Ұлықтарға ұлы дала керек пе?
18.11.2019
1728
0

Мәселе кісі жалдап концепция жаздыруда емес, мырзалар!

Жақында әйтеуір мазаққа объект іздеген күлкішіл жұртты мәз қылған, әйтеуір үкіметке шүйліккісі келіп тұратын ызалы ағайынды «тағы да ақша жымқырмақ болған ғой, жүз миллион, ой, сұмдық-ай!» деп кіжіндірген, қалай дегенмен де сілтемесі аяқ астынан электронды БАҚ, әлеуметтік желі мен мен telegram, whatsApp-та ерсілі-қарсылы ағылған бір жаңалық болды. Былай қарасаңыз, алып бара жатқан дәнеңе жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты бір шаруаға жүз миллион теңге сұраған, оны Мәжіліс төрағасы сынап тастаған.

Екі күннің бірінде болып жататын қатардағы оқиға. «Қатардағы оқиға неге осыншама әңгімеге тамызық болды?» десеңіз, министрлік «концепция жазуға арнайы топ жалдаймыз, соған төлейтін қаражат керек» деп түсіндірген сияқты (мәжілісте түсірілген видеошолудың қысқа үзігінен соны ұқтық). Яғни, ресми құжат тілімен айтқанда, тарихи-мәдени мұраның бірыңғай кешенін әзірлеуге осыншама қаражат қажет болыпты. Әлқисса, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин ренжіді, вице-премьер министр Б.Сапарбаев «министрліктің қателігі, кінәсі бар» деп мойындады, ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары әрі Қаржы министрі Ә.Смайылов «қысқарттық, жүзді отыз миллионға түсірдік», –  деп мәлімдеді, өзіне «орташа қызметкермін» деп баға берген Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Рамазанов (тарихи, м+++әдени мұраның кураторы емес, спорт саласын қадағалайтын вице-министр) «ойластырамыз, жасаймыз» деген сыңайдағы жігерлі уәдесін беріп тастады. Сонымен барлық түйін шешілгендей. Мемлекет қаржысы үнемделді. Осындай маңызды мәселе қаралар тұста Маңғыстауға кетіп қалған жаңа министрге сабақ берілгендей болды. Бәрі орынды. Бәрі тамаша!

 

Дегенмен осы жайтты сырттай «қызықтаған» қаймана қазақ – біздің көңілімізде бірталай дық қалды. Егер әңгіме әдепкі тұжырымдама (концепция) турасында болса, онда отыз миллион теңге – орынсыздығы өз алдына, рабайсыз көп шығын. Және бұл – аппаратында, содан соң бағынышты мекемелерінде қаптаған қызметкері бар министрліктің тікелей өзі атқаруға міндетті, ары кетсе, бірлі-жарымды эксперт тартумен ғана бітетін шаруа.

Әуелде осылай ойлағанмен, та­рихи-мәдени мұра деген соң, оның үстіне осы салаға азды-көпті қатысымыз болғандықтан, сұрастырып байқадық, мәселе кісі жалдап, концепция жаздыру­да емес сияқты. Министрлік еліміздегі тарихи-мәдени мұраның бірыңғай комплексін, яғни, біз­дің пайымымызша, көне ескерткіштердің бір стандартқа бағындырылған мәліметтік базасын жасақтамақ болғанға ұқсайды. Ал бұл деге­нің­із – қыруар жұмыс. Осы рет­те қадап айтатын мәселе –  ешқа­шан, ешқандай министрліктің құ­рамында ондай жұмысты атқаратын тұрақты  штаттағы жұмыскерлер болған емес, болмайды да. Болуға тиіс те емес.

Неге? Енді осы күрделі сұрақ­қа, біліміміз жеткенше және мүм­кін­дігінше, жауап беруге ты­ры­сайық.

Тарихи-мәдени ескерткіштер деген –  өте ауқымды, көп мағы­налы ұғым. Бұл ұғым аясында ең қастерлі Қожа Ахмет Иассауи дүрбесінен бастап, тасқа қа­шал­ған қадыми суреттерге дейінгі аралықтағы әр сипаттағы, сан сала­лы ескерткіштер толайым қам­тылады. Мәселен, соның іш­ін­дегі бір ғана сала – тастағы пет­роглифтерді алайық. Қазақ жерінде көне петроглифтердің  қаншама шоғыры бар һәм солар­дағы бейне, сұлбалардың жалпы саны, межелеп болса да, қанша? Мен білмеймін. Ең күйдіретіні –  еш­кім білмейді.  Өйткені таңбалы суреттердің барлығын зерттеп, таңбалап, әрбіреуін даралай өлшеп-сызып, нақтылап тізген, санаған сенімді дерек көзі, ресми каталог, басқаша айтқанда, қазіргі заманғы талаптарға сай жинақталып, жүйе­лен­ген мәліметтер базасы жоқ. Тіпті, әбден тексерілген деп санала­тын, кезінде осы саланы алғаш қол­ға алған тәжірибелі ғалым, ұстаз Максимовадан бастап, әр уақытта Медоев, Марьяшев, Әубәкіровтер зерттеген, кейін Рогожинский арнайы, толымды альбом шығарған Таңбалыда, мына Алматының түбіндегі мәшһүр Таңбалыда нақты қаншама петроглиф бар? Ілгеріде қаншасы тізімделді, бүгінде соның нешесі сақталып қалды, қандай суреттерден айрылдық? «Үлкен шатқалдағы бәдіздің саны 3000 суреттің төңірегінде» деген жауап аласыз. Тап солай. Нақты ай­тыл­майды: төңірегінде, шамамен, мөлшермен, жетеқабыл, астам… Яғни, бұл – анық дерек емес. Долбар. Бұл ең көп зерттелген, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізілген Таңбалының жағдайы! «Ешкіөлместе 10 мыңдай петроглиф бар» дейді тағы бір де­рек. Құлжабасыда, Хантауда, Баянжүректе, Орта көңде, Ар­паөзенде… Қайсысын алып қарасаңыз да, осылай. Шамамен, болжалмен… Барлық петро­глиф­тердің біреуі тізімнен тысқары қалмай түгел, сапалы да айқын таң­баланған, ғылыми тұрғыда дәйекті каталогы жасалған ешқайсысы жоқ. Ал зерттелмегені қаншама? Керемет зерделі, ізденгіш, еңбекқор адам, зоология профессоры марқұм Мариковский ақсақал өз бетімен дала кезіп жүріп ашқан, көрген, қарапайым фотоаппаратқа тартып алған, блокнотына суретін сы­зып алған петроглифтердің өзі қаншама! Алтай, Тарбағатай, Шыңғыстау жағындағы жақпар тас, сай-салада тұнып тұрған қадыми бейнелер жайында сөз қозғамай-ақ қойсақ та болады. Ілгеріде классик жазушы, үлкен ғалым М.Мағауин туған өңірі Шұбартаудың Көп­бейі­тіндегі ежелгі петроглифтер туралы мақала жазды, бір­қатар суреттер жариялады. Со­дан бері де сол жаққа біреу елеңдеп, іздеп барыпты, түгендепті дегенді естімедім. Ал Қарқаралы, Ұлытау, Кішітау, Маңғыстау беттегі сурет-сызбаларды кім тізімдепті? Айтпақшы, сол әлемге әйгілі Таңбалыдан көп қашық емес Қо­падағы сансыз тастың бетіне бедерленген таңбаларды түгендеген тағы ешкімді көрмедік. Айта берсек, түгесілмес тақырып бұл.

Ақыры осы тарапта сөз қозғап қалдық, енді сол петроглифтердің қалай құжатталатыны, зерттеу, түгендеу әдістері жайында, археолог-этнограф болмасақ та, мәдени мұра соңында архивте бірталай еңбек ете жүріп көңілге түйген, өзімізге белгілі (ал бізге белгісізі тым көп деп білемін) жайттардың шет жағасын ортаға салайық. Неге бұлай тәптіштеп отырғанымның сыры сөз соңында белгілі болады. Бұрындары бізде де болған еді, ал әлі күнге шет елдерде, басқасын айтпағанда, мына көрші Ресейде петроглифтерді іздеп тауып, таңбалап, түгендеу мақсатында көп адамнан тұратын экспедиция дүркін-дүркін шығып тұрады. Италия, Германия, Норвегия, Балтық жағалауы елдеріндегі жылдар бойы үздіксіз, тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстары туралы айтпасақ та болады. ХIХ ғасырдың соңынан бастап жүйелі түрде зерттелген, бүгінгі таңда 3D нұсқаларына дейін жасалған Валкамоника петроглифтері әу баста 140 мың делінген еді, енді Италия ғалымдары олардың саны 300 мың деп отыр. Лазерлі сканерлеу барысында бәдіздердің бірнеше  қабаттаса түскендіктері анықталған екен. Ал 1994 жылы ғана Франциядағы Пон Дарк аңғарындағы үңгір ішінен Жан Мари Шове тапқан 300 петроглифті Франция көзінің қарашығындай сақтап, аялап отыр. Ол үңгірге туристердің кіруіне тиым салынған. Жел мен судан қорғау үшін арнайы қорғаныс қондырғыларын орнатқан. Сол петроглифтер туралы деректі фильм түсірген атақты режиссер Вернер Херцогке Францияның Мәдениет министрі санаулы сағаттарға ғана рұқсат етіп, түсірілім барысын өзі қадағалаған. АҚШ-тағы Ньюспейпер-Рок, Аргентинадағы Куэваделас – Манос, Испаниядағы Альтамира, Норвегиядағы Альта петроглифтерін мемлекет көздің қарашығындай сақтап отыр. Тіпті, олардың дәлме-дәл көшірмелерін жасап қойған. Көшірме жасау барысында мыңдаған жыл бұрынғы бәдіздер бедерленген тастардың құрамына дейін анықталған. Қа­сы­мыздағы  Алтайдың Ресейге қарасты бөлігіндегі 15 шақырымдық аумақта жатқан  петроглифтер өлкесі арнайы қорғау аймағына айналған. Алтай петроглифтерін зерт­тейтін ғылыми-өндірістік ор­талық ашылған. Бізде бұлардың бірде-біреуі жасалмай-ақ қойсын… Тым болмағанда, санын біле алмай отырмыз ғой…

Өзінің өткеніне жүрдім-бардым қарамайтын, келешегінен үмітті өркениетті елдерде экспедиция құрамына археологтардан басқа осы іске маманданған суретші, фотограф, жер жағдайын кәсіби зерделейтін геодезист, көне таң­ба­лар шоғырланған мекеннің тура қай жерде, қай ендік, қай бой­лықта екенін анықтап, картаға түсіретін топограф, картограф, тіпті арнайы дайындығы бар альпинистер, тағы басқа мамандар кіреді. Адамдар таситын, сонымен қатар жеңіл шатыр, қажетті құрал-жабдық, азық-түлік артқан жол талғамас мықты бірнеше автомобиль болады. Ал қазіргі заманда петроглифтерді нақты, сенімді түрде құжаттау мақсатында аэрофото түсіру жұмыстары жүр­гізіліп, ландшафтық карта жасалатындықтан, ұшақ-дрондар, оларды басқаруға маманданған операторлар да экспедиция жабдықтары мен мүшелері сапына қосылады екен.

Фотог­рамметриялық модельдеу, лазерлік тәсілмен скан­далған нүктелері арқылы модельдеу үшін бірге алып жүретін қуатты компьютерлер мен компьютерлік графика дизайнерлері және бар. Өйткені түпкілікті болмағанмен, әуелгі модельдеу жұмы­сы­ның біразы зерттеу істе­рімен қабаттаса, қатар атқарылады. Әлдебір детальды, мүк басқан, жарықшақ түскен, сурет үстіне басқа сурет бәдізделген ерекшеліктерді сол жерде қолма-қол айқындап, дәйектеп алу үшін. Сенуге болатындай 3D сұлбасын жасап алу үшін. Лазерлік тәсіл, яғни лазермен скандау мамандары мен жабдықтары да осы санатта. Бұларға қосымша таңба қашалған немесе сұлба сызылған тастың бедерін, ол бедердің батыңқылық деңгейін, сызат, жарықшағын дәлме-дәл, қолмен ұстағандай етіп анықтауды көздеп, тас бетіне жапсырылатын, сөйтіп бедерлі көшірме алу үшін қолданылатын арнайы калька, арнайы мата, оларға керекті арнайы сұйықтықты да ескеріңіз. Жарық түсіру құралдары, көлеңкелегіш, жарық сейілткіш перделер де осы қатарға үстеледі.

Хош, енді екі-үш көлікке тиелген осыншама адам ой жотамен он мың суреті бар деп болжанатын Ешкіөлместе қанша апта немесе қанша ай тынбай еңбектенетінін есептеңіз. Содан кейін қазақтың ұланғайыр даласында тарыдай шашылған петроглифті жартастар, шатқал, сайларды шығыстан –батысқа, түстіктен – теріскейге дейін сүзіп шығу үшін дәл осындай қаншама экспедиция қажет болар еді, соны шамалаңыз. Кемінде сегіз-тоғыз! Және бір емес, бері салғанда үш-төрт жыл бойы үдере жүргізілетін ауыр жұмыс. Сондай жұмыс жүргізуге әзірлігі, білігі жеткілікті мамандар қазір бар ма? Қазақ сахарасын қажымай, талмай, шарлап, саналы ғұмырларын, тоқыған, сіңірген білімдерін көне жәдігерлерді тануға, танытуға ар­наған, әлі де еңбек үстіндегі жан-жақты білімдар, сарабдал ғалымдар Әжіғалиев, Самашев, Төлебаевтардың ізін кім басады? Және осындай күрделі шаруаны үйлестіріп, жоспарлап отыруға қай мекеменің қауқары жетеді? Көне жәдігерлерді зерттейтін заманауи үлгідегі құрал-жабдық жеткілікті ме? Қазір облыс орта­лық­тарының барлығында бар өлкетану мұражайларының ішінде керегедей болып жатқан тастағы петроглифтердің сынықтарын қай тауды қопарып, қай тасты жарып алып келген? Тіпті, мың жылдық суреттер қашалған тас сынықтары жекелеген адамдардың қоралары мен аулаларында шашылып жатыр. Бұл бір ғана тарап –  петроглифтерді түгендеуге байланысты мәселелер.

Ал қиян дала, қиыр тау беткей­ле­ріне қадалған балбалдарды қандай экспедиция, қай уақта жоқ­тап, жолға шығыпты? Мен бұл арада жекелеген әуесқойларды, фотосуретші, кинооператорларды айтпаймын. Қазір кез келген жергілікті музейдің албарынан осындай балбалдарды көресіз. Кім қайдан алып келген ол балбал тастарды? Алынған жері картада белгіленіп, қалай, қай тарапқа қарап тұрғанына, төңірегіндегі нысандарға фиксация жасалған ба, жоқ па? Бұл  – ешқашан жауабы табылмайтын, мәңгі ауада ілініп тұрған сұрақтар! Күлбілтелемей, ашық айтсақ, мың­даған жыл мызғымай тұрған балбалды, –  әлдеқашан жер бетінен көшіп кеткен бабалардың танымы, сенімі, этикалық, эстетикалық  прин­циптері хақында мына қазір жер басып жүрген бізге, бізден кейін жер бетіне келер ұрпаққа аманат – сәлем жеткізетін ғажап жәдігерді, – терең қазып, мығым орнатылған ұясынан талқандай сындырып, суырып алып, сүйреп әкету – бір қазақ қана емес, бүткіл адамзат мәдениеті алдындағы қылмыс.  Әрине, ауыл, аудан территориясындағы сол балбалдарды көре қалып, қазып ала қойған әуесқой тарихшы мұғалімдер, жергілікті пысықтар «қылмыс жаса­дық» деп ойламағаны, көлденең пайда көздемегені анық. Көңіл үшін демесек, бұдан надандықтың ауыр салдары жеңілдемейді. Бір ғана мысал, менің туып-өскен же­рім Семейдің Үржар ауданы ау­мағында, Тарбағатайдың күн­гей бетінде Ақ перілі деген биік бар. Сол биіктің тура ұшар шыңында бір жақ шекесі кетілген жалғыз балбал тұр. Ары қарай етекке таман бірнеше балбалдың опырайған орны ғана жатыр. Жергілікті азаматтардың айтуынша, 1990 жылдардың басында аудан әкімшілігінде идеология саласында басшылық қызметте істеген біреу мың жыл мызғымай тұрған балбалдарды тау биігіне көтергіш кран мен шынжыр табан трактор шығарып, ырғап-ырғап суырып, ауданның орталық саябағына декорация ретінде орнатып қойыпты. Кейін «ерен еңбекпен» орталыққа әкелінген балбалдарды әркім алып кетіпті. Естуімше, нешеме ғасырлық алағай-бұлағай замандарды бастан өткерген балбалдар қазір әркімнің ауласында әрқилы міндет атқаратын затқа айналған көрінеді. Ал анау күні бүгінге дейін Ақ перілінің биігінде қалқайып тұрған сынық балбалдың шекесін шірене тартқан трактордың темір арқаны жұлып кеткен көрінеді.

Бұл –  тұтас тастан қашалған, заманында бабаларымыз мәңгіліктің символындай көрген балбалдардың тағдыр-талайы… Ал қам, шикі кірпіштен тұрғызылған, әрқилы табиғи, адами себептердің салдарынан мүжіліп, шөгіп, құрып бара жатқан көне тамдар – кесенелер не күйде? Қаншасы тұр қалқиып, қаншасы үйіндіге айналды? 

Басқасын қоя тұралық, совет кезінде өз қалпына келтіруші мамандарымыз білгенін жасаған, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түрік ағайындар оң көңілмен, бірақ терең ғылыми дайындықсыз апыл-ғұпыл қалпына келтірген Иассауи кесенесінің қазіргі жағдайы нешік? Ішінің базданып, сыз тартқаны, кесене қабырғасының астына алты ғасыр бұрын төселген гидроизоляцияның парықсыз бүлінгені, қабырғалардың табанынан жоғары өрлеген ыза, тұздың ортан белге жетіп қалғаны туралы жайсыз хабарлар баспасөз бетіне әредік шығып та жүр. Мен білгеннің өзінде Министрлер кабинетіне, бірін-бірі ауыстырып, келіп-кетіп жататын министрлерге талай хат жолданды. Шыққан нәтиже жоқ. Ағайынның көңіліне қарап, қасиетті дүрбенің құлауын күткендей болып осылай отыра береміз бе, әлде саз балшықтан тұрғызылған ғимараттар жайын жетік білетін іргедегі өзбек, алыс­тағы үнді ғалымдарын шақырып, нақты әрекетке кірісеміз бе?

Жә, бір қайғы жүз қайғыны қоз­ғайды… Мәжілістегі кепке қайта оралайық. Сонымен егер мәселе дәл осы тұрғыда көтерілген болса, онда Махамбет атамыз айтатын «қатепті қара нардың» бірі емес, жүзінің белі көтермес бұл іске отыз миллион, тіпті жүз миллион түгілі үш-төрт жүз миллион теңге де аздық етер еді. Шындыққа жүгінсек, жүз миллионыңыз – АҚШ долларына шаққанда қазір 250-260 мың доллардың көлеміндегі қаражат. «Ұлы Дала!», «Ұлы Дала!» – деп шіренгенде үзеңгіні үзе жаздаймыз, сол далаңыздағы мыңдаған жылдық мұқым тарихи жәдігеріңіздің тағдыры 250-260 мың көк қағазға тіреліп тұрса, жағдайымыз тым-ақ аянышты екен. Тағы айтарымыз: осынша күрделі бұл міндет тіпті де Мәдениет және спорт министрлігінің жеке құзырына бері­ліп қоймасқа керек. Бұл шаруа –  ежелден-ақ салалық министр­ліктердің бірнешеуіне, сондай-ақ жергілікті билік орындарына  бірдей қатысты міндет. Сол себепті егер біз­дің мемлекетіміз тарихи-мәдени ескерткіштердің қамын шындап ойласа, Министрлер кабинетінің қасынан агенттік пе, комитет пе, әлде басқа бір бірлік пе, әйтеуір дербес дәрежелі ведомствоаралық құрылым жасақталуы керек түбінде.

Әрине, біздің бүгінде көп жұрт ұмытып үлгерген «болмашы» бір оқиғадан туындаған осыншама ұзақ һәм көңілсіз кебіміз ешкімді селт еткізбес. Дегенмен «айтпаса сөздің атасы өледі». Кім біледі… сөзімізді ұғар құлақ күндердің күнінде табылып қалуы да мүмкін.

Базарбек Атығай,

Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір