Әзіліміз жарасса…
Әбділдә Тәжібаевқа
Жүрген біреу емеспін мен бет алды
Әбеке,
қолыңды жай,
бер батаңды!..
Ел қатарлы азамат болғаныммен,
Ақын болғым келмейді ел қатарлы!
Бердіңіз батаңызды Төлегенге,
түрі де,
мазмұны да бөлек ерге…
«Ақын, – деп, – Ахметова!»
жар салдыңыз
бесікке жыр перзентін бөлегенде.
Ешкімнің жоқ оларға дауы түк те,
Артық деп айта алмайды жауы
тіп те.
Бердіңіз батаңызды ең ақыры –
«сәтімен» Сәрсенбіге, Дәуітовке.
Өрт болса, әдебиет,
ішіндеміз!
Серт болса, әдебиет
күшіндеміз!
Бағасы жырыңыздың мәңгілік қой,
Бағасын батаңыздың түсірмеңіз…

Хамит Ерғалиевке
Мақтау үшін Хамаңды,
Білу керек шамаңды.
Бір көргеннен таниды ол,
Жақсы менен жаманды!
«Қамал бұзып қырықта»,
көнбей келген ырыққа…
Ақжал асау және сол
Алдырмаған құрыққа!
Жалған айтып, ендеше,
Жалпылдама делбеше…
Естімеген ешкімнен
«Сөз» естігің келмесе!

Қалижан Бекхожинге
Асыл болса –
сыртынан мақтасады Қалекең!
Ашуланса,
мұртынан от шашады Қалекең!
Ұнадың ба,
соңыра ұмытпайды Қалекең!
Сынадың ба,
оны да ұмытпайды Қалекең!..

Әбу Сәрсенбаевқа
Өзге шалдай «өлем» деп
жыламайды,
Өзге шалдай «көлем» де сұрамайды.
Көкірегін сыздатқан сыры болса,
Сыздықтатып өлеңге сыналайды.
Айналасы тұрған соң сыйға тұнып,
Атақ үшін жатпайды ми қатырып.
Шамырқанған шабыттың қызуынан
шаштың өзі қалғандай ширатылып…

Әбдіжәміл Нұрпейісовке
«Қан мен терді» сарылып та
сарғайып,
жазуыңда бар ма кінә,
бар ма айып!..
«Сеңнен» кейін кітап күтіп тағы да,
Жылдар бойы сең соққандай болмайық…
Өңдеу,
жөндеу,
түзеу,
күзеу – салтыңыз!
Соныңызбен барады өсіп нарқыңыз…
Жалықпайсыз сіз қайтадан жазуға,
Қайта оқудан жалықпай ма халқыңыз?..

Сафуан Шаймерденовке
Жалғыз роман,
жалғыз қыз
«Инеш» еді,
Жалғыздықпен қанша жыл күй кешеді?
Битабарды өзіне тең санамай,
кемпір болды сарғайған кимешегі…
Жазғаныңнан
жазбағың көп қой әлі…
Бойыңдағы оянып от баяғы,
Инешіңіз оқыған қыз емес пе:
«Интеллигент шал керек!» – деп қояды…

Сырбай Мәуленовке
Бұл күнде біздің Сырағаң –
Молдадан бетер бір адам.
«Ақырған ащы су» түгіл,
Татпайды, тіпті сырадан.
Зауқы жоқ мүлде сусынға,
Өзінің өзі уысында…
Жырының, бірақ қызуы
Баяғы градусында.

Әзілхан Нұршайықовқа
Алты ай жазда аттанады тыңға алыс,
Жетіп жатыр тындырар іс,
тынған іс.
Журналистер арасында –
жазушы,
Жазушылар арасында –
журналист…
Бірін әсте биік қоймай бірінен,
Байсалдылық танытады түрінен.
Соңғы кезде ірілігін сезгендей,
Интервью алады тек «іріден».

Садықбе Адамбековке
Бұл Сәкең – бурыл шашты бала кісі,
Келмейді жасын әсте санағысы.
Ойнайды Жұбағаңмен жиеніндей,
Сырағаң сияқты бір нағашысы.
Жұрнақтай қалып қойған сал-серіден,
Қыздарды қытықтайды таңсәріден.
Тоғышар қарын көрсе қалтарыста,
Тіледі сатираның семсерімен!..
Ақтарып дала жайлы қалаға сыр, –
Төрінде Шығайбайдың салады асыр.
Түкіріп ауызына Алдаркөсе,
бергендей ақ батасын Қожанасыр!..

Ғафу Қайырбековке
Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең,
Радионы басып қалсаң –
Ғафекең!
Журналдарды парақтасаң – Ғафекең,
Газеттерді қарап қалсаң –
Ғафекең.
Дунай бойлап араласаң –
Ғафекең,
Думан-тойға бара қалсаң –
Ғафекең!
«Мына біреу оңашалау кафе екен»
деп кіріп ем…
Мұнда да отыр Ғафекең…

Шерхан Мұртазаевқа
Кей уақытта Шерағаң –
аш бурадай жараған…
Кей уақытта Шерағаң –
өңін бермес өр адам…
Кей уақытта Шерағаң –
қаһарлы қыс бораған…
Кей уақытта Шерағаң –
жайма-шуақ сері адам…
Шерағаңа «қараған»,
аты көпке тараған –
сыншылардың өзі де
қарсы келмей сөзіне,
білмей қалай ұғарын,
қай жағынан шығарын,
сыйлаудайын сыйлайды,
сескенеді әрі одан…

Зейнолла Қабдоловқа
Жазушылық
ғалымдыққа жол беріп,
Ғалымдығын
ұстаздығы өңгеріп
бара жатыр…
Зерттегендер Зекеңді
қиналады-ау
үш салаға тең бөліп.
Мұндай мінез мықтылардан жұғады,
Ұқса сырын
әмбебаптар ұғады…
Анық ойлы үш Зекеңді қосқанда –
Абыройлы бір
Қабдолов шығады!..