Бұл оқиға – біз көрген шындық
20.11.2019
1459
0

– Аға, «Қасқырдың көз жасы» әңгімеңізде шынжырға маталған қасқырдың арпалысы мен қазақтың басы ноқтада кеткен небір қайсар тұл­ғаларының тағдырын шендестіре отырып жазыпсыз. Шығарма идеясының өр рух пен еркіндікке деген ұмтылыстан туғанын аңғарамыз.

– Әңгіменің көтерер жүгі өте ауыр. Бір әң­гіме кейбір үлкен хикаяттың жүгін арқалап тұрады. Прозаның бұл саласын оңай деп түсіну – қате пікір. Кейде жаның қатты қиналады. Мысалы, Шоқанның Кенесарының ұлы Садықпен кездесуі туралы әңгіме әуелде түсімде жазылды да, ертеңінде қағазға түсті. Ал жаны қиналған Сәкеннің соңғы сәті туралы баяндалатын  «Сәкеннің Ақбозы» деген туындының өмірге келу барысында екі жылдай қиналдым. Бәрі бар, бәрі көңілде сайрап тұр, бірақ кілті жоқ. Сол кілт Сәкеннің «Тау ішінде» деген әнін бір азаматтың келістіре, жүректі шымырлата орындағанын естігеннен соң табылды.

«Қасқырдың көз жасы» әңгімесін де жаза алмай жылға жуық қиналған едім. Әр деталь іште  тізіліп тұрғандай. Бірақ қағазға түсер сәті келмейді. Қалам жүрмейді. Талай күресті көрген, талай чемпион атанған алпауыт аза­маттың ұлы даланың бір шетіндегі ерте заман­ның тас мүсініндей мелшиген жүзінен көрген бір тамшы жас бәрін шешті. «Әңгімені жаза салам» деу – әурешілік. Олай ойлау әңгіме жанрын түсінбегендік болып есептеледі.

Жазушы әлдебір мәселені көтергісі келсе, қандай орта болса да тартынбай кіргені дұрыс деп есептеймін. Ұрылар туралы жазғың келсе, солардың жасағанын жасамасаң да, сол жолда тайғанақтап жүрген адамдардың ортасында бола біл. Саусақтан сорып жазғаннан көзбен көрген бір ғана шындық артық. Өмір – саясат. Саясатта ағым көп. Одан да сырт қалуға болмайды. Шынжырға маталған қасқыр да, аяғын шынжыр қажаған тұтқын да – біз көрген шындық. Екеуі де – ұлы даланың қайсар тұлғалары. Бас салып сабағанды да талай рет бастан кешкенбіз. 

Оқи отырыңыз!

Кәмел Жүністегі. Қасқырдың көз жасы

– Шығармалардың көбінде ит пен қасқырды тайталасқа түсіріп қоятынын байқаймыз. «Көк түтінді бұрқыратқан көк мылтықтылардың дара­қы­лығы да» жан ауыртады. Шығарма желісі көр­кем негізде құрылған. Әлі (бас кейіпкер) болмысы да үш түрлі жаратылыс иелерінің тартысы үстінде айқындалып, шығарма соңында «атпаңдаршы», – деп тіл қатады. Қасқыр табиғаты да кеңінен ашылған. Алайда әңгіме мазмұнына әлдебір шиеленіс жетіңкіремейтін секілді.

– Мен аңшы адаммын. Тура 78 жасқа дейін аттан түскенім жоқ. Қараша айынан бастап қар қатқанша аң қақтық. Алайда мерген болсам да қолыма мылтық ұстаған емеспін. Аңшылықтың ерен түрі – жаныңа жолдастарыңды ілестіріп, қоянға да жетіп, қасқырды да алатын Арқаның салқы төс, жүнді балақ  тазыларын ертіп шығу ғой. Аң қашты, еліре қуып ит кетті, екпіндете шауып сен келесің. Сан айлаға салып қашқан, қарға аунаған түлкі, айбатын шегіп алыса кеткен қасқыр, сақ-сақ еткен азулар. Бар табиғат көз алдыңда.

 Қырып салу мақсат емес. Әр шық­қанда бір түлкіні ғана алып, «Ал, қайт­тық», – дейсің достарыңа. Ере шыққан жас жігітке «қанжығаң майлансын» деп олжаңды байлап бересің. Осыған менің жолдастарым көндіккен. Тау-тасты кездің, пан далаға сүйсіндін, бұдан артық не керек… Осыған риза едік.

 Ертеректе бәрі басқашалау еді. Қазіргі аңшыдан шошисың. Ажы деген ауылға барған едім бірде. Қаладан аңшылар келеді, құдды бар қаруын асын­ған жасақ. Көліктері танкіге бер­гісіз. Зеңбіректен басқаның бәрі бар. ««Аң жоқ бұл жақта, аң қалған жоқ» деп өзіміз әзер де безер боламыз» деседі ауыл жұрты.

Әнебір «снегоход» деген жүрдек шанаға мінгендерден де запы болған ел. Сондай жүрдек шанаға мінгендер наурыз айының ортасында бейғам жүрген түлкіні атып алады. Мұндай әрекетке ренжігендер: «буаз ғой, бұларың қа­лай», – десе, «е, мен мылтығымды қанда­май­мын ба?» – деп дүрсе қоя берген екен әлгілердің бірі. Құдды отызыншы жыл­дардың белсендісі, соның әкіреңдеуі дерсіз.

Әңгіме мазмұнына осындай олқы­лық­тарды арқау етіп, арнайы бір көрініс­ті ғана бейнелегім келді. Оқиғаны жан-жақты өрбітіп, қайшылықтар қатпарын қалыңдатуды қаламадым.

– Қандай жағдайда да қақтығыстан қайт­пайтын қасқырдың артында ерген бөлтіріктеріне қарайлап қаша алмай келе жатқаны, бөлтіріктері үшін дәрменсіз күйге түскені, расында, «тұла бойды шы­мыр­латады». Дала тағысының отба­сына деген адалдығын, ұяластар арасында сақталатын мызғымас  заңдылық­тарды ақын Сабыр Адай  нағыз ұлт демок­ратиясының үлгісіне балаған.  Көкжалдың осындай қасиеттеріне шынайы куә болған сәттеріңіз бар ма?

– Қасқыр – текті де есті аң. Ол дұш­панына тізе бүкпейді, қай кезде де мойымайды. «Шошалаға түскен қасқырды азаматтар сойылмен бастан ұрып тастап, сүйретіп алып шығып, терісін сыпырды. Сөйтсек, қасқыр тірі екен, көзін ашып-жұмып жатты, алайда қынқ еткен дыбыс шығармады. Терісін сыпырған қасқырды қоя беріп еді, тұрды да қыр асып кетті», – деп әжем айтып отыратын. Өзім де бірде сондай уақиғаның куәсі болдым. Шет шоқы деген қыстақтың шөбін шауып жатқан ауылға түн баласы бір қасқыр маза бермейді екен. Жатқан малды үркітеді, байлаулы бұзауларды талайды. Бірақ ішін жарып кеткеннен, өлтіріп кеткеннен аулақ. «Кектеніп жүр» десіпті үлкендер. Соның алдында көкжалдың қосағын, қаншығын сол ауылға түнеген біреулер қолға түсіріп, аяғын сындырып, басын мылжалап, қинап өлтірсе керек.

– Кектеніп жүр. Біреуді жазым етеді. Бала-шаға бейсауат жүрмесін, – деген ескертулер айтылады. Ауылдастар екі-үштен түнде күзетке де шығатын болыпты. «Сескенбейді» дейді көргендер. Ай туа таудан түсіп, бізді ке­­рек те қылмай, күндегі әдетін істейді. Бір жо­­лы қарсы келіп қалған ауылдың үлкендеу бір­еуінің білегінен батыра тістеп тұрып қоя бергені бар.

– Бұл біреуді іздеп жүр, – деп шошынған жұрт. Күзет тіпті күшейген. Құтылудың бар амалы ойластырылған. Мынадай жағдайды естіген соң мен де жеткенмін. Жұрттың зәресін алған, кек қуған көкжал қолға түсіпті.

– Тірідей терісін сыпырып жатырмыз, – деп мәз болды тракторшы.

Тітіркеніп қалдым. Төрт сирағын жалаңаштап, жон арақасын да сыпыруға аз қалған. Тірі көкжал тесірейе қарап жатыр. Әлдебір жұдырық қаттырақ іреп, пышақ етті тереңдей тілгенде ғана ауырлау дем алады.

– Ойбай-ау, мынау тіпті елең де  қыл­майды ғой, – деседі танғалысқан шөпшілер.

Тұмсығына таяп қана терісін қалдырған қасқырды қоя берген еді. Қыр асып кете алмады, құлады. Бірақ орынынан тұра беріп алая бір қарағаны көз алдыдан кеткен емес.

Адамға отбасынан артық не бар болуы мүмкін. Шыбын жаныңды солар үшін еш ойланбай қиясың да. Оттай ыстық балаң, көзі жәудіреген немерең… Ал, қазір сәбиін күлге тастап кете беретіндер табылып жатыр. Осыған не бір шара, не бір жаза да жоқ. Не боламыз? Ал көкжал жер бауырлап жылжып, бөлтірігіне пана сұрап келеді. Қасқыр қыңсыламаушы еді, бірақ дәрменсіз күйге түскен ол артына қайта-қайта жалтақтап қарап үзіле үн шығарған. Көк мылтық ұстағандарға жаутаңдаған. Жаутаңдаған жанардан бір моншақ үзілген. Ол өз басын ажалға ұсынып, адамнан баласына мейірім сұрады. Ал адамның жүрегіндегі мейірім деген сөнген.

 «1941» деген киноны көргенім бар. Арпалысқа түскен неміс офицері мен совет солдаты. Астына түскен неміске қанжар қадау ғана қалған. Солдат тұрып кете берді. Неміс өзінше «рақмет», – деді. Тағы сол кинода жаралы солдатты іздеп тапқан неміс солдатына орыс қызы жалынып тұр. Неміс солдаты «мен солдатпын, палач емеспін» деп кете береді.

Адамзат осылай болған ғой. Мейірім көрсете білген, аяй білген. Кетіп бара жатқан құмырсқаны шимен түрткеніміз үшін «неге тиісесің, оны да Құдай жаратты», – деп ұрысушы еді әке-шешеміз. Кез-келген сайда пәленбай құмырсқа илеуі болушы еді, кәзір тып-типыл, іздеп таба алмайсың.

  Япыр-ай, адамда «аяу» деген сезім таусылған ба? Қайырым мен мейірім болмаса, адамзатты не күтіп тұр?.. Алла жаратқан ең ұлы тіршілік иесі – адам. Көкжал сол адам баласынан мейірім күткен еді.

– Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романына да арланның терісі сыпырылған сәтте де қыңқ етпегені, тек шоқ көздерінен бірер тамшы ғана жас шыққаны арқау етілген екен. Қасқыр, шынында, жылай ма?

– Қасқырдың шынайы жылағанына куә болған адам бар ма, оны анық білмеймін. Алайда манағы қасқырдың алая қараған сәтіндегі көзінде тұп-тұнық тамшының тұнып тұрғандай көрінгені бар.

– Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір