«Құтты білік және Мемлекет» атты ғылыми жиыннан туған ойлар
25.10.2015
2949
0
568355_1735034057______________________________Қырғыз елінің астанасы Бішкек шаһарында ағымдағы жылдың 18-19 қыркүйек күндері Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығына арналған «Құтты білік және мемлекет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінде «Мурас» қорының ұйымдастыруымен өтті. Қазақстан, Ресей, Түркия, Қытай және басқа елдерден шақырылған, сондай-ақ, басым түрде қырғыз зерттеуші-ғалымдарының белсенді қатынасуымен өткен ғылыми жиынның пленарлық отырысында сегіз, ал секциялық отырыстарында алпыс жеті баяндама тыңдалды.


Қазіргі заманда, Аллаға шүкір, түрлі дә­­реже-дең­гейдегі ғылыми жиындарға тап­шылық жоқ. Ал мына аталған жиынның аты да, заты да бөлек еді. Ол өзін түрік тілді өр­ке­ниетке жатқызатын ел­дер­дің тарихы мен мәдениетінде ерекше орны бар, әлемде ұлы ойшыл ретінде мойындалған Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнның шығармашылық мұ­ра­сына, оның бүгінгі біздің рухани сұ­ра­ны­сы­мызға байланысты атқаратын қызметіне арналды.
Конференция барысында пікір алысу «Жү­сіп Ба­ласағұнның «Құтты білік» атты шы­ғармасы бү­гінгі біздің қоғамдар үшін не­сімен құнды?», «шы­ғар­ма жаңғыру жо­лын­да тұрған білім және мәде­ние­тіміздің өмірінде қандай міндеттер атқармақ?» сияқ­­ты іргелі сауалдардың төңірегінде өрбіді.
Сонымен, Ж.Баласағұн мұрасының бү­гін­гі түр­кі­лер өркениеті үшін құндылығы жө­нінде. Бұл рет­те баяндамашылардың пікірі мынадай тұжы­рым­ға сайды.
Ортағасырлық түркілер мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуы Қарахандар ме­млекетінің (840-1212) өмір сүрген мезгіліне тұс келеді. Қара­хандар мем­лекеті Орталық Азия түркілерінің интел­­лек­туал­дық өрлеу мүм­кіндігіне жаңа серпіліс берді: би­лік рес­ми түрде ислам дінін қабылдады, білім мен ғылымға қолдау жасады, оқу орындарын аш­ты, сол арқылы қоғамда жаңа рухани құн­ды­лық­­тардың тамыр жаюына пәрменді ықпал жасады, т.с.с. Мемлекеттің руха­ниятқа көрсеткен бұл қол­дауы өз нәтижесін берді. Өмірге Жүсіп Ба­ла­сағұн­ның «Құтты білік» (ХІ ғ.), Махмұт Қашқаридың «Түрік сөз­дігі» (ХІ ғ.) сияқты түркілер өркениетін жал­пы­а­дам­заттық кеңістікке алып шыққан кла­с­си­калық туындылары келді. Түркі халықтары мә­дениетінің жаңа сапа және кеңістікке шығуының жинақы кө­рінісі түрік әдеби тілінің қалыптасуы болды.
Ортаазиялық Әл-Фараби, Ибн-Сина, Ибн Рушд сияқ­ты ой алыптарының қатарын­да еңбек еткен Ж.Баласағұн мен М.Қашқа­ри­дың түркі тілі мен мәдениетін өрістету дәс­тү­рін Қожа Ахмет Иассауи (ХІ ғ.), Әлішер Науаи (ХV ғ.), Мұхаммед Қайдар Дулати (ХVІ ғ.) және басқа ірі шығармашылық иелері жал­ғастырды. Соның нәтижесінде түркі халықтары әлемдік өркениетте өз орнын анықтады. Басқаша айт­қанда, Ж.Баласағұн міне осындай жал­пы-өр­кениеттік маңызға ие іргелі жұмыстың басында тұрған тұлға­лар­дың бірі болды.
Ортаазиялық кеңістікте білім мен ғы­лым­да араб және парсы тілдері үстемдік алып тұрған заманда түркі халықтарының талантты өкілдері бай түркі тілін қасиет тұту, сондай-ақ, оны білім мен ғы­лым тілі дә­режесіне жеткізу жолына түсті.
Ж.Баласағұн өз кітабының жазылған тіліне бай­ланысты «кітаптар көп арабша да, тәжікше, біз­дің тілде бұл жалғыз-ақ әзірше» (үзінділер А.Егеубайдың аудармасы бойынша берілді), – дейді. Ал кітап болса Бура хан билігі тұсында «хан ті­лінде жазылып һәм таралғанын айтып, Қа­ра­хандар мемлекеті кезінде түрік тілінің мемлекеттік дәреже алғандығына нұсқайды. Ал оқырманына «кі­тапты қабыл алып қарарсың, түркі тілі ға­жа­бы­на қанарсың», – деп, оны ана тілінен ортақ ләззат алуға шақырады.
Яғни Ж.Баласағұн мен М.Қашқари сияқ­ты алып­тар қалыптастырған дәстүр біз­ді алдымен өз еліңде, ана тіліңде бар ру­хани құндылықтар мен даналықты танып, көре білуге, сондай-ақ, оларды бойға сіңіру­ге иландырады. Мәдениет туған елің­нің ғасырлар бойы жүріп өткен жолын білуден жә­не осы жолда қалыптасып, сыннан өткен құн­ды­лықтарды күнделікті өмірде тұтынудан бас­та­латындығын еске салады.
Ұлы ойшылдарымыздың бізге жеткен бұл аманатын есте ұстаудың маңызы зор. Өйткені, біз қа­зақ және қырғыз халықтары дербес мемлекет­тігі­мізге күрделі кезеңде қол жеткізіп отырмыз. Ұлт­тық мемлекеттер батыста да, шығыста да дағ­да­рыстық жағ­дай­ларды бастарынан кешіруде. Олардың әлем­дегі алып империялық құрылым­дармен және мемлекеттермен бәсекеге түсуге қауқары жете бермейді. Соған байланысты әлгінде ғана алған тәуелсіздігін толық күйін­де игеру олар­ға қиынға соғуда.
Яғни біздің қоғамымыздың осындай қайшы­лықты жағдайға кезігіп отырғандығын іштей болса да түйсінгендігіміз артық болмайды. Мұндай жеңіл емес жағдайдан абы­рой­мен шығудың жолдарын мемлекет бас­шылары және басқару органдары біле­тін болу керек. Ал, біз, ұлт зиялылары әрбір ха­­лықтың, әрбір мемлекеттің өздерінің бірегейлігін (идентичность) берік сақтау ар­қылы ғана өмір сүре алатындығын терең ұғына отырып, оны нығайта түсу және жаңа заманауи сұраныстарға бейімдеу бағы­тын­да жұмыс істеуге міндеттіміз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен және пәр­менді қолдауымен бүкілме­мле­кет­тік деңгейде аталып отырған Қазақ хан­ды­ғы­ның 550 жылдығы осы ойға жетелейді.
Идентичность – әлемдік ғылымда қа­был­данған жә­не қолданыстағы термин. Ұлт пен оның мем­ле­кеттігінің, ұлт пен қоғамның тұтастығын, бірыңғай­лы­ғын білдіреді. Мәсе­лен, қазақ елін оның шексіз де шетсіз Ұлы даласынсыз, өзінің ата кәсібіне, салт-дәстү­ріне, құндылықтарына, мемлекеттігіне, ұзақ тарихында бірлесіп өмір сүріп келе жатқан басқа да отандас ұлт өкілдеріне деген құрметінсіз елестету мүмкін бе? Әри­не, мүмкін емес. Сол сияқ­ты, қырғыз елін оның Алатауы мен әсем Ыстық­-кө­лінсіз, телегей теңіздей «Манасынсыз», дәстүрлі ән-күйінсіз көз алдына келтіру қиын.
Яғни әрбір халықты ұлт дәрежесінде ұйы­тып тұр­ған тылсым күш бар. Сол күш қа­зақ­ты қазақ, қыр­ғызды қырғыз дәре­же­сіне көтеріп тұр. Осы күш­ті терең сезінген Мағжан ақын:
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін, –
дейді. Әңгіме тақырыбы болып отырған Ж.Ба­ла­сағұн шығармасында айтылған ой­лар, жасалған тұ­жырымдар ол өмір сүр­ген түркі жұртының өмі­рінен бастау алады. Әрине, үйрену, басқа елдік әдебиеттен хабардар болу бұл табиғи нәрсе және бар­лық халыққа тән құбылыс. «Құтты білік» төлтума шығарма, жайдақ еліктеуден мұндай ұлы ең­бек тумақ емес. «Құтты білікте» халықтың сол бір құ­нарлы кезеңге дейін жинақталған рухани құн­дылықтары өз орнын тауып, таңғаларлық үйлесімді баяндалған. Осы ретте оны басқа ғылыми трактат та, көркем туынды да ауыстыра алмас еді.
Конференция барысында оған қатысу­шылар та­рапынан мүдделілік тудырған келесі мәселе ұлы шығарманың бүгінгі сұраныстарға байланысты өзектілігі еді.
Біз бүгін ХІ ғасырда жазылған Бала­сағұн­дық Жү­сіп­тің шығармасын оқи отырып, төл мәдение­ті­міз­дің бұдан он ғасыр бұрынғы болмысымен бет­пе-бет келгендей, онымен жаңа сапада таныс­қан­дай күйге енеміз. Әрине, ХІ ғасырдағы қоғам бұл басқа әлем, өзгеше өмір. Дегенмен, ол орта жө­нін­де қарабайыр тұжырымдар жасауға ешқандай да негіз жоқ. Әрине, біздердің мүмкіндік­теріміз әр ­түрлі дәрежеде екендігі рас, дегенмен, ол қоғам­дағы адамдар да биік адам­гершілікке, этикалық жә­не эстетикалық үлгілерге ұмтылыс жолында тұр­ғандығына «Құтты білік» арқылы көзіміз жете тү­седі.
Сондай-ақ, Ж.Баласағұн шығармасында бел­гіленген құндылықтар жалпы адам­заттық құн­ды­лықтарға қайшы келмейді, қайта жалпыәлемдік құндылықтармен үндес, олармен бір арнада. Ол жөнінде Ж.Баласағұн 30 бәйітінде «жақын күллі адамзаттың діліне!» – дейді. Яғни ХІ ғасыр­дағы түр­кі халықтары өздерінің терри­тория­лық кеңіс­тігін, мемлекеттік құрылымын анықтаумен бірге бас­қа өркениет, мә­дениеттерден өздерін оқшау ұс­таған жоқ, қайта қоғамдық дамуда олармен өза­ра тиімді байланыс орната білген.
Міне осы тұрғыдан алғанда «Құтты білік» біздің мә­дениеттерімізге өзінің табиғи арнасына оралу­ға, сол арқылы жаңа саты­лар­ға көтерілуге қызмет жа­сайды. Тек өзінің табиғи және тарихи арнасында даму алған мәдениет қана түрлі сындардан сү­рінбей өте алады. Ж.Баласағұн шығармасын бү­гінгі өзгерістер жағдайында оқи отырып жасауға бо­латын келесі тұжырым осы болса керек.
Ж.Баласағұн шығармасының өзектілігі туралы айт­қанда мынадай бір жағдайға көңіл аударған жөн. Біздің халық және мә­дениет ретінде түп та­мы­рымыздың терең және берік екендігін айғақ­тайтын «Құтты білік» сияқты асылдарымыз бізге жат құн­ды­лықтар ретінде ұлттық рухани өндірісте айналымнан шығып қалған. Ауыр, ауыр да болса бұл шындықты мойындағанымыз жөн. Ал оның ор­нын ойлау жүйемізді бөтен арнаға салуды көз­дейтін бұлақтар басты. Бізге тура қазіргі уақытта өзі­міздің көне за­мандардан отарлық кезеңге дейін бірде әлсіреп, бірде қайта жаңғырып, бірақ үзіліс­сіз жалғасып келе жатқан түркілік өзегімізді танып-білуге және оған жаңа да тың серпін беруге бас­тайтын ойлау мәдениеті қажет. Бұл арада біз жоқтан бар жасау емес, барды өз орны мен дә­ре­жесінде көрсетіп, бағалауға жол ашатын жаңа ой­лау жүйесі мен стилін қалыптастыру жөнінде ай­тып отырмыз.
Патшалық, оның орнын басқан Советтік би­лік­тердің қырғыз және қазақ елдерін басқару ісіндегі басты қателігі олардың күш­пен таңған басқару түрі жергілікті халық­тың түпкілікті мүддесіне сәйкес кел­меді, ал оларды өзара үйлестіру әрекеті қар­сы­лыққа тап болды, тіптен ұлттық бас­қарушы топ­қа қарсы бағытталған реп­рес­сиялық шараларға ұла­сып отырды. Ұлттық негізді, ерекшеліктерді ескермеу, тіптен оған тәкаппарлықпен жоғарыдан менсінбей қарау, халықты ешқашан да орындалмайтын қияли бағдарламалармен алдарқату бұл біздің тарихымыздың советтік кезеңіне тән ұста­ным болатын.
Енді, міне, біз тәуелсіз мемлекет жағ­дайын­да өмір сүрудеміз. Тәуелсіздігімізге сәй­кес мемлекет басқару ұстанымы қандай негіздерге сүйенуге тиіс? Бұл қатардағы нәрсе емес. Бұл мәселеге өз елі­нің азат­ты­ғына ғұмырын арнаған талай қай­рат­кер тұлғалар жауап іздеген. Солардың бірі, Куба елі­нің перзенті Хосе Марти. Ол өзінің «Біздің Америка» атты еңбегінде «Тәуелсіздік мә­селесі басқару түрінің алмасуымен шек­тел­мейді, сонымен бірге, басқару рухының да өзгеруі маңызды» деген тұжырымға келеді.
Ал басқару рухы неден басталады? Әри­не, сол ел­дің, сол жұрттың төл тарихына, ана тілінен, шын­дығынан бастау алады. Үкімет сол елдің перзенті, ал басқару рухы оның халқының рухынан туындаған жөн. Сондықтан да жас буын, болашақта елді басқаратын оқушы және студент жастар өз елінің тарихы мен шындығын түсініп және оларды бойына сіңіре алатындай тәрбие алуға тиіс. Мемлекет құру және дамытуда, әрине, әлемдік тәжірибе ескерілгені жақсы, бірақ ол шешуші фактор бола алмайды, шешуші фактор өз еліңнің әлеуметтік құ­ры­лы­мын және оның түйткіл мәселелерін анық­таудан және оларды шешу жолдарын қарастырудан құралады.
Сонымен, қырғыз зиялылары Жүсіп Ба­ла­са­ғұндай арғы тегін еске алып, ұлы ой­шыл­дың мұра­сына тәу етті. Жиынға қаты­нас­қан ғалымдар терең ойлы әрі пайдалы баяндамалар жасады. Мұны көріп біз сүйін­дік. Өніп-өсу жолына түскен елге тән үлгі көрсетті. Елдің орталық мұражайында тұр­ған Ж.Баласағұнның Тургунбай Садықовтың салған портреті алғашында түсініксіздеу көрінгенімен, көз үйренген соң кемел мү­сін­шінің ойын қабыл алып, халыққа сон­ша­лықты жақын келгенінен ри­за болдық. Біздегі Н.С.Гаевтың ұсынған портре­тін­де тоқ­шылық басымдық алғандай әсерде бол­дық.
Конференция барысында манасшылар­дың ең жас буын өкілдері (арасында шығыс түркістандық манасшы Жүсіп Мамайдың ұлы да бар) бірінен соң бірі ұлы Манас жырынан үзінділер оқыды. Дәстүр жалғастығын танытты. «Манас» және манасшылар буыны үзілмей тұрғанда қырғыз елінің мәңгі тірі болатындығын байқатты.
Қазіргі уақытта елімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың басшылығымен жүріп жатқан қазақ тарихын заман сұранысына лайық дәрежеде қорытудың көздеген мақсаты ұлттың жүріп өткен жолындағы тарихи тәжірибе мен өнегелі істерді елеп-екшеп қоғамның қажетіне жарату болса керек. Ал ұлттың бүгінгі дүниетанымы мен тал­ға­мы­на сүйеніш бола алатын оның төл тарихындағы өне­гелі істер, иншалла, жетіп-артылады. Міне, сон­дай елдің тарихи танымы мен талғамын қа­лып­тас­тырып, көңілін­дегі күдікті сейілтіп, сенім бе­ретін факторлар тарихымыздың қазақ хандығы ке­зеңін­дегі ұлттық тәжірибемізден молынан табылады. Мә­селе осы тарихи құнды­лық­тары­мызды жаңа буын ұрпақтың санасына тура жеткізе білуде болса керек.
Қысқа мақаламыздың соңында «Құтты біліктің» өзекті ойы «Қайткенде адам қала­ды адам болып!» екендігін, осы терең ма­ғы­налы ойды біздің заманымызда өз туындылары арқылы айтып өткен ұлы ойшылдардың бірі Шыңғыс  Айтматов болғандығын, жазу­шы­ға «Ата бейітте» қойылған белгі таста да осы сөздің ойылып жазылғандығын білдіре отырып, адам болмысына ықпалды осындай ойлардың қадыр-барқы төмендемесе екен деп тіледік.
Осы арада бір сауал көңілден кетпейді. Ж.Ба­ла­сағұн және басқа да ұлы ойшылдарымыз біздің халықтарды өркениетке, яғни болашаққа алып ба­ра­тын жолға шақырды. Ұзаққа созылатын тоқы­рау және қанды күрестен соң біз саналы тәуелсіз мемлекет­тік кезеңге аяқ тіредік. Осы жолды шынайы баянды да, нәтижелі жолға айналдыра ала­мыз ба, міне, негізгі сауал осы болса керек.
Қырғыз ағайындардың астанасында өт­­кен ғы­лыми жиынға қатынасқан біз осындай көңіл-күйде оралдық. Ғылыми жиынды ұйым­дастыру ісінде үлкен жұмыс атқарған «Му­рас» қоры мен оның же­тек­шісі, профессор Тыныштықбек Чоротегіге зор ри­за­шы­лы­ғымызды білдіруді өзімізге парыз сана­дық.

Мәмбет Қойгелдиев,
профессор.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір