Бізде миллион данамен сатылған кітап бар ма?
24.09.2019
1037
0

Кеңестік жүйеден ірге ажыратқанымызға отыз жылға таяу уақыт өтсе де,  бүгінгі әдебиет саласы мемлекетке жалтақтауын бір қоймағаны  өкінішті. Осы уақыт ішінде нарықтық әдебиетке көшуге асықпадық я тырыспадық.

Анар ҚАБЫЛҚАҚ, әдебиеттанушы

Бұл олқылықты қалай ақтауға болады?

О баста нарықтық жүйенің жай-жапсарын түсінбеген шығармыз, бірақ жыл жылжыған сайын нарық заңдылығына сәйкес дамудың орнына мемлекет  тағайындаған сыйлықтар мен әдеби конкурстардың азын-аулақ ақшасы мен мемлекеттік тапсырыспен шығатын екі мың дана кітапқа қол жеткізуді  ғана мақсат етіп, «әдебиеттегі жетістік осы» деп біліппіз.

Нәтижесінде, бүгінгі қаламгер мен оқырманның арасында үңірейген қара құрдым пайда болды. Оны жуық арада ешнәрсемен толтыра алмайтынымызды да мойындауымыз керек.

Міне, осындай жағдайда біз Азия қаламгерлерінің І форумын өткіздік. Мұның артықшылығы да, кемшілігі де болды. Бұған соңыра тоқталармын, алдымен, жаңағы айтқан қара құрдымның арғы жағынан қол бұлғап тұрған оқырманның тым көмескі бет-жүзін айқындап алайық.

Нарықтық жүйеге көшкен алғашқы күндерден бастап, елімізде үлкенді-кішілі кәсіп түрлері пайда болды. Бұл күнде жақсы болсын, жаман болсын, өзіндік сүрлеу-соқпағы қалыптасқан осындай жеке салалар мемлекетке салық кіргізіп,  «Азия қаламгерлерінің І форумы» сияқты үлкен іс-шаралардың өзіндік деңгейде өтуіне үлесін қосып отыр. Ақ-адал еңбегінен 10% салығын мемлекет қоржынына бөліп беріп отырған бюджеттегі замандастарымыз тағы бар. Біздің потенциалды оқырмандарымыз, міне, осылар.

Ақын-жазушылар тәуелсіз әдебиетіміз қалыптасқан отыз жылға жуық уақытта мемлекетке салық кіргізген емес. Себебі, дәл қазір кітабы миллиондаған тиражбен сатылған бір қазақ жазушысын атай аламыз ба? Жоқ. Кітабы сатылмаса, қай салығын төлесін?

Ал Виктор Пелевин сынды ресейлік жазушылардың  қолжазбасының сиясы кеппей жатып-ақ шетелдік әдеби агенттіктер аударма құқығын сатып алуға таласып жатады. Сәйкесінше, сатылған кітаптардан мемлекетке қомақты салық түседі.

Дегенмен бұл жерде қазақ қаламгерінің күнәсі соншалықты үлкен деуге де келмес. «Әдебиет – ардың ісі» деген қалам иесі алдындағы жазуы үшін жауапкершілікті неғұрлым сезінетініне сенейік. Ал егер осы бір сөздің аясын сәл кеңейтіп, «әдебиет – нарықтың ісі» шеңберінде қарастырып көрсек ше? Меніңше, сол кезде көп нәрсе орнына келетін сияқты. Себебі, дәл бүгін әдебиет нарығын жолға қою уақыт күттірмейтін нәрсе. Бұл істе арбаның төрт дөңгелегінің бірдей айналуы аса маңызды: баспа, талантты редактор, әдеби агент, сыншы-рецензент, сату,  жарнама, аудару, т.б. өзара байланысқан бірнеше тетіктің өзара  үйлескен жұмысы жолға қойылғанда ғана әдебиет нарығының бойына қан жүгіреді.

Ең басты проблема тәуелсіз әдебиет кезеңінде жазылған жақсы дүниелердің оқырманға жетпеуі, талантты жас қаламгерлердің танылмауы. Мектеп бағдарламасына кірген бірлі-жарым жас ақын-жазушылар өскелең жас ұрпақтың бүгінгі әдебиет туралы танымын қалыптастыра алмайды. Мектеп оқулығында классика үлгісі ретінде Абай, Мағжан, Шәкәрім, Жүсіпбектер қалуы керек, кеңес идеологиясы баттиып көрініп тұрған отаршылық кезеңінің авторларын «әдебиет тарихы» папкасына салып тастайтын кез жетті. Бұл жас оқырманның қалыптасуына һәм ертеңгі ақын-жазушыларды оятуға сеп болады. Форум қатысушысы Минхожиддин Хожиматов өзі келген өзбек елінде ана тілін тереңдетіп оқытатын, шығармашылыққа баулитын тоғыз мектеп-интернат бар екенін айтты. Бұл филология институттарының бәрі жабылып, ғылыми негіздегі әдеби тілді ұмыта бастаған бізге ой салып, тіпті қызғанышымызды туғызуы керек һәм ішкі өрт қана әрекетке себеп бола алады.

Енді аз ғана форумның артықшылығы мен кемшілігіне  тоқталайын. Шетелдік әріптестердің елге келіп, арамызда бой көрсеткені қуанышты жағдай. Қытай мен Өзбекстан елдерінің өкілдері Абай аудармасын ала келіпті, Моңғолиядан келген Гүн Ажавын Аюрзана Бақытжан Қанапияновтың өз тілдеріне аударылған кітабын айтып, аузының суы құрып отырды. Барлық қонақтар аударма мәселесін көтерді, бір-бірімізді еркін оқуға мүмкіндік ашатын аударма сайттары болса дегенді айтты. Ауғанстандық Мохаммади Мохаммад Резаның: «Поэзия – шығыс халықтарының өнері, тарихы. Батыс елдері бізден поэзияны үйренуі керек», – деген сөзі де көкірекке қонды.

Алайда,  «бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам»  дегендей, Одақ тізіміндегі ақын-жазушылар келген қонақтармен тілдесіп, пікір алысатын деңгейде ағылшын тілін меңгермегені білінді. Бұл – үлкен минус.

Бағдарламада көрсетілген шағын жиындарға шетелдік қонақтар бір кісідей келіп отырғанымен, өзіміз бұл отырыстарға қатысуды маңызды емес немесе артық нәрсе деп тапқандаймыз. Есімі елге белгілі біраз қаламгерлеріміздің аты-жөні жазылған қатырма қағаздар ғана үстел үстінде жетімсіреп тұрды.

Сонау кеңес заманынан келе жатқан ардагер жазушыларымыз бұл форумға жаңа серпін, тың идея беретін мағыналы сөз айтқан жоқ, керісінше, айтылатын нәрселер сөз «берілмеген» жастардың көкірегінде тұншығып өліп жатты.

Біздің ең басты «әттеген-айымыз» – ішімдік құмарлығымыз.

Бірақ өзіміз үшін бәрі дұрыс, ешқандай әбестік жоқ!

Біреу бірдеңе десе: «Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп, сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат!» – деп, Шәкәріммен ақтала салуға болады.

Алайда, қазір алыс-жақын шетелге барып-келіп жүрміз. Халықаралық шығармашылық байланыстар қалыптасып жатқан кезеңде өмір сүріп отырмыз. Ендеше, мәдениетіміз бен ағылшынымызды дұрыс жолға қоюға ден қоятын кез жеткен жоқ па!

Осындай достық кездесулерде ішімдіктен бойды аулақ ұстасақ қайтеді?!

Сыртқа терең мәдениетімізді паш етелік те!

Егер ғайыптан тайып, шетелдік әріптестің көркем қиялында тосын образ тудыра қалсақ, күллі әлемге күлкі болмаймыз ба?

Құшағын әлемге айқара ашып, тағы бір «Бораттың» арсалаңдап жетіп келуін қаламаймыз ғой, солай емес пе?!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір