АУЫЛДАН КЕЛГЕН РОМЕО
09.09.2019
1345
0

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК

Келмеске кеткен Кеңес дәуірінде жоғары білім алу үшін күндізгі, кешкі және сырттай оқытатын бөлімдерде оқушы едік. Ең жауапты жазғы сессия жақындап, тықыр таянып қалған кез болса керек. Өзіміз сияқты бір тілші ағайын күндіз білім алатын студентке: «Сізге сессияға дайындалу үшін қанша уақыт керек?» – деп сұрақ қойыпты. Онсыз да миы қатып жүрген жігіт көп ойланбастан мұрнын шұқылап, «Он күн жетіп қалады», – деп жауап беріпті. Қадалған жерінен қан алатын журналист бұл сауалды кешкі бөлімде оқитын шашы жалбыраған қызға қойыпты. Таң сызат бермей жұмысына асығатын, апақ-сапақ кеште оқуына жүгіріп, әбден есі шығып жүрген студент: «Бес болса жарап қалар еді», – деп асығыс жауап береді. Бастаған ісін аяқтамақ болған тілші Қазақстанның бір қиыр шетінен келген, сырттай оқитын студентке баяғы сауалын қайталапты. Әлгі батырдың пәтерге орналасып, оқу аудиториясына енді ғана бас сұққан кезі екен, алақ-жұлақ етіп: «Емтиханды қайда тапсырып жатыр, қазір-ақ тапсырып тастайын», – депті.

Дәркеш те ойланбастан-ақ емтиханды тапсыруға әзір студент­тердің қатарына жатады. Аудандық газетте қызмет атқаратын біздің батыр амандық болса, Ұлттық уни­верситеттің журналистика факуль­тетінің үшінші курсын біті­ріп, шікірейіп ауылға қайтпақшы. Бақылау жұмыстары, зачет, емтихан деп мұрыннан су кетіп, зыр жүгіріп жүрсе де, қарап жүрмей, Таңат досы айтпақшы, бет біткеннің сұлуы керемет қызбен танысты. Аты да әдемі – Айгүл! Алма жеп өскен Алматының бойжеткені аршыған жұмыртқадай аппақ, тал шыбықтай бұралған сымбатты денесінен де бір мін таба алмайсың. Көп жағдайда астананың сұлу бойжеткендері мұрындарын шүйіріп, тәкаппар болып келеді, ауылда өскен, орысшасы шамалы «мәмбеттермен» менсінбей сөйлесетіні және бар. Айгүлдің де қазақшасы шамалы, бір жақсысы, шамасы келгенше Дәркеш түсінетін тілмен сөйлесуге тырысады. Көркіне жігіт біткен ғашық болатын сұлу болса да, өзін қарапайым ұстайды, мінезі де ашық жарқын. Ауылдағы «келін ал, келін ал» деп күнде миын шұқитын апасының сөзімен айт­қанда – Құдайдың өзі бере салған алтын қыз.
Айгүлмен алғашқы танысқан күндердің бірі болатын. Абай және Абылайхан көшелері қиылысқан жердегі Ұлттық кітапхананың оқу залына сәл кешірек келген Айгүл­ден Дәркеш далада ауа райының қандай болып тұрғанын сұрады.
– Ой, жаман, – дейді Айгүл кішкентай әдемі қыр мұрнын тыжырайтып – прямо, жаңбыр құлап тұр. Жігіт қалалық бойжеткеннің қызықтау шыққан жауабына күліп жіберді.
– Неге күлесің? – деді Айгүл бұртиып.
– Жаңбыр құламайды, жауады.
– Солай ма, – деді бойжеткен әнтек жымиып – есте болсын, жаңбыр құламайды, жауады. Дәркеш, қарсы болмасаң, екеуміз өзара келісім жасайық: сен мені қазақша үйрет, ал мен сені орысшаға үйретейін. Байқаймын, орысшаң совсем шамалы екен, кеше екеуміз автобуста келе жатқанда саған әб­ден күлкім келді. Егде орыс шалы­на орныңды беріп, әдептілік жаса­ғаның өте орынды. Бірақ «Дедушка, садитесь, я пешком постою», – дегенің тіпті жарамайды. Қанша дегенмен, сен КазГУ-дің журналис­тика факультетінің үшінші курс студентісің ғой.
Қыз бен жігіттің әзілі жарасып, қосарлана күлді.
Екеуі оқу залынан шыққанда жаңбыр басылып, күннің көзі шығып­ты. Жауыннан кейінгі көк­темгі Алматы сұлу арудай құлпы­рып, түрленіп шыға келген. Аудан­дық газеттің қызметкеріне қара­ғанда Айгүлдің бақуатты жанұядан шыққандығы бірден байқалады. Бойжеткен күнде тотықұстай та­ра­нып, түрлі-түсті киініп, әдемі болып келеді.
Бүгін де үстіне бүрмелі ақ көй­лек киіп, құлпырып кетіпті. Құлын­шақтай сымбатты денесі қайта-қайта ұрланып қарамасыңа қой­майды. Дәркештің үстінде баяғы сұр костюм, бірінші курста оқып жүргенде алған қара шалбары да тоза бастапты. Ол еліктің лағындай әдемі қыздың жанында өзінен-өзі қуыстанып келеді. Айгүл де бір сәт үсті-басына сын көзбен қарағандай болды. Дәркеш қысылып, маңдайы тершіп қоя берді.
– Айгүл, үсті-басыма бұлайша қарай бермеші, ауылда бұдан басқа да киімдерім бар. Жақында Таңат досым әкеліп береді, – деді ол бі­ре­се айдай сұлу Айгүлге, біресе аяғындағы мыжырайған ескі топ­лиына қарап.
Жанында үлбіреп келе жат­қан сұлу бойжеткен күмістей сың­ғыр­лап күліп қоя берді. Дәркеш одан бетер ыңғайсызданып, терлеп кеткен маңдайын сүрткілей берді.
– Рас айтамын, Айгүл. Таңат досым кеше келуі керек еді, неге екені белгісіз, кешігіп жатыр, – деді жігіт ақталғандай болып.
– Осындай да ұқсастық болады екен-ау, менің папам да мамаммен танысқанда дәл осылай депті, – деді Айгүл күлкісін әрең басып. – Ну что же, енді Таңатты күтеміз… Сөзі­нің соңын әзілге бұрған Айгүл жігітке еркелей-наздана қарады. Дәр­кештің бойынан үлкен жүк түскендей, бүкіл денесі жеңілдеп сала берді…
Кеңес дәуірінде сол кездегі ақшаның кәдімгідей құны бар болатын. Қалтаңда он сомың болса, сенен асқан бай, жомарт адам жоқ, сүйген қызыңды кездесуге ұялмай шақыра бересің. Жуалыдан келген Ромео бір күні Айгүлді «Арман» кинотеатрына киноға шақырды. Екеуі балмұздақ жеп, біраз серуендеген соң, Дәркеш билет алмақ болып, ұзыннан-ұзақ шұбатылған кезекке тұрған. Кезегі келіп, билет алайын десе, қалтасындағы Лениннің басы бейнеленген қып-қызыл ондық сомы жоқ, жанталаса олай қарады, бұлай қарады, жер жұтып қойғандай әлгі Құдай атып кеткір ақша зым-зия. Жігіттің маңдайынан тері бұрқ етіп, кезектен сытылып шықты да, өзін күтіп тұрған Айгүлге: «Қазір келемін» деп, қашпақ болсаң – зымыра дегендей, аялдама жаққа зытып кеп берді…
Осы оқиғадан соң Дәркеш Айгүлді көрсе тұра қашатын болды. Қарауға, бір ауыз сөз сөйлеуге бет жоқ. Ең жаманы, екеуі бір жоғары оку орнында оқиды, факультеті бас­қа болса да, кейде сыртынан кө­ріп қалады, ондайда біздің батыр тазы қуған қояндай зыта жөнеледі. Айгүл де өжет қыз екен. Бір күні оқу ғимаратынан шыға берісте «қаш­қынды» тыпыр еткізбей ұстап алды.
– Дәркеш, қызық жігіт екенсің, – деді Айгүл таңқала қарап, – өзің киноға шақырасың, өзің қашып кетесің. Одан кейін де мені көрсең тұра кеп қашатыныңды қалай түсі­нуге болады? Саған не болып жүр өзі, түсіндіріп айтсаңшы?
Дәркештің шегінетін жері қалмай, бар шындықты міңгірлеп айтуға тура келді.
– Бар болғаны осы ма, – деді Айгүлдің ақ жүзіне қан жүгіріп, – бәрін түсіндіріп айтпадың ба? Во тебе на ауылдан келген Ромео. Сұлу бойжеткен сықылықтап күліп жіберді.
– Айтпақшы, Таңат досың келді ме? – деді Айгүл күлкісін әрең басып.
– Иә, келген, – деді жігіт сасқалақтап.
– Онда досың әкелген әдемі костюміңді киіп, сағат кешкі 6.00-де өзің қашып кеткен «Арман» кинотеатрының алдына кел, сені бүгін ата-анаммен таныстырамын, байқа, тағы да зытып кетіп жүрме…
Біздің Дәкең сессияны ойдағы­дай тапсырып, оның үстіне облыстық газетке қызметке ауысып, ауылға көңілді оралды. Әке-шешесінде ес жоқ, ол келген күні-ақ мүйізі қарағайдай бір қошқарды сойып тастап, кәдімгідей дүрілдетіп той жасады. Бригадирдің көмекшісі болып жұмыс істейтін Шотбай сәл қызыңқырап қалып: «Құдайдың мұнысына да шүкір, біздің әулеттен де бір адам беделді қызметке ілікті-ау, әйтеуір. Анау-мынау емессің, бауырым, сенің алдыңда совхоздың директоры тұрмақ, райкомның өзі зыр жүгіретін болады. Қисық бас Ордашқа көмекші болып, қашанғы салпақтаймын. Айт бастықтарға, мені тезірек бөлім меңгерушісі етсін! – деп, оған шұғыл тапсырма беріп жатты.
Ертесіне Дәркеш әкесі екеуі шөп шабуға жиналды. Көк есек жегілген арбамен әкелі-балалы жандар тепеңдетіп тартып келеді.
– Балам, сенің жасыңда өзіміз бір рет емес, екі рет үйленіп тастап едік. Келіншек алатын түрің бар ма? – деді әкесі сұрақты төтеден қойып.
– Үйлену мәселесі осы бесжыл­дықтың жоспарында бар, көке, – дейді Дәркеш ыржиып.
– Жөн, жөн, үйленгенің дұрыс, – деді әкесі, қалың мұртын сипап. – Қашанғы сүрбойдақ боласың. Айтпақшы, болашақ келін қай жердің қызы, әке-шешесі бар ма?
– Құдалыққа дайындала беріңіз, көке. Келініңіз Алматының қызы, ата-аналары да жақсы адамдар.
– Әрине, құдалыққа барған дұрыс қой, – деп сәл ойланып қал­ған отағасы сөзін жалғады. – Қа­зақта «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген сөз бар. Қаланың ақсаусақ қызы ауылға сіңіп кете ала ма, бізге дұрыс келін болып кете ме? Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған дұрыс, балам. Ақыры келіншек аламын деп құлшынып отырсың, саған бір әдемі қалыңдықты өзім тауып берейін, оған қалай қарайсың?
– Мынауыңыз ойланатын жайт екен. Онша-мұншаны жақтыра бермейтін менің әкеме ұнап қалған қандай қыз ол? – деді Дәркеш қулана күліп.
Осы кезде таңертеңгі сауыннан қайтып келе жатқан әкесінің құрдасы Төлеутайдың қызы Қалам­қас қарсы ұшырасып, ізетпен сәлем берді.
– Жаңағы айтқан қыз – осы, – деді әкесі сыбырлап.
– Әке, бұл болмас. Қаламқас сауыншы ғой. Ал, мен болсам – жорналиспін. Өзіңіз білесіз, қалада сиыр фермасы жоқ. Қаламқас үшін маған сүт фермасын ешкім де ашып бермейді.
Төкең шарт кетті:
– Сенің анау кәуектей ба­сыңда тауықтың миындай ақыл жоқ. Өзінше мұрнын шүйіріп, Қаламқасты менсінбейді бұл жаман. Алдымен сол қыз саған қарай ма екен? Біле білсең, ол бала тек ферма ғана емес, совхоздың маңдай алды сауыншысы, білдің бе? Өзі алтын асықтай, екі балтыры анау…
Дәркеш әкесінің сөзіне мырс етіп, бірте-бірте ұзап бара жатқан Қаламқасқа ұрлана қарады. Шынында да әке сөзінің жаны бар екен. Төлеутайдың сауыншы қызының екі балтыры оқтаудай түзу әрі сұлу екен.
Бір арба шөп шауып, оралған беттері жаңа ғана. Үлкен кесеге құйылған қымызды төңкеріп тас­тап, шөлін басқан Төкең таңер­теңгі әңгімесін қайтадан бастады.
– Дәркеш, ақылың болса, Төлеутайдың қызын ал, өзі сондай жақсы бала. Шешесі Ұлтуар да керемет әйел, қазақ атамыз « Анасын көріп, қызын ал» деп бекер айтпаған ғой, – деп, Қаламқастың екі аяғын жерге тигізбей мақтай жөнелді.
Жаңа ғана жайдары отырған Дәркештің анасы Төлеутайдың әйелі мен қызының атын естісімен жақтырмай тырысты да қалды.
– Әй, шал, жасың жетпіске жақын­дағанда алжиын дедің бе? Жас кезіңде Төлеутайдың келін­шегін аузыңның суы құрып мақтау­шы едің, енді оның қызын мақтай бастадың ба? Қол-аяғы алтын болса да, балам оның қызын алмайды, білдің бе?!
Самаурындай бұрқ ете қалған кемпір алдындағы қымызын сапыра бастады. Сөзден тосылып қалған Төкең: «Балам, қымыз іш, қымыз іш», – деп шақшасын алып, насыбайын ата бастады…
Ертеңінде апасы Дәркешті және немере ағасы Өскенбайды ертіп, шұғыл түрде Алматыға құдалыққа аттанып кетті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір