«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫНДА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАРИХЫНА ТІЛ БІТЕДІ
15.10.2019
1077
0

Акиф АХМЕДГИЛ — ортада

Акиф АХМЕДГИЛ  – Әзірбайжан халқының көрнекті ақыны. Түркі елдеріне жырларымен кеңінен танылған ол – түрлі халықтардың әдеби туындыларын әзірбайжан тілінде шебер сөйлете білген шайыр. Таяуда Акиф мырза Жазушылар одағына соғып, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілішісіне сұхбат берді. Сұхбат барысында  Акиф мырзаның алдағы уақытта Абай әлеміне үңіліп, «Абай жолы» романын аударуды мақсат етіп отырғанын да білдік.

– Акиф Ахмедгил мырза, қазақ әдебиетіне деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Әңгімемізді осы сауалдан өрбітсек деймін.

 – Қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым балалық шақтан бастау алған еді. Оның бір себебі – Әзірбайжандағы Қазақ ауданында туып-өскендігім болса керек. Мектеп қабырғасында жүргенде Мағжан Жұмабаевты, Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановты сүйіп оқитынмын.

  Бертін келе, студенттік жылдарда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып шықтым. Ондағы Абай болмысы, күрделі де асқақ Құнанбай образы, қайшылыққа толы қазақ өмірі мен дәуір тынысы, дала заңдылығы – бәрі-бәрі мені тәнті еткені сондай, қатпар-қатпар ойларға қалдыратын.

Осыдан отыз жыл бұрын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін әзірбайжан тіліне аудардым.  Алматы қаласында жүргенімде оның жас әрі көркем немересін көрген болатынмын. Мағжан тағдыры – өте қайшылықты, қайғылы тағдыр. Соған қарамастан, ол найзағайдың жарқылындай жарық әрі сәулелі ғұмырдың иесі болды. Мен Мағжан Жұмабаев секілді батыл да өжет ақындарды қатты жақсы көремін. Әлем әдебиетінде мұндай таланттар өте сирек. Неге екенін білмеймін, Мағжан тағдыры, Мағжан өмірі менің есіме соғыс майданында жүріп, небәрі жиырма бес жасында Смоленск түбінде қаза тапқан орыс ақыны Е.М.Садовскийді түсіреді. Қаза тапқаннан кейін оның сөмкесінен өзінің өлең дәптері мен неміс ақыны Гельдерлиннің аударма өлеңдері табылған. Ұрыс алаңында от пен судың, өлім мен өмірдің ортасында жүріп те, қиын кезеңдерде «тар жол тайғақ» кешіп жүріп те әдебиетке, жазуға деген   адалдығынан, ұлтжандылығы мен турашылдығынан айнымаған ақындар  қалай қайран қалдырмасын?!

Алдағы уақытта Мағжан Жұмабаевтың отты жырлары мен Олжас Сүлейменовтің публицистикалық жазбаларын тәржімалап, кітап етіп шығарсам деген ойым бар.

Акиф АХМЕДГИЛ 

 – Қазақтың талантты ақыны Ұлықбек  Есдәулеттің өлеңдерін аударып, кітап етіп шығардыңыз. Бұл – екі ел үшін де үлкен әдеби жетістік.  Ақын туындыларын аудару туралы ой сізге қалай келді?

– Қазақ халқының көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулеттің өзімен де, шығармашылығымен де көп жылдардан бері жақсы таныспын. 1979 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Вдохновение» альманахына өлеңдеріміз бірге жарияланған. Сол тұстан бастап ақын шығармашылығынан хабарсыз қалмауға тырысамын. Мен Ұлықбек Есдәулетті қазіргі түркі халықтары әдебиетінің ең жарқын өкілі деп есептеймін.  Қазақтың халық жазушысы Әбіш Кекілбаев  ол турасында «Ұлықбек талантының  ағартушылық мәні өте зор. Ол қазақ халқының өр рухын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын тұтас шығармашылығының негізгі өзегі еткен.  Оның туындыларында қазақтың қайғы-қасіретке толы тағдыр-талайы, құлдырау кезеңі мен өркендеу дәуірі, ел тарихындағы алмағайып замандар мен ұлтының жарқын болашағына деген сенімі жырланып келеді»,  – деген мәнде жылы лебізін білдірген еді. Ұлықбек поэзиясы мені де осындай қасиеттерімен, сыршылдығымен, терең де ойлы философиясымен қатты қызықтырды. Сондықтан оның туындыларын өз тілімізге аударғым келді.  Ақын жырларымен Әзірбайжан оқырмандары да етене таныс болғанын қаладым.  «Ұлықбек көшесі» жинағын біздің елдегі қаламгерлер де, оқырман қауым да өте ыстық қабылдады.

Ақын Ұ. Есдәулеттің әзірбейжан тілінде жарық көрген кітабы

 – Ұлы Абай шығармалары мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын аудару да ойыңызда бар екен…

 –  Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына үлкен дайындықтар жүріп жатқанын жақсы білеміз. Осындай маңызы зор рухани шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы көңіл бөліп, қолдау көрсетіп жатқаны қуантты.

Бұл мерейтой ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетінінен де хабардармын. Осы орайда, біз де ақын туындыларын Әзірбайжан тіліне аударуды жоспарлап отырмыз. Абайдың «Қара сөздерін» Мети  Османоглы аударса, өлеңдерін мен және өзге де ақындар аударатын боламыз.

Ал «Абай жолы» романын аударумен  арнайы аудармашылар тобы жұмыс істейтін секілді. Әзірбайжан оқырмандары осындай ғажап туындыны өмірге әкелген жазушы есімімен, шығармашылығымен толыққанды таныс болу үшін, әуелі Әуезов әңгімелерін тәржімалап, жұртшылыққа таныстыруды жөн деп санадық. Содан кейін қазақ халқының жарты ғасырлық шежіресі мен тарихын дәйектейтін «Абай жолы» романын аударуды қолға алмақпыз.

 

– Әдебиеттің, ұлттық әдебиеттің қоғамдағы маңызы туралы не айтар едіңіз?

 – Американың атақты ақыны Уолт Уитмен: «Ұлттық әдебиетсіз ұлттық саясат та жоқ» деген екен өзінің бір сөзінде. Жалпы, әдебиет дегеніміз, әр қаламгер үшін, әрбір ұлт үшін өмір мен өлім арасындағы ең шешуші сұрақтарды айқындайтын нәзік те күрделі дүние секілді көрінеді маған. Кез келген  халықты өз болмысына үңілдіріп, тамырына бойлататын бірден-бір тетік те, өркениеттің қақпасын ашатын  ең кемеліне жеткен кілт те ұлттық әдебиетте жатыр.  Адамның жанын тебірентіп, сезіміне қозғау салатын да – осы  әдебиет. Ал бүгінгі өктемдікке, бейсаналыққа бой алдырып бара жатқан қоғам үшін сезімнің қаншалықты маңызды екенін өзіңіз бағамдай беріңіз.

 – Әңгімеңізге көп рақмет

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір