БАБАЛАР МҰҢЫ – БАЛБАЛДАЙ ТЫЛСЫМ
09.10.2019
978
0

Өтепберген Ақыпбеков

Өтепберген Ақыпбеков

 КӨШПЕНДІЛЕР

Бір есімі қазақтың – Көшпенділер,

Көшкен сайын көркейіп, өскен бұл ел!

Ырыздығын – ақ таңнан, Тыныштығын –

Бір Аллаға қол жайып көктен тілер…

 

Көктен тілер…

Ойы да көкпен бірге,

Жаңа ай туса,

«Тәубә!..» – дер өткен күнге.

Жұлдыз барлап  жоспарын жұптап алып,

Өріс барлап, тау жайлап көшкен күнде.

 

Көше берген…

Күндерді салып артқа,

Жүк артпаған кәрі атан, арық атқа.

Керегесін кең жайып келер күнге,

Уық болып шаншылған шаңыраққа.

 

Көшпенділер…

Көшпенді ел – бабалардың

Дала заңын қаралап, табалар кім?!

Өмір көшін дамылсыз алға тартып,

Жаңа өріске қазығын қағады әр күн.

 

Көшпендіміз, Көшеміз есен-аман,

Көшпендіміз – дәстүрден енші алмаған.

Көшпендіміз – өріс қып өзге тілді,

Өз тілінде ешкімнен есе алмаған.

 

Көшпендіміз…

Тарихты танып білдік,

Бабалардай намысты жанып тұрдық.

Өз-өзіміз сөйлесіп өзге тілде,

Өркениет есігін қағып кірдік.

 

Көшпендіміз…

Жүрмейміз сылтып басып,

Ойымызды тұрмаймыз іркіп, жасып.

…Ана тілдің жазира жайлауынан,

Қайран тілім, барады үркіп қашып…

 

КІТАП

Қан құсып заман қыстады жанды,

Табылмай ақ жол – нұсқалы, мәнді…

Бабалар мұңы –

Балбалдай тылсым,

Тасқа да жазды, қышқа да жазды…

Сан жорық, қырғын – сыралғы дерттен,

Жүрекке беріш құралды кекпен…

Пендесін аяп,

Аян ғып Тәңір,

Түсірген екен Құранды көктен…

 

Сол кітап – иман түнекті сырған,

Сананы сілкіп, түлетті нұрлы ән.

Құранның сөзі – Құдайдың сөзі,

Мейірім-шуақ жүрекке тұнған.

 

Жүйткиді уақыт – талмай да тарлан,

Бал тама берсін таңдайға қайдан?!

Күн мен Ай, жылдар:

Парақтап ашар,

Тағдыр да – кітап, маңдайға жазған.

 

Сыр ашпай жұртқа шешіліп, үнсіз,

Оқиды жырды тесіліп бір қыз…

Кітаптар – тағдыр жазылып қойған,

Қағазға тек біз көшіріп жүрміз…

 

* * *

Қайран, көке!

Тірлікті ойлап бас қатты,

Айдай бейнең ұмытыла бастапты.

Қуана алмай,

Қуарардай бір сәтте,

Сен туған күн –

Бізді қатты жасқантты…

 

Сен туған күн… Рухыңа дәм арнап,

(Маңдай термен тапқан нәсіп адалдап.)

Көрші әйелге хатым-құран оқыттық,

Бір аунап түссін дедік бар аруақ…

 

Іштен тындық…

Құран да іштен оқылды…

Қол жайдық та, бет сипадық толқулы:

Өлім деген –

Жалғасы екен өмірдің,

Қайта айналып тоғыспайтын жол сынды…

 

Болса-дағы сәл-пәл пәстеу хал-күйім,

«Тағдырыма тәубә!» –  деймін дәл бүгін…

…Қайта айналып келе алмайсың

Сен бізге, Біз баруға асықпайық…

Әу-м-и-н!..

 

ҚИНАЛАМЫН КЕЙДЕ БІР…

«… Жөргегі кеппей, Жел тарамай тұлымын,

Жер болып кетті он арман – Он құлыным…» –

деп бастап сөзді отырушы еді анашым,

Қилы кезді еске ап, қинала сипап бұрымын.

 

Он арманның жүрілмей кетті жолы да,

Тәй-тәй баспай,

Ілікті ажал торына.

Анары иіп,

Аңырап анам қалыпты,

Сап-сары жолақ жаялықты ұстап қолына.

 

Осылай күндер бейнетін басқа салған көп,

«Күл шашарсыз» жүргенде дүние жалған боп,–

 

Мен туыппын,

Іңгәлап мынау өмірге,

Әкем мен шешем асыға күткен арман боп.

Қыран да болмай, туғызар дауыл екпіні,

Жүрген бір жанмын,

Елеусіз өткен көп күні.

Қиналам кейде,

Жонымнан таспа тілетін,

Солардың неге қалмаған екен деп бірі

 

ҰЛЫММЕН ӘҢГІМЕ

 

«Батпасаң да белшеңнен қапа-мұңға,

Жүрсең-дағы жақсылар қатарында,

Бас исе де барша жұрт өнеріңе,

Шықпады ғой дүркіреп атағың да…» –

 

дедің, ұлым,

Тарасын жаныңа нұр,

Тіредің ғой тұйыққа тағы да бір.

Атақ деген, –

Ол жайлы не айтайын,

Бәз біреудің түспейді қолына бұл.

«Сүреңсіз ғып салуда артқа күнді», –

деп ағайын сөксе де,

Тақпа мінді. Бақыттымын,

Мен тіпті даңқтымын,

Бір бала егер жатқа айтса тақпағымды.

 

 

* * *

Қараңғы түн тұмшалап өтпей бесін,

Көре алмадың ұлыңның бет-бейнесін.

Отсыз ошақ жанарды,

Сұм тағдырың, тастады,

Өзімен алып кетпей несін.

 

Жас дүние түнеріп,

Көрдей қатып,

Нұрлы күнмен қоштастың өлмей жатып.

«Кем болғанша жер болып кетейін» деп,

Қарғанбадың қайсы бір ездей шатып.

 

Бейімделіп көп іске көндікпеген,

Күн өткіздің елеусіз ерлікпенен.

Сұм ойларды санаңда сумаңдаған,

Көмдің бойдан аластап,

Жер ғып терең.

 

Сөнбей маздап,

Тұрмыстың жыр гүлі боп,

Шаңырақта сен жаққан тұрды ұлы от.

Біреулерге «соқыр шал» атансаң да,

Әке болдың біздерге бір міні жоқ.

 

 

ҚАМШЫ

«Сарт» ете қалса,

«жарқ» ете қалар жанары,

Асаудың жынын азу тіс қамшы қағады.

Шыбықты тіпті шыбындай көрмес шабан ат,

Қамшыдан қорқып,

қайқаңдай желіп барады.

 

Қамшыда айбат,

қамшыда талай сыр жатыр,

Сан әлсіз қолға қару да болды бұл батыл.

Сан есер қолмен сілтенді тағы әз жанға,

Қамшыда, бақсақ,

кешірмес күнә, мұң да тұр.

 

Қайтейік оны кінәлап, тергеп, қаралап,

Мен білсем мынау өмірде қамшы ара зат.

Адамның әрбір қамшысы – бойда намысы,

Намыссыз адам – титықтап қалған шабан ат.

 

Тағдырым, мейлі, сыбағадан мені кенде қыл,

Намыссыз қылма,

малшынып өтер терге құр.

Титықтап қалсам, тілгілеп, осып алайын,

Өзімді өзім кейде бір.

 

 

ҚЫМЫЗ

Желіні жүр құлындар шыр айналып,

Елемеді, жеңгей тұр шырайланып.

Қос білекті түрініп бие сауды,

Қара жерді кеткенде күн айналып.

 

Қонақ жатыр үйінде сыйлы кілең,

Бөлеген-ау, қатулы күйді бір өң.

Күні түсіп тұрған соң, ағай тағы,

Ығай менен сығайды жиды білем.

 

Ойында жоқ еш алаң, бөгелу де,

Жеңгей шаттық күлкіге кенелуде.

Піскілейді сабаны

Қонақтары,

«Дәмін татса» деген ой тек өңінде.

 

Таң да атты,

қымыз да күшіне енді,

Болмады елдің көп жайды түсінері.

Сапырылған қымыздың исін сезіп,

Желідегі құлындар кісінеді…

 

Аттанарда қонақтар табыс тілеп,

Қызбалақтап сан жерге барысты көп.

Енесінің ақ сүтін алып кеткен,

Машинамен құлындар жарысты кеп.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір