БАРБИЗОННЫҢ ЖЕТІ ҰЛЫ
04.09.2019
918
0

Барбизон қыстағын оқырмандардың көбі біледі, бұл Парижге жақын маңдағы шағын қыстақ. Оған зиялы қауым «Тоты орманы» деген тамаша ат қойған. Өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастап франциялық бірнеше суретші сол қыстаққа бірінен соң бірі көшіп барып, «барға – разы, жоққа – қанағат» күн кешеді.

Жұмақ мекенді алғаш байқаған суретші Миллер

Бұл жұмақ мекенді алғаш рет Франция суретшісі Кард Лаура Миллер байқапты. Ол Париждегі ұсақ саудагер отбасында дүниеге келген. Әкесі Лувр мұражайының қасынан шағын бас киім дүкенін ашқан. Жастайынан саудаға құлықсыз болған Миллердің бар арманы қылқалам шебері болу еді. Оны алған бетінен қайтара алмаған әкесі күнкөрісіне тиын-тебен беріп, өз бетімен өмір сүруіне рұқсат береді. 1882 жылы Миллер Италияға барып, сурет салуға машықтанады. Онда үйренген өнері оған кейін көптеген жетістіктер сыйлады. Бұрынғы сурет салу жөніндегі «жапырақ жасыл түспен, шөп көк түспен боялады» деп білетін қарабайыр түсініктен арылады. Күллі тіршілік дүниесіндегі түстердің саналуан екенін, олардың әрқайсысының өз рөлі болатынын, бір түрдегі түс басқа түспен араласса бірнеше түс тудыратынын, тіпті нешетүрлі өзгеріс туатынын арнаулы шебер болмаса, кез келген адамның байқай бермейтініне көзі жетеді.
Кард Миллер болымсыз өзгерістерді бақылауды жетік меңгер­гендіктен, сызған туындыларына өзгелер еліктеу былай тұрсын, өзі де әуелгі туындысын қайталап сыза алмайды екен.
1830 жылдың бір күнінде Миллер көрпе-жастығын арқа­лап, Тоты орманына барып, күнкөріске ақша табуға бірнеше суреттің нобайын сызады. Жер­гілікті тұрғындарға алғыс білдіу үшін ол: «қоңыр қалталы адаммын, сіздерге ұнаса, ән салып берейін», – деп ағынан жарылады. Көп өтпей Парижге қайтқан соң, ол достарына Барбизонда сызған суреттерін көрсетеді әрі оларға ол араның тыныш та жанға жайлы екенін айтады. Көп өтпей Анри Руссо, Диаз сияқты бірнеше суретші Тоты орманына қоныс аударады. Суретші Жеин Миллет пен оның отбасындағылар кешірек көшіп барғанымен, аталған орманда табаны күректей 62 жыл тұрмыс кешеді.
Сурет өнері тарихында әсерлі әңгімелер мен сантүрлі аңыз­дар­дың тиегі болған Барбизон суретшілік ағымындағы Кард Лаура, Анри Руссо, Диаз және Жеин Миллет т.б. суретшілер «Барбизонның жеті ұлы» деген атқа ие болады.
Кард Миллер «Монт үйең­кі­сін елестету» атты туындысында Париждің солтүстігіндегі Санлия қалашығына жақын араны суретке салады. Суреттегі баяу ескен қоңыр самал, жөңкілген таңғы тұман, көл бетіндегі мөлдір сағым көлеңкесімен қоса, бір ананың баласын көтере жүріп, өнім жинауы қиял туындысы ма әлде шындық па, деген ойға кетеріңіз анық. Бұл, бәлкім, оның қиялындағы жұмақ мекеннің көрінісі болса керек.
Миллердің жасы алпыстан асқан соң, оның тамаша туындылары үзіліссіз мол ақшаға сатылды. Бірақ ол бәз-баяғысындай қарапайымдылықтан танбай, бар тапқанын қиналып жүрген достарына үлестіріп берді.

Атыз басында ержеткен суретші Жеин Миллет

Жеин Миллет Барбизон суретшілерінің ішінде мол табысқа жеткендердің бірі. Шаруа отбасында өмірге келген ол жастайынан атыз басында қара жұмыс істеп, еңбекқор болып өсті. Бір күні ол Інжілді оқып отырып, ондағы қыстырма суреттерге еліктеп сурет сыза бастайды. Оның бұл өнеріне тәнті болған ауылдастары ақша жинап, оны Парижге оқуға жібереді. Тумысынан біртоға Миллет қала адамдарымен тіл табыса алмай, қала тұрмысына көндіге алмай оқуын тастайды.
Күнкөрісі тек сурет сызуға қараған оның тұрмысы шынында нашар күйге түсті. Қолы босай қалса, Лувр мұражайына барып, ондағы классикалық суреттерді тамашалаудан жалықпайтын ол кейін өз арманына қол жеткізіп, даңқты суретшіге айналды.

«Тұқым себуші»

1849 жылы Миллеттің бір туындысы сатылады, ол бұл ақшаны үйін Барбизон қыстағына көшіруге жұмсайды. Ол араға орныққан соң, үнемі сурет салумен болады. Күндіз суретінің нобайын салып, кеште оны майлы бояумен әрлейді.
«Тұқым себуші» атты сурет – Миллеттің Барбизонға қоныстанғаннан кейінгі ал­ғаш­қы туындысы. Арада бірнеше уақыт өткен соң, ол бір туынды­сын Париждегі әлдебір сурет орталығына көрмеге қойғанда, өнеріне жұртшылық тәнті болады. Оның қылқаламынан шыққан шаруалар туралы туындысы көрмедегі өзге суреттерден оқшауланып тұрғаны жасырын емес еді. Ол бір сөзінде: «Мен өмір бойы тер төгіп, еңбек етпесе – өмір сүре алмайтын адамдарды көрген соң, өз әсерімді қағазға кестеледім. Кейбіреулер мені ауылдың әсемдігіне қайшы келді десіп жүр. Бірақ менің ауылдан байқаған сұлулығым бұдан да терең», – деген.
Оның «Ағаш теліген ерлі-зайыпты» деп аталатын тағы бір туындысында жас ерлі-за­йып­тылардың өз үйлерінің алдында тұрғаны, жігіттің ағаштарды телумен әбігер болып, ал әйелі баласын құшақтап қарап тұрғаны, олардың өздеріне тиесілі шағын мекендегі бақытты тұрмысы бейнеленген. Миллеттің әкесі де дәл осындай қарапайым шаруа еді, бір өкініштісі, ауылда осындай мағыналы сәттер жиі қайталанбайтын болған.
Барбизон суретшілері дәуі­рінде Париж қаласы саяси-экономикалық жағынан өр­кен­деп, мәдениет пен сән-сал­­та­наттың орталығына айна­лып үлгерді. Байырғы ауыл тұр­ғын­дары Парижге көшіп барып, қалалық болсақ деген армандарына қол жеткізе бастады. Дәл осындай сәтте Миллет сияқты суретшілер қаладан ауылға қарай жол тартты. Мұның сыры неде? Олар өз таланттарына сүйеніп, базар ыңғайына бейімделер болса, қала тұрмысын да жатсынбас еді. Бірақ олардың қиялына Барбизон секілді Жұмақ мекен ұя салып, «Барбизонға бармасақ болмайды» деген асыл ойлары маза бермеді. Сол арқылы табиғатқа деген сүйіспеншілік артып, шығармашылықтарын үздіксіз жалғастырумен бірге, түтінсіз өмір өткізуді қалады.
1845 жылы АҚШ суретшісі Хан­ри Давид Торо Харвард уни­верситетін бітірген соң, қиыр­дағы Уалдын көліне ке­ліп, өз қолымен шағын ағаш үй тұрғызып, жер жыртып, қара­пайым өмір сүреді. Екі жыл ішінде ол әр ай сайын бір АҚШ долларын жұмсап, үнемшілдікке де мойынсұнады. Көрген-білгендері мен өз әсерін негіз етіп «Уалдын көлі» атты кітап жазады. Шынтуайтында, қара­пайым өмір кешу – өзіміз тірші­лік етіп отырған табиғатты қор­ғаудың бір тәсілі. Осындайда Конфуцийдің «қатықсыз көже ішіп, қара нан жеп, шалқадан түсіп жатқаннан артық рахат бар ма?» дегені еске түседі. Ал, біз өмір қалталыларға да, коңыр қалталыларға да мұқтаж емес, бұл өмір тек ізгі жандарға мұқтаж дегенді қосқымыз келеді.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір