АЙТМАТОВ ШЫҒАРМАЛАРЫ – МӘҢГІЛІК МҰҢЫМЕН ЕРЕК
28.10.2019
2172
0

Дана Толстой кітап оқу жайында «Күн сайын әлемнің ең дана адамдарымен тілдесуден қымбат не болуы мүмкін?!» деп тебіреніпті. Расымен, кітап оқумен өткен уақыт – босқа өтпеген уақыт, асыл уақыт, қымбат уақыт. Кітап оқудың жеке адам үшін ғана емес, ұлт болашағы үшін де маңызы өте зор. Білімсіз қоғам ешқашан да өрге баспайды… «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – ғалым Ермек Қаныкей. Сұрақтарымыз әдеттегідей: Сүйікті жазушыңыз кім? Оның шығармашылық қолтаңбасының ерекшелігі неде? Жаныңызға қай шығармасы жақын?

Шыңғыс Айтматов

Көркем шығарманың қайта­ланып оқылуы – оның классикалық белгісінің қарапайым дәлелі деп санаймын. Ал көркемдік деңгейі – ғылыми-теориялық, танымдық-тәжірибелік, сыни-сараптамалық жолдардан өтіп барып, өзінің классикалық орнын әдебиет жүзінде айқындайды. Бұл процесс ұзаққа созылып кетуі мүмкін немесе керісінше. Сондықтан мәңгілік мұраттың қатал талабына шыдас беретін шығарма ғана кезеңдік көзқарастардың тікен теміріне бағынбай, оқырманын табады. Дәлірек айтсақ, классика оқырманын іздемейді, оқырман оны іздеп жүріп оқиды және қайталап оқиды. Ал қайталап оқу үшін ол туындының дүниенің көркемдік қабатын зерделей білуі маңызды. Себебі, тарихи уақыттың еріксіз жамаған жамау-жасқауларын сыпырып алып, оны жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарастырғанда автордың түпкі мұраты ашылады.

Бізді Абайды қайталап оқуға ешкім мәжбүрлеген емес. Егер Абайдың айналдырған екі томын ақын-жазушылардан, жалпы өнер саласында жүрген қалың қауымнан «қанша рет қайталап оқыдың?» деп сауалнама жүргізсек қызғылықты болар еді? Және Абайды қайталап оқыған сайын таным көкжиегің кеңейіп, алдыңнан жаңа бір есік ашылғандай болатыны несі? Абай сонау ХІХ ғасырда өлең жазып отырғанда, «осы жазғандарымды қалың қазақ қайталап оқысын» деп ойлаған жоқ, бірақ қазір соны «қалың елі, қазағы» сан рет қайталап оқудан жалықпайды. Өнер – адамды мәжбүрлейді. Ал өнердің бір аты – шындық, екінші аты – сұлулық, егер бұлай болмаса, ол – өнер емес! Адам – осы құндылықтардың іздеушісі.

Әуезов Шыңғыс Айтматовты әлемге 33 жасында таныстырды. «Жәмила» повесі Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда Мұхтар Омарханұлы комитеттің мәжілісінде: «Сіздер авторды әлі жас, шығармасы шағын деп отырсыздар, бұл – үстірт, жаңсақ пікір, ол осы шығармасының өзімен-ақ үлкен марапат, мәртебеге әбден лайық, келешегі – бұдан да айдынды», – деп үкілі үмітпен пікір айтқан. Кемеңгерлік те – қарапайым, оның бір көрінісі – керекті жерде, уақытында бағалы сөзіңді айта алу.

Өз басым Ш.Айтматов шығар­маларымен М.Әуе­зовтің жоғары­дағы сөзін оқымай тұрып танысқам. Қайталап оқығандарым: «Ақ кеме» повесі, «Қош бол, Гүлсары!», «Боранды Бекет» романы. Бұл үш шығармасы мәңгілік мұңымен ерекше. «Ақ кемедегі» ешқашан келмейтін, ешқашан тоқтамайтын кемедегі «әкесін» күтетін баланың үміті; «Қош бол, Гүлсары!» романындағы Танабайдың өзі бел ортасында жүріп құрысқан қоғамдық жүйенің баянды болатынына сенген үміті; ал «Боранды Бекеттегі» Боранды Едігенің Қазанғаптың сүйегін сүйретіп, адам-достың аманатын орындауға барған кездегі тас-талқан болған ақырғы үміті – адамзат баласының қайғы-қасіретінің қайталана беретінін айғақтаған.

Жетімдік – ортадан оқшаулану. Бала – қамқорлыққа мұқтаж. Атасы – Елпек Момын өзінен де өткен қасіретті жан. Ол осының бәрін тауға, тасқа, Ақ кемесіне мұң ғып шағады, бірақ ақыры не болды: өзімен бірге мәңгіге кетті.

Ал, шын мәніндегі, Адам (Танабай) құрметтелуге тиісті қарттыққа қадам басқанда соңғы үмітінен айырылып, мақсат-мұратынан мақұрым қалса, қандай болмақ?! Өз өмірлерінің соңғы асуында баянсыз өмірдің келмеске кеткен күндерін еске алып, Танабай мен Гүлсары (аты) сияқты жалғыздықта қалады. Арық, ақырғы қадамын санап басқан бір кездегі жүйірік ат пен соңғы сенімінен жұрдай болып айырылған қарт адам бетпе-бет қалғанда, өмірдің мәні мен маңызы туралы асқақ ұғымдар жалғандыққа қарай оп-оңай жантайып кетті. Бірі – тулақ, бірі – аруақ! Бұлар – кезеңдік көзқарастардың құрбаны боп, қоғамнан аласталғандар!

Боранды Едіге Қазанғапты соңғы сапарға алып шыққан жолдағы бір күн – мәңгілік мұраттың ғасырлық шері мен шеменін сарапқа салған уақыт. Не өзгерген? Түк те! Қасірет – қоғамдық жүйенің адамдар мінез-құлқына дарытқан түрлі белгісімен алдыңнан шығады.

«Өмірде адам баласының опасыздығынан асқан не бар өзі?» деп бас қатыратын сол адамдардың өздері ғана. «Ақ кемедегі» баланың арманы, Танабай мен Боранды Едігенің бір күнде ойлап-ойлап жауабын таппаған ғасырлық сұрақтары – түптеп келгенде, шешуі жоқ адами қасіреттердің басы да, аяғы да емес, жалғасы екенін көрсетеді. Өмірде әділет бар болса: Елпек Момынша өмір сүру, қорғансыз балалық шақ пен жетімдіктің азабын қатар татқан бала (шалдың немересі), еңбекші халықтың өкілдері: Танабай, Қазанғап, Едігелер – қастерлеуге лайық адамдар еді! Алайда шындық – әділетсіздіктің алдында дәрменсіз.                

Жазушының осы шығармала­рында аталған жайттарға мысал болатын ойлар мен оқиғалар қатары аз емес…

Айтматов – адам еңбегі мен олардың кісілік қасиетін; кие мен дәстүрдің аңыздарын, махаббат пен сұлулықты дәріптеуде гуманист жазушы. Ал тілі мен образдар жүйесінде суреткерлік мол. Және дүниетаным кеңістігіндегі эпикалық мәнерде манасшылдық бар. Оның шығармашылығында уақыт пен кеңістік категориясы – көркемдікке қызмет ететін шартты ұғым. Ұлттық діңгегі мығым, соны қаламгерлік жолына мызғымас мұрат ете алған ғасыр реалисі – Ш.Айтматов әлемдік классиканың Әуезов өлшеміндегі өкілі.

Ермек ҚАНЫКЕЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты, «Әуезов үйі» ҒМО-ның қызметкері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір