Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры: АЛҒА ЖЫЛЖУ, ЖАҢАРУ – ӨНЕР ҰЖЫМЫНА ТӘН ҚАСИЕТ
10.09.2019
1672
0

– Қазақ өнеріне өлшеусіз еңбегі сіңген талай саңлақтың өшпес ізі қалған, көзі тірі аңыз тұлғалар әлі де тер төгіп жүрген қара шаңыраққа басшы болып келерде жүрексінбедіңіз бе?
– Сұрағыңыз орынды. Әуезов театры – ұлтымыздың рухани мәде­ниетін әлемдік деңгейде танытқан ұлы тұлғалардың маңдай тері тамған киелі қара шаңырақ. Қазақ өнерінің киелі қара шаңырағы.Алғашында Асанәлі Әшімов, Сә­бит Оразбаев, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, ұстазым Есмұқан Обаев сынды мысы бар майталмандардың арасында қызмет істеуге жүрексінгенім рас. Себебі, бұл қара шаңырақтың басшысы болу асқан жауапкершілікті талап етеді. Жұмысымды абыроймен атқара алмасам – өзіме сын. Менің түсінігімде, директор деген – қызметші. Алғаш келгенімде: «Мен басқаруға емес, Сіздерге, қара шаңыраққа қызмет етуге келдім», – деген бір-ақ ауыз сөз айттым. Әуезов театрын жеткен биігінен әрі қарай биіктету, дұрыс бағытта жұмыс істеу, қазақ театрының үлгісі болатындай деңгейге жеткізу, сөзсіз, өте ауыр жүк.
– 93-маусым Әуезов теат­ры үшін қаншалықты табыс­ты болды? Атақ-абыройы аспандаған, дүбірге толы даңғыл жолды қалай жалғастырып әкеттіңіз?
– Мұнда келгеніме сегіз айдан асыпты. Өткен 93-маусым театр ұжымы үшін табыс­ты болды деуге толық негіз бар. Көрерменге бес жаңа қойылым ұсындық. Олар: «Ғасырдан да ұзақ күн», «Анна Каренина», «Ұлым, саған айтам…», «Сүйікті менің ағатайым», «Қобыланды». Барлық қойылымды көрермен жақсы қабылдады. Соның ішіндегі «Сүйікті менің ағатайым» спектаклімен (авторы – А.Чехов; Ә.Кекілбаевтың аудармасы) сәуір айында Дағыстанға барып, Каспий жағалауы елдерінің арасындағы ұлттық театрлардың бірінші халықаралық фестивалінде «Үлкен формадағы үздік спектакль» атауымен бас жүлдені жеңіп алдық. Ал «Үздік әйел бейнесі» номинациясына театр актрисасы Жанель Мақажанова лайықты деп танылды. Сәуір айының аяғында Будапештте өткен И.Мадач атындағы
V халықаралық фестиваль-кездесуге қатыстық. Театрлардың тәжірибе алмасуы түрінде өткен бұл шарада Иран-Ғайыптың «Қор­қыт» спектаклін қойдық. Қалың көпшілік өне­рімізді өте жоғары бағалады. Қойылымнан кейін көрермен бізбен – автормен және шығармашылық ұжыммен кездесу өткізді.
Театрымыздың көркемдік ке­ңесінде талқылап, жыл сайын өткізілетін, жиырма жылдан аса тарихы бар дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалін биыл жаңаша «Қара шаңырақ-2019» атауымен өткіздік. Яғни, біз «қара шаңырақ» деген қастерлі атты маңдайымызға «жарқыратып тағып алуға» әрекет етіп жатырмыз. Оның үстіне,
«Театр көктемі» деген атауына сәйкес фестивальді тек көктемде өткізу керек. Ал «Қара шаңырақ» атауымен қаржы мәселесі сияқты жағдайларға байланыс­ты кез келген уақытта өткізуге болады. Енді осы бастаманы «Қара шаңырақ-2020» деп әрі қарай жалғастыру ойда бар.
Тағы бір атқарған ісіміз – 14 наурыз күні театрымызда қалалық деңгейде өткен «Ұлы Даланың ұлы күні – Наурыз» тойы. Мерекелік думан қаладағы өнер ұжымдарының «Көрісу дәстүрімен» басталды. Көрісуге келген театрлар көшін, әрине, Киелі қара шаңырақ қарсы алды. Бұл шарада он екі айдың қуыршақ киімдерін киген театр артистері 800 балдырғанға сыйлық таратты. Сондай-ақ, «БАҚ өкілдері мен өнер жұлдыздары» аллеясының ашылу рәсімі өтті.
Ал бұл жолғы театр маусымын Қазақстанның Еңбек сіңір­ген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақып­баевтың сахналауымен М.Әуезовтің драмалық дастаны – «Қобыланды» спектаклінің премьерасымен жаптық.

«Сүйікті менің ағатайым» спектаклінен көрініс

– Қазір қай театрдың да өкілі көрермен аздығын қынжыла айтады. Сіздіңше, театр өнерін алға бастырудың, көрерменді театрға тартудың жолы қайсы?
– Әрине, көрерменді қызық-тыру үшін жақсы қойылым ұсы-нуымыз керек. Соңғы 4-5 жылда еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің театрларға қолдау көрсетуі жақсарды. Театрлар шетелдерге шығып, байқауларға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Корей, неміс, ұйғыр т.б. бірнеше ұлттық театрлар академиялық деген дәрежеге ие болды. Жалпы, қазір елімізде театрлардың жұмысы алға басып келеді. Әйтсе де, бізге жетіспейтіні – көрерменді қызықтыру, тарту. Себебі, біз ең алдымен көрерменнің жағдайын жасауымыз керек. Осы орайда, көрермен жұмысынан шығып, үлгеріп келуі үшін қойылымның басталу уақытын 18.30-дан 19.00-ге ауыстырдық. Бұл да театрға келушілер санының артуына әсер етті. Көрермен «бүгін театрға барар ем, балама қарайтын адам жоқ» демес үшін немесе баламен келгендері өзге көрерменге, актерлерге кедергі келтірмес үшін театрымыздың кіру залынан «балалар бұрышын» ашсақ дейміз. Онда ойыншықтар мен бүлдіршіндерге қарап тұратын қызметкерлер болады. Көрермен спектакльге кірерде баласының аты-жөнін жазып, сол жерге қал­ды­рып, алаңсыз қойылым тамашалай алады.
Оның үстіне, театр – қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейтін, мемлекеттің идеологиясын тіке­лей халыққа жеткізетін алтын көпір. Ғ.Мүсірепов театрының басшылығындағы кезім. Латын әліпбиіне көшу жөнінде жұмыс басталғанда, драматургтерге осы тақырыпта балаларға арналған пьеса жазуды тапсырдым. Сөйтіп, біз латын әліпбиін «Әріптер әлемі­не саяхат» атты танымдық спек­такль арқылы насихаттадық. Министрліктің қолдауымен гас­троль­дік сапарларға да шықтық.
Сонымен қатар, дала театры­ның негізінде жаңа әрі ерекше формада Байғали Есенәлиевтің «Базарың тарқамасын» спектаклін ашық аспан астында сахналадық және қалалық әкімшіліктің тапсырысымен Қала күнінде орталық саябақта да қойдық. Әрі қаржы таптық, әрі көрерменге жақындай түстік. Аталған спектакльді Атырау облысы да Наурыз мейрамына орай сахналау үшін қомақты қаржы бөліп, арнайы шақырған.
Мен режиссерлерді сырттан емес, іштен іздедім. Жастарға мүм­кіндік бердім. Өйткені жастар­дың көзқарасы басқаша. Қазіргі көрерменге, қазіргі қоғамға жа­қын. Алдымен өзіндік жұмыс ретінде өз арамызда қойылды. Жұл­дызбек Жұманбайдың «Ма­хаббат хаттары», Ерлан Кәрі­баевтың «Құпиясы», Данияр Базар­құловтың «Шыңырауы» сияқты көркемдік кеңеске ұна­ған қойылымдар театр репертуа­рына енгізілді. Яғни, театр өне­рін өрістетудің, көрерменді театр­ға тартудың басты жолы – жаңашылдық.
– Көрерменді театрға тартудың қандай жаңа жолдарын ұсынар едіңіз?
– Әлемдік тәжірибеде пәрмен­ділігін танытып, талай түйінді мәселелерді шешіп келе жатқан сала – менеджмент. Ал оның алғашқы қадамдарының бірі – жарнама. Оған күш беретін – бұқаралық ақпарат құралдары. Халықты театрға қызықтыру мақсатында ТВ-радиомен және газет-журналдармен тығыз байланыс­та жұмыс істеп, ұлт руханиятының ертеңі үшін жасалатын ауқымды жобаны қолға алмақ ниеттемін. Барға қанағаттан гөрі, алға жылжу, іздену – өнер мамандарына тән қасиет. Сондықтан 2020 жылдың 27 наурызынан бастап жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «Премьера күні» атты мемлекеттік деңгейдегі жоба дайындаудамын. Бәріңізге белгілі, Ұлттық домбыра күнінде еліміздің барлық өңірінде қазақтың қара домбырасы күмбірлейді. Сол сияқты неге 27 наурыз – Халықаралық театр күнін мемлекеттік театр күніне айналдыр­мас­қа?! Сол күні елі­міз­де­гі әртүрлі жанрдағы 56 театрда 56 премьера қойылса деймін. Бұл Гиннестер кітабына енетін әлем жаңалығы боларына күмәнім жоқ. Басшылардан бастап жалпы халықтың театрға баруын дәстүрге, тіпті мерекеге айналдырар едік. Бүкіл БАҚ сол күні тек театр туралы айтып, тікелей эфирден көрсететін болады. Келесі жылы поэзия патшасы – ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толады. «Бала Абай», «Жас Абай», «Абай мен Тоғжан» сияқты түрлі тақырыптарда 56 театрда түгел Абайға арналған жаңа спектакль қойылса, нұр үстіне нұр емес пе?! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы Алтын Орданың 750 жылдығы екенін, соған байланысты Алтын Орда тарихын, Жошы хан бейнесін насихаттау жөнінде айтты. Бұл да тамаша тақырып. Одан кейінгі жылы еркін тақырыпқа ауысуға болады. «Премьера күні» атты акциямыз жыл сайынғы дәстүрге айналса, көрермен мен театр арасында тығыз байланыс орнайды. 27-сі күні театрға билет болмай қалса, премьераны әрі қарай 5-10 күнге созуға да болады. Егер осы шара мемлекеттік деңгейде жүзеге асатын болса, бұған облыс басшылары да аянбай атсалысады. Театр жұмысы алға басады. Сол арқылы әр аймақтың басшысы мәдениет саласына қаншалықты көңіл бөліп отырғанын, аймақ тұрғындарының театрға бару деңгейі қандай екенін білуге болады.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына жолдауында мәдениет саласында қызмет атқаратын азаматтарға, соның ішінде театр мамандарына да жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуі тиіс екендігін тілге тиек етті. Яғни, мемлекет тарапынан театрға көмек көрсетіліп жатыр, көзқарасы дұрыс. Бастысы, біз қоғаммен тығыз байланыс орнататын деңгейге жетуіміз керек. Соның көзін тапқанымыз жөн.
– Алматылық көрермен жаңа маусымда қандай жаңа қойы­лымдарды тамашалай алады?
Бұрын Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әр маусымы «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен, ал М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әр маусымы «Абаймен» ашылып, «Абаймен» жабылатын. Менің түсінігімде, маусым ашылғанда жаңалық болуы керек. Ғ.Мүсірепов театрында маусымды премьерамен аштық және театр ұжымы мен кеткеннен кейін де сол дәстүрді жалғастырып жатыр. Дәл солай Әуезов театрына да өзгеріс енгіздім. Мұнда өткен 93-маусымды «Қобыланды» спектаклінің премьерасымен жаптық. Енді алдағы жаңа маусымды жаңа қойылыммен ашамыз. Қазан айының 17-сі күні 94-маусымның алғашқы премьерасы – режиссер Алма Кәкішеваның сахналауымен Тюргеннің (Григорий В.Томский) «Атилла мен Аэций» спектаклі қойылады. Біз әлеуметтік желі арқылы да көрерменмен байланысымызды күшейтудеміз. Халықтың сұрауы бойынша жаңа маусымда араға төрт жыл салып, Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір тойы» жаңа актерлік құраммен сахналанады (режиссері – Ә.Рахимов). Сондай-ақ, кө­рермен қа­ра­ша айында теат­р­ы­мыздың сахнасынан «Қар қызы» премьерасын тамашалайтын болады (авторы – О.Бөкей; режиссері – Ж.Жұманбай).
Жағымды жаңа­лығымыздың тағы бірі ретінде көркемсөз майданында батылдық пен ұлтжандылық, намыс­қойлық пен адамгершілік биі­гінен көрінген рухты ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай «А+А продюсерлік орта­лығымен» бірлескен «Фариза» спектаклінің тұңғыш рет сахналануын атап өтуге болады. Қойылым актерлері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрларынан іріктеліп алынған. Еліміздің маңдайалды театр артистерінің бір сахнада өнер көрсетуі – көрермен үшін, жалпы халық үшін үлкен жаңалық болары сөзсіз.
Сондай-ақ, 2020 жылы «Атилла мен Аэций» спектаклімен Италия­да өтетін фестивальге шақырту алғанымызды да мақтанышпен айта аламын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір