі, қайсар болмысы атой салып тұрады.

– Мен биікке ұмтылам,

Қос жанарым

Төмен қарап жер шұқып қалмасын, – деп жырлаған Шаһизада ақын таяуда «Түркі дүниесі ақындарының» Ахмет Нишат атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Осыған орай біз шайырмен сұхбат құрып едік.

Шаһизада Әбдікәрімов

Сырдария – сүлейлер дариясы

– Шаһизада Өтетілеуұлы, Түркияда өткен халықаралық поэзия фестивалінде лауреат атануыңыз құтты болсын. Менің білуімше, бұл сыйлыққа қазақ әдебиетінен Тұманбай Молдағалиевтен кейін қол жеткізген екінші қаламгер болып отырсыз.

– Рахмет! Дұрыс айтасыз, мен бұл сый­лық­қа Қазақстан ғана емес, бүтін Орта Азия мемлекеттері ақындары арасынан қол жеткізген екінші ақын екенмін. Сол үшін менің еңбегімді бағалаған комиссия мүшелеріне алғысымды айтамын. Негізі, түркі дүниесі ақындарының аталмыш фестивалі 1992 жылдан бастау алатынын айта кетейін. Ол кейде екі жылда бір өтеді, кейде қаржыға байланысты созылып та кетуі мүмкін. Бірақ ары кетсе, үш жылда бір қалайда өтіп тұратыны анық. Сонымен бірге фестиваль әр жолы әр елде өткізіліп тұрады. Бұған дейін аталмыш шара Түркиядан бөлек, Франция, Македония, Болгария, Грекия, Әзербайжан, Қазақстан елдерінде кереге керді. Бұдан екі жыл бұрын біздің Түркістанда жалау көтерген додаға мен де шақыру алдым. Оған менен басқа қазақтың осы кезге дейін бір деңгейден түспей, дарабоздық дәргейін жоғалтпай келе жатқан талантты ақыны Ұлықбек Есдәулет те қатысты. Ал жыр жарысы ұстанатын бас­ты шарт – қандай мықты болса да, оны өт­кізіп отырған ел ақындарына лауреат атағы берілмейтін еді.

Биыл фестиваль 13-ші рет қанат жайды. Басында оның айдын шайқайтын айпара­сы ретінде Ташкент таңдалыпты. Бірақ өз­бек­тер соңғы сәтке дейін созып келіп, ақырында жалт беріп кетіпті. Жасыратыны жоқ, бұл елде халықаралық ұйымдарға деген сенбестіктің, күдікпен қараушылықтың табы әлі бар. Мынау соның салқыны болса керек. Содан кейін Анкара билікті қайтадан өзінің қолына алып, Эдирне қаласында құрылтай құрды. Бұл – Түркияның еуропалық бөлігінің солтүстік-батыс қапталында, Ыстанбұлдан 235 шақырым жерде, Грекия және Болгария мемлекеттерімен шекараласатын аумақта орналасқан өте көне шаһар. Қазір мұнда 140 мыңға жуық халық тұрады екен. Түркия тарихында Эдирненің осындай орасан зор орны бар. Біз сондай әруақты қалада бас қосып, жырдан жауһар жаудырдық.

– Дұрыс екен. Ал фестивальге ақындардың қатысу мәселесі қалай шешілді?

– Мұнда пәлендей құпия нәрсе жоқ. Ұйымдастырушы жақ шақыруды өз мойнына алады. Мені, мәселен, Түркістанда өткен фестивальде Түркия Жазушылар одағынан келген өкілдер байқап қалыпты. Олар сол жерде Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің мамандарына менің өлеңдерімді аудартып, өздерімен бірге алып кеткен. Бұған қоса, мен жайлы Қазақстан Жазушылар одағынан сұрастырыпты. Солардың негізінде фестивальге шақыру алдым. Қазақстаннан менімен бірге жас ақын Бауыржан Қарағызұлы барды. Шынын айтқанда, ол біздегі өте мықты ақындардың бірі екен. Өзім өлеңдеріне бек тәнті тұрдым. Орта Азияның түркі тілдес мемлекеттерінің бәрінен өкілдер қатысты. Ресейдің Татарстаны мен Башқұртстанынан да ақындар келді. Барлығы 30 мемлекеттен 100-ден аса ақын үш күнге созылған фестивальдің көрігін қыздырды.

Жыр бәсекесінің бірінші күні бәріміз өлеңдерімізді оқыдық. Әрине, әрқайсымыз өз тілімізде. Сол кезде маған ұйымдастыру комиссиясының көзі түсіп жүрген болуы керек, олардан арнайы адам келіп, өлеңдерімнің бәрін алды да, тез арада жолма-жол аудартты.

 Ақырында фестивальде жүзден астам үміткердің арасынан лауреат атағын алған үш ақынның қатарынан табылдым. Сахнаға бірінші Ирактың ақыны шақырылды, екінші мен көтерілдім, үшінші болып Македонияның шайыры тұғырға шықты. Бұл екеуінің аттарын ұмытып тұрмын. Үшеумізге үш ақынның есіміндегі сыйлық табыс етілді. Маған Ахмет Нишат атындағы аталымның лауреаты деген атақ берілді. Жанында жақсы сый-сияпаты да бар.

– Қазіргі түрік ақындарымен таныстығыңыз қалай?

– Біршама таныспын. Мен, мәселен, Мехмед Куртоғлыны білем, Эркал Ибрагимді, Ахмет Ялчинкаяны білем. Бұлардан басқа тағы бірқатар ақындар жырларымен таныспын. Түріктің қазіргі заманғы танымал шайырлары қатарында мен білетін Орхан Вели, Мелих Джевдет Андай, Зия Осман тәрізді сұңғыла сөз зергерлері де бар.

 Шынын айтқанда, жаһанда қазір тап қазақ поэзиясының ұйқасындай, қазақ поэзиясының гармониясындай, қазақ поэзиясының ішкі құрылымындай бірде-бір поэзия жоқ. Оны іздеп таба алмайсың. Мұндай жыр жиһазы басқа елдерде ертеде де болмаған. Керек десең, бір заманда бүкіл ғалам мақтаған парсы поэзиясы да біздің поэзиядай бола алмайды. Туабітті ақын болып шығатын ақын жанды қазақтың жыр әлемі бәрінен де жоғары тұр.

– Түріктер «ұзан», «озан» деп жыршыларын, біздегіше, жыраулар мен термешілерін айтады. Сол түріктің ұзан өнерінен не хабарыңыз бар?

– Иә, ұзан өнері түріктерде ертеден бар. Бірақ тап осы өнердің Сыр бойы жыршы-термешілеріне қатыстары бар ғой деп ойлаймын. «Ұзан» деп, бір жағы ақын, бір жағы данышпан, философ, жыр мен мақамды өзі шығарып, өзі орындайтын, былайша айтқанда, бір бойында мың өнер тоғысқан адамды айтады. Мұндай жан-жақты дарын егелері Сыр бойында жеткілікті. Бұлар қазақ поэзиясының нағыз жауһарлары ғой. Оларды бізде «сүлей» дейді. Керек десеңіз, біз әлі осы жырау-термешілерімізді түгел жеткілікті зерттелді деп айта алмаймыз. Мысалы, Арқадағы көптеген ақындар өте жиі насихатталып тұрады. Ал бізде ондай ақындар жүздеп саналады. Бір ғана Қармақшы ауданындағы «Ақтайлақ» ауылынан елге белгілі 101 жыраудың шыққаны аян. Тағы бір мәселе, бізде «Сыр сүлейлері» деген ұғым бар, басқа бірде-бір жерде «сүлей» деген сөз жоқ. Бұл сөздің өзі «су патшасы» атанған Сүлеймен пайғамбардың атынан қысқартылып алынса керек. Ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың болжамынша, бұл осы Сүлеймен атынан алынып, «Су жағасында өскен ақындар» деген ұғымды білдіретін болған. Сондықтан мен де соңғы жыр жинағымның атын «Сүлейдария» деп алдым. Сөйтіп, кәдуескі Сырдарияның орнына «сүлейлер дариясы» дегенді қолданып, осылай атадым.

