Суреткердің жұмбақ аралы
20.09.2019
1788
0

Көрнекті қаламгер, жазушы, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың шығармашылық әлемі – әлі толық зерттелмеген жұмбақ арал секілді. Артына қыруар еңбек қалдырған сөз зергерінің публицистикалық мақалаларын, зерттеулерін ақтарсаңыз өткен ғасырдың 50-жылдарындағы қазақ баспасөзінің өркендеу кезеңінің басында жүргенін көресіз. Көркем шығармалары, әсіресе, «Ызғар» мен «Сұрапыл» секілді романдарының орны бір бөлек. ХХ ғасырдағы аштық қасіреті хақында жазылған «Сұрапыл» романы өзінің зерделі оқырманын әлі де күтіп жатқандай. Әдебиеттанушылардың назарына көп іліге қоймаған шығарма туралы соңғы жылдары ғана айтыла бастады. Біз Кәкімжан Қазыбаев әлемін зерттеуші, ғалым Зуһра Ермағамбетованың қаламгер шығармашылығы жайындағы талдауын ұсынып отырмыз.

СӨЗГЕ ШЕШЕН, ОЙҒА ЖҮЙРІК

К.Қазыбаевтың жазушы ретіндегі үлкен жетістігі – кейіпкерлерінің мінез-құлқын терең ашып, мінездемесін дәл беруінде. Бауыржан батыр жайында қаламгер: «Ақырып та сөйлейді, асырып та сөйлейді ол. Бірақ ар жағында зіл тұрмайды, нұр тұрады. Ұққанды сезсе – мәз-мейрам, жайсаң. Қара қылды қақ жаратын әділдікке қоса әрекеттегі жалғандыққа, жадағайлыққа төзбейтін айбаттылық та жеткілікті. Жымысқылатып, жаңбырлатып, шудай сүйреткен немесе орағытып аттап кеткен сөзден гөрі жанды дік еткізіп, төбесінен түсіре айтатын бір сөзді қалайды. Және солай  сөйлеудің асқан шебері өзі.  Жазған шығармаларының афоризмге, философиялық ойларға неге толы екенін енді ұға бастадық. Өзі сынды, ойы құнды адаммен ұзақ отырып, әңгімелесуге    әрқашан әзір, жалықпайды, өзі де жалықтырмайды. Ондай әңгімеден соң отты көздері нұрланып, жайма шуақ жайдары күйге түседі. Сөзі де жұмсарып, кеңкілдеп рахаттана күліп алады», – деп толғанады.

Автор осы шығармасы жайында «Естелік романға сұранып тұр, аман болсам – жазамын», – деп  жүргенде 60 жасында кенеттен қайтыс болады. Ол Бауыржан батырдан көп нәрсе үйреніп, көңілге тоқи білген журналист. Батырдың өмірмен қош айтысар кезінде Кәкімжан белгілі себептермен жанында бола алмайды. Әке орнына әке, рухани ұстазы, қамқоршы панасы болған Бауыржан Момышұлына арналған өлең жолдарында батырдың өр бейнесін ақ семсерге теңейді.

Кәкімжан Қазыбаевтың сөзге шешен, әзілқой, жиын тойларды шебер басқаратын қасиеті оның тұлғалық қасиетін арттыра түседі. Әзіл өлеңдерді оп-оңай ұйқастыра салатын өнері оның  суырыпсалма өнерге бір табан жақын екенін аңғартады.

Әлбетте, К.Қазыбаевтың сөзге  шешен, жүйріктігі туралы замандастары тамсана еске алады. Халық поэзиясы, оның ішінде ақын-жыраулар жырына  жүйрік  екендігін көз көрген адамдар сүйсіне әңгімелейді. «Римдіктер сөз зергерін төрт топқа  жүйелеген. Солардың  ішінде риторика немесе шешендік өнер ғылымы «өнердің падишасы» ретінде саналған. Ол поэтика, логика, стилистика және грамматиканың өркендеуіне үлкен әсер етеді.  Риторика ғылымының өзі төрт бөліктен түзіледі. Соның бірі орындау немесе айта білу». Демек, орындау немесе айта білу қасиеті К.Қазыбаевты қатарлас замандастарынан қай ортада да ерекшелендіріп тұрған.

Ал, енді, қарымды қаламгердің прозалық туындыларын өз алдына шоқтығы биік дүниелер, көркем әдебиетімізге қосылған үлес деп толық айта аламыз. «Мерзімді  баспасөз қашанда жазушы атаулының жайлау өрісі болумен қатар, қалам қайраткерлерінің шеберлік өнерін шындап ширатушы да» болғаны рас. К.Қазыбаевты жазушылық дәрежесіне  көтерген журналистік қабілеті арқылы танылған туындылары, публицистикалық шығармалары еді. Баспасөзде өзінің көркем очерктерімен танылған К.Қазыбаев енді журналистикадан жазушылыққа қадам басты.  Көңілде  жүріп, көкейде піскен бар құбылысты суреткерлік  електен өткізіп, көркем бейнемен  беруге көшті. Орталық Комитетте нұсқаушы болып жүрген кезде «Ызғар» атты тұңғыш романын жазып, оның алғашқы нұсқалары өзі он жыл үзбей еңбек еткен «Жетісу» газетінде жарияланды. Көркем  прозадағы алғашқы қадамы іспетті «Ызғар» романы – Ұлы Отан соғысы тұсындағы тыл өмірін кең арнада кемел суреттеген тұңғыш туындыларының бірі. Бұл роман 1975 жылы орыс тілінде басылып шықты.

«ЫЗҒАРДАН» БАСТАЛҒАН ЖОЛ

«Әрбір жазушы, егер ол шын суреткер болса,  әдебиетке өзінің өмірбаянын, өз тақырыбын ала келеді», – дейді  ғалым, профессор Қ.Жұмалиев. Осы ретте жазушының өз басынан өткен оқиғалар мен тағдыр талайы, өмір жолы «Ызғар» романы, «Құпия құты» повестерінде елес береді. Соғыстың салған  ылаңы, ауыр қиыншылықтар ұмытылыңқырап бара жатқаны рас. Жазушы Қазыбаев та соғыстың ауыртпалығын көзімен көріп, ерте есейді.

Ол кезеңнің ауыр халін жазушы былай әңгімелейді.

«Әлі есімде, анам жарғақ құлағы жастыққа тимей оқу жылының алдында біздер үшін пәтер іздейді. 18-20 шақырым жерге арбамен отын жеткізуді ұйымдастырады. Соғыс зілі ауырлай түсіп, оқу тұрмақ, тойып ішер  ас мұң болды. Оның үстіне шиеттей бала-шағаға не шақ келеді. Әкем жарықтық жеке меншік малын шып-шырғасын шығармай бағып береді. Аққа ауыз іліккенше қиналамыз. Мыңдап түсетін соғыс салығын да осы малдың есебінен төлейміз. Жылына бір-екі қара соған кетеді».

Осындай ауыртпалықты көзімен көріп өскен жазушы соны ұрпақ білсін, біз көргенді  солар көрмесін деген ниетпен «Ызғар» романын жазған деп топшылаймыз.

Қаламгердің бұл шығармасы пролог, лирикалық шегініс, эпилогпен беріліпті. Прологта автор үйіне келіп, қонақ болып жатқан шүйкедей шал Нәшен қарттың тыл майданында бүкіл бір ауылдың арын арқалап, ауыртпалығын қайыспай көтерген ерлігіне сүйінеді. Сөйтіп лирикалық шегініс жасау  арқылы өткен жолдарын көз алдыңа әкеледі. Қаламгердің «Бір сапар   қысқы лауда Нәшеңнің қасына ергенім бар. Ұмытпасам, ақпан айының іші. Бес шана жолға шықтық. Сол жылы қар да келістіріп жауған-ды. Әр шанаға екі биеден жегілді. Бес шананы үш адам айдап бармақпыз, Нәшекең, мен, Теңге деген әйел үшеуміз. Ол кезде 13-14 жастағы кезім», – деуінен шығармадағы суреттелетін оқиғалардың К.Қазыбаев өміріне қатысы барлығы аңғарылады. Яғни, болған оқиға өмірден алынған, жер, су, кісі аттары сол күйінде берілген. Бұл ойымызды О.Қарабалинаның «Нәшен ақсақал – Ызғар романының басты кейіпкері», – деген сөзі бекіте түседі.

Автор басты кейіпкерлері – Нәшен қарт, Күлжәмилә кемпір бейнелері арқылы қажыр мен қайрат, ақыл мен парасат ұштасқан, нағыз ел зарын   арқалаған адал  жандардың бейнесін  береді. Күлжәмилә – ауылдағы ешкімнің тісі бата    қоймайтын  адуын кемпір. Дәнекер атты жалғыз баласы бар. Ауылда мылтық ұстауға  жарайтындар соғысқа кеткен. Ендігі кезек Күлжәмилә кемпірдің  баласына да келіп жетеді. Алайда ауыл тұрғындары мұны қалай   жеткізерін білмей дағдарады. Сөйтіп, сөзі өтімді Нәшен қартты ертіп барады. Автор бұл сәтті былайша сипаттайды.

«Лақтар да байланбай, Күлжәмилә кемпірдің ешкілері жамырап кетті. Ол еш нәрсені елең қылар емес. Ақырзаман орнап, ауыл адамдары жиналды. Бірақ оның ешқайсысы ләм деуге  Күлжәмилә кемпірге бата алмайды. Бұл – осы ауылдағы аю кемпір», – деп, жазушы лақтардың да байланбай, ешкілердің де жамырап кетуін Күлжәмиләнің мінезімен  байланыстыра суреттейді. Әншейіне әрқайсысы өз орнында, тап-тұйнақтай жинақы тұратын  Күлжәмиләнің қорасы не себепті шашылып жатыр?

Алайда «адуын кемпір» біз күткендей сорақылыққа бармайды. Соғысқа   лағнет айтып, бұлқан-талқан болған есті кемпір айқайламайды, шашын жұлып жыламайды. Не болса да – елмен бірге көрмек. Мал сойып,   көршілерін дәм татуға  шақырады. Қаламгер осы сәтті дөп суреттеп, айнытпай көз алдыңа әкеледі.

Қаламгердің «Құпия құты» повесі былай басталады. «Бұл сырды  айта алмай бірнеше жыл жүрді, үйдегі серванттағы ақ құтыға  қарасам, осы сөздер есіме түседі. Ақ құтым менің ауызымның құты секілді». Шығарманы осылай бастау – К.Қазыбаевтың өзіне ғана тән әдіс.

Демалуға келген Кәкімжанға жас  шамасы өзі құралыптас әйел адамның жүріс-тұрысы, іс-қимылы ерекше әсер етеді. Бұл жұмбақ кейіпкердің  есімі Мая Денисова екен. Оны автор «мұңында – мұхит сыр, күлкісінде – нұрлы  қуат, көз жасында – ұмытылмас тарих   бар» деп бейнелейді.

Әдетте курортқа жұптарымен келетіндерге көзі үйренген Мая  Денисова демалуға, ас ішуге    бір өзі баратын Кәкімжанды байқайды. Сөйтіп оны өзі сияқты жүргенге мұңы бар адамға теліп, жақынырақ сырласқысы  келеді  және онысын өзі де жасырмайды.

«Мая Денисова менімен қоштасар сәтте столдың үстіндегі ақ құтыны алып:

– Мынау осында келгелі менің шөлімді қандырып, дәру суын ішіп жүрген ақ құтым еді. Портфеліңізге  салып қойыңыз. Көзіңіз түскенде, ең болмаса, есіңізде жүретін. Айтқан әңгімемді құпия сақтаңыз. Сырға берік боларсыз деп білем. Ақ құтым әрі аузыңыздың құты болсын», – дейді. Осы жолдарды оқи отырып, оқырманға «Құпия-сырды неге жария етті екен» деген ой келеді. Сөйтеді де ойлы оқырман жазушының  неге олай еткенін түсіне қояды.  Ол махаббатқа берік, адалдықты ту еткен, өз ұрпағындай болған Максимді әке өнегесімен тәрбиелеп, түтінін өшірмей отырған әдемі де келбетті әйелдің ғажайып қасиетін үлгі ету.

К.Қазыбаевтың «Қышыма» повесі – жылы  юморға толы, оқиғасы да күлкілі шығарма. Мұнда қаламгер жоғары басшылық қызметтегі адамдардың, жағымпаздардың кескін-келбетін, бет-бейнесін нанымды жасайды. Олардың    іс-әрекетін, мінез-құлқын, ой-өрісін баяндау арқылы  қоғам шындығының, өмір шындығының бет-пердесін ашады. Шығарманы  оқи отырып кейіпкердің қандай образ екенін, сол арқылы автор нені меңзеп отырғанын анық аңғарасың.

Қаламгер «Қоңырбел» жылқы өсіру заводының біресе астық өсіретін совхозға, біресе қой совхозына айналу себебін әңгімелейді. Мұнысы жер жағдайын білмейтін басшылардың ойсыз іс-әрекетінің нәтижесі екенін сол   совхоздың тыныс-тіршілігін суреттеу арқылы аңғартады.

Ебін тауып екі асап жүрген жылпос кейіпкер Сылқым Сырдақов бейнесін автор былайша   көрсетеді:

«Поезд басында,  өнер қайраткерлерінің ортасында Сылқым  шайқақтап бөсіп тұр. Анаған да, мынаған  да күліп сәлем беріп, білгірсіп әрнені   айту,  ауыз     жаппау ондайда өзінің әдеті. Әйел амандаса жабысып, оның қолынан сүймей тағы қоймайды. Өз әйеліне де жалпақтап, үсті-басындағы қыл-қыбырды тазартып  тұрғаны.  Жүрек айнытар осындай жасанды мәдениеттілікті көрсетудің енді нағыз шебері, оның   кәдімгі бір үлкен оқуын   бітірген-ау деп ойлайсың. Чемондардарды ішке кіргізіп қойғалы қашан. Әлден уақытта екі бөтелке шампанды алтын жалатқан берт бокалымен алып шығарады. Мұнысында «мені көрдіңдер ғой, жақсы рәсімнің бәріне майталманмын» деген сөз бар». Осы шағын үзінді арқылы автор Сардақовтың қандай адам екенінен толық хабар береді.

«СҰРАПЫЛ» – ОРНЫ БӨЛЕК ШЫҒАРМА

Әдебиет саласында да кезең шындығын көркем бейнелеген туындылар дүниеге келді. Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай», Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй», Тәкен Әлімқұловтың «Қаратау» повесі, Софы Сматаевтың «Елім-ай» романдары – осы кезең шындығын бейнелеген көркем туындылар.

Тарихи тақырыпты жазу, өткен кезең шындығын  реалистік тұрғыда бейнелеп жеткізу қаламгерден білімділікті, шеберлікті, сондай-ақ аса жауапкершілікті талап етеді. Кәкімжан Қазыбаев «Сұрапыл» романын жазуға көп дайындықпен келген. «Сұрапыл» – 30-жылдардағы ашаршылықты ашына  әшкерелеп, кең ауқымда көрсеткен  қазақ топырағындағы тұңғыш туынды десек қателеспейміз. Мұнда бір әулеттің  тағдыры арқылы сталиндік репрессия кезеңінің ащы шындығы көркем бейнеленеді.  Жазушының бұл шығармасы көзі тірі кезінде дайындалып, баспаға берілген болатын. Алайда  «өзі  жоқтың көзі жоқ» деп араға 6 жыл салып барып жарыққа шықты. Кез келген қоғамның, белгілі бір тарихи дәуірдің көркем  бейнесін шынайы  жеткізуде алдымен сол кезеңде өмір сүріп, тағдыр кешкен адамдардың тыныс-тіршілігін терең суреттеу қажеттігі туралы профессор Ж.Дәдебаев. «Суреткер өз шығармасында не жайлы, қандай өмір шындығы жайлы ой толғағанда да басты шындықты адам образы арқылы ғана ашып береді, тек сол арқылы ғана бейнелеп, дәуір тынысын  таныта алады. Өйткені көркем шығармаға өзек болатын өмір де, ол өмірдің шындығы да адамдікі, адам өмірінің шындығы», – деп атап көрсетеді. Осы тұрғыдан келсек, адамдар тағдыры арқылы танылатын кезең шындығы К.Қазыбаев шығармасында да әрқилы, қалың оқиғалар арнасында көрініс табады.

Нақтырақ айтсақ, қаламгер шындыққа терең бойлаған. Ол – қазақ халқының тағдырына мәңгі жазылмайтын   жара    алып келген отызыншы жылдар шындығы. Ашаршылық, жоқшылық осының бәрі ауыл ададарының қиюы қашып тұрған тіршілігін ауырлата түседі. Бұл – романда нақты оқиғалар    арнасында бейнеленеді.

Жазушы сол кезеңде  ғұмыр кешкен, өмір соққысына төтеп бере алған бірнеше  кейіпкердің тағдырына барлау жасайды.

Бозбала Ақылжан – осы оқиғалардың ортасында  әрекет  ететін кейіпкердің бірі. Айнала қоршаған орта, адамдар әрқилы мінез-құлқымен, әрекет-тіршілігімен балаға    әртүрлі әсер   қалдырады. Қатал, қатыгез өмірдің ауыртпашылықтары жас баланы тез есейтіп  ес жидырады.

Роман оқиғасымен таныса отырып, қазақ жұртының әлеуметтік, тұрмыстық бейнесінің қандай болғанына көз жеткізесің. Онда төбе шашың тік тұрып, тұла бойың түршігетін неше түрлі оқиғалар бар. Асыра сілтеу әсерінен    тіршілік көзі  – малдан айырылған жұрт ашаршылыққа ұшырап, қолына не түссе – соны қорек етіп, тіпті тышқан жеуге, жас сәбиді өлтіріп, қазанға салып асуға дейін  барған. Асырай алмай балалар үйіне өткізілген Ваня, Таня, Петя, Вера  боп жазылып кеткен балалар тағдыры романда әсерлі суреттелген. Күні бүгінге дейін балаларын іздеп таба алмай жүрген ата-аналар қаншама?

«Қазақ даласында Голощекин саясаты қалай жүзеге асты? Қазақ халқының сол кездегі  әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай еді?» деген сұрақтарға романды  оқи отырып жауап таба аласың.

Компеске науқанына байланысты сырт жерге қашып жан сауғалап жүрген адамдар. Шатырбай ауылының Қытайға асуы, бір күнде Бимендінің үш отар қой, бір үйір жылқы, үш баласымен арғы бетке өтпекші боп із-түзсіз кетуі, қара танымайтын Анарбай төрағаның «ескінің қалдығы» деп киіз үйді өртеуі, ашынғандардың «өкімет, маған да жоқ, саған да жоқ» деп талай малдарын жайратып салуы романда әсерлі берілген.

Қатыгез уақытты, соған орай мейірімсіз адамдар әрекетін мезгіл шындығымен сабақтастыра суреттеген тұстарда автор қара бояуды көбірек жағып жібергендей болады. Өйткені романда суреттелген уақыт бейнесі сол кезеңнің айна-қатесіз шындығы еді. Қаламгер ақиқатты бұрмаламай, қайта соған жүгінген. Шығармадағы суреттелген оқиғалар ойдан шығарылмаған. Ондағы кейіпкерлер өмірде болған, солардың басынан кешкен тағдыр талайы.

Жазушы     халықтың   аштықтан   қырылу себептерін қазақ ауылын жайлаған оба індетін шынайы суреттеулермен дәлелдейді. «Жаңағы індет шыққан үйге алдымен от тиді. Жанған киіздің иісі тұншықтырып барады. Бәрі    жел жаққа шықты. Керегелердің, уықтардың бытырлағаны жанды жаншып, өзекті өртеді. Оттың тілі жалаңдап, жоғары қарай өрлеп барады. Көп кешікпей шаңырақ гүрс етіп ортаға түседі. Малыбай бұл қияметті көргісі келмей теріс айналды. Ауызды жиып алғанша,  гүрс еткен дауыс естілді. Құп-қу кереге, уық шатыр-шұтыр жанып жатыр. От өз ойранына қуанғандай». Оқырман сезіміне ауыр тигенмен қазақ халқы бастан кешкен кезең  шындығы осындай еді. Байларға салық салу кедейлермен аралас жүргізілгені, салық алмағандардың қолда бар малын тартып алу бала-шағасының тамағына  бір қойын қимауы да адам бойындағы уақыт салған   қатыгездікті аңғартады.

Ең өкініштісі, кедейдерге ара түскен, халық мұңын жоқтаған, жаңа өмірдің жаршысы болып жүрген ауыл белсенділері Нарғазы, Жүсіп, Ақылжандардың НКВД-ның үйреншікті әдетімен ұсталып, итжеккенге айдалуы жанға батады.

Әлеуметтік шындықты жазу – заманның рухани тынысын жеткізу болса, өз кезеңінің өзекті шындығын қаламгер осындай кесек-кесек толыққанды  образдар жасау арқылы аша білген.

Жазушының «Сұрапыл» романы жарыққа шыққан соң, осы кітап  жөнінде баспасөзде пікір жарияланды. Онда Қ.Омарұлының «Мезгіл-мекені жағынан, тақырыптың күрделілігі жағынан болсын бұл шығарма, ең бастысы, шұбалаңқылыққа ұрынбаған. Саяси-әлеуметтік мәселелердің астарына үңілумен бірге   адамдардың жандүниесін ашуға, ой-толғанысына ерекше мән  берген. Кейіпкерлердің түс көруінде, арман-қяилының берілуінде, «Аңдар» ауылында үлкен мән бар. Дүлдүл ана келінімен бірге баласын, тағы басқа туысын іздеп Сібірге тартып бара жатады.  Соған қарағанда, басқа да оқиғалардың даму барысында  кейіпкерлердің өсіп-толысу табиғатына қарағанда, шығарма аяқталмай қалған тәрізді», – деген пікіріне біз де қосыламыз. Сондықтан да қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың көркем шығармаларының ішінде «Сұрапыл» романының орны бөлек.

– Апа, Кеңес өкіметі кедейлердің сойылын соғатыны рас. Бірақ ол –байлардың тұқымын тұздай құрту  деген сөз емес. Жаңа өкімет    жақтаса,  олар да өмір сүре алады. Бірақ біреуді  қанап өмір сүрмеу керек. Біреудің еңбегін жемеу керек. Біреудің еңбек етпей-ақ шалқақтап жүруі, біреулердің ертеден қара кешке дейін белін  жазбаса да, ішер асқа жарымауы  әділдік пе? Жаңа өкіметтің мақсаты – ең алдымен    әділетсіздікті жою.

– Жаңа өкіметтің ұраны – «еңбек етпеген – ішіп-жемейді». Еңбек арқылы барлық жақсылықты жасау керек. Адам жаратылысында жақсылықты аңсап туған. Ендеше, сол жақсылық жұрттың бәріне бірдей болуға тиіс…

«Сұрапыл» романынан  алынған   осы үзінділер К.Қазыбаевтың «Еңбек –  адам шырайы» атты очеркінің мазмұнымен де үндесіп жатуы заңдылық. Мысалы, «Еңбек – адам шырайы» очеркінде: «Еңбексіз ешбір қоғам өмір сүре алмақ емес. Жүректің соғуы, дамылсыз жұмыс істеуі үшін де еңбек сондай қажет. Бірақ езуші тап «қүс қолда» тіршілік атаулыға жан бітірер, қозғалыс туғызар қуатты қасиет бар деп ойламайды»…», – деп жазады. Демек, қаламгердің «Сұрапыл» романындағы адал еңбек тақырыбы күллі публицистикалық жазбаларында арқау болған оймен астасып жатуы  өзіндік қолтаңбасына тән даралықты аңғартса керек.

Зуһра ЕРМАҒАНБЕТОВА

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір