Берік ШАХАНҰЛЫ, жазушы: ЛҰТ ҚАУЫМЫНЫҢ ТАҒДЫРЫН ОЙЛАЙМЫН…
10.09.2019
1125
0

– Аға, бұл шығармаңызда қазақтың қазақы қалпынан, нағыз ұлттық қасиеттерінен ажырап, өзгеше сипатқа ене бастаған кезеңі туралы ой толғапсыз. Сіз сипаттаған кезеңдегі қазақ пен бүгінгі қазақтың және байырғы қазақтың арасында айырмашылық бар ма?
– Бұл сұраққа өз зердем жет­кенінше толыққанды жауап беру үшін ұзақ айтуға тура келетін тәрізді… Қысқаша қайыруға тырысайын. Осынау жұмыр жердің бетінде ұлттық қалпынан, болмысынан ажырап бара жатқандай көрінетін халық жалғыз қазақ емес-ау… Осыдан мыңдаған жыл бұрын Лұт пайғамбар өз жұртына: «Сендер күнәhар қауымға айналып бара жатырсыңдар. Әйел­деріңді былай қойып, еркек­терің бір-біріңмен ашына бола­сың­дар. Мұндай күнәларың үшін Құдайдың қаhарына ұшырай­сыңдар!» – деп зар қаққан екен. Оның сөзін тыңдамаған елге Тәңірі ақыры апат жіберіп, жоқ еткені Құранда айтылады. Ал енді мына XXI ғасырдың басында өркениетті Еуропаның біраз мемлекеттері осы «көгілдір» деген, біздің ұғымымыздағы азғын әрекетті заңдастырып, бекітті. Бұл да қоғамға керекті шаруа дегендей, еркіндік, құқық тұрғысынан қарастырды. Бұлар мұндай күйге қалай түсті? Тағдырдың бұйрығы шығар. Сол тағдырдың бұйрығымен қазақ та талай күйді бастан кешіп келеді ғой. Ақырын берсін деп тілейік. Лұт қауымының тағдырын ойлаймын да, қазақты сондай кесапаттан сақтаса екен деп тілеймін Жаратқаннан.
Байырғы қазақты қайдам, біздің бала кезіміздегіден қазір­гі­лердің қайырымдылығы, бауыр­малдығы әлдеқайда төмен сияқты. Әлде өткенге сағынышпен, бүгінге күдікпен, сынмен қарайтын әде­ті­мізден бе екен, маған солай көрінеді.
– Бір әңгіменің желісіне қазақ басына төнген әрқилы қасіретті кезеңдерді сыйдыр­ған екенсіз. Шығарма идеясы қалай туғаны оқырманға қызықты болар деп ойлаймыз.
– Бұл шығарма – осыдан ширек ғасыр бұрын болған оқиғаға орай, өзім жақсы білетін, аса құрметтейтін, елағасы жасындағы екі-үш кісінің қазасына байланысты ойдан туындаған дүние. Ел жақта абыройлы жүрген бір ағамыз «өзін-өзі атыпты» деген суық хабарды естіп, аң-таң болып барғанда, төңірегіндегі туыс-тумалары көздерімен көргенін айтып, сендірген еді. Бірақ ол кісіні мұндай «қылмысқа» қимағаным шығар, көңілімнен өмірі күмән кеткен емес. Сонан екі-үш жылдан кейін өзім табынып сыйлайтын, қазақ әдебиетінің тума классиктерінің бірінің қазасы жөнінде де осындай әңгіме болды. «Асылып өліпті». Көңілім, бірақ, жақсы ағаны мұндай жағдайға қимаған еді… Осы оқиғадан соң біраз жылдан кейін бұл кісінің өлімі туралы әдебиетіміздің тағы бір классигі, кезінде бірге жүрген, қызметтес болған ақын ағамыз «Жас Алаш» газетінде жариялаған естелігінде: «Ол өзін-өзі өлтірген жоқ. Мен ол сөзге сенбеймін. Ол әу баста Кеңестер Одағының КГБ-сының қырына ілінген қаламгер болатын. Бұл қаза – солардың әрекетінің салдары» деген тұжырымын айтты. Мен осы кісінің айтқанына иландым.
Күмән – күмән ғой. «Ал, шынында да, өз қолымен жасаған болса ше? Онда мұндай қадамға қандай себептермен баруы мүм­кін?» – деген ой көкейімнен кет­кен емес. Бұл туынды – осы толға­ныстың нәтижесі.
– Ата дінінен ажыраған ұрпақтың болмысы, мінезі, көзқарасы өзгеретінін әңгімеңізде негізгі тін етіп алыпсыз. Бұл туындыңыздың жалғасы бар секілді… Болашақта осындай мазмұнда көлемді шығарма жазу ойыңызда бар ма?
– Ата дінінен де бұрын ата-баба салт-дәстүрін, қанындағы бауырмалдық пен имандылықты іздесек… Құдайға шүкір, соңғы жиырма-отыз жылда ораза тұтып, намаз оқып, қажыға барғандардың саны көбейіп келеді. Ал қылмыс жасау, ұрлық-қарлық азайды ма?! Бауыржан Момышұлының «Дін дәстүрге үстемдік жасамауы керек» деп кесіп айтқан сөзі бар. Халқының игі қасиетін қастерлеген жанның лебізі бұл. Сол қасиетті жоғалтып алмасақ екен.
Бұл мазмұнда бұрын да шығар­ма­ларымда азды-көпті әңгіме қозғаған сияқтымын. Алдағы кезде романға кірісіп кетемін деп айта алмаспын. Толғантқан тақырып қой, бұйырғанынша қалам тартып тұратын шығармын.
– Кеңес Одағы қалыптастыр­ған сананың ұлтсыздануы, рухсыздануы секілді дерттерден бүгінде арыла алдық па? Толықтай арылу үшін не істеу керек?
– Кеңес Одағы кетті ғой… Ұлтсыздану мен рухсыздануға жетелейтін өзге де түйткілді мәселелер мен жаңа қауіптер аз емес. Солардан сақтанудың қамын үнемі естен шығармау керек. Соның бірі – бұқаралық ақпарат құралдарын, сахнаны, көгілдір экранды эстраданың атын жамылған шетелдің даңға­за топанының ағынынан, өзі­міз­дің көкжасық бәлдір-бат­пақ­тарымыздан мейлінше қорғай білу. Жас ұрпақты халық­тың саф өнерімен, ән-күйімен сусындату. Ең бастысы – қоғамның әрбір мүшесінің жалған сөз, жасанды мінез, жемқорлық пиғыл­дан аулақ болуы. Біз қазір жас ұрпақты көгілдір экран мен интернеттің «тәрбиесіне» бердік. Адалдық пен шыншылдықты жалғандық пен көзбояушылыққа, алдау мен арбауға, бір күндік рақат үшін өмір сүруге алмастырып алу қаупі зор. Бұл – қатерлі үрдіс.
– Шығарма желісінде айтыл­ғандай, бүгінгі ұрпақ ескі де есті әңгімеге сусайтыны анық. Ал осындай рухани азық боларлық әңгімелер қазір өз дәрежесінде айтылып жүр ме?
– Біздің бала кезіміздегі ескі, есті әңгіменің ауылы алыстап кетті. Ол кезде қанша нәубетті бастарынан өткерсе де, Алладан үмітін үзбеген, жігерін жоғалтпаған, ішкілік деген бәледен аулақ (ішкілік қазақ даласын соғыстан кейінгі жылдары жайлай бастады), сонан соң да Құдай берген азды-көпті ақыл-санасы таза кісілер – қариялар болды. Жаңағы ескі, есті әңгімелердің бұлағы солар еді. Олардан кейінгілер, сорымызға қарай, ішкілікке ден қойдық. «Бозаның үстіндегі әңгімеде бәтуа болмайды» дегендей, ендігі үлкеннің де, кішінің де әңгімесінің өрісі әрі кетсе – саясатқа, бері кетсе – өсек-аяң, ғайбатқа айналды. Соңымыздағы жастарды, бала-шағаларымызды алдымыздағы әкелеріміздей өнегелі сөздермен сусындата алдық па, қайдам?! Бір қуанарлық жәйт, қазіргі жастар ішкіліктен бойын аулақ сала бастады. Алдағы кезде өз заманына сай байырқалы сөз, бәтуалы әңгіменің ауылын табар деп сенейік.
– Әңгімеге арқау болған оқиға барысы оқыстан басталып, кілт үзілетін секілді. Өркен мен Қоныс арасында өрбитін өлім мен өмір қақындағы диалог та оқырманды қайшылықты ойларға жетелейтіндей. Табиғатынан таза, бекзат болмысқа ие Бекасылды ауыр халде сипаттауыңыздың себебі неде?
– Өркен мен Қоныстың ара­сын­дағы әңгімені Қоныстың өзі айтқандай, «жұртшылықтың (оқыр­манның) таразысына қалды­райық». Ал Бекасыл арқылы қулық-сұмдық, жамандықтың алдында, көп жағдайда, адалдықтың, туралықтың шарасыздығын айт­қым келді. Біздің болмысымыз күрделі. Адамның қолынан кел­мейтіні жоқ дейміз. Бірақ… Адамның қолынан келмейтін дүниелер де жетерлік. Дәрменсіздік, шарасыздық… Біз сол шарасыздық аралындағы оқиғалар арқылы кейіпкеріміздің болмыс-бітімін ашуға ұмтылдық. Оқиғаның шиеленісі, ой салар тұсы да – осы.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір