Танымал ғалым, абзал азамат
Даңғайыр ғалым, білікті ұстаз Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың өмірден өткеніне төрт жыл толыпты. Зымыран уақыт өз дегеніне көндіреді. Өмірге келу де, одан өту де заңдылық, алайда осынау танымал тұлғаны аңсау, іздеу Өмір атты көш-керуендегі Жақсылық, Имандылық, Ізеттілікті іздеу екендігін енді біліп жатырмыз.
Барша ғұмырын білім мен ғылымға арнаған адамның күрделі де қиын жолды таңдап алатынына күмән келтіруге болмас. Сондай абзал азаматтың бірі – Бақытжан Қауасқанұлы Майтанов еді. Ол алпыс жылдай ғұмырының баcым бөлігін білім мен ғылымға арнады. Қазақ екінің бірін ұстаз деп атай бермеген. Оның болмысында білім мен ғылым сияқты киелі ұғымдар берік орныққан-ды. Бұл қос ұғымның шебер ұштасқандығынан болар, өзі ұстаздық еткен университеттерде Бақытжан дәріс жүргізуді ешқашан да ғылыми мазмұн мен терең таным және зияткерлік өре-деңгейден бөліп қараған жан емес-ті. Ал ғылым саласындағы жаңашыл ізденістері, нақты тұжырымы тек ғалым адамдар ғана түсінетін, белгілі бір дәрежеде қасаң қағидалар сияқты әсер беріп, басқа адамдарға түсініксіздеу боп көрінбес үшін, ол ғылымды білім беру ісімен органикалық бірлікте қарастыра алды. Соның нәтижесінде ол тек бір сала бойынша ғана білім нәрімен сусындатып қоймай, жас өренге заманауи ғылымға негізделген дәрістер жүргізді. Қазір өткен шақ үлгісімен айтып отырмыз, өкінішті-ақ, алайда әдебиеттану ғылымы көгінде жұлдызы айрықша жарқыраған осынау азаматтың бар адами бақыты да, бағы да білімді шәкірттерімен, жолын қуған жас ғалымдармен өлшенуде дегенді баса айтқанымыз абзал.
Халқын, ұлтын айрықша сүйген жан ғана ғылымға, онда да әдебиеттану ғылымына бара алады. Себебі, сол ұлт қана руханиятты жасай алады. Ұлт бар жерде әдебиет бар. Әдебиет бар жерде әдебиеттану ғылымы бар. Әдебиет – киелі әрі қасиетті өнер. Ұлттың рухани қазынасы ғана емес, ұлттық мақтанышы. Аузынан тәубасы мен шүкіршілігі, қанағат, ынсабы түспеген адам ғана әдебиетті тудырады, әдебиеттанумен айналысады. Өнер қандай киелі, кіршіксіз таза, саф мөлдір болса, оны жасаушы мен зерттеуші де сондай биіктен көрінуі шарт.
Бақытжан Майтанов осынау киелі қағиданы болмысына мейлінше сіңірген жан еді. Ол ұлт тарихын, сол тарих аясында қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттарды, солардың нәтижесінде дүниеге келген барша рухани мұраның ірі білгірі еді. Сол білгірлік оның жалпыадамзаттық рухани кеңістіктегі мейлінше шұрайлы шүйгіндіктен нәр алуына алғышарттар жасады. Ұлтын беріле сүю, оның руханиятына деген шексіз сүйіспеншілік қазақ әдебиетінің барша мұрасын жалпы-адамзаттық құндылықтар аясында зерделеп, зерттеуге мүмкіндік берді. Ол асықты, Алла нәсіп еткен ғұмырының тым ұзаққа есептелмегенін сезді ме, уақытының әр сәтін тиімді пайдалануға тырысты. Қазақ руханиятының әлемдегі ешқандай ел руханиятынан кем еместігін, кей салада, тіпті ерекше асқақтығын пайымдап, көз жеткізген ғалым өз байлам, тұжырымдарын жарыққа шығаруға ұмтылды. Табиғаты таза, санасы сара ғалымның зерттеу еңбектері өнердің адамзат қоғамында алатын орны, руханиятты жасаушының өре-деңгейі, адам, қоғам, өнер үштағанының Уақыт пен Кеңістік (бұл ұғымдарды Бақытжан мекеншақ деген үйлесімді атаумен сөздік қорымызға енгізген болатын) аясындағы нақты хал-ахуалының өнер туындысында бедерленуі сияқты атан түйеге жүк болар ауқымды мәселелерге арналған-ды. Астын сызып, ерекше екпін түсіріп айтсақ, бір шындық бар: ол – Бақытжанның ұлттық әдебиеттану ғылымының марқасқалары А.Байтұрсынов, М.Әуезов, М.Қаратаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Т.Кәкішев, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Н.Ғабдуллин, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, т.б. ғалымдарға лайықты ізбасар бола алуында еді. Ол сол ірілерге лайықты іні бола алды, әрі солар атқарған игілікті істі онан әрмен жалғастырды. Ұлттық әдебиеттанудың қазіргі абызы, академик Серік аға Қирабаев пен оның тұстастары «алыптар тобы» атанған атақты қазақ қаламгерлері шығармашылығын жан-жақты зерттеді, сондықтан да зерттеуші ретінде өздері де әдебиеттанудағы «алыптар тобына» айналғанын ешқашан да мойындамайтыны анық. Дәл осынау ғұламалардың бақыты өздерінің із-өкшесін басқан Ж.Дәдебаев, Д.Ысқақов, Қ.Алпысбаев, А.Ісмақова, Б.Әбдіғазиұлы, Қ.Ергөбек, З.Бисенғали, Ө.Әбдіманұлы, Т.Жұртбай, С.Негимов, Д.Қамзабекұлы, Қ.Әбдезұлы, А.Шәріп, Б.Омаров, Р.Тұрысбек, Ж.Жарылғапов, С.Жұмағұлов, т.б. – бәрін тізіп шыға алмағанымызға кешірім өтінеміз, – әдебиеттанушы ғалымдарға рухани шүйгіндіктен мейірі қана шөлін басып, іргелі зерттеулерге баруына жол көрсетуінде еді. Әдебиеттанудың барлық саласында айрықша еңбектенген жоғарыдағы аға буын өкілдері өздері тындырған істің жаңа уақыт, жаңа жағдай аясында тың көзқарас, соны пікір ауқымында жалғастық тапқанына шүкіршілік етті. Олардың ізбасарларының ішіндегі дарынды да талантты ғалымның бірі – Бақытжан Майтанов еді. Ол дәстүр жалғастығына мұрындық болғандығынан шығар, алдындағы ірі әдебиеттанушылардың зерттеушілік қарымы мен әдісін ғана емес, адами болмысындағы біраз қасиеттерін де қабылдап еді дегіміз келеді. Талапшылдық пен принципшілдік, ғылыми зерттеудің ықтияттылығы мен ақиқатына жету, ұлттық мүдде үшін жоқшы атанып, аласа жандарды көріп, бетің бар, жүзің бар демей, қатты айтатын қасиеті, ғаламат шешендік иірімдері, өзі сондай сұлу, мәдениеті аса жоғары болғандықтан, сол сипаттың еңбектерінде де көрініс табатыны – бәрі де Бақытжан қабылдаған эстафета еді. Дәл осынау қасиет, сипаттар оның да болмысынан табылатын, кісілік келбеті мен азаматтық ажарына тән болатын.
Әдебиет теориясы сияқты біршама қалыптасып, нақты қағидаларға құрылған салаға ой айту, реформа жасау қиын нәрсе. Бақытжанның ірілігі де өзіміз кез келген сәтте жүгініп, сала құлаш үзінділер келтіретін шетел ғалымдарының еңбектерін аса ұқыптылықпен оқып, көңілге түюінде еді. Ешкім де әлем әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларды кемсітпек емес. Алайда, біз заңды түрде табынып, төбемізге көтеріп жүрген солардың еңбектеріндей дүниелер өзіміздің төл әдебиетімізде, ұлттық әдебиеттануымызда да бар екенін, қажет десеңіз, біразының тіпті еңселі екендігін дәлелдеген де Бақытжан болатын. Ондай берік тұжырым ғылыми біліктілікті серік еткен шынайы ғалымның ғана қолынан келді. Профессор Б.Майтанов осынау асқаралы биіктен көріне алып еді. Ол шынайы ғылымды азабы мен қияметі мол болса да, қастерлеп, соның қиын да бұралаң жолына түскен жас ғалымдар үшін символға айналған нағыз азамат еді. Кісілік келбеті келіскен, азаматтық ажары айшықталған, сыртқы, ішкі сұлулығы шебер ұштасқан тұлға еді. Ол дүние-мүлік жинауды, қажет десеңіз, отбасымен бірге шетел асып, демалуды да ойлай бермейтін, бар қажыр-қайратын, сұңғыла ғалымдығын, тәлімді ұстаздығын ұлттық мүддеге сарқа жұмсаған жан еді. Ал, оны сол мүддеге қалтқысыз қызмет етуге, халқының ұлы ғана емес, құлы болуға итермелеген ұлтының қордалы мұрасы еді, бай руханияты еді, ғаламат қуатты әлеуеті еді.
Ол асықты. Асықты да, болмысындағы орын тепкен тың тұжырым, бұлтартпас дәйектерді зерделей отырып, қазағына жеткізуге тырысты. Аса көп еңбектер жазылып, ғылыми ортада түрлі пікірлерге арқау болған модернизм, постмодернизм, мекеншақ (өз анықтамасы. Бахтинше айтсақ, хронотоп) ұғымы, ұлт болмысындағы саф бұлалық пен тазалық, шығарманың ішкі-сыртқы пішініндегі үйлесім, құрылымдық жүйедегі тұтастық пен идеал, таным мен шеберлік, эстетика мен ізденіс, қаламгер және уақыт, ақыл-ой, сана, руханияттағы шынайы әлеуеттің тарихи бастау, көздері – бәрі де ғалым Б.Майтановтың бұрын бәлендей түрен түсе қоймаған тың салаға қаймықпай баруына алғышарттар жасаған еді. Ұлттық әдебиеттануды, әсіресе, әдебиет теориясы ілімін әлемдегі ең озат, ең үздік деген іліммен теңестірген де Бақытжан болатын. Біле білген адамға осынау жетістіктер тек авторды ғана емес, қазақ әдебиеттануын, әдебиет теориясын, сондай-ақ қазақ әдебиеті деген киелі руханиятты жасап жүрген қабырғалы қазақ қаламгерлерін асқақтату еді. Ондай тұжырымға еңбекқор ғалым адамзат баласы мен Алланың арасында жүреді деген атқа ие болған әлем әдебиетін жасаушы ақын-жазушылардың барша мұрасын оқып, төл топырақтағы рухани дүниелермен салыстыруы нәтижесінде келген еді.
Ғылым жолына түскеннен бастап, өзі өмірден өткенге дейінгі аралықта Б.Майтановтың қаламынан «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі» (1982), «Көркемдік нәрі» (1983), «Қаһарманның рухани әлемі» (1987), «Суреттеу және мінездеу» (1991), «Әдебиет теориясы және эстетика негіздері» (З.Қабдоловпен бірлесіп дайындаған бағдарлама, 1995), «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996) сияқты іргелі еңбектер туды. Әдебиет атты әрі түпсіз терең, әрі киелі де қасиетті әсемдік әлемін зерттеуде ғалымның зерттеу жұмыстарының нысаны да, тақырыптары да сұлулық, тазалық, пәктік ұғымдарын зерделеуге айналғанында да автордың адами болмысымен біте қайнасып, ұштасқан бір заңдылық бар сияқты боп көрінеді де тұрады.
Ол М.Әуезов шығармашылығын зерттеуден жалыққан емес-ті. Ұлы қаламгер мұрасы оның ғалымдық қиялына қанат бітірді. Әуезов ол үшін өзгеше эталон еді. Әлемдік әдебиеттегі інжу-маржандар мен Әуезов феномені тұтаса келіп, оны өз топырағымыздағы ғаламат шүйгіндікке толы дүниелерге тың көзқараспен, соны пікірмен үңілуге мүмкіндік берді. «Мұхтар Әуезов – суреткер», «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер», «Тәуелсіздік – күрес мұраты» атты іргелі еңбектері осы ойымызға дәлел бола алады. М.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері атты күрделі ұғымға Б.Майтанов ұлы суреткердің сан-салалы әлемін ашу үшін этнос теориясы және «қазақ» ұғымы, тұрмыс-салт және ұлттық қасиет, М.Әуезовтің көркемдік категория саласындағы ізденістері, трагедиядағы қаһармандық пен асқақтық, реалистік эстетика және стиль, қаһарманның әрекет философиясы, М.Әуезов пейзажы, М.Әуезов және қазіргі қазақ романдарындағы эпикалық баяндау үрдістері сияқты әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық тақырыптарды меңгеру арқылы кешенді түрде бара алды. «Абай жолы» тарихи роман-дәуірнамасындағы тәуелсіздік рухы, Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі М.Әуезов ролі, Абай өмірбаянының нұсқаларына қатысты М.Әуезов пікірлері, М.Әуезов романының сюжеттік желісі, т.б. өзара тұтаса келе, ұлы тұлғалар еңбегін ғылыми тұрғыда жаңа бір қырынан зерттеуге мүмкіндік туғызған.
Б.Майтанов ұлттық әдебиетіміздегі құнарлы шүйгіндікті зерттеуден еш уақытта қол үзген емес. Ол әдебиеттің барлық жанрларын зерттеді. Ұлт мақтанышына айналған кесек дүниелерді, оларды жасаушы авторларды, дәстүр мен жаңашылдық тарихи-философиялық ұғымдары тұрғысынан келгенде, сабақтастық пен жалғастықты өркендетіп жүрген жас буын өкілдерінің шығармаларындағы жылт еткен жаңалыққа шаттанып қана қоймай, оларды зерделеп, насихаттауға тырысты. Ғалым өз заманындағы зерделі жандардың қоғам талабынан туған сұранысты қанағаттандыруға қатысты ұлан-ғайыр еңбектерін жарқырата көрсетуге жанын салды. Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Ш.Сәтбаева, С.Қасқабасов, Р.Нұрғали, Б.Уахатов, Ә.Нарымбетов, т.б. ірілер туралы жүрекжарды толғаныстары мен талдаулары осы ойымызға дәлел болса керек. Демек, парасатты ғалым әдебиетті, оны жасаушыларды ғана емес, оларды зерделеп, ғылыми тұжырым жасаған, айналымға қосқан әдебиеттанушы ғалымдардың да еңбегін зерттеп шыққан.
Асылы, бір ақиқатқа ден қойғанымыз абзал: ол – киесі бар руханиятты жасаушының да жан әлемі таза, саф мөлдір болып келуі қажеттігі. Ал, сол киелі өнерді зерделеп, зерттеушінің жүгі тіпті салмақты болатындығы.
Б.Майтанов сондай жан еді. Тым таза, тым пәк, тым адал болатын. Ғылымды, білімді киелі ұғымдар деп санайтын. Киесі бар руханиятқа кірлі қолдың араласпауын күзеткен қырағы сақшыдай еді. Ғалым Бақытжан Қауасқанұлы қазір арамызда жоқ. Өкінішті-ақ! Оның бақидағы келесі ғұмыры басталды. Танымал тұлғаны пір тұтатын ғалым бауырлары, шәкірттері, адал жары, жүрегіне имандылық ұйыған Мәруаны, ұрпағы қалды артында. Соларға Алла барша жақсылығын нәсіп етсін дейік! Бақытжан үлгермеген істерді кейінгі буын өкілдері атқармақ. Тек сонда ғана жаны жайсаң, жаны да, тәні де сұлу, періште іспеттес азаматтың рухы пейіште шалқитынына сенімді боламыз.
Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.