Ұлттық руханият – «Теңізшевройл» назарында
Кәсіпорын жетінші жыл қатарынан облыстық ақындар айтысына демеуші болды
Шетел инвесторын тартудың тиімділігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген «Теңізшевройл» кәсіпорны басшылығы осыдан жеті жыл бұрын алғаш рет облыстағы айтыс ақындарының басын қосып, ақындар айтысын өткізгенде, көзіқарақты, көкірегі ояу көрерменнің жыр сайысына сусап қалғандығын байқаған-ды. Көрермендер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Теңізшевройл» кәсіпорнына ұлттық мәдениетіміздің мәйегі болған айтыс өнерінің дамуына қамқорлық танытқаны үшін шексіз алғысын білдіріп, бұндай шара кәсіпорын демеушілігімен жылда өтіп тұрса деген тілек білдірген. Көптің осы тілегіне орай, «Теңізшевройл» Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалымен бірлесе отырып, жыл сайын облыстық ақындар айтысын өткізуді ұйғарған-ды. Таяуда ғана «Мәңгілік Қазақ Елі» тақырыбында өткен жетінші айтыс соның дәлелі. Бұл жолғы дода облыста ақындар айтысы деңгейінің өскендігін байқатты. Алғашқы жылы бар-жоғы бес жұптан басталған айтыскерлер саны қазір жиырмадан асты. О бастағы мақсат та осындай шара арқылы кемінде бір ақынның бағын ашу, сөйтіп, ұлттық өнер – айтысты дамытуға үлес қосу болатын.
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония залын күн ұзағына ақындар сайысына бөлеген Айтыс көрермендер ықыласымен айшықтала түсті.
Алқалы жұрт алдында сөз алған «Теңізшевройл» кәсіпорнының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев өз сөзін:
– Біздің кездесуімізге себеп – ұлттық өнеріміздің бірі де, бірегейі Айтыс өнеріне деген ерекше құрмет, – деп бастады. – 1993 жылдан бастап ТШО жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 995 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Жылдық бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайтын «Игілік» бағдарламасы шеңберінде Атырау облысында бірнеше балабақша мен мектептердің, басқа да әлеуметтік нысандар іске қосылды. Соның бірі – жақында ғана Аққыстауда ашылған заманауи үлгідегі мәдениет үйі. Аталған мәдениет үйінің алғашқы шарасының ақындар айтысымен ашылуы да тегін емес. Қашан да ұлттық мәдениетті ұлықтауға, соның ішінде айтыс өнерін дамытуға ерекше мән беретін кәсіпорын осыменен жетінші рет облыстық ақындар айтысын өткізгелі отыр. Бұндағы мақсат – ұлттық өнеріміздің аясын кеңейту, талант иелерін іздеп табу, жас өренді ақындық өнерге баулу. Осы ретте айтыс өткізудегі өзіміздің серіктесіміз – Қазақстан Жазушылар одағының облыстық ұйымымен бірлесе отырып, жыл сайын кемінде бір-екі айтыс ақынының тұсауын кесіп, үлкен өнерге қанаттандырсақ, басты олжа сол деп білеміз, – деді ол.
Ал Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев:
– Ақынның ақындығы, оның шешендігі, тапқырлығы, білім деңгейі айтыс үстінде танылады. Тұтас мақтаудан, не сынаудан тұратын айтыс – айтыс емес, сондықтан біздің айтыскерлеріміз ұтымды ой-пікірлерімен көрермен көңілінен шығады деген сенімдеміз, – деді.
Биылғы айтыстың тақырыбы жылдағыдан салмақтырақ болды. Өйткені, «Мәңгілік Қазақ елі» идеясы – ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Сол идеяны жүзеге асыру барысындағы ел экономикасындағы мұнайшылар еңбегі, халықтар достығы, ертеңге деген сенім сахнаға шыққан айтыскерлер шабытына қозғау салды. Облыс аудандарынан келген ақындардың дені өздерінің өлеңді ермек деп қарамай, заманның ұлы шындығын, көкейкесті сауалдарын алтын зердей тапқыр өлеңге бөлеп айта білді. Олар тәуелсіздік тұғырындағы Мәңгілік Қазақ елін, оның жетістіктерін, Қазақ хандығының 550 жылдығын, сондай-ақ, ел экономикасына өлшеусіз пайда келтіріп отырған Теңіздей алып кенішті жырға қосты. Ұлттар арасындағы достық, тәуелсіздік жемісі ақындардың жыр арқауы болды. Жүйелі ойға құрылған батыл да, өткір жырлар көрермен көңілін көтерумен болды.
«Тура биде туған жоқ» принципін ұстанған әділқазылар алқасы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі айтыскер ақын Жәниба Қарасаева, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, ақын Қадыр Жүсіп, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов, ақындар, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегерлері Бақытгүл Бабаш пен Әлия Дәулетбаева айтыскер ақындарды ой тереңдігіне, ұтымды жауабы мен келісті ұйқасына қарап, бағалауға тырысты. Әр жұпқа жиырма минуттан уақыт берілді. Ақындар осы уақыт ішінде өздерінің ой ұшқырлығын, төкпелілігін, суырыпсалмалығын, философиялық тереңдігін көрсетуі тиіс.
Айтыстың беташарын Нұрболат Нұғыманов пен Жәнібек Садыров ашты. Екі ақын да әп дегеннен көрермен көңіліне әдемі әзіл, салмақты ой, өткір тілмен жол таба білді. Жәнібектің: «Қазақтың қара алтынға өкпесі жоқ, Атағын алты қырдан әрі асырған» немесе «Қаймағын қара алтынның қалқып отыр» деп, қазақтың басына қонған бақты тілге тиек етуінің орынды болғандығы көрермендер ықыласынан байқалып жатты.
Мәңгілік Қазақ елін сан қырынан жырға қосқан додада екінші айналымға он бір жұптан бес жұп өтті. Серікбол Панабердиев пен Шынарбек Қабиев, Шалқарбай Ізбасаров пен Айзада Дәулекенова, Жәнібек Садыров пен Нұрбейбіт Нұғыманов, Сырымбек Сәрсенбаев пен Өнербек Дәулекенов және Ғалымбек Мұстафа мен Амангелді Панабердиевтер финалға шығып, бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде Бас жүлдені – 500 мың теңгенің сертификаты мен Дипломын аққыстаулық Серікбол Панабердиев иеленді. Ал бірінші орынға қызылқоғалық Шалқарбай Ізбасаров лайықты деп танылып, диплом және 400 мың теңгеге ие болды. Екінші орын – Диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты Айзада Дәулекенова мен Амангелді Панабердиевке бұйырса, үшінші орын – Диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты Шынарбек Қабиев пен Нұрбейбіт Нұғымановқа және Жәнібек Садыровқа тапсырылды.
Айтысқа қатысқан бірде-бір ақын марапатсыз қалмады. Айтыс қорытындысында қатысушылардың бәріне Алғыс хат табысталып, 50 мың теңгеден сыйақы берілді.
Ұлттық руханиятты дамытуға өз үлесін қосуды мақсат еткен «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен өткен кезекті айтыс та аяқталды. Айтысқа сусап қалған көрермендердің әсері сахна жабылып, айтыскерлер сахна сыртына шықса да көпке дейін басылмады.
– Атырауда не көп, компания көп. Бірақ солардың ішінде қазақ өнерінің дамуына қарасып жүргені аз. Осы орайда ұлттық өнердің шын мәніндегі жанашыры – жалғыз ғана «Теңізшевройл» кәсіпорны екендігін баса айтқым келеді. Жұртшылыққа рухани азық сыйлаған кәсіпорын басшылығына айтар алғысым шексіз, – деді зейнеткер Фазила Оңғарсынова.
– «Теңізшевройлдың» жыл сайын осы мезгілде ұйымдастыратын айтысына қуана келемін. Бір кездері республикалық деңгейдегі аламан айтыстарға біздің облыстан қатысатын ақындар некен-саяқтығы жаныма бататын. Бүгін көргеніміздей, Серікбол Панабердиев, Шалқарбай Ізбасаров, Жәнібек Садыровтарды республикалық айтыстарға қысылмай қосуға болады, – деп ой бөлісті көрерменнің бірі – Жантөре Ықыласов.
Иә, ұлттық мәдениетке, төл өнеріміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртуға, сайып келгенде ұлттық руханиятты байытуға құштар «Теңізшевройлдың» Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымымен бірлескен шарасы осылайша тағы да көрермен көңілінен шықты.
Светлана Қайырғалиева.