Шығармашылық адамдарының ішінде екіжүзділік өріс алып барады

– Менің бір қуанатыным, қазақта азаматтық поэзия қалыптасып келе жатыр екен. Соның басында кезінде жұмысшы тақырыбын қозғауда бізде өзіндік із қалдырған Темірхан Медетбек бастаған арқалы ақындар тұр. Бірақ Темкең бұрынғы жолынан ауытқып кеткен сияқты…

– Жоқ, Темірхан ағам бұрынғы стилінен ауытқыған жоқ, өз шығармашылығына қазіргі заманға сай ептеп өзгерістер енгізді. Ол тек тактикасы мен тәсілін ауыстырды. Бірақ дәсәуілгі іздің сояудай соқпақтары әлі сайрап жатыр. Оның индустрия тақырыбында кернеу тартуы біздің әдебиетіміз үшін құбылыс болды. Ойлы образдары, сөзбен салған суреттері қандай! Бір сөзбен айтқанда, ол – қазақ әдебиетіндегі үлкен тұлғалардың, қазақ поэзиясы дамуына үлес қосқан классиктердің бірі. Темірхан ағамның қазіргі поэзиясындағы мана өзіміз айтқан ұзандардың, Ноғайлы дәуірі ақындарының стилімен жазылған, тіпті сонау замандағы түркі жұртының жыршы-көсемі Тоныкөктің әуенімен тербетілген жасын жырлары біздің қоғамға да керек болды. Оның жіптіктей тартылған шумақтары мен жібектей есілген жолдары, кіреукедей үйлесе қалатын ұйқастары бұл жерде де бұрқырап көрініп, баяғы әдемі әуендерінің әспеті жоғалып кетпегенін айқын аңғартып жүр. Темкең өзінің жүрегіне запыран болып жиналған қадау қисындар мен ормандай ойларды байырғы Көктүріктердің әуеніне салып жеткізді, мұны ел қабылдайтындай етіп жазды. Егер сондағы мағынаға етене үңілсең, оның философиялық астарының тереңде жатқанын пайымдауға болады.

Темірхан ағамның азаматтық өлеңдері осылай өріледі. Оның шындықты шыңғырта тұрып айтқан жырлары да бар. Ал мұндай өлеңдер осы күнгі өзін осы елдің ұланымын деп санап жүрген ақындардың көбінде кездеседі. Ондай толғаныстар Ұлықбекте де, Есенғалида да жетеді. Ондай өлең менде де бар. Жаңаөзен оқиғасына мен де өлең арнадым. Алайда, кезі келгенде шығар деп, топтап қоя салдық. Ал Ұлықбек өйткен жоқ, бірден «Дат» газетіне бұрқ еткізді. Оның ішінде билікке қарсы бір ауыз да сөз жоқ-тын. Ақын тек болған оқиғаны ғана суреттеді, халықтың қырылғанын сөз етті. Бірақ оның сол бір азаматтық үнін, Отанға деген ерекше сүйіспеншілігін басқа қырынан, дұшпандық тұрғысынан пайдаланған аяр адамдар болды. Ұлықбек Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының орнына үміткер болған кезде олар ақынның бір кездері Отанға арналған, Жаңаөзенге бағышталған өлеңдерін теріп алып: «Сіздер ертең кімді қолдайын деп отырсыздар, мынадай адам қалай жазушыларды басқарады?» деген сыңайда жоғары жаққа арыз жазған. Соны естігенімде, мен шарасыз хәлде құлап қала жаздадым. Мені қазір өнер мен шығармашылық адамдарының ішінде өріс алып бара жатқан сатқындық, екіжүзділік қатты толғандырады.

Осы кезде есіме түсіп отыр, 1980 жылдың басында қазақтың қабырғалы қаламгері Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы КСРО Лениндік сыйлығына ұсынылды. Оған бәсекелес ретінде Грузиядан Нодар Думбадзенің «Закон вечности» деген романы сапқа тұрды. Нәтижесінде грузин жазушысының бағы жанып кетті. Жалпы, Думбадзенің туындысы жаман емес-тін. Бірақ тұтас бір дәуірді қамтып отырған Ілияс Есенберлин трилогиясының салмағы бәрібір артық болатын. Соған қарамастан, ол сыйлықтан қағылды. Кейін комиссияның бір мүшесі біздің Одақ басшыларына: «Кешіріңіздер, Қазақстаннан трилогияның лайықты емес екенін білдірген вагон-вагон арыз келді, ал Грузиядан состав-состав шарап келді» деген ғой. Бұл қалжың ретінде айтылған әңгіме болғанымен, осының астарында шындық жатыр. Ал шын мәнінде Есенберлиннің шығармасы секілді дүниелер кеңес әдебиетінің өзінде тым көп болған жоқ. Оның сыйлық алатын реті бар еді. Бірақ бірінің аяғынан бірі шалып, өзінен басқа кім алса да, риза болатын қазақ бұл жерде де өзін көрсетіп қойды.

– «Қазір әдебиетте сын жоқ» дегенді жиі естиміз. Меніңше, мұның астарында шындық бар. Бүгінгі қауқарсыз. Көбіне ол мақтауға арналады. Мұндай проблеманың бар екенін мойындайсыз ба?

– Мен әңгімені былай тарқатайын. Біздің көбіміз «сын» дегенді біреудің туындысын тас-талқан етіп сынап, түкке алғысыз етіп шығару деп түсінеміз. Бұл олай емес. Сын дегеніміз – бір автордың шығармашылығын не шығармасын талдау. Ал талдау барысында алдымен нысанаға алынып отырған еңбектің жақсы, үздік, үлгілі жақтары тізіп айтылады, соңына қарай жіберілген кемшіліктері атап көрсетіліп, оларды жөндеудің нақты нұсқалары ұсынылады. Ол осылай ниеттестік, тілектестік сипатында жазылады. Сонымен бірге, сын деген әдетте ғылыми еңбек болып табылады.

Мен бір нәрсе айтайын, өлең, сурет, музыка – мұның бәрі ғылыми жұмыстардың нысандары. Сондықтан да Абайдан қаншама адам кандидаттық, докторлық қорғады. Бұл тақырып сондай ғылым жолын қуғандарға нан болып келеді. Демек, кез келген автордың шығармашылығы не шығармасы – ғылыми еңбек, оны игеру керек. Біз оны бұл тұрғыдан қарай бермейміз, бас жағын сыдыртып өтеміз де, не бас салып жамандаймыз, не жер-көкке жеткізбей мақтаймыз. Бірақ сол шығарманың әдебиетке, ұлтқа қалай қызмет етіп тұрғанын айтпай кетеміз. Мұндай талдамалы сын әрбірден соң оқырманның сауатын ашады. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл – комментарий, түсіндірме. Осының өзі бір жағы басқа жазушыларға сабақ болар еді. Сол тенденция орыс әдебиетінде әлі бар, олардың сыни мақалалары тап осылай талдамалы-түсіндірме мазмұнында жазылады.

Тағы бір жайт, біз «сыншы» дейміз, орыстар «критик» дейді. Негізі, осы екі атаудың өзі оңып тұрған жоқ. Мына анықтамамен біз бұл саладағы қаламгерді «сынайтын маман» деген ұғыммен бейнелеп, оны алдын ала «бөжек» етіп көрсетеміз. Сыншы, демек, ол тек сынауы керек. Бірақ оның миссиясы шын мәнінде, әлгінде айтқанымдай, тек сынау ғана емес қой. Сондықтан біз «сыншы» дегенді «әдебиет зерттеушісі», «әдебиетті талдаушы» деп түсінгеніміз жөн. Мен қазір әдеби сындарды да оқып жүрмін. Бірақ бізде қазір ақынның жан-дүниесін ашып, поэзиясын теориялық тұрғыдан талдау, өлеңдерінің анатомиялық құрылымын зерттеу, географиялық және биографиялық аспектілерін талдау жоқ. Бізде сондай-ақ тіл бұзылды. Калька көбейді. Бұған қоса, бір сөзді қайталай беретін тавтология көп, бір сөйлемнің ішінде кейде, мысалы, «сен» деген сөз төрт рет айтылады. Сол секілді «келеді» деген етістік бір беттің ішінде 25 рет қайталанады. Ал қазақтың қай сөзінде де синоним деген жетеді. Солардың орындарын алмастырып, пайдаланып отырса, мұндай жағдай болмас еді. Мұны жасамауға әбден болады. Жаңағы «келеді» деген сөздің орнына оның басқа синонимін қолдану керек. Болмаса, сөйлемді сәл басқаша құрсаң, бір сөзді қайталау сырқатынан құтылып кетесің. Себебі, сен сөз жасаушысың, өзің солай түрлендіріп отырсаң, жаңа тіркестер шығуы мүмкін.

Тіл ғылымында «сөзжасам» деген бар, орысша «словообразование» дейді. Кезінде біздің лингвист-ғалымдар бұл тарапта біраз сәтті жұмыстар жасап, тілімізге керемет сөздер енгізіп кетті. Мәселен, Ісләм Жарылғапов өмірге келтірген «балмұздақ» деген лексеманы алайық. Қандай тамаша берілген. Орыстың «мороженое» деген сөзінен шығарылып тұрса да, бұл терминнің мағынасы түпнұсқадан асып түскен. Сол сияқты «аялдама» деген сөзді алайық. Оны да Ісләм көкеміз жасаған. Бұл да өзінің мағынасын айна-қатесіз дәл беріп тұр.

Мен соңғы кездері тағы мынадай жайттарды байқап жүрмін. Бірқатар ақындарымыз өлең жолдары қатарларының соңғы сөздерін «тұрад», «жатад», «келед» деп алатын болып жүр. Олардың мұны ұйқас үшін қолданатынын да білемін. Бірақ мұндай үрдіс бұрын біздің жазба әдебиетіміз түгілі, фольклорымызда да болған жоқ. Кейбір ептеп ұяттылары «тұрад» деп қояды да, жақшаның ішіне «ы» деп жазады. Тағы біреулер «баратыр», «баратып» деп те соғады. Мен мұның не нәрсе екенін түсінбеймін. Тек мұның қарабайырлық екені еш күмән туғызбайды. Мұның бәрі бізде «қазаннан – қақпақ, сөзден ұят кеткенін» байқататын тірлік деп білемін. Оны бақылап, бағасын беріп отырған тіл мамандары тағы жоқ.

Қаламгер болуды армандаған адамның бойында жақсы қасиеттер сақталып қалады

– Қазақстан Жазушылар одағы басшылығы­ның ауысқанына да біршама уақыт өтті. Жаңа құрамның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде не білесіз?

– Одақтың жаңа басшылығы қазір үл­кен жұмыстар жасап жатыр. Олар «бұл – қоғам­дық ұйым» деп қарап отырған жоқ. Азаматтық қоғамда мұндай қоғамдық ұйымдар да билікпен бірлесіп жұмыс істейді ғой. «Азаматтық қоғам» деген сол. Азаматтық қоғам дегеніміз – қоғамдық бірлестіктердің тұтас интеграциясы арқылы билікпен тең деңгейде, әріптес ретінде бірлесе жұмыс істеуі. Тіпті сол жасалып жатқан әрекеттердің өзі, барлық тақырыптардың өзі билікті имиджіне жақсы әсер ететінін сезіндіретін болуы тиіс. Негізі, идеология деген биліктің өзінен емес, азаматтық қоғамнан шығуы керек. Азаматтық қоғамда призмалардың түйіскен тұсы билік болып шығады. Геометриялық тұрғыдан қарар болсақ, сондай баға беруіміз керек. Ал Ұлықбек Есдәулет бастаған Жазушылар одағы үлкен жұмыстар істеп жатқанын ашып айтқанымыз абзал. Биліктің мүмкіндіктерін пайдаланып қалып жатыр. Билікке өзін танытып үлгерді. Сондықтан биліктің өзі онымен ымыраға келіп жұмыс жасасуға өте-мөте қайыл болып отыр. Соның бірі де бірегейі биыл қыркүйек айында Астанада Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумының өтуі болды.

– Осы форумның өтуі жөнінде қоғам екіге жарылды. Бір жағы оны қолдаса, екінші жағы «босқа ақша шашу» деп күстәналады. Бұған не дейсіз?

– Не дері бар, форумның үлкен іргелі іс болғанын бірден айтып отырған жоқпын ба! Бізде мұндай миллиардтар жылына пәленбай рет жәйдан-жәй ысырап болып, ауаға ұшып кетіп жатыр. Басқасын айтпағанда, бүкіл Қазақстанды торлап алған, айдалаға қойылып жатқан сан мың бильбордтардың өзі-ақ сондай миллиардтарды қарап тұрып «жеп» қояды. Сол сияқты бір сәттік қана құны бар, артынша ешкімнің есінде қалмайтын шимай-шатпақ шаралар үшін де соншама қыруар ақша жұмсалып жүр. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында республиканың әр қаласында бірер айдан кейін еріп кететін «мұзды қалашық» салу үшін де тап осындай әлденеше миллиардтар жаратылады. Ал Астанада салынатын сондай «қалашыққа» кететін қаржыға мұқтаж адамдарға пәтер сатып алып беруге болады. Сол кезде бұл отбасылардың мүшелері Қазақстанды, оның басшыларын өмір бойы сүйіп, дұға -тілектеріне қосып өтер еді. Біз әдетте еліміздің патриоттарын қалыптастыруға келгенде, аяқ астынан ақша санап, сараң бола саламыз. Біздің қоғам көп жағдайда осылай «байдың асын байғұс қызғанадының» керін келтіріп, тарылатын жерде тарылмай, тарылмайтын жерде елден ерек осылай «патриоттығы» ұстай қалады.

Мен өз басым Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумының Астанада өткенін өте зор іс болды деп есептеймін. Біріншіден, ол құрлықтың 48 мемлекетінен 280-нен астам жазушы қатысқан үлкен жиын түрінде өтті. Екіншіден, жиынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашып, басынан аяғына дейін түгел қазақ тілінде сөйледі. Форумның қазақ тілінде өтуі де оның ерекшелігі болды. Әр елден келген делегаттар өз тілдерінде ой білдіріп, ол қазақ және ағылшын, түрік, араб тілдеріне қолма-қол аударылып тұрды. Ал жүргізілу тәртібі ағылшынша жалғасты. Бүкіл форум бойына орыс тілі бір-ақ рет естілді. Біз моңғол ақыны Аюрбектің өз тілінде сөйлеген сөзін іле жасалып тұрған ілеспе аударма арқылы ұғындық, түріктің ақындарын да сөйтіп түсіндік. Жалғыз бұлар емес, басқа елдерден келген қаламгерлер сөздерін де синхронды аударманың көмегімен тыңдадық.

Форумда көтерілген ең өзекті мәселе Азия елдері жазушыларының қауымдастығын құру жайы болды. Сосын дәрежесі әлемдегі атақты Нобель сыйлығына пара-пар, түркі тектес халықтар қаламгерлеріне арналған «Азия алыбы» атты сыйлық тағайындау туралы әңгіме болды. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті. Амандық болса, алдағы уақыттары мұндай сыйлықтың шынымен өмірге келгенін де білетін боламыз. Қанша дегенмен, біздің Президентіміз рухани әлемнен шыққан адам ғой, әкесі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып келген нағыз жауынгер азамат, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын қалыптастырған жазушы, сондай кісінің тәлімін алып, тәрбиесін көрген тұлғаның сөзін жерге тастамай, бастаманы ақырына дейін жеткізетініне сенемін. Маған тағы бір ұнағаны, Президентіміз жас күнінде «журналист болсам, қаламгер болсам» деп армандаған екен. Тегінде, бір кездері қаламгер болуды армандаған кісінің бойында өмір бойы жақсы қасиеттер сақталып қалады. Себебі, ол ізгілікке жақын тұрады. Сөзге сенген адам иманға да ұйиды.

Бір сөзбен айтқанда, Азия жазушыларының бұл форумы құрлық қаламгерлерінің өміріндегі ірі тарихи оқиға болды. Ол екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болып шешілді. Мұның өтуіне Қазақстан Жазушылар одағы орасан зор еңбек сіңірді. Сосынғы бір жағдай, жиын қарсаңында «Қазақтың інжу-маржандары» деген сериямен қазақтың Абай бастаған 13 жазушысының кітаптары баспа жүзінен шықты.

– Шәке, «Парасатты поэзия» атты ұйым құрыпсыз. Оның дүрілдеген жыр кештерінің өткенін де білеміз. Сол ұйымның мақсаты туралы да өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз дұрыс болар еді.

– Бұл бұрыннан ойластырып жүрген жобам еді. Алпыс жылдықтың қарсаңында соны қолға алуға тәуекел еттім. Өзің де білесің, баяғыда, кешегі Кеңес өкіметі кезінде шығармашылық өкілдері облыстарды, аудандарды аралап, ақындар мен жазушылар өз шығармаларын оқып тұратын, сосын тек өлеңдерін оқып қоя салмайтын, қоғамда болып жатқан өзгерістер, жаңалықтар жайлы әңгімелер айтатын. Сол кездесулерде олар өздерінің интеллектуалдық деңгейлерін білдіретін нәрселер жөнінде сыр тарқатып, шығармашылық қоржындарында жатқан дүниелерді шығаратын. Оқырман қауым да оларды сондықтан жылы қабылдайтын, қаламгерлердің төл туындыларын ала келіп, соларға қолтаңба жаздырып алып жататын. Қазір соның бәрі жоқ болып кетті. Мұның орнына біз бірыңғай айтыс өнеріне мән беріп кеттік. Мен айтысты шет көрмеймін. Ол – қазақтың ғасырлардан бері келе жатқан ұлы өнері. Бірақ жазба ақындық өнер соның тасасында қалып қойды. Бар тапқанымыз республикада, облыстарда, аудандарда мүшәйра өткізу болды. Ал ол белгілі бір тұлғаларды, әкімдерді мақтап-мадақтауға арналып кетті. Егер оларды қошеметтейтін өлеңің жоқ болса, поэзияң қанша жерден мықты шығып тұрса да, сен ешқандай жүлде ала алмайсың. Сарай ақындарын дайындайтын мұндай жерлерден парасатты поэзия іздеудің өзі ақымақтық болар еді.

Осылардың бәрін көріп жүріп, мен бұлайша кете беруге болмайды деген шешімге келдім. Баяғыда Қазақстан Жазушылар одағының жанында әдебиетті насихаттау бюросы деген болды. Мен «Парасатты поэзия» деген жобаны соның ізімен құруды қолға алдым. Қорды аштым. Сөйтіп, бұл туралы облыстың сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаевқа айттым. Әкім менің идеямды, бастамамды қолдады, мұның билікке де, елге де, жалпы, өнерге де үлкен пайда әкелетінін түсінді. Содан бері екі рет – былтыр және биыл ұйымның кешін өткізіп үлгердік. Оған Қазақстанның барлық түкпірінен ақындар шақырдық. Биылғы жылы бұдан бөлек тағы төрт мемлекеттен өкілдер келді. Әкімдіктен қаржы бөлінді. Сосын баяғы үрдіспен аудандардың бәрін аралаттық. Тағы бір артықшылығымыз, ақындарға орын белгілеген жоқпыз, бізде үздіктердің бәрі бірдей «лауреат» атанды. Бұдан басқа, форумға қатысып, өлең оқыған ақындарға қаламақы төлейтін болып шештік. Оның көлемін де ашып айтайын, фестивальге келген ақындардың барлығына 250 мың теңгеден қаржы берілді. Былайынша, күшті ақша ғой. Кеше мен Түркияға барғанда ондағылар: «Біз ондай ақша төлей алмаймыз», – деді. Біздің қаламақымыздың доллармен қанша болатынын сұрады. Мен 800 доллар шамасы екенін айттым. Олар сонда мұнша қаржы бере алмайтындарын мойындады. Мен сосын келушілердің жол кіресі де, жатын орны да төленетінін жеткіздім, ас-ауқаты онсыз да бізден. Шыны керек, қазір мұндай шаралардың бар шығынын өзі көтеретін әкімдікті табу қиын. Мен осы арқылы баяғы Жазушылар одағындағы бюроның осы заманғы нұсқасын жасағым келді. Шүкір, жұмыс жүріп жатыр. Оны ілгеріде де жалғастыра, жандандыра беретін боламыз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР

Қызылорда

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір