Серік Байхонов. Ғажайып тұнған жер
29.10.2019
2283
0

Бауырластар бейіті

1

Біз – төртеуміз. Жолбасшымыз – торғайлық Ниетолла мен Шеңбер аулынан ерген шына­шақтай бала Жарасқан. Сосын… қостанайлық ақын Ақылбек Шаяхмет пен ақтөбелік ақын Гүлімай Әбішқызы. Сапарымыздың бағы­ты – мына өмірден қыршын кет­кен жазушы ағамыз Ақан Нұр­мановтың табан ізі қалған Ұлытаудағы Шеңбер ауылы.

Кенет… Қарсы алдымыздан еңсесі биік қызыл тамның жарқ етіп көрінгені. Иә, иә, Ақан ағамыз жазатын әйгілі қызыл там осы. Қалай еді?.. Ақан Нұрманов ағамыз өзінің «Құланның ажалы» атты романында:«… Кейкі мерген ертерек кезде аң аулап жүргенде ұры қарасайын бір көрген болатын. Бір көрген жерін неше жыл өтсе де жаза баспай табатын дағдысымен төтелеп тар­­тып қызыл тамға жеткен-ді…» деп жазбаушы ма еді? «Там тұсынан өте бере атын аяңдатып, дұға оқып, бетін сипағаны сол екен, кәдімгі көрден шыққандай үш адам мола ішінен көтеріліп, мылтықтарын ұмсынып тұра қалмаушы» ма еді?..

Сонымен қызыл тамға жетейік. Ақылбек ақын Кейкі көкесі мен Ақан ағасына бағыштап құран оқысын. Қай уақытта салынғаны белгісіз көне кесененің бояуы оңып кеткен қызыл кірпіштеріне қараймын келіп, қараймын. Енді болмаса, сол қызыл кірпіштердің тасасынан көрден шыққандай адамдар көтеріліп келе жататын секілді. Табан астымыз – ойылып-ойылып кеткен шұңқыр. Ләһат… Кәдімгі төбесі ойылған ләһат… Қай нәрседен де жақсылық іздейтін атам қазақ моланың ортасы ойылып түскенін жақ­сы­лыққа жориды. Ал мына жер?.. Әншейінде мола-бейіт атаулыдан қорқа қоймаушы едім, денемнің түршігіп сала бергені. Өйткені мына шұңқырлар қызыл тамның кенересіне жақын, тіптен жақын жатыр. Ендеше… мына кесене тегін кесене емес!..

Көне кесененің сыры кеткен ағаш есіктері сықыр-сықыр етіп мыйды шақты. Бір аттап, екі аттап, ішке кірейін. Қарсы алдымда –  екі сағана. Сол сағаналардан шеттеу жерде төртбұрышты те­сік үңірейіп жатыр. Тесікке жа­қындап… жақындап барып, ішіне үңілейін: кәдімгі жертөленің кірер аузына ұқсайтын тепкішек баспалдақтары бар ағаш құрылыс. Сол кірер ауыздың төменгі жа­ғына тұтылған брезентті бір жағына қарай ысырып тастап… баспалдақты қуалай төменге… иә, сонау төменге түссеңіз…

Мыйымның бір бұрышы жарқ ет­ті. Иә, иә, мынау… мы­нау кә­дімгі «бауырластар бейі­ті». Хантәңірінің бауырын мекен­дей­тін албан ағайындар арасында ұшырасып қалатын жәдігер. Өліге де, тіріге бірдей ортақ құ­рылыс. Иә, құрылыс!.. Екі жа­ғына да қолайлы құрылыс. «Тұр­мысқа ыңғайлы» деуге аузым бармай тұрғаны. Далабезер басым, тау мен тасты кезіп жүрген жастау күнімде талай рет кезіктірген, ішіне түсіп те көрген құрылыс. Ішкі конструкциясы қарапайым деуге келе қояр ма екен?.. Алдымен ауқымды, терең, төртбұрышты «тік жарма» қазады. Сол тік жарманың жан-жағын үңгіп ләһат жасайды. Ләһаттың жан-жағы мен үстіңгі жағын қызыл қарағаймен бекіткен соң, кәдімгі адам үйшігіне ұқсайды да қалады. Бақилық болған бауырды ләһаттың бір шетіне ақ жуып, арулап орналастырған соң, аузы жағын уақытша (иә, уақытша) тарс жауып тастайды. Әдетте, ләһаттар саны тік жарманың төрт қабырғасына сай, төртеу болып келеді. Ендеше, бұдан ары қайтыс болған бауырды соңғы үш ләһат күтіп тұрады… Кәдімгі – кезек. Ал енді арада жылдар өткен соң, өмірден өткен туысты бірінші үйшіктегі шыбын жаны көкке ұшқан әкесі немесе атасының артық еттен арылып, тазаланған асыл сүйегі күтіп жатады. Лә-иллаһа-ил-ла Алла!.. Өзің кешір!..

