«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ» МЕН ҚАЛАЙ БАС РЕДАКТОР БОЛДЫМ?
27.11.2019
1616
0

«Қазақ әдебиетінің» бас редакторы қызметіне әркім әрқалай жолмен келетін еді. Соның бәрінде бас редакторды біреулердің ұсынысымен жоғарғы орган тағайындайды. Әдебиетте қашаннан орын алған және арылуы қиын әдет – жікшілдік, жершілдік және топтық мүдде. Әдеби ортадағы толастамайтын айтыс-тартыс, дау-дамай осының салдарынан бірде өршіп, бірде бәсеңсіп жатады. Әдеби ортаның белгілі бір дәрежеде хал-ахуалын анықтайтын, қоғамдық ой-пікір қалыптастыратын «Қазақ әдебиетінің» басшылық тізгініне талас та кей-кейде топтық мүддеден туындайды. Газетке бас редактор құтаймай, тез ауысуы да сондықтан шығар. Мұндайда бас редактордың жеке басының басқару қабілетінен гөрі оның ырқынан тыс жүргізілетін түрлі әрекеттер, айла-амалдар басым түседі. Бас редакторлық қызметке кімнің қалай келіп, қалай кеткенін, әрине, жазушы қауым жақсы біледі. Кейбірінің бұл мәселеге тікелей қатысы да бар.

Ахат Жақсыбаев, жазушы

Бұны айтып отырған себебім, ешбір топқа қосылмайтын, жоғарғы жақта қолдаушысы жоқ менің «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болуым өзге түгіл өзім үшін де күтпеген жағдай еді. Ол кезде «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы боп істеймін. Осы қызметті тапжылмастан жиырма жыл атқардым. Басқадай жұмыс сұрап ешқайда барған да емеспін.

Сөйтіп жүргенде жақын досым, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Оралхан Бөкей Үндістанға барған сапарынан оралмай, 1993 жылдың мамыр айында Делиде кенеттен қайтыс болды. Орекеңнің қырқы аталып өткенге дейін бас редактордың орны бос тұрды. Бұл лауазымнан әркім де үміткер. Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаевқа барушылар да көбейді. Араға біреулерді салады не өзі өтініш жасайды.

Осы жылдарда қоғамда басшы адамды баламалы негізде сайлау кең орын алған еді. Жазушылар одағы да ««Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторын алғаш рет және соңғы рет баламалы негізде сайлау керек» деген шешімге келді. Сөйтіп, «Жазушылар одағы басқармасының секретариатында бас редактор жасырын дауыспен баламалы негізде сайланады» дегенді естіген соң бұл орынға үміткерлер саны көбейіп, тізім ұзара түсті. Жасыратыны жоқ, бұл орыннан үміттену ойыма кіріп-шықпаған еді. «Жұлдыздың» бас редакторы Мұхтар Мағауиннің қозғау салып итермелеуімен маусым айының 30-ы күні іріктеліп, жасырын дауысқа жіберілген алты жазушының бірі болып мен де үміткерлер қатарына қосылдым. 4 турға созылған сайлауда көп дауыс алып, жеңіп шығып, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болып, 1 шілдеден бастап қызметке кірістім. Бір қызығы – бес жыл университетте бірге оқып, кейін жиі араласып жүрген жақын достарым маған қарсы дауыс беріпті. Бұның да өзіндік себептері бар шығар.

Әрине, жаңа қызметтің жауапкершілігі мол. Қазақтың маңдайына біткен жалғыз әдеби газет – өткен-кеткен тарихында әдебиетіміздің классиктері басқарған беделді басылым. Күні кеше жақын досым әрі жазушылығы да, журналистігі де ешкімнен кем түспейтін Оралхан Бөкеев отырған орын. Осының бәрі есте. Әрі жүрексінетіндей жағдай. Дегенмен бұл газетке сырттан келген адам емеспін. Газеттің жұмысы маған жақсы таныс. Баспасөздің біраз тезінен өтіп, тәжірибе жинақтағанбыз. Содан соң Н.Ғабдуллин, Ә.Әлімжанов, Ш.Мұртаза, Б.Тілегенов, М.Мағауин сияқты мықты деген бас редакторлардың қарауында істеп, үлгі-өнегесін, басқару әдістерін көргенбіз. 1967 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен ауысып, бес жылдай «Қазақ әдебиетінің» әдебиет және өнер бөлімін басқардым. Кейін 20 жыл бойына «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы болған кезде де «Қазақ әдебиеті» газеті ұжымымен жиі араласып, жақсы қарым-қатынаста болдық. Көтеретін мәселе де, жазатын тақырып та, авторлар құрамы да – ортақ. Бір әдебиеттің егіздің сыңарындай екі басылымы.

Міне, осындай жағдайда редакция ұжымымен тіл табысу, қызметкерлерді ортақ іске жұмылдыра білу қиынға түспеді. Газеттің бағыт-бағдарын, әрине, бас редактор анықтайды. Бірақ газет шығару – ұжымдық іс. Содан соң әркім де заман талабына бағынып, соған қарай әрекет жасайды. Заман талабы қашанда өзгеріп отырады.

Бұл өзі ел өміріндегі өтпелі кезең, қиын жылдар еді. Кеңес одағы құлап, коммунистік идеологиядан біржола құтылып, тәуелсіздік алғанымызға екі-ақ жыл болған. Ауыртпалығы көп ауыр жылдарға жолықтық. Еліміз қай бағытта дамуы керек? Нарықтық экономиканы орнықтыру үшін не істеу қажет? Әдебиеттің, мәдениет пен өнердің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Жазушылар одағының хал-ахуалы мәз емес. Айлап, жылдап кезекті пленумдар өтпейді. Әдеби секциялардың жұмысы да жоққа тән. Баспаларда кітап шығару азайған, «қағаз жоқ» дегенге саяды. Қайда барсаң да – қымбатшылық. Бәрі де қаржының тапшылығына тіреледі. Мекемелерде айлап жалақы төленбейді. Үкімет зейнетақыға да қарыздар. Не керек, қай саланы алсаң да тұйыққа тіреліп, тығырықтан шығудың жолын іздеген қиын да аса жауапты кезең. Ерінбегеннің бәрі – банкир, бизнесмен. Бүгін құрылып, ертең жабылып жатқан кәсіпорындарда сан жоқ. Экономика ғана емес, саясаттың да айтыс-тартысы жетерлік. Ел тағдыры сынға түсіп, «Қай жолмен жүру керек?» деген мәселе алдыңғы орынға шықты. Қос тілділік, қос азаматтық, қазақ тілінің мәртебесі күн тәртібіне қойылды. Міне, осындай қиын да күрделі кезеңде газет ұжымының алдында тұрған басты міндет – тәуелсіздікке қызмет ету болды. Газет бетіндегі үнемі беріліп келген «Толғандырар тақырып», «Тәуелсіздік талаптары», «Айтайын дегенім», «Кім не дейді?», «Ашық әңгіме», «Қалың елім, қазағым», «Менің Отаным – Қазақстан» деген сияқты айдарлар осы бағыттағы өзекті мәселелерді қозғап, қоғамдық ойға, ұлттық санаға түрткі болуды көздеді. Жазушылардың органы болғандықтан ел өмірінің елеулі мәселелері туралы қаламгерлердің көзқарастары, ой-пікірлері көбірек жарияланды. Әңгіме нені жазуда ғана емес, қалай жазуда ғой. Осы орайда қалың оқырман мен жазушының, газет бетінде белгілі бір мәселеде ой түйістіруі үшін ашық әңгіме, сұрақ-жауап, сұхбат түріндегі небір әдістер пайдаланылды. Мақсат – қоғамдық ойға қозғау салып күн тәртібіндегі шешуін күткен толғақты мәселелерге көпшілік назарын аудару. Әрине, көптің көңілінен шығу қиын. Біреуге жақсаң, енді біреуге жақпайсың. Біреулер өзіндік мүдде тұрғысынан пайымдаса, енді біреулер тындырған ісіңді топтық, жікшілдік тұрғыдан бағалайды. Дегендері болмаса, ырқына көнбесең – жазықсыз жазғыруға, жақсы ісіңді жоққа шығаруға бейім. Мұндайда әркімге бір жалтақтамай, көздеген нысанаңа, ұстанған бағытыңа берік болу, көзқарасыңды, позицияңды өзгертпеу, өзіңнің дұрыс жасап жатқаныңды дәлелдей білу – басты принципке айналды. Мемлекеттік, ұлттық мүдде бірінші орында тұрды.

Бұл кезеңнің бір ерекшелігі және өткен жылдармен салыстырғанда артықшылығы – баспасөзде цензура жойылған. Не жазам және қалай жазам десең де еріктісің. Кімнің кім екенін танытуға кең жол ашылған. Қоғамдық белсенділікке бұрынғыдай тосқауыл қойылмайды. Бәрі жеке адамның қажыр-қайратына, қоғамдағы өзгерістерге қатысты қарымына байланысты екенін терең сезіну қажет болды.

Елдің дамуы демократиялық сипат алып, сөзге еркіндік берілген осындай жауапты кезеңде кеңестік заманда газет бетінен түспейтін кейбір ақын-жазушыларымыз үнсіз қалды. Оларға керегі – дау-дамай, айтыс-тартыс екені байқалды. Өнбейтін дауды қозғап, басқаның қолымен от көсегісі келетіндерге, жершілдік-жікшілдік пиғылдарға елдің бірлігі, тұтастығы секілді түбегейлі мүдделер қарсы қойылды. «Қазақ әдебиеті» алғаш шыға бастағаннан-ақ зиялы қауымның ой-пікірі тоғысатын басылым ретінде танылды. Сондықтан әдебиетпен қоса, мәдениет пен өнердің, ғылымның белгілі қайраткерлерінің газет жұмысына белсене араласып, өзіндік ойды ортаға салуы – үйреншікті құбылыс. Осының өзі газеттің сапасын жақсартып, айтылар ойдың салмағын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз.

Өмірдің көлеңкелі жағымен қоса, жақсылыққа бастайтын күнгей жағы да бар. Еліміз осы жылдары көптеген қиын мәселелерді ойдағыдай шешіп, дамудың жаңа жолына көшті. Оны көрмеу, мойындамау мүмкін емес. Елде жаңаша ойлау, әлемдік деңгейге ұмтылу үрдісі қалыптасты. Осыған орай жаңа заманның жақсы істерін көрсету, тәуелсіздік жолындағы сәтті қадамдарды, оң құбылыстарды жария ету мақсат етілді. Бұл да тәуелсіздікке қызмет етудің көрінісі еді.

Қай заманда да, қандай жағдайда болсын, әдеби үрдіс жалғаса береді. Жаңа шығармалар жазылып, жас таланттар өсіп, жетілді. Поэзиялық, прозалық шығармаларға газетте көп орын берілуі – соның айғағы.

Осы жылдарда өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, кезінде аты аталмайтын, саясаттың құрбаны болған атақты ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің мерейтойлары бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде аталып, елдің еңсесін көтеріп, ұлттық рухты асқақтатуға септігін тигізді. Сұлтанмахмұттың, Жүсіпбектің, Мағжанның туғанына 100 жыл толуы Алматыда, туған елінде есте қаларлықтай биік дәрежеде өткізілді. Бұқар жыраудың, Ақан серінің мерейтойлары да бұлардан кем түспеді. Ұлы Абайдың 150 жылдығы алғаш рет ЮНЕСКО көлемінде аталып, «Қазақ әдебиетінің» тілшісі Қазақстан делегациясы құрамында Парижге барып қайтты. Бұл да бұрын болмаған жағдай еді. Екі-үш жылдың көлемінде жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдығы, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің туғанына 100 жыл толуы, М.Әуезовтің тағы да сол ЮНЕСКО көлемінде өткізілген 100 жылдығы ел өміріндегі елеулі оқиғаларға айналды. Осы мерейтойдың бәріне «Қазақ әдебиеті» арнайы нөмірлер арнады. Әдебиеттің тойы бүкілхалықтық той ретінде рухани өмірімізді байыта түскеніне куә болдық. Елде осындай мерейтойлар өткізу жақсы дәстүр мен жаңа құбылысты қалыптастырды.

Осы қиын да күрделі жылдарда «Қазақ әдебиетінің» туын төмендетпей, тиражын кемітпей сол заманға лайық биіктен көрінуге тырыстық. Бүгіндері «сол кезде газет олай еді, былай еді» деп бекерге жазғырудың, кемшілік, іздеудің өзі қиянат болар еді. Қай бас редактор болсын, «Менің кезімде «Қазақ әдебиеті» жақсы шықты» деуге ерікті. Себебі, ешқайсысы да газет жұмысынан аянып қалмаса керек. Заманына қарай күш-қуатын осы газетке жұмсағаны анық. Сондықтан бұрынғы бас редакторларды құрметпен еске алып, орнымен бағалаған жөн сияқты. «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болу – екінің бірінің қолы жете бермейтін биік лауазым. Әрі жауапты міндет. «Қазақ әдебиеті» газетінде төрт жарым жыл бас редактор қызметін атқару – менің өмірімнің ең бір мағыналы кезеңі деуім керек. Осы жылдарда небір оқиғалардың куәсі болдық. Әдебиеттегі алдыңғы толқын ағалармен, кейінгі толқын інілермен қоян-қолтық араласып, жақсы танып білдік. Әдеби үрдістің бел ортасында жүріп, жақсыдан үйрендік, өнеге тұттық. Сол үшін де киелі де қасиетті қара шаңырақ – «Қазақ әдебиеті» газетіне қарыздармын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір