Әзілің жарасса, Әбеңмен де ойнауға болады екен…
22.10.2019
803
0

Көрнекті жазушымыз, қазақ әдебиетінің аса талантты қаламгерлерінің шоғырына есім-сойы ерте қосылған Дулат Исабеков замандастары туралы әдемі әзіл әңгімелер айтып жүреді. Сол әңгімелеріндегі «кейіпкерлердің» бірі – Әбді-Жәмил Нұрпейс. Ақсақалдың тарпаң мінезін білетіндер, «әй, бұл мүмкін емес» дейтін шығар. Әйтсе де, әзілің жарасса, Әбеңмен де ойнауға болады екен, біз «Маңызды шаруа» мен «Сиқырлы саусақтан» соны білдік.

«Маңызды шаруа»

Өмірде де, шығармашылықта да Әбекеңмен ұзақ жылдан бері ағалы-інілі болып араласып келеміз ғой. Арамызда  әзіл-оспақ әңгімелер айтылып, қызық оқиғалар да жиі болып тұрады.

Бірде әйелімнің қайтыс болған ана­сы­ның жылына Талдықорғанға бара жатқанбыз. Айнабұлаққа жетіп қалғаны­мызда Әбекеңнің телефон соқпасы бар ма.

– Қайдасың? – деді, телефонды алған бойда.

– Талдықорғанға кетіп барамын, – дедім мен.

– Неге бара жатырсың? – дейді Әбекең.

– Нұрғайшаның анасының жылы өтетін болып, соған бара жатыр едік, – дегенім сол еді, – «Сен бармасаң да өтеді ғой жылы. Сен кері қайт», – дегені ақсақалдың.

– Жақындап қалдық, Әбеке, Талдықор­ғанға қолсозым ғана жер қалды. Апамыздың жылына туған қызы, туған күйеу баласы – біз  бармасақ, жұрт іздеп,  ренжиді ғой, – дедім мен де қайтпай.

– Ой, сен де қай-қайдағыны шығарады екенсің, өзің бір «қайынсақ» болып алып­сың. Маңызды шаруа болып тұрғанын айт­тым ғой, сен секілді «қайынсақты» көргенім жоқ» – деп, ренжігендей болып телефонды қоя салды.

Ертеңінде қайтып келген соң, телефон шалып: «Әбеке, кеше маңызды шаруа деп едіңіз, ол қандай шаруа екен?» – деп сыр тартсам, «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовті қонаққа шақырғанмын, соның қасында отырсын деген едім» – дейді. «Ойпырым-ай, Әбеке-ай,  тығыз шаруа дегеніңіз осы ма?» – деймін ғой сонда мен таңданып. Осындай бала мінездері бар  Әбекеңнің.

«СИҚЫРЛЫ САУСАҚ»

Тағы бірде ағам жұмыс бөлмеме келді. Келген бойда телефонға қонып алып, біреуге телефон шалды. Біршама уақыт өтті, әлі сол орнында телефонмен әуре болып отыр екен. Ар жағында ешкім жауап берер емес.  Бір мезетте жүйкесі тозып, шаршай бастағанын байқадым да: «Телефонды көтермей ме?» – дедім. Қағазында жазылған нөмірді көрсетіп: «Мына бір нөмірге қашан хабарлассам да, өмірі телефонды көтермейді», –  дейді кейіп. Сөйтсем, нөмір «333» деген цифрлардан басталып тұр екен. Ал ол 333-тің 777-ге айналып кеткеніне 2-3 жыл болған. Алдым да, «777» деген сандармен  бастап теріп беріп едім, әлгі адам  телефонын бірден көтеріп, ағам екеуі сөйлесе кетті. Сөйлесіп болғаннан кейін, «Әй, сенің бір сиқырың бар екен. Мен қанша күннен бері хабарласып, ала алмай жүр едім, сен тергенде гудок бірден барды. Саусағыңның сиқыры бар екен, маған енді мына нөмірді де теріп берші», – дейді ғой. Ол жерде саусақтың ешқандай қатысы жоқ еді ғой, Әбекеңнің осындай аңғалдығы да бар.

 

«СУЫРЫЛМАЙТЫН ҚАЗЫҚ»

Әбекең Америкаға барып-қайтқан сапарынан «Америкада қазақ әдебиетінің кітапханасын ашу керек» деген идеямен оралыпты. Арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында  бәріміз сол төңіректе ой өрбітіп отырғанбыз. Кітапхананың ашылғаны дұрыс, ал оны ашу үшін қомақты қаржы қажет. Жоқ дегенде бір миллион доллардай қаражат керек. «Оны қайдан аламыз? Үкіметтен сұраймыз ба, әлде Президенттен сұраймыз ба? Кімнен сұраймыз?» деп басымыз қатып отырған. Бір кезде Әбекең басқа бір әңгімені бастады да кетті. «Аударма мәселесіне қатты көңіл бөлуіміз керек», – деп өзінің тәржіма жасаудағы тәжірибелері туралы айтып кетті. Шығармаларының аударылу барысында бір сөзге бола қалай таласқаны жайлы ұзақ баяндай бастады. Ал біздің жиын бір сағатқа ғана жоспарланған, одан кейін жиналғандардың бірі ұшаққа, бірі тағы бір жерге үлгерулері керек.

– Әбеке, – деймін мен тағатсыздана.

– Сөзді бөлме, – дейді ол кісі де, әңгімесін жалғай түсіп. 

– Әбеке, біз мынадай ақшаны таба аламыз ба, таба алмаймыз ба, соны айтуымыз керек қазір. Аударма мәселесін тағы бірде жиналып сөз ететін боламыз, – деген едім, «Сен бала сөзді көп бөлесің» деп ренішін білдірді.

Асығыс екенімізді, ұшаққа, пойызға үлгеруіміз керек екенін түсіндіре бергенімде, «Сендерге әдебиеттің керегі жоқ екен», – деп есікті тарс жауып шықты да кетті.

Яғни, Әбдіжәміл ағамыздың аңғалдығымен қатар, осындай турашылдығы да бар. Сөзін бөлгенді тіптен ұнатпайды. Өзінің айтқаны болмаса, илікпейтін бірбеткей мінезі бәрімізге  мәлім. Соған орай, Зейнолла Қабдолов ағамыз  Әбекеңе «Суырылмайтын қазық» деп ат қойған еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір