Әл-Фараби мен Абай тойы — ұлт тойы болсын
06.11.2019
2893
1

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Халыққа Жолдауында әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын тойлау туралы құнды ұсыныстар айтып, елді толғандырған мәселелер төңірегінде ой қозғап еді. Президенттің Жолдауынан кейін аталған мерейтойларға қатысты арнайы комиссия құрылып, дайындық жұмыстары басталып та кетті. Біз «Екі ғұламаның мерейтойларын қалай атап өткен жөн, тойдың негізгі мақсат-міндеті не болмақ?» деген сауал төңірегінде ғалымдарға сауал жолдаған болатынбыз.

Жақыпбек АЛТАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор, фарабитанушы

 ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ОТАНЫНДА ОНЫҢ МҰРАСЫН ЗЕРДЕЛЕЙТІН ҒЫЛЫМИ ИНСТИТУТ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Біріншіден, әл-Фарабидің қазіргі қаз­ақ топырағынан шыққанын, ғұ­ла­ма екенін мойындап, қоғамдық са­на қалыптастырдық, бірақ оның энцик­ло­педизмі туралы көпшілікке арналған дәйек­ті жұмыстар атқармай келеміз. Соны­мен қатар әл-Фараби есімін бір университет беделін көтерудегі «бренд» ретінде дамытумен ғана шектелмей, мемлекеттік сипаттағы «брендті» көксейтін және ойшылдың игілік идеалдарын әлеуметтік өмірмен сабақтастыру мерзімі жетті деп білеміз;

Екіншіден, әл-Фараби ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі әлі күнге кейінге ше­геріліп келеді. Бұл туралы айтылғалы біраз жылдың көлемі болды. Елімізде әл-Фараби институтын құру өзекті және маңызды екенін, уақыты келгенін, салаға қатысты мамандар даярлау қажеттігін университет ғалымдары, қоғам қайраткерлері ашына айтып келеді. Бұл – Фараби Форумы барысында отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарапынан жыл сайын көтеріліп келе жатқан мәселе. Мәселен, Түркиялық ғалымдар «әл-Фарабидің отанында Фараби мұрасын зерделейтін қуатты ғылыми институттың болуы –  басты қажеттілік» деп есептейді.

Үшіншіден, университетіміздің фи­ло­­софия және саясаттану фаультеті мен шығыстану факультеті базасында шығыс тілі мен философиясын қатар меңгерген мамандарды даярлау мәселесі кезек күттірмейді. Философия, дінтану, мәдениеттану мамандығының бакалавриат деңгейінде араб тілі мен ағылшын тілін тереңдетіп оқытуды оқу жоспарына енгізу қажет.

Төртіншіден, Фараби институтының әлемдік деңгейдегі Хабаршысы мен ғылыми-көпшілік журналын жылына 2 рет шығаруды ұйымдастыру және Институт сайтын кәсіби мамандарды тарту арқылы безендіру, сайтқа жауапты тұлғаларды бекіту керек.

Бесіншіден, Фараби еңбектерін жан-жақты насихаттау жұмысы да қолға алы­нып, Фараби мұрасы мен оның идеяларын жас ұрпақтың санасына сіңіру тұрғысындағы қадамдар жасалуы тиіс. Ме­диаөнімдер және Фараби өмірі мен шығармашылығы идеяларына негізделген жас өрендер мен балаларға түсінікті хикаялар сериясын жасап шығару қажет. Мектеп оқулықтары мен бағдарламаларына Фараби, Баласағұн, Яссауи бастаған ұлы дала ойшылдары туралы мәліметтерді міндетті түрде енгізу керек деп санаймыз.

Алтыншыдан, Фараби ілімі мен идеялары университеттің стратегиясынан бастап, оқытушылар мен студенттердің кодексінде, рухани негізінде, имидждік насихатында, архитектуралық болмысында да көрініс табуы керек.

Жетіншіден, 2020 жылы Фараби жылын атап өтуге дайындықты қазірден бастап, үкіметтің қолдауымен әл-Фарабиге арналған деректі фильмдер сериясын, көркем фильм мен мультипликациялық фильмдер сериясын шығару қажет. Ұлт­тың арын арлауда, озық үлгілерін наси­хат­­тауда алдымызда атқарылар ұлан-ғайыр істер күтіп тұр. Ұлт руханиятының озық үлгілерін, соның ішінде фарабитану бойынша құн­ды жәдігерлерімізді айналымға қосып, өркендеу жолын, тарихи тағдырын байыппен барлауда қажырлы ізденіс қажет. Баға жетпес рухани бай мұраларымызды ел игілігіне жарата алу, оған өзіндік үлес қосып, келер ұрпаққа келелі іс қалдыруға де­ген «мұрагерлер парызы» осылай болса керек.

Сұлтан ОРАЗАЛИН, жазушы

АБАЙ ТОЙЫ КИІЗ ҮЙДЕ ОТЫРЫП АЛЫП,
ІШІП-ЖЕУДІҢ ТОЙЫ БОЛМАУЫ КЕРЕК

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әл-Фараби мен Абайдың мерейтойын тойлау туралы Жарлығын қоғамдық ойды қайтадан түлеткен, ел асылдарына деген халықтың қөзқарасын жетілдіре түсетін және елдік пен бірлікті насихаттайтын үлкен шаруа деп есептеймін. Өзім Абайдың 125 жылдық, 140 жылдық, 150 жылдық тойларының басы-қасында болған адаммын. Орталық партия комитетінде қызмет істеп жүргенде Абайдың 140 жылдық тойына Шыңғыстауға арнаулы делегацияны бастап барған едім. Міне, осы тойлар мен Мұхтар Әуезовтің 70-80-90 жылдық тойлары, Шәкәрімнің мерейтойлары мерейтой өткізудің дәстүрі қалай болатынын айқындап берген еді.

 Абайдың 175 жылдығын тойлау кезінде бұрынғы тойлардағы жақсы дәстүрлерді дамыта отырып, сол шараларда болған кейбір кемшіліктерді қайталамауға тырысуымыз керек. Мысалы, Абайдың 150 жылдығы үлкен деңгейде тойланды. Мемлекет те аянып қалған жоқ, халық та жақсы ықылас танытты. Бұл той ауыр кезеңде жүрген халықтың рухын көтерген той болды. Бірақ осы тойды ұйымдастыру кезінде ұлттың дәстүрін біле бермейтін, халықтың көңіл-күйін онша сезіне бермейтін адамдардың белсене араласуы ыңғайсыздық тудырды. Павлодар, Өскемен қаласындағы орыс тілді адамдар, тіпті өзге ұлт өкілдері осы шараға көптеп қатыстырылып, келген қонақтарды қарсы алу да соларға жүктелген еді. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар, бірақ ол адамдардың біздің ұлттың қасиетін, менталитетін білмейтіндігі көрініп-ақ тұрды. Сол себепті алыстан барған қонақтар иесіз қалды. Сонымен қоса, Абай тойлары шетелдерде де көп тойланды. Әсіресе 150 жылдығы кең көлемде өтті. Мен ол тойлардың да бірнешеуіне қатыстым. Өкінішке қарай, қытайға барғанымызда сол кездегі Мәдениет министрі Абай туралы Қаскелең төңірегінде ғана айтатын деңгейде баяндама жасады. Ал сол кездесуде ондаған мемлекеттің елшілері, қытайдың мәдениет министрінің бірінші орынбасары сияқты лауазымды тұлғалар болды. Сондай маңызды жиында біздің елден де өте жауапты адамдардың қатысқаны жөн еді. Сол кезде біз алып барған концерттік көрсетілімдер де бір ауылдың, ауданның көлеміндегі деңгейде еді. Бұл біздің мәдениетімізді басқаларға таныстыру емес, керісінше, мазақ ету болмақ. Осындай олқылықтар Абайдың  175 жылдық мерейтойының тойлану қарсаңында болмауға тиіс. Осы тойдың қалай өткізілуі керектігін бағдарлау үшін құрылған комиссия құрамында жөн білетін ақын-жазушылар аздау, керісінше, әкім-қаралар, басшылар көп екен. Бұл жөнінде сыңар езуленбей, әдебиет пен мәдениетті білетін адамдардың пікірлерін көбірек тыңдаған жөн. Сондықтан енді өтетін тойды да, шетелге апаратын комиссия мүшелерін де, ондағы көрсетілетін концерттік бағдарламаларды да, дәстүрімізді дәріптейтін көрмелерді де сараптан өткізуіміз қажет. Бір топтың ғана пікірімен санаспай, бұл мәселе туралы кеңірек ақылдасқан дұрыс болар еді. Менің ойымша, біз қазір ұлы тойды бастап та жібердік. Бірақ әлі күнге дейін әл-Фараби мен Абайға қатысты қызыл сөзді көпіртуден өзге нақты ештеңе жасалған жоқ. Бұл екі алыптың тойы ішіп-жеудің, киіз үйде отырып алып, дуылдаудың тойы болмауы керек. Артында нақты із қалатын үлкен той болуы қажет.

Арап ЕСПЕНБЕТОВ, Шәкәрім университетінің профессоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 ТОЙ ҒИБРАТЫ – АБАЙДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТУ

Ақынның 175 жылдық мерекесі – исі қазаққа ортақ, ұлы той!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев Семей жұртшылығымен кездесуде: «Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерек­ше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы дең­гейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу», – деп қадап айтқан еді.

Тойдың өзегі – Абай мұрасын насихаттау арқылы қазақты әлемге таныту. Ұрпақтың бойына Абай еңбек­терінің биік тағылымын сіңіру. Абай тойынан кейін ұрпақ ойлануы керек. Тойдан қандай үлгі-өнеге көрдік, жас буынға ұлы ақынның терең мағыналы ойларын таныта алдық па? Осындай сауалдарға жауап бере алсақ, той ғибраты айқындалмақ.

Ұлы Абай әлемдік деңгейдегі тұлға десек те оның шығ­ар­­маларының бүкіл дүниежүзілік дәрежеде әлі де кеңінен таныла қоймауы бізді қатты ойландыруы тиіс. Өзге тілдерге аударылып жатқан ақын шығармаларының деңгейі бізді қанағаттандыра ма, сапасы қандай дәрежеде? Қазақ тілінде жарық көріп жатқан Абай кітаптарының таралымы қанша? Жалпақ жұртқа, қарапайым халыққа жетіп жатыр ма? (Бір өкініштісі, ең көбі мың данамен жарық көреді. Осыдан-ақ таралымын бағамдай берсеңіз болады). Міне осындай мәселелердің түйінін шешіп алған соң ғана «Абайды қаншалықты түсіндік?» деген сауалдың астарына үңілген абзал.

 Шәкәрім университеті ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына дайындықты бастап та кетті. Университетте биыл­ғы жыл «Абай жылы – оқу жылы» деп жарияланып жүйелі шаралар өтіп жатыр. Алдымен, Жидебайдағы кешеннің амфитеатрында «Өлең толқыны» поэзия плэ­нері ұйымдастырылды. Жас ақындар өлеңдерін оқы­ғаннан кейін «Абай-Шәкәрім жарығы» жағылды. Ақын елінде, кең сахарада жарқырай лаулаған бұл Жарық күллі алаш жұртына жол көрсетуші символдық мәнге ие. Университеттің ғылыми кітапханасында ашылған Коворкинг орталығында ғалымдар Абай шығармашылығы туралы студенттерге тұрақты түрде дәріс өткізуде.

 Сондай-ақ университет ғалымдары Абай Құнан­бай­ұлының 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген жинағының репринттік басылымын әзірлеуде. Турағұл Абайұлының қазақ әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі – әкесі ұлы Абай жөнінде естелік жазып қалдыруында. Тікелей тәрбиесін көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған зиялы перзентінің естелігі деректердің шынайылығымен, әке мұрасын талғампаздықпен бағалай алуымен құнды. Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» естелігін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқырман қауымға ұсыну – Абай тойына арналған тартудың қомақтысы болмақ. Және де ұлы ақынның қара сөздерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мол тиражбен шығарып кітапханаларға таратылса тойдан тәберіктің ең маңыздысы деп білерсіз. Абайды оқыту – күр­делі мәселе. Шәкәрім университетінің оқытушылары «Орта мектепте Абай қара сөздерін жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқыту» жобасына кірісіп кеткендігін мақтанышпен атаймыз.

Облыс әкімінің қолдауымен жарық көріп келе жат­­­қан «Абай әлемі» сериясы бойынша 2020 жылы шыға­тын кітаптарды тек қана Абай мұрасын насихаттауға бағытталмақ. «Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналады» деген грифпен «Абайтану тарихының» 5 томдығын және «Абайдың ақын шәкірттері» жинағының 4 том­ды­ғын қалың оқырманға ұсынбақпыз. Сондай-ақ Абай, Шәкәрім, М.Әуезов есімдерімен байланысты орын­дардың тарихи, мәдени, этнолингвистикалық анықтамалығын дайындап жатырмыз.

 Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Нұрбұлан Өтепбаевтың Абай және оның ұрпақ­тарын зерттей отырып салған 10 суреті бар. Сол суреттерді қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі мағлұматтармен открыткалар топтамасын шығарсақ ақын тойына келген қонаққа ұсынар тамаша кәдесый болар еді.

 Біз бір нәрсеге аса мән беруіміз керек! Абай – бір ғана ру, өңір не болмаса елдің ақыны емес! Ол – адамзаттың Абайы! Баршаны «бауырым» деп сүйген ұлы тұлғаның шығармашылығы арқылы біз ұлтты ұйыстырып, берекесі мен достығы жарасқан біртұтас Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігін арттыра түсуге ат салысқанымыз абзал. Абай­дың да, ұлы Абайға зор құрмет көрсетіп, хакім сөзін асыл мұрамызға балаған Елбасымыздың да, Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде мерекелеуге жол ашып берген Президентіміздің де көздеген мақсаты, айтпақ ойы, басты мұраты осы емес пе?!

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.11.2019 | 11:18

маралтай райымбекұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір