БҰЛ – АБАЙДЫҢ СУРЕТІ ЕМЕС
08.10.2019
1268
0

Жуырда «Караван» газеті «Абайдың жас кезіндегі суреті Қытайдан табылды» деген тақырыптағы мақаламен Абайға ұқсас бір адамның суретін ұсынды. Әлеуметтік желі қолданушылары «алақайлап», бір-бірінен сүйінші сұрап әлек. Аталған сурет өткен ғасырдың 70-жылдары «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген. Сол кезде абайтанушылар бұл суретті ұлы ақынның суреті емес деген тоқтамға келген екен. Біз суретті білікті абайтанушы ғалымдарға қайта көрсетіп, пікірлерін сұрадық. Олар бірауыздан «Бұл Абайдың суреті емес» деп отыр.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,  абайтанушы-ғалым:

– Бұл сурет «Абайдың жас кезіндегі суреті» деп бір жерлерде жарияланып жүр. Егер Абайдікі болса, қайда, қашан түскен? Ешбір дерек жоқ. «Сурет Қытайдан табылды» деген дерек, тіпті, ойға қонымсыз. Абай Қытайға барған емес.  Біз білетін Абайдың түпнұсқа ретінде сақталған жалғыз ғана суреті бар. Ол – отбасымен бірге түскен суреті. Осыдан басқа бірде-бір түпнұсқа суреті жоқ.  Мына сурет кейін пайда болды. Абайды зерттеген Мұхтар Әуезовтің кезінде бұндай сурет мүлде кезікпеген. Үстіндегі киімі туралы айтсам, ол тұста  осындай үлгідегі киімдердің болғаны рас. «Караван» газеті «бұл – Абайдың суреті» деп жариялапты, басылым қызметкерлерінен бұл сурет пен деректі қайдан, кімнен алғандарын анықтап сұрау қажет. Абайдың сөзіне, мұраларына, жалпы ақынның рухани әлеміне аса сақтықпен қарау ләзім. Жалғандыққа жол беруге болмайды.

  Жақында Семейде Асан Омаров деген кісі құрастырған Абайдың екі томдық кітабы шықты. Әуезов кезінде «Абай жазды деген өлеңдер көп. Тобықтыда өлеңді Абай сияқты ұйқастыратын шалдар болған. Егер ол өлеңдер Абайдың деңгейінен биік болса – алайық, төмен болса – алуға, жариялауға болмайды», – деген. Ал мына кітапқа не болса – соны енгізе берген, тіпті, хронологиясын өзгертіп жіберген. Бұл туралы біреулер жазатын шығар деп ем, ешкім үндемеді. Абайды аспандатамыз деп әуре болудың қажеті жоқ. Жалған байлам, орынсыз мақтан Абайға жүрмейді. Соны ескермесек, ұлы ақынға қиянат жасаймыз. 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, абайтанушы-ғалым:

  – Бұл сурет туралы айту керек болса, алдымен оның кеудесін­де­гі орденге назар аударған жөн, Абайда қайдағы орден? «Қарғыбау тағып…», – деп Абай өзі сынайды мұндайды.  Кезінде осы сурет туралы түсініктеме жазып едім. Бұл сурет пен Абайдың түпн­ұсқадағы кейпіне анықтап қарасақ, екеуі екі бөлек адам болып шығады. «Абайдың мойны қысқа еді, иығымен бірдей еді», – деп жазады өзінің баласы Тұрағүл. Ал мына  суреттегі мойынды қара? Көзінің аясын, мұрнын, маңдайдың бітісін қара. Бұл – Абай емес.   

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір