Нұрлыбай Есімғалиев, актер: Бабымда мін болмады, бағым шаппады…
28.10.2019
2062
2

…«Қап, келісілген уақыттан кешігіп қалғанымды-ай…» Кейіпкерім мені тілшілер бөлмесінің алдында күтіп тұр екен. Сұңғақ бойлы, тіп-тік, жүзінен нұры төгілген актер күлімдеп қарсы алды. Шікірею, сыздана сөйлеу, реніш білдіру деген жоқ. Сыпайы, мәдениетті, қарапайым. Ағаны сұхбат өтетін бөлмеге кіргіздім де, әлдебір шаруамен сыртқа шығып кеттім. Қайтып келсем, маған төр жақтағы орындықты қалдырып, өзі шетке жайғасыпты. Бекзаттық деген осы болар… Өз-өзінен көңілім жабырқап, жүрегімді мұң шымшылап сала берді. Тілімнің ұшында бір сауал: «Неге біз осы…»

Нұрлыбай Есімғалиев

Шолпан апайдың сөзі жүрегімде қалып қойды

– Аға, сұхбатымыз жетпіс дейтін жалы биік асуға ат басын тіреген қуанышты күніңізбен тұспа-тұс келіп отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын! Алғашқы сауалым өзіңіз талай жыл ыстығына күйіп, суығына тоңған мәртебелі өнер жайында болмақ. Әу   бастан көңіліңіз киноға құмартып, өнерді өміріңіздің мәніне балап па едіңіз?

– Он сегізге толмаған жас өрім кезім. Арманым асқақ, оқыған-тоқығаным аз емес. Анаммен қоштасып, оң аяғыммен аттап үйден шықтым. Іштей өзімді «Мен – Михайло Ломоносовпын!» деп биіктерге жетелеп, бір көліктен екіншісіне секіріп мініп, үш мың шақырымды артқа тастап, Алматыға жеттім. Ару шаһарға табаным тие сала С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Сол уақыттары факультет басшысы біздің өңірде туып-өскен Тауман Амандосов ағамыз болатын. Бір күні университет кітапханасынан шыға бергенде ағаны көріп қалдым. Жанына барып амандастым. Ол кісі: «Құжаттарыңды көрдім. Газет бетінде жарияланған мақалаларың жоқ екен. Журналист болу үшін бізге тәжірибе жинаған сақа жігіттер келуі керек. Оның үстіне, мемлекет жаңа қаулы шығарды: «екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинау керек» деген. Биылша жұмыс істе, мақалалар жаз, шыңдал», – деді.

Жатақханада жан-жақтан келген біраз жігіттермен танысқанмын. Солардың ішінен кейін көп жыл аралас-құралас болған Асқар Балықов, Тұрсынбек Бекметов үшеуміз Алматының кірпіш зауытына жұмысқа орналастық. Зырлап бір жыл өте шықты. Бірде Асқар досым: «Сенің осы тұрысыңның өзі әртіске қатты келеді, соның оқуына апарайықшы», – деді. «Біздің тұқымда әртіс болған ешкім жоқ, оған үлкен даярлық керек емес пе?» – деймін. «Ештеңесі де жоқ, сені көрсе, бәрі шетінен құлайды», – дейді. Үшеуіміз ішек-сілеміз қата күлеміз. Сол достарым себепші болып, өміріме күрт бетбұрыстар жасағанын бүгінде ризашылықпен еске аламын.

Сөйтіп, тағдырдың бұйрығымен рес­публикалық эстрада-цирк студиясына құжат тапсырдым. Бірден қабылдады. Студия директоры  Гүлжиһан Ғалиева апамыз еді. Жетісулық атақты шонжар Ғалидың қызы. 1928 жылы қазақтың ірі байларын кәмпеске жасап, итжеккенге айдады емес пе? Солардың бірінен – Ғали жарықтықтан қалған кішкентай Гүлжиһанды жанашыр адамдар Тәшкен шаһарына аттандырады. Тектіден текті тумай ма? Еті тірі, пысық қыз Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институтына оқуға түседі. Оны бітіріп, елге оралады. Белгілі әртістермен көптеген елдерді аралайды. Қазақ КСР-інің әртісі дәрежесіне дейін көтеріледі. Ол кісінің негізгі қызметі концерт жүргізушісі екен. Үлкейе келе ұстаздыққа көшкен. Студияда өнердің майталман дүлдүлдерінен тәлім алдым. Бас ұстазым Гүлжиһан апай, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, профессорлар Бекен Жылысбаев, Ахметжан Қадыров, Мәулен Дәуітбаев, Серік Елеусізов, т.б. сабақ берді. Шәкірттерге мамандық бере отырып, әрі қарай олардың оқу бітіргеннен кейінгі тағдырларына бірден-бір алаңдаушылық білдірген де – Гүлжиһан Ғалиева. Менің алдымда бітіріп шыққан бір топ түлекті шашау шығармай, ешқайда жібермей, Алматыда қалдырып, Мәдениет министрлігінің табалдырығын тоздыра жүріп, сол кездегі республиканың бірінші басшысы Д.Қонаевқа дейін барып, өз бастамасымен республикалық «Гүлдер» ән-би ансамблін құрды. Ол оңай шаруа емес еді. Сол «Гүлдер» дүниежүзін аралады. Мемлекеттік дәрежеге жетті. Ал эстрада студиясы бүгінде колледж болып қайта жаңғырып отыр. Өкініштісі, сол ұжымды ұйымдастырып, маңдай терін төккен, саналы ғұмырын арнаған Гүлжиһан апамызға колледждің аты бұйырмады. Колледж Жүсіпбек Елебеков ағамыздың атымен аталады. Мұным – жарықтық Жүсіпбек ағадан халықтың құрметін қызғанғаным емес. Алайда Гүлжиһан апаның студияға сіңірген еңбегі өлшеусіз зор еді. Жүсекең студияға сабақ беруге ғана келіп-кететін.

– Студиядан кейін Мәскеуде білім алуыңызға кімдер ықпал етті? Ұстаздарыңыз бұл қадамыңызды қуана құптаған ба еді?

– Эстрада студиясын бітіріп, «куәлік» алған күні Гүлжиһан апай мені кабинетіне шақырып: «Балам, сенің бойың да,  дауысың да, болмыс-бітімің де, бәрі де актерлікке келеді. Сен әрі қарай оқы. Консерваторияның актерлік факультетіне түс. Биыл Шолпан апаң (Жандарбекова) қабылдайды екен. Кеше сөйлестім, құлаққағыс қылдым. Сен нағыз актер болуың керек. Жоғары білім ал», – деді. Осылайша, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға еш қиындықсыз оқуға түстім де кеттім. Бірінші курсын «өте жақсы» деген бағамен аяқтадым. Жазғы демалыста ауылыма барып, демалып, жаңа оқу жылында Алматыға оралдым. Бір күні бірге оқитын досым Сәрсен Баймұқанов бөлмеге кіріп келді де: «Ана жылы Мәскеуге оқуға қазақ балалары кетіп еді ғой. Солардың бір-екеуін оқудан шығарып жіберіпті. Қалай болғанын білмеймін. Қысқасы, солардың орнына екі бала сұрап, біздің кафедраға хат келген екен, екеуміз барайық», – деді. Ауырып отырғанмын, «Ой, қойшы, қайдағы Мәскеу, бармаймын, өзің бара бер», – дедім. Анау да қояр емес, «Әй, есалаң! Ол – Мәскеу, көзің ашылады, оқу-білім, мәдениет сонда, мықтылардың бәрі сонда, адам болып келеміз», – деп ызыңдап, құлағымның етін жей берді. Ойлана бастадым, «Мәскеуде оқып келген деген аты қандай!» – деп қиялдадым. Сонымен, Сәрсен екеуміз баратын болып келістік. Бір-екі күннен кейін ауруымнан айығып, оқуыма бардым. Шолпан апайдың сабағында орнымнан тұрып: «Апай, деканаттан хабарыңыз бар болар, Мәскеуге оқуға баратын мүмкіншілік бар екен. Соған барғым келеді», – дедім. Ұстазым біраз үнсіз отырды да: «Нұрлан, сенің болашағың зор болайын деп тұр. Қаңғыма! Кетпе! Барамын дегендер бара берсін. Мен сені үшінші курстың басынан театрға алғызамын. Әзірбайжанға айтып қойдым. Аптықпай оқи бер. Сен жассың, білмейсің, ол жақтан оқу бітіріп келгесін сенделіп жүресіңдер. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ болады. Киноның системасын білемін ғой, оңай болмайды. Крючков, Андреевтердің өздері кинодан киноға дейін екі қолдарын қайда қоярын білмей жүреді», – деп, кәдімгідей кейігендей болды. Ол кезде апамыз Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесінің депутаты еді. Аяулы апамыздың маған деген қамқорлығын сол кезде қадірлей алмағанымды жастық албырттық деп ойлаймын. Ұстазымның сондағы қиналып айтқан бір сөзі жүрегімде қалып қойды: «Қасқырдың күшігін қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген… Біздің курстың ұл-қыздары оқу бітіргесін Шолпан апай бәрін Талдықорған қаласында ашылған облыстық драма театрына орналастырды. Маған әдейі қыр жасағаны болар, досым Тілек Әбжәлиевке екі жылға жеткізбей «Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген артисі» атағын алып берді. Тілектің өзі де соған лайық еді…

Ал Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекет­тік кинематография институтында оқыту­шымыз әйгілі «Чапаев» фильмінде Чапай рөлінде ойнаған КСРО Халық артисі, Сталин атындағы Мемлекеттік сыйлықтың үш мәрте иегері Борис Андреевич Бабочкин болды. Сондай-ақ, С.Бондарчук, С.Герасимов, М.Ромм, Т.Макарова, т.б. атақты шеберлерден кино өнерінің қыр-сырын үйрендім.

1974 жылдың маусымында оқуды бітіргесін, Қамар Адамбаева, Жамбыл Құдайбергенов, Меңтай Өтепбергенов, Гүлнәр Рахымбаева, Димаш Ахимов, Шаяхмет Имашев секілді біраз курстастар Алматыға келіп, «Қазақфильм» киностудиясына жұмысқа орналастық. Бәрімізге бірдей 120 сомнан жалақы бекітілді. Оның өзін беруі қызық еді: бірден киноға түспесең, үш айдан кейін жалақыңның елу пайызын ғана аласың. Бұл жүріс одан әрі жалғасса, тіпті ештеңе алмайсың.

– Мәскеуден оқу бітіріп келген сізді киноға шақырушылар көп болды ма?

– Дебютім сол оқу бітіріп келген жылы, режиссер Жәрдем Бәйтеновтің «Бәй­шешектер» фильмінен басталды. Мен онда Айдар Махмұтов дейтін мұғалімнің рөлінде ойнадым. Шолпан апай айтқандай, «қызығы мен шыжығы мол» кино әлеміне солай енген едім. «Бәйшешектер»-ден кейін мені ешкім ынтығып іздеп, киноға шақыра қоймады. Фильмнің де деңгейі төмендеу болды-ау деймін. Дегенмен қарап отырмадым, дубляжға қатыстым, азын-аулақ рөлдер де болды. Отбасымды асырау үшін қолымнан келгенше еңбектеніп бақтым.

Баламның атын Аспан деп қойдым

– Алғашқы басты рөліңіз 1986 жылы Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» шығармасының желісімен түсірілген режиссер Болат Мансұровтың «Айқай» фильміндегі Аспан образы болыпты. Ә дегеннен мұндай психологиялық күрделі бейнені сомдауға жүрексінбедіңіз бе?

– Аспан рөлі – кез келген актердің еншісіне тие бермейтін бақыт дер едім (қартайған шағымды Ыдырыс Ноғайбаев ойнады). Шаш ал десе, бас алатын әпербақан шолақ белсенділер оның сағын сындыра алмайды. Аяғынан айырылып, жан жарасына тән жарасы қосылған кезде де ол қайсар рухтың нағыз үлгісін таныта біледі.

«Айқай»-ға түсіп жүргенімде кинобайқау арқылы тағы бір фильмге басты рөлге шақырту алдым. Және қандай фильмге, қандай режиссерге десеңізші! Америкалық әйгілі әнші, режиссер Дин Рид жер-жерді шарлап, жаңа экрандық жұмысында үндістің (Жалғыз қасқыр атты кейіпкер) бейнесін сомдайтын актер іздеп таба алмай жүргенінде, көп сынақтардан кейін маған тоқтаған-ды. Бұл киноның бас қаһарманы болатын кейіпкерін қашаннан аңсап жүрген мен үшін тағдырдың тосын сыйы болатын. Әттең, қуанышым ұзаққа созылмады. Америкаға кетуге әзірленіп жүргенімде Дин Рид аяқ астынан дүние салды. Бұл қаралы жайт маған өте ауыр тиді. Еңсемді көтеруге, іштегі өкінішті аз да болса басуға, тіпті ұмыттыруға Аспанның септігі тиді. Аспан бейнесінің мен үшін тағы бір қымбат жағы осында. Содан да болар, көп ұзамай дүниеге келген сәбиімнің атын Аспан деп қойдым.

– Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармасы бойынша түсірілген аттас фильмде қулық-сұмдығын білдірмейтін, әккі болыс Мырзагелдінің бейнесін сомдапсыз. Сіздің «Мырзагелдіңіз» академик жазушының ойындағы Мырзагелдідей болып шыға алды ма? Сіздің ойыныңызға қатысты қандай да бір пікірін білдірді ме?

– Өзінің белгілі шығармасы негізінде режиссер Виктор Пұсырманов түсірген фильмнің премьерасын Ғабең арнайы келіп тамашалады. Соңынан дәстүр бойынша дастарқан жайылып, отырыс өтті. Оған Ғабең, Әлжаппар Әбішев, тағы басқа ақсақал жазушылар, бірен-саран кино мамандары мен журналистер келді. Ғабең өзі бастап сөйлеп: «Еркебұланға қарама-қарсы бір кейіпкер бар, ол Мырзагелді екенін бәрің де жақсы білесіңдер. Сол Мырзагелді болыстың образын экрандаған актер Нұрлыбай бар ма? Орнынан тұрсыншы», – деп өтініш білдірді. Отырғандарда үн жоқ. «Не айтар екен…» деп әліптің артын бағуда. Орнымнан тұрдым. Қатты қысылып тұрғаным белгілі. Сонда Ғабең жүзі жылып, «Нұрлыбай шырағым, Мырзагелді болысты өзім ойлағандай етіп жақсы шығардың. Мен білетін болысты айнытпай ойнадың. Саған да, режиссерге де рақмет. Талантың тау суындай тасқындай берсін!» – деп ағынан жарылған еді.

– Ғабит Мүсірепов секілді ірі тұлғалардың өз аузынан ризашылығын естіп, сол уақыттағы кино сыншылары «заманының кумирі»-не теңеген Нұрлыбай Есімғалиевтің актерлік аспаны қаншалықты биік, ашық болды?

– Актерлік өмірімнің көп кезеңі күтумен өтті. Бір өлеңде айтылатындай, «әне-міне бақ қонардай» көрінді де тұрды. Сол сиқыр сені арбайды, күттіреді, қажытады, шаршатады… Соған төзбек керек, кәтепті қара нардай қажыр-қайрат керек, бұл іске де…

Тағдыр осы бір мамандықты таңдаған талай азаматтарды жүрелетіп, еш шарасыз қылып, дариядағы жаңқадай жағаға шығарып тастаған кездер аз болған жоқ. Жүйкең төзбесе, амалың таусылса, артыңа қарайламай, қайқайып кете беруіңе болады.

Бап пен бақ – арасы алшақ дүниелер. Бұлар қол ұстасып бірге жүрмейді. Бақ кімге барады? Нағыз талантты іздей ме? Соның алдына келіп бас ұра ма? Әлде қаңғып барып, шала сауатты, ештеңенің байыбына бара бермейтін қарадүрсіннің басына қона ма?.. Өкінішке қарай, кейде солай болады… Мен бабым келіскен актермін, бірақ бағым жана қоймағанын өзім білемін… Аспан екеуміздің ұқсастығымыз да осында – рухымыздың мықтылығында. Өмір жолымда кездескен қиындықтарды жеңе алмасам, мен бүгінгі күнге жетпес едім…

Бап – сенің ар-ожданыңның айнасы. Халқыңның, Отаныңның, қала берді отбасыңның алдындағы ар-ұятың. Осы айтылғандардың үдесінен шығып, үнемі жаратылған аттай жұлқынып тұру – айтуға ғана оңай. Бәрібір өмір бір орнында тұрмайды. Тіпті, еркіңе көнбей кететін кездері де болады…

«Айқай»-дан кейінгі жылдарда өз кейіпкерлерімді күтумен жүрдім. Кесек дүниелерді армандап, соған іштей тастүйін болып жүрген күндерім тек өзіме ғана аян. Амал не? «Тілекті Құдай бермеді» деген бабамның сөзі айна-қатесіз келді де тұрды.

Оқи отырыңыз!

АДАМНЫҢ ІШКІ ДҮНИЕСІ – КҮРДЕЛІ де ШЫТЫРМАН ӘЛЕМ

– Өзіңіз режиссерлердің алдына барып, рөл сұраған кездеріңіз болды ма?

– Жоқ. Институтта Елена Владимировна Савченко дейтін ұстазымыз: «Ешқашанда өзің барып режиссерлерден рөл сұрама! Ол этикаға жатпайды», – деп айтып отыратын. «Сен киноны қуып жете алмайсың. Өліп кетсең де, жеткізбейді. Ал қашсаң, құтқармайды, бәрібір сені дегеніне көндіреді. Кино сондай кірпияз, өзіне керегін сүзгіден өткізіп барып іс қылады», – дейтін.

Рөл сұрау – нан сұрау емес, ол сенің деңгейіңнің төмендігін көрсетеді. Сені көретін адам өзі көреді, ал көрмеген адамға не деп ренжисің?!

Өзім де 80-жылдардан былай қарай эпизодтық рөлдерге түспеуге тырыстым. Иә, шағын рөлдердің де арасында басты рөлге бергісізі бар. Алайда қоршаған ортаң, кинематография әлемі келе-келе сені «эпизодтық рөлдерде ойнайтын актер» деп қабылдайтын болады. Сондықтан жейтін наның болмай тұрса да, эпизодтық рөлдерге бармаған дұрыс. Сен өзіңнің үлкен актер екеніңді қалайда басты рөлдерде ойнап көрсетуің керек.

Әйтсе де, тағдыр-талайыма талантты режиссерлермен үзеңгілес болу бақыты бұйырды. Мәселен, Жәрдем Бәйтенов, Амангелді Тәжібаев, Дәмір Манабаев, Шәріп Бейсенбаев, Абдолла Қарсақбаев, Қуат Әбусейітов, Виктор Пұсырманов, Қаныбек Қасымбеков…

Тағдырым қасқалдақтың қанындай қылып тамшылатып жіберген рөлдеріме сәбиімдей аялап, мәпелеп, аса сақтық­пен қарадым. 1996 жылы Қаныбек Қасым­бековтың «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Сүйінбай Аронұлының бейнесін сомдадым. Аспаннан артық көрмесем, кем көрген жоқпын. Кезінде Шерхан аға осы рөліме «Фильмде шаруам жоқ. Нұрлыбай, сенің рөлің ғажап екен. Атаңның әруағы қолдап жүрсін!» – деп ризалығын білдірген. Ал, ғалым Сұлтанғали Садырбаев премьераны көріп отырып: «Мен сені бұрын байқамаған едім, бабамды мөлдіретіп ойнапсың ғой», – деген. Осының бәрі актердің мерейін өсіреді.

1982 жылы Шәріп Бейсенбаевтың «Мен сіздің туысыңызбын» атты фильмінде мұғалімнің рөлінде ойнадым. Жалпы, кинодағы ғұмырымда 6-7 мұғалімді ойнаппын. Бір қынжылтатыны, бүгінде қазақ киносының қоржынын «Гауһартас»-тай жауһар дүниемен толықтырған Шәріп Бейсенбаевтың есімі көп аталмайтын болды. Ол кісіні жиі аталатын режиссерлерден осал деп айта алмаймын. Өзінің ұлты неміс болса да, қазақтың тілін, болмысын кей қазақтан артық білетін. Түріне қарасаң, көзі көкпеңбек таза неміс. «Қазақ арасында неғып жүр?» десеңіз, мұнда қоныстандыру кезінде келген. Содан оны Бейсенбай дейтін қазақтың жылқышы шалы бауырына басқан.

90-жылдардың басында «Свердловск» киностудиясының режиссері Борис Халь­зановтың «Жат жер жоқ» фильмінде бас кейіпкер Доржы Банзаровтың – бурят халқының тарихи тұлғасының (ағартушы, тарихшы, саяхатшы және этнограф) бейнесін сомдадым.

Сондай-ақ Қ.Қасымбековтың 1982 жылы түсірілген «Қоштасқым келмейді» фильмінде мылқау қыздың әкесінің, «Дүрдараз ғашықтар» атты шағын телехикаяда (2008 ж., режиссері – М.Сәруар)  бас кейіпкерлердің бірі  – бизнесмен азаматтың рөлінде ойнадым.

Бертінде «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында Американың «ВВС» арнасының кино түсіру тобы түсірген деректі фильмде Қожа Ахмед Яссауи бабамыздың бейнесін сомдадым. Бұл туынды бір уақытта әлемнің 199 елінде көрсетіліпті. Ұзақтығы бар болғаны екі-ақ минут. Әйтсе де, кино үшін ол көп уақыт. Өзім осы рөлімді мақтаныш тұтамын. Жалпы, бүгінге дейін қырыққа таяу рөлде ойнаппын. Осы жылы режиссер Асқар Бисембиннің «Қанатсыз құстар» телехикаясына түстім. Алғашқы бес бөлімінде ойнадым. Экранға шыққанына бір ай болды. Өте жақсы пікірлерге ие болып жатыр. «Қартайып қалдым ғой» деп жүрген ем, осы фильмнен кейін кеудемде әлі де үміт барын сездім. Жақында осы телехикаяны көрген бір досым хабарласып, «Қазақ актерлерінің ешқайсысын кеміткенім емес, бірақ сенің мектебің бөлек екен ғой», – деп те мерейімді өсіріп тастады.

Қалған өмірімді ұстаздыққа арнағым келеді

– Рөлдердің арасы ұзаңқырап кетіп, іштей мүжіліп жүрген шағыңызда қандай да бір қызметке шақырып, көмек қолын созған азаматтар болды ма?

– ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғы­­нан бастап қоғамдық қызметке ара­ластым. Тоқырау кезінде «актерлер тағдырын қайт­кенде заңды түрде қорғай аламыз?» деген ой бәрімізді одақ бойынша толғандырғаны ақиқат. 1989 жылы елімізде алғаш рет көргенімді, үйренгенімді басшылыққа алып, АҚШ-тағы секілді Қазақстан киноактерлері Гильдиясын құрдым. Жұмысымыз жеміссіз болған жоқ.

Ал 2008 жылы «Қазақфильм»-нің басшылығына келген Ермек Аманшаев мені Мемлекеттік фильмдер қорының директоры қызметіне шақырды. Сол үшін де азамат ініме айтар алғысым шексіз. Ол жерде 2019 жылдың шілде айына дейін істедім. Қазір зейнеттемін.

Ендігі қалған өмірімді ұстаздыққа арнағым келеді. Осыдан 20 жыл бұрын Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқытушылық жұмыс сұрап барғанмын. Алмай қойды. Ал замандастарымның көбі қазір профессор болып отыр. Бәрі де қызылкөз қызғаныштың салдары деп ойлаймын. Әйтпесе, жауласатындай ешкімге ештеңе істеген емеспін.

– Қазақ киносына үлкен еңбегі сіңген өзің­іздей актердің әлі күнге дейін бірде-бір атағы жоқ екен. Бұл қалай болғаны, аға?

– Менің қатарымдағылардың көбі 80-жылдардан-ақ атақ ала бастады. Шынымды айтсам, соған ынтықпаппын да. Тіпті, Аспан рөлінен кейін Оралхан мені іздепті. Сол рөлім үшін Ленин комсомолы сыйлығын алуға болар еді. «Өзі келер» деп күтіппіз…

– Бүгінде абыройыңа қарап емес, атағыңа қарап сыйлайтын заманда сізді осы «кемшілігіңіз» үшін төрден ығыстырған кездер болды ма?

– Қандай жақсы сұрақ… Төрден ығыстырған кездер болмаған шығар. Бірақ атағың болмаса, сені біреулер тіпті қабылдамайды да екен. Оған өзім де кінәлімін. Кей жігіттер болады, осы иненің көзінен өтердей пысық. Біреулерді жағалап, шай беріп жүргені. Жалпы, табиғаты сондай. Бір жағынан, олардыкі дұрыс та. Өйткені өмір сүруі керек. Ал мен біреуге жалпақтап, елпектеу дегенді білмеймін. Ұнатқан адамыма жайылып жастық, иіліп төсек болуға дайынмын. Бірақ біреулерге жақын барып, сөйлесіп кете алмаймын. «Келсең, кел» деп тұратындардың қатарынанмын.

Кезінде кинодағы бір мықты ағамыз айтқан еді: «Әттең, осы Нұрлыбайды қазақ киносы өз деңгейінде толық пайдаланбады, нағыз ұлттық кейіпкер еді», – деп. Мені халықтың көбі таниды, бірақ жыға танитындай жағдайға жетпедім. «Адамның тағдыры – мінезінде» дейді ғой. Бәлкім, кезінде біреулерге қандай да бір ісіммен жақпай қалған болармын. 80-жылдары соның өзіме қатты кесір болғанын білемін. Менің не істесем де білекті сыбана кірісіп кететінім айналамды қызықтырды, қызғандырды.  Достарыма, әріптестеріме қайткенде жақсылық жасаймын деп жүргенде аңғалдықпен арандап, от басқан кездерім де аз болмады. Оған еш өкінбеймін де. Өмірдің ащысы мен тұщысы қашаннан қатар жүрмей ме?!

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

…Терезеден сыртқа үңілдім. Әнеки, сұңғақ бойлы актер күннің суығына бой бермей, бүгежектемей, тіп-тік басып барады. Неге екенін, өз-өзінен ызам келді. Ашық тұрған терезеден ішке сумаңдай еніп, шашымды жұлмалаған тентек желге ме, әлде жақсы адамның әңгімесін тыңдаған бұл күннің де келмеске кететінінен бе, болмаса ағаны сыртқа дейін шығарып салып, жанын жадыратар жылы сөз айта алмағаным үшін бе… Кенет актер жерден бір жапырақты көтеріп алды. Алақанымен сипалап біраз тұрды. Сосын қолына ұстаған күйі тіп-тік басып кете барды. Ол күз түсе сырлы әнін шертетін жапырақтың да мұңына бей-жай қарай алмайды. Ал біз Өнер иесінің шерге толы жанының қатпар-қыртыстарына үңіле алдық па екен? «Неге біз осы…»

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 28.10.2019 | 21:24

Мәдина сұхбат керемет болыпты. Шынайы. Әсерлі. Үлкен рахмет!

Аноним 15.11.2019 | 16:49

Көп рақмет сізге!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір