АЛТЫН ДАРИЯҒА АСЫҚҚАН МӨЛДІР БАСТАУЛАР
Әдебиет шекаралармен шектелмейді. Мысалы, орыс әдебиеті Еуропада да бар. Еуропаға орыс әдебиетін эмигрант орыс жазушылары алып барды. 1990 жылдары Ресейден Израильге көшкен қаламгерлер қазір Иерусалимде орыс тілінде шығармалар жазуда. Ал ағылшын тілді әдебиеттің ауданы тіпті үлкейіп кеткен.

Таңжарық Жолдыұлы
Қазір туындыларын ағылшын тілінде жазатын жазушылар АҚШ пен Еуропаны қойып, Азия-Африка құрлығында қанат жая бастады. Сол сияқты қазақ әдебиеті де өрісі салқар әдебиеттің бірі болып отыр. Өйткені қазақ бар жерде қазақ тілі бар. Қазақ тілі өмір сүріп жатқан ортада қазақ әдебиеті бар. Ол қазақтың бірі – байырғы баба қонысында отырып шекара сызығының ар жағында қалған қазақ. Бірі – атажұртынан амалсыз ауып барып, қиыр жайлап шет қонған қазақ. Сол қазақ, сол қазақтың тілінде дүниеге келген туындылар бүгінгі қазақ әдебиеті дейтін алтын дарияға жан-жақтан мөлдір бұлақ болып құйылып жатыр.
Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей сияқты көршілес елдерде шоғырлана қоныстанған қандастарымыздың арасында қолына қалам ұстап, өміршең шығармалар жазған ақын-жазуышылар баршылық. Олардың тақырыбы – өздері көрген өмір, ата-баба салты, қиын тағдыр, махаббат пен ғадауат, бостандық пен жеңіс туралы болды.
Қытайдағы қазақ әдебиеті туралы сөз қозғағанда, Таңжарық Жолдыұлы, Ақыт Үлімжіұлы сияқты ақындардың тас түрмеде жатса да, озбыр саясаттың езгісінен, жандайшаптардың жаласынан именбей, қаламын қару, өнерін серік еткен өр һәм рухты бейнелері еске түседі. Таңжарық Жолдыұлының жолын жалғаған Асқар Татанайұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Рахметолла Әпше, Күнгей Мұқажан, Қаусылхан Қозыбай, Құрманәлі Оспан, Дубек Шалғынбай қатарлы орта буын әдебиет өкілдері осы елдегі қазақ әдебиетінің дамуына еселі үлес қосты. Олардың қаламынан туған «Тарихи дерек, келелі кеңес», «Қылмыс», «Алғашқы адымда», т.б. шығармалар Қытайдағы қазақ халқының өмірге деген құштарлығын, күресін, тартысын, махаббатын, туған жер, өскен өлкеге деген сүйіспеншілігін білдіретін туындылар есебінде оқырманмен қауышты. Бұл толқынның ішінде тағдыры мен таланты өзгелерінен оқшау болған жазушы Қажығұмар Шабданұлы еді. Оның шығармашылық әлемі, тайғанақ тағдыры, түрмеде көрген азабы аңызға бергісіз болып, күллі қазақ даласын, тіпті жер-жаһанды шарлап кетті. Бұлардан кейінгі әдебиетке мол олжа салған қаламгерлер қатары Оразхан Ахмет, Әкпар Мәжит, Шәміс Құмар, Задахан Мыңбай, Зейнолла Сәнік, Балапан Рабат, Еркеш Құрманбек, Білісбек Әбдіразақ, Болат Қазез, Ерлан Нұрдыхан, Мұрат Әуес, Думан Бәзілжан болып жалғаса береді.
Моңғолиядағы қазақ әдебиеті 1957 жылдан бері шыға бастаған «Жаңа талап», «Шұғыла» журналдарымен байланысты болмақ. Ақтан Бәбиұлы, Құрманхан Мұхамадиұлы сияқты саңлақ қаламгерлер – осы елдегі қазақ әдебиетінің негізін қалаған тұлғалар. Көшпенділер өркениеті мен дала мәдениетін ұштастыра отырып, мол рухани еңбек қалдырған Мақпоз Құлбекұлы, Мағауия Сұлтания, Дания Дікейұлы, Дайын Қалаубайұлы, Арғынбай Жұмажанұлы, Шабдарбай Қатжанұлы, Имашхан Байбатырұлы, Жәмилиха Шал, Қуанған Жұмаханұлы, Тойлыбай Құрмандолда, Кәкей Жаңжұң, Солдатхан Орайхан, Егеухан Мұхамедиқызы, Бодаухан Тоқан, Рысбек Зұрғанбай, Сұраған Рахметұлы, Жүкел Хамай, Бақытбек Бәміш, Ерболат Баятұлы, Ербақыт Нүсіпұлы сияқты ақын-жазушылар ұлт әдебиеті үшін еселі еңбек етіп келеді. Олардың бір тобы елге қоныс теуіп, ұлт әдебиетінің дамуына өзіндік үлестерін қосып та жүр.
Өзбекстанда миллионнан астам қандасымыздың бар екені барша жұртқа мәлім. Қазақтың дауылпаз ақыны Төлеген Айбергенов сол Қарақалпақ жерінен түлеп ұшқан еді. Өмірзақ Қожамұратов поэзиясы – қазақ жырының жауһары. Бүгінде қолына қалам алып, әдебиеттің әр жанрында жазып жүргендердің шоғыры баршылық.
Ал Түркия еліндегі қазақ әдебиетінің өкілі Хасен Оралтайдың Шығыс Түркістан қазақтарының 1930 жылдан бергі елдегі және шеттегі ұлт-азаттық күрестері баян етілген «Елім-айлап өткен өмір» атты шығармасы деректі әдебиеттің үздік үлгісі болып табылады.
Түйін сөз: Қанатын кеңге жайған қазақ әдебиеті бүгінде шет елдерде де өркендеп, тамыр тартып, өз оқырманын табуда. Ата дәстүрінен, тілі мен діннен айырылмаған алыстағы ағайындардың ұлттық әдебиетімізге қосар үлесі сарқылмайды деп сенеміз.