Осы жерде мыйыма «жаңағы төрт ләһат – төрт үйшіктің біреуі бос тұруы мүмкін-ау» деген ой сарт ете түссе-ші. Қуғын-сүргіні көп жаугершілік заман. Әшейінде шыбын жанына азар келгенде кесене мазарды паналайтын қазақ ата баласы жаңағы бос тұр­ған ләһатқа… жо-жоқ, үйшікке кіріп алып… өзін жан-жағынан қор­ша­лап жатқан ата-баба аруағына сыйы­нып қо-е-е-еп…

Ендеше, аталардың ақыл-есі­нің бүтін кезінде дүниеге келген мына құрылыстан неге қорқайын, брезент жапқышты бір жағына ысырып… бір басып, екі басып төменге түсе бергем; әлдебір та­ныс та бейтаныс иіс мұрныма же­тіп, одан ары көкірегімді ашытып бара жатты. Алғаш түсінгенім – мына иіс қолаңса да, қаңсық та иіс емес. Бір басып… екі басып… жоғарыға көтерілген соң, далаға… даладағы таза ауаға… жарық дүниеге шығайын.

Қызыл тамның алдында қа­бағы тастай түйіліп Ақылбек ақын отыр. Анадай жерде Жарасқанды қайта-қайта суретке басып ақын қыз Гүлімай жүр. Екеуі де – мәз-мәйрам. Баламысың деген!..

Қызыл тамның қабырғасын­дағы көрсеткіш тақтаға үңілемін келіп, үңілемін ғой баяғы. «Мақат ата» кесенесі. Ескерткіш – мемлекет қорғауында… Бауырластар бейітіне ең соңғы мәйіт осыдан ширек ғасыр бұрын жерленген. Сонда деймін-ау, сонда… ма­на­ғы иіс… Ұмытпасам, біздің жаңа ғана студент болған кезіміз ғой, өткен ғасырдың жетпіс бірінші жылы Қапшағайдағы су қоймасына су жіберер алдында ағайындары Өтеген батырдың асыл сүйегін қазып алыпты. Қайдағы сүйек… тырнақтары мен шашының өсіп кеткені болмаса, қамыспен көмкерген ләһат ішіндегі тұла бойы дін аман дейді. Иә, қамыс. Кәдімгі қамыс. Алтайдың «Береліндегі», немесе Әзірет Сұлтан кесенесіндегі секілді ауа тазартқыш қамыс… Қараторғай мен Сарыторғайдағы қарасулардың бойында қаптап өскен сары қамыс…

Біз тұрған бауырластар бейі­тіне адам жерленбегеніне ширек ғасыр уақыт өткен. Ішіне адам түспеген бейіттің ауа тазартқыш қондырғылары істен шыққан.Ал… иіс мәселесіне келсек, иіс­тің адам табиғатынан тысқары құ­былыс екенін білмей не болыпты…

2

Шынашақтай жолбасшы бала бізді Мақат кесенесі – қызыл тамға тиіп тұрған мал қыстауына бастап әкелген. Қаршадай баланың шатырлы үйдің көлеңкесінде ет тұздап отырған екі келіншекпен емен-жарқын сөйлесіп, билеп-төс­теп бара жатқаны, манағы аузы батыл қатпа қара кемпірдің арқасы екенін сезіп те, біліп те тұрмын.

Бетпақдаланың түкпіріндегі Ұлы­таудың қырқасын қыстап отыр­ған жалғыз үй. Кәдімгі, қойын құрттап, айранын ұрттап отырған малшы үйінің төбесінде жер серігі – спутниктен хабар алатын табақтай шарайна тұр. Жалғыз үйдің күншығыс бетіндегі күннен энергия алатын табақтай-табақтай әйнектерге қарап…

– Сусын ішеміз де шығамыз… – деді, Ниетолла бауыр сы­пайы­лық танытып.

Тұздалып жатқан ен-тегін еттің обалын ойлап қиналамын ғой баяғы.

– Асығыс болсаңыз… түннен қал­ған ырзыққа ырза боласыз… – деді, шаштарын қала мә­нері­мен қидырған келіншек дас­тархан жайып жатып. – Шынын айтқанда, біз өзіміз де қаладан келген қонақпыз… Шал-кемпірдің хал-жағдайын білейік деп… Мына балаларды мектепке дайындау керек… Бүгін-ертең қайтамыз… Үй иесі – мына Жарасқан ғой…

Манағы тұздалып жатқан мол еттің жағдайы енді түсінікті болды.

Сол сол-ақ екен, бұрыштағы кісі бойы мұздатқыштың есігі сарт-сұрт ашылып, алдымызға үйеме табақ ет келді. Соңғы кезде асқазан жағынан ұяттылау басым… өзі түннен қалған ет болса, өзі тұмса тоқтының еті болса, аянып қалар жер емесін сезіп, үйме табақ еттің ішінен қара еттілеу бір жілігін қолыма алып… Бір қарасам, қыстық соғымын қарға көміп, қажет кезінде балтамен шауып жейтін Арқа қазағының екі ұрпағы отырған тұс омсырайып қалыпты. Жарасқан бала мен Гүлімайдың да аузы құр емесін байқаймын.

Қанша дегенмен, бекіренің бел кеспесін қоңырсыған қой етіне ауыстырмаған, бәлкім, ауыстырғысы келмеген Арал жақ­тың тумасы – мына Гүлімайдың да бір білгені бар шығар…

Үй иелерімен қоштасып, да­ла­ға шықтық. Жота басында жапа­дан-жалғыз малшы үйі. Анадай жерде дөңкиіп Қызылтам тұр. Өткен-кеткен адамдар бір соқпай кетпейтін киелі орынға келім-кетім кісі мол. Сол өткен-кеткенге дастарханын жайып, аруаққа құран бағыштаудан жаз­байтын жер иесін киелі орын­ның шырақшысына балаймын. Көне қорымға күн сайын қарай­тын, қараған сайын бұл өмірде ештеңенің де мәңгілік еместігін есіне алатын сол шырақшы не туралы ойлайды десеңші? Сер­гел­деңге толы сүргін заманда Бетпақдаладай жердің шеті, Ұлытаудай желдің өтінде тіршілік кешкен аталарының дүниеден өткен бауырластарын бақи дүниеге аттандырудың оңай да қолайлы жолын тапқандығы жайлы ойлайтын болар. Иә, солай. Кейбіреулер секілді отқа жақпайды, биік құздың басынан шыңырауға лақтырып та тастамайды. Табиғаты қытымыр өл­кенің қытымыр қысында тоң жерді тоқпақтап та жатпайды. Тіптен бар ғой, сон-ау-у бір қадым заманда ғұмыр кешкен, жер астындағы қаптаған жын-шайтандардан, аспан астындағы қаптаған Құдайлардан қорқып, мәйітінің үстіне зәулім топырақ үйіп те әуреге түспейді. Оңай, қандай оп-оңай десеңші…

Оңай болса, оңай да шығар, ал енді атам қазақ: «адам басына түссе көрге де үйренеді» дегенді неге айтты деп ойлаймын ғой баяғы…

«Аруақ ырза болмай – адам байымайды» дегенді де айтқан сол қазекем. Мына пәни жалғаннан өткен соң жанының жеті қат көкке ұшып кететінін білетін аталарымыз жақындарының соңғы, ең соңғы жатын орнының жайын ойлап сонша қапылғанына таңмын…

Кейкі мергеннің үңгірі

1

Ендігі сәтте Ұлытау сапарын­дағы түпкі мақсатымыз – Құлан­қыпшақ Кейкі мергеннің қуғын­нан қашып тығылатын жасырын жатағын бетке алып, түстікке қа­рай заулатып келе жаттық. Жол­басшымыз – сол баяғы он екі жасар, (бұл кезде жасын да біліп алғанбыз), жүргізуші бала Жарасқан. Жотаның биігінде бірде қырға қарай тырмысып, бір­де ойға қарай құлдилаған қос­­табан қара жолдың сорабын қуалай түстікке қарай сүт пісірім уақыт жүрген соң, алдымыздан ұшы-қиырсыз іш пыстырарлық жазық даланың сүлесоқ сүлдесі саралана бастады.

Көп ұзамай сол жазық дала мен біз келе жатқан жотаның шектесер тұсындағы ана шеті мен мына шеті тай шаптырым ашық алаңқайға жетіп тоқтадық. Мына ашық алаңқайдың арнайы жасалған машина тұрағы екенін айғақтағысы келгендей, анда-мында өше бастаған доңғалақ іздері байқалады. Анадай жерде сырт көзге елеусіздеу шағын ғана көрсеткіш тақта ағараңдайды. Көрсеткіш тақта осы жердің өзіміз жер түбінен іздеп келген Құлан мерген – Кейкі батырдың, сосын сол Құлан мергеннің жоқшысы – жазушы Ақан аға Нұрмановтың ізі түскен жер екенін айғақтап тұр.

Жар жағасына жақындап келіп, қараймын келіп, қараймын. Сонадайда жердегі биік жотаның басында мана өзіміз жанынан өткен аққылшық-ағыл­шындардан қалған белгі – көтергіш шахта қондырғысы, одан әрмен мана өзіміз адасатын «Қорғасын» ауылының ақшаңқан үйлері ағараңдайды. Ендеше, біз тау ішін шеңберлей жүріп қайтадан ауылдың тұсынан келіп шыққан болдық.

Сонау төменде айналасын бұйра тал мен қызыл шілік көм­керген өзен-судың сұлбасы қа­рауытып жатыр. Мына тұрған жеріміз – әлде, – жыра, әлде, – сай. Ертеректе «Ұры қарасайы» атанғанына қарағанда сай болса сай да шығар-ау. Сай табанында шіпілдеп тұрған қарасу өз бастауын ана шөбі тықыр сары даладан алады. Содан Ұлытаудың шеткі сілеміне жете мына жарқабақтың кенересін қуалай доға шеңбер жасап ағады. Иә, шеңбер жасап ағады. Мына жолбарыс жонды жота да шеңберге ұқсайды, сай табанындағы өзен де шеңбер жасап ағады. Ендеше, айдала, жапан түздегі өркениет ізі сайрап жатқан мына ауылдың атауы Ұры қарасайы да, Қорғасын да емес, – Шеңбер болғаны. Біз тұрған жар басынан қарасаң да, тіптен ұшақтан, тіптен бар-ау, ғарыштан қарасаң да, бадырайып көрінетін кәдімгі шеңбер.

Ұшақтан қарасаң демекші, биіктен қарағанда Бетпақдала төсінде не көп, дөңгеленген шеңбер сұлбасы көп. Бір кездері теңіздің табаны болған Торғай ойпатындағы көл-көлшіктердің табанында қалған су тартыла-тартыла таусылар шағында артында дөңгелек шеңбер қалдырып барып бітеді. Сол шеңберлерге үңіле қарасаңыз, кесілген ағаш­тың діңіне қарап қанша жыл жаса­ғанын білуге болатыны секілді, мына көлдердің де соңғы ғұмыр-тағдырын танып-білуге болады.

Соңғы кездері ауыл атауы түгілі, жер атауы мен ел атауының мың құбылып өзгеріп жататынына бой үйретіп алдық қой. Өз басым, ел атауын қайдам, жер атауының өзгергеніне қар­сы­лардың бірімін. Атауын табиғаттың өзі дәл тауып қойған мына жерді – ұрылар келген екен деп, – Ұрысай, келімсектер келді екен деп, – Қорғасын атай берсек, не болдық?..

Өз ойым өзіме ұнап-ақ тұр. Жартастың ернеуінде жалғыз отырған Ақылбек ағама жақын барайын.

– Ойға батып кетіпсің ғой, Ақа?

– Кейкі батырды айтамын… Басы даудан арылмайтын сорлы екен өзі…

Бұдан арғы әңгіме көкеміздің тірі күнде дауға түскен басының өлгеннен кейін де даудан арылмай келе жатқанына қарай ауытқып кетуі мүмкін екенін ойлаймын… Ағамыздың Кейкі жайлы, Кейкі болғанда, оның жоғалған басы жайлы өлеңі барын білем.

 – Кейкі… Кейкінің басы туралы өлеңді…

 – Өзім де соны оқып жіберсем бе деп едім… «… Кім біледі ғазиз басы Кейкінің, тәнсіз қалған қалпына не дейтінін?! Білеміз біз қорқау қасқыр қу бастың, көздерінің майын алып жейтінін… Сол бір баста құлақ пенен ауыз бар, Тек көздерін жаба алмапты жауыздар… Басы жоқ тән елдің ішін әлі де, кезіп жүрген елес деген аңыз бар. Кене ханның қолды болған басындай, ақиқатты айту керек жасырмай. Сарбаздар көп шейіт болған шайқаста, сабаз еді көбі сайдың тасындай. Сұқ саусағын кезегенде сестілер, өлген басқа ел қайғысы естілер. Аяқ-қолым аман болса болды деп, жүрген басқа, бәлкім, ақыл кеш кірер. Тосын болса қас батырдың ажалы, ұстап берсе, өз қандасы – қазағы, жерді былғап жүргеніне мәз болған, есіл ерді жоқтайтындар аз әлі…»

– Бітті ме?.. Ұзақ өлең сияқты еді, Ақа?..

– Осы да жетер… Соңғы кезде басымызды алып жүре алмайтын болдық қой…

Ех, баяғы Алматының сыраханасын сағалап жүрген кез болса… «Осы өлең үшін алып жібермейміз бе, жігіттер?..»

– Мына ауылдың атауын «Кейкі ауылы» деп атап жіберсек қайтеді, Ақа?…

– Кейкіден гөрі Құлан ауылы келіңкірейтін секілді-ау…

– Қыпшақ ауылы дегенге қалай қарайсың?..

– Қарсылық жоқ… Күні кеше ана қызыл большевик Таранның ауданын өзіміздің Бейімбетке тартып әпердік… Одан беріде көшесін де өзгерттік… Қол мерген деп жатады, көз мерген деп жатады, маған салса, бәрінен де сөз мергені артық-ау…

Қызыл большевик көкелерім­нің ауыл түгілі, аудан атын ием­деніп отырғанын өзім де білем, үндемей құтылғанды жөн көріп тұр­мын. Ақылбек ақынның іші көз мергені Кейкіден гөрі мына өмірден қыршын кеткен ағасы, сөз мергені, сөз зергері Ақан Нұрмановқа бұратынын да, көзін өлеңмен ашқан ақын үшін «түп бастауда Сөз тұратынын» да сеземін. Оның үстіне Ақан ағамыз «Құланның ажалы» атты ғажап шығармасымен Құлан қыпшақ Кейкі көкесінің алдындағы қарыз, парызынан құтылған адам ғой…

Сөзі де, өзі де батыл Ақылбекті түсінемін, әрине. Ауыл атауын қайдам, мен білетін қазекеңнің жер атауына деген түсінігі біртүрлі екеніне де түсінем. Жер атауының артында құйтырқының не көкесі жатқанын біле білген болсаңыз… «Қарадан шығып хан болған» халқымыздың ардағы Әбдіғапар көкемнің жайнамаз үстінде атылған жері «Зәуре қопасы» деп аталады. «Әбдіғапар қопасы» деп өзгертіп көріңіз. Жаңағы Зәуре әжеміздің кім екенін білмесе де, қай рудан екенін, кімнің бәйбішесі немесе тоқалы екенін білетін бір ұрпағы табылса, төбе­ңізге қымыз ашытпаса да, мыйыңызды ашытатыны анық.

Ақылбек ағам сонау төмендегі бұйра тоғайға малынған қара суға қарап қойып үнсіз отыр. Түр-түсіне қарасаң, – шаршаған, бірақ шалдықпаған. Төпелеп жауған жаңбырдан соң мыйы шығып жатқан қара жолмен төрт жүз шақырым жол жүрудің қиындығы – анау. Ғасыр тоғысындағы аумалы-төкпелі өзгерістермен басталған, «не көрмеген бас… көріп алдық» деп жүргенде тағы бір өтпелі кезеңнің ауыр сынағына төтеп беру дегенің… Бүгін Ақылбек екеуміз іздеп келген Кейкі көкемнің, Кейкі көкем ғана емес, «ердің ері, ардагер» Амангелді, «қарадан шығып хан болған» Әбдіғапардың ауыр тағдыры осы өтпелі кезеңге тұспа-тұс келді емес пе?.. Маңдайының соры бес елі халықтың уақыт өткелінен өтетін кезі келер ме?..

­Иә, екеуміз де – басқа түскен өтпелі кезеңнің төліміз. Өзіммен салыстырғанда Ақаңның шындық шекарасын, сонау кеңестік дәуірді танып қалған азаматтардың бірі екенін білемін. Қалың қазақ арасында өсіп, қазақи тәрбие алған өзім секілділер іштен тынып жүргенде, сол қазақтың қамын орыс арасында өскен жігіттердің жегені қызық. Орысы мол Ақмолада Смайылдың Алданы «Қараөткел» газетін, Өскеменде Ғабдолланың Серігі «Ақ Ертіс» журналын шығарды. Керекудің Жеңісі тіл мен ділдің дауасын «Дауа» газетінен іздеп жүргенде, «Дала қоңырауының» сыңғыр үнімен солтүстіктің қазағын оятқан Ақаң емес пе еді?..

Мен де қызық адам болуым керек. Жер атауы, көше атауы күнде өзгеріп жатқан заманда мына өзім отырған ашық алаңқайдың атауын «Ақын алаңы» немесе «Ақаң алаңы» деп өзгерте салсақ қайтер еді?» деген пендешілік ойға беріліп тұрсам қайтейін…

(Жалғасы бар)

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір