Ахмет Байтұрсынұлы және «Маса»
XX ғасырдың басында ел тағдырына алаңдаған қазақтың зиялы тобының ішінде ұлт санасын оятуға ұмтылған оқыған азаматтардың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ұлттың рухани көсеміне айналғанын сол уақыттың өзінде Міржақып Дулатов «А.Байтұрсынұлының арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, …өз ағаттықтарын түсіне бастады», – деп айқындап берген болатын. Қай қоғамда болмасын А.Байтұрсынұлының орны айрықша екені Ғаббас Тоғжановтың «…Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді», – деген пікірінен де аңғарылып жатады.
Алаш рухты әдебиеттің іргетасын қалаған ақынның бірі Ахмет Байтұрсынұлының 1905-1911 жылдары жазған өлеңдері 1911 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Маса» атты жинағында басылды. Бұл жинақ алғысөз іспеттес «Маса» деп аталатын төрт жол өлеңмен және «Сөз иесінен» деп аталатын екі шумақпен басталады.
Түсіне қарап,
Ішінен түңілме!
Күшіне қарап,
Ісінен түңілме,–
деген ескертуі арқылы ақын нені меңзегендей? Негізінен масаның бар күші – шағу, ал ісі – адамды ұйқысынан ояту екені бәрімізге белгілі. Біздіңше, бұл арада Ахмет Байтұрсынұлы оқырманына масаның түсі мен күшіне назар аударта отырып, осы өлеңдер жинағына сипаттама жасаған тәрізді. Олай дейтініміз, кейінгі өлең жолдарында осы масаның түстеріне арнайы тоқталып, мұны да тұспалдап жеткізеді.
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара, яки қызыл маса.
Қалың ұйқыда жатқан қазағын оятпаққа ұмтылған жинақты «ызыңдап ұшқан» масаға балауы түсінікті. Ал «сап-сары, аяқтары ұзын масасын» ақын «біздің маса» деп көпше түрде беруі қалай? Және оның «өзіне біткен түсі өзгерілмес» деп алып, «қара, яки, қызыл» дегенді тағы айтады. Ақынның бұл жұмбағы, әрине, сол кездегі қазақ зиялыларына ұғынықты еді.
Сонымен, бұл арада «аяқтары ұзын маса» түсінің сап-сары болуы жинақтағы өлеңдердің идеялық мазмұнын бедерлеп тұрғандай, яғни ақынның ұлт мүддесін ойлаған сарыуайымы десек те болады. Сондықтан болар, олардың «өзіне біткен түсінің» өзгерілмейтіні де. Ал «біздің» дегені өз үнінің «оян, қазақ!» деп жар салған алаш азаматтарымен ортақтасып жатқанын білдіртсе керек. Және де М.Дулатовтың «Оқушыларға мағлұм, «Оян, қазақ!» атты өлең кітабымды ескі һүкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді… «Оян, қазақ!» халық арасына тарамасын деп, һүкімет үкім салды» деген тарихи шындығына зер салсақ, А.Байтұрсынұлының «біздің маса» деуі де заңдылық еді. Сонымен қатар, жинақтағы өлеңдердің өзгерілмес «өзіне біткен түсі» бар екенін айқындағанда ақын «қара, яки қызыл» түсті де ұмытпайды.Яғни бұл жинақта ішінара адамгершілікті уағыздайтын тәрбиелік мәні бар мысал және аударма өлеңдердің бар екенін де еске салғандай. Қысқасы, «елшілдік ұраны» болған «Маса» жинағы туралы ақынның айтпақ ойын осылайша ұғынуға болатын тәрізді.
А.Байтұрсынұлының «Маса» жинағындағы өлеңдерінің дені азаттықты аңсаған, күрес идеясына толы. «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Анама хат», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Адамдықтың диқаншысы», «Көк есектерге», «Қа… қаласына», «Жұртыма», «Жұбату» сияқты шығармалары ел қамы үшін арпалысқан ақынның жан айқайы десек те болады.
Ақынның осы өлеңдерінің көпшілігі 1905-1907 жылдардағы отарлық саясатқа наразылық танытқан Алаш қозғалысының алғашқы белгілерінен хабардар етеді. Айталық, «Қазақ қалпы» өлеңіндегі:
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған? –
деген жолдар сол кездегі ұлт зиялыларының басына түскен ауыртпашылықты бедерлеп тұрғанға ұқсайды. Бұған осы шарпыған өрттің кезін меңзеген М.Әуезовтің «Қарқаралыда тұрғандағы соңғы 4 жыл Ахаңның саясат ісіне белсеніп кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі. Сол мезгілде 1905 жылдың өзгерісі болған… Көпшіліктің оянуына себепші болған… Бірақ сол кезде төңкерістің күні бітіп, патшаның жауыз үкіметі қайта күшейіп, елшілдерге қуғын жасап, қысымшылық жасайтын қанды күндері қайта туған… Қазақтың өзгеріс уақытында түзелуді ойлап, тура бетпен жүрген азаматтарының бәрі де үкіметтің қырын қабағына ілініп, абақтыға түсе бастаған» дегендері бұлтартпас дәлел бола алатыны анық.
Сондай-ақ, өлең соңында ақынның «Байға мал, оқығанға шен мақсұт боп, Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан» деп ел жайын ойлайтындардың аз екеніне қынжылғаны С.Сейфулиннің «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді…», – дегенін еске түсіреді.
Ақынның «Қа… қаласына», «Анама хат», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», т.б. өлеңдері де осы уақыттағы оқиғалардан сыр шертеді. «Қа… қаласына» өлеңінің шығу тарихын айқындап берген М.Әуезовтің «…1907 жылы Қарқаралы қаласында Ахаңды 6 жолдасымен абақтыға салған. Қарқаралы тұтқынында аз уақыт отырған соң «жазалыларды» Семейге айдаған. 12 жыл өмірін өткізіп, еңбегі жанбай айдалып бара жатқанда Ахаңның қайғылы көңілінен шыққан ауыр сөздің бірі:
Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған, –
деген өлеңінен анық көрінеді», – деген деректерінде елінің мұңын жоқтаған «жазалылардың» тағдырымен танысамыз.
Ал «Анама хат» өлеңінде ақынның өзімен қоса «талай жорға, талай тұлпарлардың» енді Қарқаралы абақтысында емес, Семейдің түрмесінде отырғанын білеміз. Мұнда «өр зорлыққа» шыдаған ақынның «…Орынсыз күйзелейін мен несіне» деп ел үшін осындай күйге түскеніне еш өкінбейтіндігі сезілсе, «Тілек батам» өлеңінде өзін жазықсыз жала жауып, ұстатқандардың «масайрасып, мәз болып» қуанғандарына ызаланады.Сондай-ақ, «Көк есектерге» атты өлеңінде де өзегін өртеген осы өкінішін ашық білдіріп өтеді.
А.Байтұрсынұлының осы өлеңдерінде ел мүддесі үшін азап шеккендердің тағдыры ғана емес, халқының келешегіне алаңдаушылық та мол сипатталған.
Құнсыз болып еріміз,
Жесір болып жеріміз,
«Жан менікі» дей алмай,
«Мал менікі» дей алмай,
Ит пен құсқа азық ек.
Мұндағы «ит пен құс» дегені қазақ жеріне қоныс тепкен мұжықтарды нұсқап отырғаны белгілі. Осындай қайдағы келімсектерге жем болған жұртының мүшкіл халін бедерлеп қана қоймай, «Мұны көріп көзіміз, Бірігер деп сөзіміз, Кен болар деп балшықты, Көл болар деп шалшықты, Біз үмітпен қазып ек» деп алаш қозғалысының негізгі мақсатын да айқындап береді.
Енді бірде ақын «Әлди, әлди, ақ бөпем…» деп қазақтың бала жұбату өлеңін алға тарта отырып, өзінің «Жұбату» өлеңімен елін әлдилеуге көшеді. Дегенмен, бұл жұбату өзгерек еді. Алдымен «…нулы жерің мен сулы көлің, еркін көшкен елің, ел қорғаны ерің, тура айтатын биің… қайда?» деген сауалдардың астына алады. Одан әрі «Нулы жерден көшті айырды, Сулы көлден құсты айырды» деп қазақты жерінен айырғандарды ашып айтпай, ел санасының өздігінен оянуына түрткі болғысы келеді. Малы талауда, жаны қамауда тұрғанын да ескерте келіп, еркіндігінен айрылған елінің өзі байқамайтын қараңғылықта әлі ұйықтап жатқанын сынға алады. Сондай-ақ, жұртын әлдилеп, «ұйықтасын деп көп тербеткендер» туралы былай сипаттайды:
Қарның ашса,
Ұлықтарың
Жілік шағып,
Май бермекші…
Ұйқысынан тұра алмай жатқан қазағын одан әрі ұйықтатқысы келетіндердің арбауынан қалай да босатқысы келеді. Сөйтіп, ұйқышыл халқын сілкілеп оятпақ болған А.Байтұрсынұлы:
«Әлди, әлди!» –
Мен де деймін.
Сірә, «әлдиге»
Сенбе деймін,–
деп өзінің негізгі айтпақ ойын түйіндейді.
«Жиған-терген» өлеңінде де қазақтың жай-күйін зерделемек болған ақын «…Ұқтыра алмай сөз әуре, Тек тұра алмай біз әуре» деу арқылы алаш қозғалысының нышандарын, яғни қазақ зиялыларының «оян, қазақ» деп ұрандап, «сайраған тілмен, зарлаған үнмен» халықты оятуға ұмтылғанын, «құлағы жоқ кереңдерге» ұқтыра алмай, ұқтыруға жанын салған зиялы қауымның тек тұра алмай әуре болғаны жайын меңзегендей.
Ахмет Байтұрсынұлы бұл өлеңінде артқы тарихқа көз жіберіп, қазақ хандығы тұсын, нақтырақ айтсақ, қазақтардың Ресей империясына қосылу кезеңіне де шолу жасайды. Қалай болғанда да қазақтың осындай мүсәпір күйге түсуінің бастау көзі сол Ресей империясының қанатының астына кірген кезден басталғанына қынжылған ақынның өлең жолдарындағы ескертпесі сол уақыттағы тарихи жағдайлар туралы қазіргі деректердің бұлыңғырлығын айқындай түсетін тәрізді.
Одан әрі ұлт қамын ойлайтындарды «өткелсіз жерге» жер аудартып, сол үшін жоғары ұлықтардан мақтау алған шекпен құмарларды бір күн тойса мәз болатын есектерге балап қана қоймай, ақын ел тағдырына жаны ашымайтын болыстар мен молдаларға да күйінеді.
Қабағын түйіп,
Қаһарын жиып,
Жан-жақты бұлт торлады.
Жаңбыр жаумай, жауса қар,
Жұрт жұтайтын түрі бар.
Осылайша ақын «қабағын түйіп, қаһарын жиып, жан-жақты торлаған» бұлт арқылы орыс отаршылдығын тұспалдап сипаттайды да. Олар әдеттегідей жаңбыр ғана жауғызса игі. Егер қар жауғызса, ел-жұртына үлкен қайғы келетінін ескертеді. Яғни «қар жауылса – ұлан-ғайыр жердің көп бөлігі алынбақ» дегенді ұқтырғысы келгендей. Олай дейтін себебіміз, ақын:
Балалық қалып,
Ес біліп анық,
Ер жеткелі жиырма жыл,–
деп Ресей империясының отар елге жасап жатқан мұндай қиянаттарына жиырма жыл толғанын еске салады. Анықтап айтқанда, қазақ жерін бөлшектей билеу саясатын жоғары деңгейде іске асырғысы келген патша әкімшілігінің 1891 жылы
25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» қабылдағанын тілге тиек етсек, сөзіміздің шындыққа жақын екені айқындала түседі.
Сонымен, бүкіл қазақ жұртының ұйқыда жатқанына қапаланған ақын қауіптің алдын алып, елі үшін шыр-пыр болады.
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып, сорып тұр… –
деп ақынның өзі де ұйқышыл жұрттың күнін түнге айналдырып, мінін көрсетпей, олардың оянып кетпеуін бақылап тұрған «түксиген мұртты обырды» патша империясының әкімшілігі етіп бейнелейді де, «Обыр болса қамқорың, Қайнағаны сол сорың!» – деп патша ұлықтарына үміт пен сенім артпау керектігін астарлы түрде осылайша жеткізеді.
Оянған ерге
Ұмтылған жерде
Еруші аз, серік кем… –
дей отырып, ақын ел қамын жеген алаш зиялыларының көксеген мүддесіне көпшіліктің риясыз сеніп, оларға қолдау көрсетуін үндейді.
«Қыс ішінде бірер қаз Келгенменен, қайда жаз?!» дегенде де ақын «қыс» пен «жазды» бодандық пен тәуелсіздікке балап, «бірер қазды» аз ғана топтанған қазақ зиялылары етіп суреттеген еді. «Қыс ішінде бірер қаз келгенменен, жаздың тез арада бола қоймайтынын» да ұқтырғысы келеді. Сөйтіп, сол уақыттары ел мұратына бірден қол жеткізе алмайтындығын өкіне жырлап қана қоймай, «Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып» деп ұлтының болашағына алаңдайды. «…Қанған жоқ па әлі ұйқың, Ұйықтайтын бар не сиқың?!» деп елінің қамсыздығына да күйінеді.
Жалпы, өлеңді осылайша түйіндеу арқылы А.Байтұрсынұлы ұйқышыл жұртына маса болып ызыңдауының мәнісін де ұқтырғандай еді.
Күнімжан Әбдіқалық,
ҚазМемҚызПУ-дің доценті.
ПІКІРЛЕР51