«Ел үміті» жобасы басталды
23.11.2019
1056
0

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевпен бірге «Ел үміті» дарынды жастар форумының эстафетасын қабылдады.

«Ел үміті» жобасының еліміз бойынша 1000 талантты, дарынды әрі іскер жастарды іріктеуге септігі зор. Олар өз тәжірибесімен бөлісе отырып, құрбы-құрдастарын табысқа жетуге жетелеп, өзіне-өзі сенуге, бойындағы талантын ашуға көмектеседі. Қала әкімі форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Сіздердің әрқайсыңыздың жетістіктеріңізді саралай келе, біз еліміздің барлық жастарына үнемі өздігінше жұмыс істеп, жаңа белеске қол жеткізіп, ашық әрі белсенді болуға шақырамыз. Әркімнің тағдыры – өз қолында. Көшбасшы болуға ұмтылыңыздар! Болашаққа батыл мақсаттар қойып, соған қол жеткізіңіздер. Біз жастарға «Алматы арманын» жүзеге асыруға көмектесеміз», – деді. Алматыда 700 мыңға жуық жас тұрады, яғни қаланың әрбір үшінші тұрғыны – жас адам. Оның 230 мыңнан астамы – студенттер. Олар 39 жоғары оқу орнында және қаланың 81 колледжінде білім алады. «Талант пен күш-қуат, креативті қабілет – қаламыздың бәсекеге қабілетті ең күшті артықшылығы. Біз мұның маңыздылығын түсінеміз және бағалаймыз. Алматы – үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізетін қала. Жастар қолайлы жұмысқа орналасып, кәсіби дағдыларын қалыптастырады, бизнес-бастамаларын іске асырады. Біз қаламызды жас ұрпақтың өзінің «алматылық арманын» іске асыра алатындай етіп дамытатын боламыз», – деп айта кетті Сағынтаев мырза. «Ел үміті» форумында Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Шымкент, Алматы қалаларының белсенді жастары Тұңғыш Елбасының ғылым мен білім, бизнес пен медицина, мәдениет және спорт, экономика және қоғамдық өмір салаларындағы қолдау бағдарламаларының арқасында қол жеткізген табыстары туралы әңгімеледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір