Жалғыз Абай кімге жетеді?
20.09.2019
2058
0

Армысың, Батыр. «Қазақ әдебиетіндегі» («Мояковский «мода» емес, Есенин де ескірді», №36) хатыңды оқып, бір ойландым, бір тебірендім. Ой құсым сан-сақты кезді. Міне, жауап жазбаққа қолыма қалам алып отырмын. Әуелі «Өлең деген не?» деген сұрақ төңірегінде ойланғанымыз дұрыс секілді. Иә, шынында, өлең деген не?

Батырхан Сәрсенхан

ӨЛЕҢ ДЕГЕН НЕ?

4-5 жастамын. Мектепке әлі бармайтын кезім. Жазатын қаламым мен газеттің шеті болмаған соң ішімнен бірдеңелерді күбірлеп жүре беретінмін. Кейде сол сөйлеп жүргеннің кесірінен ауладағы балалармен не ойнап отырғанымды да ұмытып қалатынмын. Кейін жаңа бір қалам сатып алдым да, көрпемнің сыртына әріптер сынды таңбалар жаза бастадым. Қызығы, сол таңбаларды үнемі ұйықтардың алдында дұға сынды бір қайталап оқып барып ұйықтайтынмын. Бәлкім, бұл сынды «бұзық әрекеттерді» жалғыз мен емес, тізесінде тыртығы көп балалардың барлығы жасаған шығар.  Енді қазір есім кірген шақта сол әрекеттерге саналы көзбен зер салсам, ішім алай-дүлей болып, жыларман күйге түсем. Себебі, мен өмірге келмей тұрғандағы жадымды жоғалтпас үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаппын ғой. Ал дәл қазір солардың ешқайсысын есіме түсіре алмай далмын.  Бәлкім, «бұл деген өлең емес, балалық сандырақ» дейтіндер де бар шығар. Бірақ өлең деген  әдеби нормаға сәйкес, қалыпқа құйылған кірпіш емес екенін бәріміз білеміз ғой. Әрі-беріден соң сол бала күнгі өлеңді жазу үшін маған сөздің де қажеті жоқ болатын. Ия, қазірдің өзінде де, өлеңдегі ең басы артық нәрсе болатын болса, ол сол өлеңге қолданған сөздеріміз. Нобель фовариттерінің бірі  Адонис: «өзімізді және өзгені тану үшін қолданатын тіл, бізді ішкі менімізге апармаса, басқаларына қалай қол жеткіземіз?» дейді. Бұл арқылы шығармаға қолданған тіліміздің көп жағдайда қауқарсыз екенін айтқысы келеді. Ал менің сүйікті досым Андре Бретон: «өзімізді тану үшін табиғаттан емес, табиғатты тану үшін өзімізден жолға шығуымыз керек» деп жазады. Осы пікірмен шамалас Арагон «Treatise on Style» атты кітабында «өзімізді тану және осы өмірде бар болу үшін жазамыз» дегені бар. Ал өмірде бар болу деген – экзистенциализм. Енді осы жерде Сарттың пікірінен гөрі, Элиоттың «парадоксалды тұрғыдан алып қарағанда ештеңе жасамаудан гөрі, жамандық жасау – әлдеқайда жақсы. Себебі, біз сол арқылы бар боламыз» дегені қатты ойландырады. Демек, менің түсінігімдегі өлең дегеніміз – адамзат баласының ақылы жетпейтін құпиялы ұлы әлемге ұмтылу және осы «терезесінен есігі көп» тордың ішінен шығар жол іздеу. Әрине, бүгінге дейін осы мағыналас пікірлер көптеп жазылғаны, айтылғаны белгілі. Ішкі меннің (Alter ego), еркіндіктің және сол сынды қасиеттердің барлығы өзіміз білмеген, көрмеген дүниелерден бастау алатыны сөзсіз. Ал осы жерде Ибн Сина ырғақты немесе ұйқасты болса да, қиялы болмаған ешбір сөз поэтикалық қасиетке ие болмайтынын  айтады. Тіпті, Махмуди Шебустеридің 25 жасында жазған ғаламат туындысы – «Гүлшен-и Раз» атты кітабында «біз айтып отырған қиял арузға да (аруз – араб поэзиясындағы өлең формасы. Түрік әдебиетіндегі алғаш аруз түріндегі өлең – Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білігі» Ф. Т), ұйқасқа да сыймайды. Біз оны сөзбен дыбыстаған кезімізде де мағынасын шектейміз», – дейді. Тура осы жерде Оскар Уайльдтың «Определить – это значит ограничить» деген сөзі есіме оралады. Юнгтің де «ақылдың біткен жерінен адамда қиял мен сезімнің күші басталады» дейтіні бар. Демек, ақылдың біткен жерінен нағыз поэзия басталады деген қорытындыға келемін. Ал, ақыл, Массонша айтқанда, рухтың ең мықты дұшпаны. Бәлкім, кім біледі, өлімнен кейін Құдай боласың деген Арфейдің сөзіне сенуіміз керек пе  деп ойлаймын кейде.

Файзулла Төлтай

ТҮРКІ ПОЭЗИЯСЫ

Хатыңда Түркияның бүгінгі әдеби ауқымы мен Түркия поэзиясы хақындағы пікірімді сұрапсың. Ия, биыл Түркия Республикасына аяқ тірегеніме екі жыл болады екен. Екі жыл ішінде түрік тілімен қоса басқа да түркі тілдерін меңгердім. Осы арқылы өзіміздің бауырлас елдердің әдеби шығармаларын түпнұсқада оқуға мүмкіндік туды. Әйтпесе, біздің аударма саласы жетім қыздың тойындай болып тұрғалы қашан?! Бауырлас тілдегі шығармаларды орысшадан аударатындары тіпті аянышты. Жә, жасыратыны жоқ, кешегі Ресейдің қол астында болған түркі елдерінің біразы тәуелсіздік алғанымен де сана тұрғысынан әлі күнге дейін тәуелді екені рас. Барлығын Ресей мәдениеті белгілеп берген шкаламен өлшейміз, бағамдаймыз, тіпті сол арқылы шешім шығарудан да тайынбаймыз. Және бұл тек бізге ғана қатысты емес, КСРО құрамында болған барлық елге тән қасиет. Әлі күнге дейін социалистік реализм бағытындағы немесе сол сарындас шығармалардың толастамауына да осы факторлар себепкер. Өкініштісі, түркі елдерінің классикалық туындылары да осы кеңестік кезеңде жазылды, жазба әдебиеті де сол уақытта дамыды.  Сырты өкінішпен қаланған қуанышымыз, осы кезеңде біздің Алаш әдебиеті ойып тұрып орын алды. Жоғары жағымызда Татар-түріктерінен Исмаил Гаспралы деген бахадүр кіл түркі жағырапиясын «Тәржімәнімен» уысында ұстады. Өзбек-түріктерінен Чолпан ақын Түркі әдебиетіне орасан зор шығармалар қосты. Бұл тізімді тізе берсең, тізімнің өзі бір мақаланың жүгін арқалайды. Бірақ бізге керегі – тізімнің ұзын-сонар болуы емес, осы кезеңдегі жәдітшілердің Кеңес Үкіметінің қыспағына қарамастан, классикалық әдебиеттің озық үлгісін көрсеткендігін айту. Енді дәл осы арада Анадолы жерінде Танзимат әдебиеті де бой көрсете бастайды. Міне, көрдіңіз бе, осының барлығы бір дәуірде болған. Сыртқы күштер мен саяси оқиғалардың ықпалынан орын алған бағыттар мен шаралар десек те, бәрімізге ортақ сананың, қасиеттің бар екені айқын. Яғни мұның барлығы әуелі кіл түркінің бейсанасында қалыптасып, кейін жарыққа шыққан дүниелер сынды. Енді бұлармен не айтқым келіп отыр? Айтқым келгені, жедітшілер Түркі әдебиетін сол заманғы әлем әдебиетімен иық тіресер дәрежеге көтере алды. Сол кезеңдегі Европа модернистерінен артық түспесе, – кем түспеді. Тура осы жерде біздегі үлкен қасірет – Орта Азиядағы Түркі зиялыларының жаппай қудалануы, тегіс өлтірілуі. Әйтпесе,  Элиоттың «The Waste Land» поэмасының қорытындысы  қазақ даласындағы Мағжанның «Пайғамбары»  бола алса, бізде әлі талай шедеврлер дүниеге келу керек еді. Бірақ, амал не?! Өткен де – өткен енді. Бәрімізге ортақ санамызды жік-жікке бөліп, арамызды барынша алшақтатты Кеңес Үкіметі. Дәл осы жерден Түркі әдебиетін екіге бөлуге тура келеді. Бірі – КСРО құрамындағы Түркі әдебиеті және КСРО құрамына енбеген Түркі әдебиеті. Міне, осылай жіктеу арқылы біз қазіргі Түркі поэзиясының деңгейін анықтай аламыз. КСРО құрамына енген біз сынды халықтар Кеңестік идеология шеңберінде қалса, енбеген халықтар Европаға бет алды, жаңа бағыттар мен жанрларда қалам тартты. Әрине, олардың ішінде де Кеңестік реализмді қолдаған ақындар болды, бірақ бұл жүйе біздерге ықпал еткені сынды ол жақтың қаламгерлеріне ықпал ете алмады. Қазіргі таңда Қазақ әдебиетінде көбі өлеңнің велибр түріне үрке қарап жүрсе, оны Түркияда 40-жылдары жазып бастағаны белгілі. Ғаріпшілдердің өздері ғана Түркия поэзиясын жаңа бір деңгейге көтеріп тастағаны тағы рас, артынша 50-жылдармен бірге постмодернистік кеңістікке есігін айқара ашты. Ал қазіргі таңда ол жақта мұның барлығы дәстүрге айналған әдебиет болып саналады. Ащы болса да шындығы, қазақ әдебиеті кеңестік жүйенің кесірінен бауырлас елдің поэзиясынан бір буын артта қалып кеттік. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қазіргі поэзиямыз үлкен бір өзгеріс үстінде. Кезең-кезеңімен өтетін асуларды біз қазір жапа-тармағай таптап өтіп жатырмыз. Ал Кеңес Одағынан шыққан түркі тілдес халықтардың ішінен қазіргі поэзияның алғы шебінде өзбек ағайындар тұрғандай көрінеді маған. Бір ғана Солихтің өзі Өзбек әдебиетін жаңа арнаға бұра алды емес пе?! 81 миллион  халқы бар Түркия мен 32 миллион халқы бар Өзбекстан қазір Қазақ әдебиетін керек етпейді. Біздің әдебиеттен алары да жоқ, қызық та емес. Бәлкім біздің классикамызға айналған Абайдан Мұқағалиға дейін ақын-жазуларды мемлекет тарапынан аударылып, насихатталатын шығар, бірақ қарапайым халық оқымайды. Біз осы жерде әлемге танылдық, әлем тілдеріне аударылдық деп айтқан кезімізде әлем оқырмандарын естен шығарып аламыз. Ал олар мемлекет аударды екен деп өздеріне түк қажеті жоқ кітапты оқымайды ғой. Дегенмен жақсы әдебиет жасау үшін Түркі халықтарының барлығына керегі сапалы аударма. Сапалы ақын-жазушылардың сапалы шығармаларын сапалы аударуымыз керек. Әйтпесе жоғарыда айтқанымдай туыс елің шығармасын әлі күнге дейін орысшадан аударып жүргеніміз тіпті күлкілі. Оның үстіне түпнұсқадан аударып та қарық қып жатқанымыз шамалы. Көп сөйлемей бір ғана мысал айтайын, Түрік тіліне аударылған  Мұқағалидің кітабын алып тіл білетін адамға оқытып салыстырыңызшы. Қазақтың Мұқағалиінің қайда қалғанын таппай қаласыз. Бәлкім мен асыра сілтеп жасалған жұмыстарды жоққа шығарып отырған шығармын, әйтпесе осы дүниелерді қадағалауға болады ғой. Сол сынды бір жылдары бізде де бір антология шықты. Ішін алып оқып лоқсып жібергенімді жасырмаймын. Себебі ол ақындарды мен түпнұсқадан оқыған болатынмын. Көрдіңіз бе, осындай кемшіліктерді түзеу және шектелген санамызды тазарту арқылы әзіл шыны аралас бұл Түркі әдебиеті магиялық реализмнің отаны  Латын Америка сынды үлкен бір державалы әдебиеттке айналып, ол әдебиет ошағынан  Актавия Пас, Пабло Неруда сынды ақындар шығатыны сөзсіз. Себебі, бірнеше Европа топырағы сыйып кететін жарты әлемді өзіміздің туыстарымыз мекендеп отырған жоқ па?! Әрине, ол үшін соған лайықты шығармалар да жазылуы керек. Жалғыз Абай ешкімге жетпейді ғой әйтпесе. Ал осылай бір аудиторияға толмайтын оқырманмен кездесу ұйымдастырып бес кітапқа қолтаңба қойғанымызға мәз болып жүрсек жетіскен екенбіз. Кейбір үлкен кісілердің де қазақ әдебиеті болашағына селқос қарауы, бар уайымы «өзім оқылмай қаламын ба?» деген қорқыныштан аса алмай жүргені көңілге қаяу түсіретіні тағы бар. Тіпті жиі-жиі өзге емес, өзіміздің қазақ тілді болсын, орыс тілді болсын қазақ оқырмандарына қазіргі біздің әдебиет неге керек емес деп ойлануымыз керек-ау осы. Бір екі өлеңіміз интернетте оқылды екен деп мәз болудың қажеті жоқ сияқты. Қасыңдағы ағайындар әлемнен оқырман тауып жатқанда, біздің жүріс не жүріс деп айтқым келеді кейде.

ЖАҢА ЗАМАН ПОЭЗИЯСЫ

Жаңа заманның поэзиясы қандай болуы керек дегенді әзірге қиялым білгенімен, ақылым білмейтін секілді.  Бірақ, ақылымның анық білетіні әлем поэзиясның көшірмесіне айналмауымыз керек. Жақсысы бар, жаманы бар бүгінге дейін көшіріп біттік қой. Ендігі уақытта өз поэзиямызды, өз тағдырымыз бен өз мұңымызды жаза білсек болғаны. Ал ол қалай жазылады, қалай беріледі тағы белгісіз. Белгілі дүние, қазіргі дүниенің тілдік бейнесін жасауға қара өлеңнің де, ақ өлеңнің де, тіпті велибрдің де қауқары жетпей тұрғаны. Ия, біз қазір жерден жеті қоян тапқандай жаңашыл деп жүрген «ұйқассыз өлеңдер» посмодернистік қоғамның келбетін толық аша алмайды. Ад бұдан шығатын жолдарды әр қаламгердің өз ішкі мені табатын шығар. Юнг айтпақшы, «басқалардың қытығына тиген заттардың барлығы, кейде өзіңді тануға жетелеуі мүмкін». Біздің поэзия болса «өзгелердің қытығына тимес үшін», «Қазақтың қара өлеңі» деген стереотиптен шыққысы келмейді. Бейне бір кіл әлемнің тарихы қазақтан басталады деген сынды, қара өлеңді де тек қазаққа ғана меншіктеп қойғанға мәстір. Бірақ олай емес екенін білеміз ғой. Бұл өлең формасы жоғарыда айтқан түркі әдебиетінің бәрінде тиесілі. Әрбірден соң әлемнің ең ескі діни кітаптарының бірі Авестада он бір және сегіз буынды қара өлең формасына ұқсас өлеңдер кездеседі. Сонда бәрі «Қазақтың қара өлеңімен» жазды дейсіз бе?! Жоқ, әрине. Бұл қара өлең деген әуелгіде частушкидің дәрежесінде болған. Ақ ақындардың басым көпшілігі той-томалақтар мен жиындарда жүретін театрландырылған қойылымдағы әртістерден еш айырмасы жоқ-тұғын. «Елім-айдың» қара өлең түрінде халық арасына таралуы да осының айқын дәлелі. Кейіннен хандық билік құлап, орыстардың қазақ даласын жаулап алуымен жыраулар поэзиясының алтын тағына қара халық арасындағы ақындар келіп отырды. Осылайша ақырындап әдеби тіл ауысты, мәдени құндылықтар өзгерді, ортаға төрттағанды «Қазақтың қара өлеңі» жаңа заманның тілдік бейнесін ашатын форма ретінде қала берді. Бұл жерде ақ өлең мен еркін өлеңді қолдау арқылы үзілді-кесілді қара өлеңді қолданыстан шығарып тастайық деп отырғаным жоқ. Қара өлең бізге үлкен практика болды, әдеби орта мен оқырман қауым бұл формада жазылған өлеңдердің қайсысы халтура, қайсысы нағыз өлең екенін бағамдай алатын хәлге жетті. Ал қазіргі ақ өлең мен велибр жазатындардың барлығы дерлік шедевр жазып жүрмегендігі де рас. Кейде қара өлеңде жолы болмаған кей ақындардың осы формаларға ұрынуы да, «мыжи берсем өлең жазылады екен ғой» деген оймен қалам алып «тебіреніп» жыр жазуы да оқырман қауымды нағыз өнерден алшақтатып жатқаны да белгілі. Қазіргі халық санасында мұндай өлең формасына дайын орын жоқ екенін ескерсек, велибр мен ақ өлеңнің ішінен халтура мен нағыз өлеңді айыра алмауын түсінуге болады. Тек олар айыра алмайды екен деп бәлду-бәлду айтып, қазақ өлеңін дамытамыз деп жүргенде бір дәуірді жойып жібермеуімізді ойлауымыз қажет. Бірақ жаңа дүниені де әдеби орта да, оқырман да қабылдай алуы керек деп есептеймін. Әйтпесе біздің қоғам еркін өлең түріне үрке қарайтын өткен ғасырдың орта шенінде өмір сүріп жатқан жоқ қой. Европаны былай қойғанда, өзімізге заманында ең көп ықпал еткен, әлем әдебиетінің жауқазыны Парсы поэзиясындағы модернист ақын Нима Юшиждің еркін формада жазылған өлеңдерін ел мазақ қылды.  Дәстүрлі поэзиядан алшақтағысы келмеген әдеби орта ол кезде «дәмі жоқ» өлеңдерді қабылдай алмады. Бұл 1940 жылдарда болған процесс. Міне, қазір ол Парсы поэзиясында еркін өлеңнің негізін қалаған ақындардың бірі болып саналады. Дәл сол сынды Араб поэзиясында еркін өлеңнің алғашқы тәмсілдеушілерінің бірі Ахмед Зеки Ебу Шади  «бұл ұрпақ жоғалып кетпей тұрып Араб әдебиетінде еркін өлең түрі өзіне лайықты орнын алатын күн келетініне сенеміз» деп жыларман күйде жазады. Бұл да сол 1935-40 жылдар. Қазір 2019 жыл. Қазақ поэзиясының жағдайы үлкен бір акт залының сахнасына шығып алып, терлесе де мойнындағы шоқпардай галстугін шешпей, қолдарын әрі-бері сілдеп Ода оқығаннан аса алмай тұр. Ал жаңа заманның поэзиясы кез-келген оқырманды да автор қыла алатын және өмірінде бір де бір шығарма жазбаған сол оқырман-авторларға  өз шығармасымен алғаш танысқандай күй беруі керек емес пе?! Әлде менікі қате ме?!  

…Хатыңның ішінде Мұхаммед Салықтың жаңашылдығын мысалға келтіріпсің. «…Өлеңдеріміз басылып, кітаптарымыз шыға бастаған уақытта бізді «Батысшылдар» деп кінәлады. Бұл дұрыс та еді. Себебі, Совет әдебиетінде біз көз салатын шығармалар жоқ-тұғын» деген Салық, Кеңес Одағында өмір сүрсе де, идеологияға уланбаған, сол бағыттағы әдебиеттердің ықпалында болмаған мен білетін көзі тірі жалғыз-ақ ақын. Ал сіздің ойыңызша, Түркістанның ауасын жұтып, топырағына аунап өскен, ол аз десеңіз шығармаларында Советтік реализмнің титтей де тамтығы жоқ ақын, қандай ақын болуы керек?! Әрине, жақсы ақын. Ал оның жақсы ақын екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ шығар. Одан да өлең оқыңыз:

Біз сенімен қоразды емес,

Біз сенімен таңды күтіп отырмыз!

                                                     1974

АБАЙ

 Хатымның ортасында, келесі жылы 175 жылдығы тойланғалы отырған Абай Хәкім жөнінде екі ауыз сөз айтқым келіп отыр. Гетенің «Өздеріңізді қорғаңыздар. Саф Шығысқа барып, аталарыңыздың  жұтқан ауасымен дем алыңыздар» дегені бар. Енді осындағы Саф шығыс дегені, Абай атамыздың да бас ұрған мектебі ғой. Ал атамыздың ұлылығы,  «Ғашыққа ұшсаң қанатың жанады» деген Сағдидің, «Ғашыққа ұшпасаң қанатың неге жарайды?» деген Румидің және оның ұстазы Шемсидің, «Күмәнсіз, біздің де бір падишаһымыз бар. Ол Қап тауының артында» деген Аттардың, Фирдаусидің, Хаямдың, Хафиздің, Физулидің  т.т. шығармаларын оқып және соларды өз ішінен синтездеу арқылы қалың қазаққа сыйлай білгендігі. Дегенмен, мен  Абайды қазақ руханиятына орасан зор еңбек еткенімен де, шегарадан шығып Шығыс шайырларының ортасына түскен уақытта өз алдына ешқандай жаңалығының жоқ екенін көремін. Әрине, бұл менің субьективті көзқарасым, келіспеуіңізге әбден болады. Бірақ кейде осы Абай Құнанбаев «улум-и наклие» ілімін меңгергенімен де  «Ана-ль Хақ» (Мен Құдаймын) деген сөзімен тарихта қалған, тіпті осындай пікірі үшін дарға асылып, ол аз десеңіз аяқ-қолы кесіліп, көз-құлағын ойып, отқа жағып күлін шашып жіберген Халладжи Мансурдың өлеңдерін, ізін ала вакфе сопылық жолын айтқанда ең алғаш ойға оралатын Ен Ниферридің шығармасын, «Екі кісі арасында, бірі екіншісіне «Ей, Мен!» демегенге дейін махаббат жоқ» деген Сырры ес-Сакатиді, Мешшаи философиясын былай қойғанда, Ишрак философиясының негізін қалаушысы Шахабеддин Сүһревердиді, «Біз ішінде өмір сүрген уақыт ешқашан бір орында тұрмайды, олай болса уақыттың ақиқаты –сәт» деген Махмуди Шебустериді, сол сәт атаулысын өлім мен өмірдің ортасын бөлуші барзаһ әлеміне ұқсатқан Ибн Араби сынды ақын-жазушы, философтардың шығармаларын парақтап отырып, осыларды Абай оқыған ба екен деген ойға қаламын. Оқыса шығармашылығы қалай болар еді деймін ішімнен…

«Қазақ Поэзиясы Европа поэзиясынан екі ғасырға, орыс поэзиясынан бір ғасырға артта келеді» деген пікір хақында

Меніңше бұл сөз қазақ поэзиясын қамшылау үшін айтылған сынды. Бірақ артта қалғаны рас. Ал осы бізден екі ғасырға озған Европа әдебиеті мен бір ғасырға шаң қаптырған орыс поэзиясы дегенде екі кісі жайлы айтқым келеді. Тіпті ол екеуінің мазарлары да бір жерде. Олар, Езра Паунд пен Иосив Бродский. Европа поэзиясы, оның ішінде ағылшын модернисттері осы Рейге (Езраға), ал орыс модернисттері Бродскийге қарыздар сынды. Әрине, бұл екеуінен басқа жүздеген ақындар болды ғой деуіңізге болады. Тіпті Данте, Шекспир, Гете, Байрон, Шелли, Джон Китс, Генрих Гейне, Проспер Мериме, Бодлер, Малларме, Рембо,Лорко, Арагон, Бретон, Йейтс т.т. сынды класикалық ұзын-сонар тізім жасауыңызға да болады. Орыс поэзиясынан да дәл солай. Тізімнің аяғына келген сәтте Европа әдебиетінен қанша халықтың ақындарын жазып шыққаныңызды санаңыз. Менің өзім бір сәттің ішінде Германия, Англия, Франция, Ирландия сынды алып елдердің есіме түсе қалған ақындарын жазып шықтым. Сәл аялдасам тізімді жалғастыра беруге  де шамам жетеді. Күштілік қайда, көрдіңіз бе?Күштілік, бірнеше алып елдердің бір ғана Европа болып аталуы. Бірақ оларға жеке-жеке ұлт әдебиеті деп қарасақ та олардың бізден әлдеқайда мықты екенін мойындауымыз керек. Біз бір ғасыр Европа елдерінің жекелеген әдебиетінен қалып кетсек, екі ғасыр сол Европаның өзінен қалып кеттік. Орыс әдебиетінен неге бір-ақ ғасыр қалып кеткенінің жауабы осы жерден шығады. Ал Рей мен Бродский болса қазақ әдебиетінің біршама авторларына азық болған ақындар. Кеңестік шеңберден шыққысы келген қазақ әдебиеті «модернисттерінің» біразы Бродскийге жүгінсе, енді бір бөлігі осы Америкалық ақынның әлеміне бас қойды. Қызығы, бұл үрдіс әлі жалғасып жатыр. Алайда қазіргі таңда Бродскийге қарағанда Рейге жақындау көбірек. Себебі Езра деп мен тек бір ғана адам жайлы айтып отырғаным жоқ. Өзінен жиырма жас үлкен Йейтске, Тагорға, Элиотқа, Хем ағайға, Сефериске көмегі тиген Езраны айтып отырмын. Енді бізге Европаға тым болмағанда «бір ғасырға жетіп алу үшін» қазақ оқырмандары орыс тілді дүниетанымнан, менталитеттен, түбегейлі бас тарту керек деп ойлаймын. Ол үшін мектептерден бастап «Орыс әдебиеті» сабағын жеке пән ретінде оқытылудың орнына «Әлем әдебиеті» дәрісі ашылып және бұлардың барлығы қазақ тілінде өтетін болса, қазақ әдебиетін алға сүйрейтін жаңа заманның ақын-жазушылары шығарына кәміл сенімдімін. Әйтпесе әр уақыттағы әдебиет жасаушыларының фундаменттері орыс тілімен қаланатыны жалғаса берсе, біз артта қалған үстіне қала беретін шығармыз. Саяси тұрғадан тәуелсіз болған ел ендігі уақытта рухани тұрғыдан да тәуелсіз болуы тиіс.

ІЗДЕНІС

Жан Поль Сартрдың «Айну» романында «адам жалғыз өмір сүруге үйренген уақыттан бастап біреуге бірдеңені түсіндірудің не екенін де ұмытып қалады» деген мағынада бір сөйлем бар. Осы күндері қасымдағы адамға ойымды түсіндіре алмасам осы сөйлем есіме жиі оралатын болыпты. Қазір де осы сөз ойыма сап ете қалды. Бұрында «шарап ішпеген ақын болмайды» деген Гомерді оқығанмын. Кейіннен «Біз мас болған уақытымызда жүзімнің өзі де жаратылмаған еді» деген Ибн  Әл-Фадрды оқыдым. Қазірдің өзін де осы екеуінің арасында шапқылап жүргенімді сезетіндеймін. Ал бұл екеуінің арасында қаншама авторлардың қақтығыстары бар екенін қазір түсіндіре алсамшы.  Декарт айтпашқы, «ойланамын, олай болса бармын» дегім келсе де, екі нүктенің ортасында әр ойланған сайын, өзімнің жоқ екенімді өзіме дәлелдей беретін сындымын. Кейде күн ұзаққа Мағжанның «От» деген өлеңін ішімнен күбірлеп оқып жүрем. Және оқып біткен сайын Макс Мюллердің «От- екі отын паршасының нәрестесі» деген сөзді айтамын. Туылар туылмас анасы мен әкесін, яғни екі отын паршасын қалай жұтып жібереді десеңші. Ал мен Отпын дегім келеді. Бәлкім менде жана бастаған сәтімде мені бар қылған екі отын паршасын күлге айналдырып жіберген шығармын. Енді сол мен күлге айналдырған екі отынның бастапты хәлін білуім үшін нені болса да ізденуден тайынбаймын. Себебі, сол екеуінің арқасында бар болдым. Бар болуым арқылы жоқпын. Ал кітап мәселесіне келсек, менің замандастарымның досы Тарковский «адам 16 жасында әлемді өзгертетінін ойлайды. 18 жасында ойы үлкен бір жартасқа соғылады. 20 жасқа келгенде ештеңені өзгерте алмайтынын ұғады. 25 жасқа аяқ басқан шағында дүниенің оны өзгерткенін байқайды және дәл сол 25 жасында өледі. 75 жасында денесін жерге көмеді» дейді. Демек, Тарковский сынды ойланатын болсақ, менің өлер шағым жақындап келе жатыр деген сөз. Өлмей тұрып жинақ шығарғым келетіні рас. Кейіннен кітаптарыма көмілгім келетінін де жасырмаймын.

ДҰҒАЙ

Қош, қымбаттым. Өзің жазған хатыңа жауап ретінде біршама ойларымды ортаға салдым деп ойлаймын. Жақсы күндерде жүздеселік, жақсы маусымдармен көріселік. Жаңа ғасыр әуені құм астынан құмығып естіле берсін демекпін.

Файзулла ТӨЛТАЙ, ақын, Түркия

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір