Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: МЕН ХАЛЫҚҚА БЕРГЕН УӘДЕЛЕРІМДІ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОРЫНДАЙМЫН
09.09.2019
1904
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Халыққа жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы Жолдауында елдің осыған дейінгі дамуы мен өркендеуінің негізін қалаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси-экономикалық реформаларын одан әрі жалғастыра отырып жаңа кезеңге қадам басу қажеттігін баса айтып, «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», – деді. Жолдаудың негізгі түйіндерін ұсынып отырмыз.

I. ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТ

Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдде­леріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады.
Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мем­лекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз.
Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».
Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.
Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.
Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Бірінші. Партия құрылысы үдерісін жалғастыру

Біз қоғам игілігі үшін сындарлы сая­сат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз қажет.
Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс.
Мемлекет басшысы ретінде еліміз­де көппартиялықты, саяси бәсекелес­тікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын.

Екінші. Халықпен тиімді кері байланыс орнату

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мем­ле­кеттік органдар қызметінің негізгі басым­дықтары саналады.
Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды.
Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қа­жет. Сонымен бірге 2020 жылдан бас­­тап біз мемлекеттік қызметшілердің санын бір­тіндеп қысқартуға кірісіп, үнемдел­ген қара­жатты неғұрлым пайда­лы қызметкер­лерді ынталан­дыруға жұмсаймыз.
2024 жылға қарай мемлекеттік қызмет­ші­лердің және ұлттық компаниялар қызмет­керлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажет.

Үшінші. Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру

Конституцияға сәйкес азаматтары­мыз­дың өз ойын еркін айтуға құқығы бар.
Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың ты­ныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс.
Алайда заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады.

Төртінші. Қоғамдық келісімді нығайту

Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлес­кен еңбегінің нәтижесі.
Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәрі­міз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.

II. АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.
Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыс­тардың саны азаймай тұр.
Біз заңнамамызды ізгілен­діру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық.
Жыныстық зорлық-зомбы­лық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіре­се, бала­ларға қатысты қылмыс­тарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәсе­лені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын.
Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты.
Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде.
Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.
Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.
Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн.
Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән беріледі.
Біздің алдымызда жаңа тұ­жырымдама негізін­де тегеу­рінді әскер қалыптас­тыру міндеті тұр.
Арыста болған оқиғалар Қа­рулы Күш­терде түйткілді мә­се­­лелер қордаланып қалға­нын көрсетті.
Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жал­пы тәртіпті нығайтатын кез келді.

III. ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ ЭКОНОМИКА

Бірінші. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.

Екінші. Квазимемлекеттік сек­тордың қайтарымын арттыру.
Үшінші. Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі.
Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады.
Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұр­ғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыс­сыздықты азайтады. Сонымен қатар, са­лық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.
Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді.
Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын.
2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді.
Шағын және орта бизнеске қатысты рей­дерлік әрекеттер жиілеп кетті.
Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс.

Төртінші. Ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету

Өз өнімін экспортқа шығаратын компа­нияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек.
Мен, ең алдымен, орта бизнес туралы айтып отырмын.
Шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі.
Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр.
Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек.

Бесінші. Дамыған агроөнеркәсіп кешені

Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.
Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.
Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек.

Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді.

Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті.
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашы­лығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс.
Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек.

Алтыншы. Әділетті салық салу жүйесі және тиімді қаржылық реттеу

Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы мүліктік жік­телу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады.
Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек.
Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажет деп санаймын.

Жетінші. Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі

Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет.
Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы.
Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.

Сегізінші. Еңбекақы төлеу дең­гейін арттыру

Кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорын­дардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысы айтарлықтай өспегенін көріп отырмыз.
Халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкімет бұл мәселеде табандылық танытуы керек.

ІV. ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.

Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту

Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.
Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отан­дық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.
Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.
Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.
Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.
Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмыс­ты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қа­жет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағ­дарламаны қаржыландыруды 20 мил­лиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.
Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Екінші. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру

Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет.
Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек.
Біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет.

Үшінші. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету

Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басым­дықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады.
Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Төртінші. Мәдениет қызметкерлерін қолдау

Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз.
Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.
Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.

Бесінші. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту

Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Тағы да атап өтемін. Конституция бо­йынша, біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс.
Мемлекеттік сатып алудың әлеуеті зор (кейбір есептеулер бойынша, жылына 400 миллиард теңгеге дейін жетеді). Бұл қаржыны өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауға болады.
2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрады, соның 3,3 триллион теңгесі немесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалған.

Алтыншы. Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткілікті.
Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын.

V. ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ

Бұл бағытта мынадай міндеттерге баса мән беру керек.

Бірінші. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру

Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр.

Екінші. Бюджетаралыққатынастар жүйесін реформалау

Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады.
Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бюджет үдерісінің барлық деңгейде ұйымдастырылуын қайта қарастыру қажеттігі туындап отыр. Жергілікті бюджетті қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл істе үлкен рөл атқаруы тиіс.

Үшінші. Басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты

Бұған дейін қабылданған «Қазақстан Рес­публикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ бүгінде бұл заңдарды жетілдіру қажет.
Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық.

Төртінші. Инфрақұрылымды дамыту

Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұры­лымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі.
Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет.
Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистралды желісінің бірінші кезектегі құрылысы аяқталып келеді.

Құрметті отандастар!
Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек.
Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс.
Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін.
Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.
Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс.
Қадірлі қазақстандықтар!
Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі.
Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.
Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын.
Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!
Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!
Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.
Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер.
Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.
Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.
Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!
Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!


Сәбит ОРАЗБАЕВ, ҚР Халық артисі:

Жолдау халықтың көңілінен шықты

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл Жолдауы – жаңа игі бастамалардың басы боларына кәміл сенемін. Қазақ тілі – көне, шежірелі тіл, шұрайлы тіл, бай тіл. Осы қазынамызды, байлығымызды қорғауымыз керек, жан-жүрегімізбен аялауымыз керек. Президент Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз деді. Көпбалалы отбасылардың жағдайын жасау, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысынкөбейту, білім және медицина саласының жұмысын жетілдіру жайында ойға қонымды ұсыныстар айтып, тапсырмалар берді. Жалпы, Мемлекет басшысының алғашқы Халыққа жолдауы елдің көңілінен шықты деп ойлаймын.


Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

Тіл реформасы керек

Осы уақытқа дейін қазақ тілінің халі мәз болмағаны белгілі. Шынын айтсақ, орыс тілінің көлеңкесінде қалып келді. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тілдің мәрте­бесін көтеруді тапсырды әрі «қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру керек» деді. Мінеки, енді нақты өзгеріс болады деген үмітте отырмыз. Біздің үмітімізді Тоқаевтың кешегі Жолдауда «Мен өз уәделерімді міндетті түрде орындаймын» дегені одан сайын арттыра түсті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін жүйелі реформалар жасалады деп сенемін. Екіншіден, бұл Жолдауда әлеуметтік жағдайға көптеп көңіл бөлінетіні айтылды. Бұл, әлбетте, өте қуантар­лық жайт. Маған ең ұнағаны – көп балалы отбасыларға және жарымжан балалары бар отбасыларға баспана беру жайы. Мұндай отбасылар саны Қазақстанда отыз мың екен. Келесі жылы осылардың он мыңы баспаналы болады деді. Бұл да болса халыққа жасалған айрықша көмек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір