Бұл — әлем әдебиетіне қосылған олжа
22.10.2019
966
0

Қазақ әдебиетін БҰҰ-ның 6 тіліне (ағылшын, араб, орыс, қытай, испан, француз) аудару жобасы жалғасып жатыр. Осы аптада қос томдық антологияның орыс тіліндегі нұсқасы Мәскеу қаласында таныстырылды. Тұсаукесерге ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева қатысып, бағдарлама туралы, аталған жоба жайлы кеңінен тоқтап, мазмұнды баяндама жасады. Еліміздің Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов арнайы қатысып, екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына, бұл жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Жоба аясындағы жүздесулер бұған дейін Францияда, Англияда, Еуропаның өзге де елдерінде өткен болатын.

Ұлт әдебиетінің әлем жұртшылығына ру­хани олжа салуы ел мерейін асырмай қой­майды. Оның үстіне әдебиеттің әдемі үлгілері арқылы өзге халықтар біздің де бүкіл болмысымызды, әдет-ғұрпымызды, салт-санамызды танып біледі. Бұл тұрғыдан келгенде, шүкір дейік, біз әлем әдебиетінің жауһарларымен жақсы таныспыз. Енді, мінеки, төл әдебиеті­мізді оларға танытудың да реті туып отырған­дай. 

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мә­де­ниет» жобасы бойынша БҰҰ-ның алты тілін­де қазіргі қазақ әдебиеті антологиясы әлем оқырмандарына жол тартыпты! Қуа­нарлық жаңалық. Өйткені «антология» деген сөздің арғы жағында «таңдаулы туындылар» деген ұғым жатыр.

Антологияның ағылшын тіліндегі нұсқа­сының  тұсауы  осы жылдың басында  Лондонда кесілгенін естідік.

Таяуда, қазан айының 15-інде осы антоло­гияның орыс тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі Мәскеуде өтіпті. Кітапқа алғысөзді орыстың белгілі әдебиетшілері мен көрнекті  қаламгерлері жазыпты. Бұл қазақ әдебиетін бағалаудың әдемі көрінісі екені ақиқат. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сын­да жүзеге асқан «Қазіргі қазақ проза­сы­ның антологиясы», «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деп аталатын кітаптардың әр томы 500 бетке жуықтап,  60 авторды қамтиды.

Ұлтымыздың рухани құндылығына ай­налған дүниелер халықтар достығының алтын арқауы десек қателеспейміз. Орыс тілінде сөйлейтін 14 мемлекеттің 3,5 мыңнан астам кітапханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізілетін бұл кітаптардың қазақ өмірін жан-жақты таныстырары шү­бәсіз. Ұлыбритания, Франция, Испания, Египет, Қытай, Ресей елдерінің іргелі баспаларынан шыққан антологиялар әлемнің 90-нан астам мемлекетіне, бес құрлыққа тарайтыны мерейіңді өсіреді. Бұрын дүниежүзі оқыр­мандарының қолына тие қоймаған қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын 2,6 млрд адам оқитыны да көңілге медеу. Мұндай мүмкіндік бізде бұрын-соңды болмағаны рас.

Осындай ұлт қарымын, таланттар тегеу­рі­нін көрсететін игілікті істің бастауында Прези­денттің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қарын­дасымыздың жүргенін айтуды парыз санаймын. Оның бірден алты тілге аударылатын туындыларды іріктеу, аударма сапасын қадағалау, шығаратын баспаларды белгілеу, бір сөзбен айтқанда, барлық шаруаны ұтымды ұйым­дас­тыр­ғанынан да хабардармыз. Егер осындай бір адам бел шешіп кіріспесе, ұлт құндылығы әлем­дік деңгейде танылуы да екіталай болады.

Иә, қазір ақын-жазушылардың шығар­ма­лары шетелде шығып жатқанын білеміз. Сол туындылар мемлекет мәртебесін көтеруге үлес қоса ма,  немесе ол «бүгінгі қазақ әдебиетінің дәрежесі осы болғаны ма?» дегізіп жүрмей ме? Әрине, қаржысы бар екен, шығарсын, қарсылық жоқ. Дегенмен «ол туындылардың сапасы қандай, саралаудан өткен бе?» деген сұрақ көкейде тұрады. Шығарып беруші баспаларға сіздің ұлттық әдебиетіңіз емес, ақ­ша керек, қаржы керек. Осы жағын мықтап ескеріп жүргеніміз де ләзім.

Сөз орайында ыңғайсыз  болса  да өзіме қатысты болған мына бір жайды айта кетсем деймін. Мәскеудің атышулы мықты баспасынан маған да ұсыныс түсті. Қомақты «көк- қ­ұлақ» берсем – кітабымды алтынмен аптап, күміспен күптеп,  керемет етіп шығарып бе­ре­тіндерін айтты. «Жөн екен, таралымы қан­ша?»  «Мың дана». «Ойбу-у, жиырма миллион тұрғыны бар Мәскеуге  бұл не болмақ?» – дедім.  Жауап жоқ.  Оның үстіне әлгі  бір мың дана­ның жарымын Алматы мен Астанаға жібере­тінін айтты, мен ондай насихаттан бас тарттым.

Әрине, еліміздегі меценат азаматтардың қолдауымен, қазақ Пен-клубының ұсыны­сымен ұлт әдебиетінің озық үлгілері, сондай-ақ  әдеби агенттері бар бүгінгі қаламгерлердің пәрменімен шетелдерде шығып жатқан кітаптар баршылық. Ондай туындылардың сапасы мен шығару мәдениетін көргенде мерейіміз өсіп, қуанып қалатынымыз тағы рас. Бірақ бәрін ақшамен есептеп, әртүрлі ше­тел­дік басылымдарда жариялай беру жа­ғына мен қосыла бермеймін. «Бұл қазақ әде­бие­тінің өрлеуіне емес, құлдырауына әкелетін  тәсіл  болып жүрмей ме?» деген де көңілде қауіп бар. 

Сол қаупіміздің бұлтын БҰҰ-ның алты тіліне аударылған антология сейілтіп жібергені сөзсіз.

 «Әдебиет  – ардың ісі» деген ұлылардан қалған ұғым бар. Сол ардың ісін аттамай, әдебиет ел абыройына да үлес қосатын болса, деп ойлаймын. Жалпы, «алты тілде жарық көріп жатқан кітаптар елдік тұғырдың биіктей түскенін көрсетер құндылығымыз» деп қабылдадық.

Әлібек АСҚАР, жазушы, «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының бас директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір