АЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ АЛТЫН ШОҒЫРЫ
03.09.2019
1493
0

Елорда төрінде өтетін Азия жазушыларының форумына келетін танымал қаламгерлердің тағы бір тобын оқырмандарға таныстырып отырмыз. Азияның әр түкпірінде, әр елде, әртүрлі қоғамда өмір сүретін қаламгерлердің өмір жолы, көзқарасы, танымы, әдеби түсінігі бір-біріне мүлдем ұқсамауы мүмкін, бірақ оларды ортақ ой, арда мақсатқа біріктіретін – киелі сөз өнері екені анық. «Барлық ақын – баласы бір ананың» деген ақын сөзі әр қаламгердің шығармаларына үңілгенде тіптен айқындала түсетіндей.

«МИССИЯМ АЯҚТАЛМАЙЫНША КЕТПЕЙТІНІМДІ ДЕ БІЛЕМІН»

Сонау 1970-80 жылдардан қалың оқырманға Анар деген атпен танылған белгілі әзербайжан жазушысы, публицист, сценарийші, драматург Анар Расул-оғлы Рзаев 1938 жылы Бакуде дүниеге келген. Әкесі Расул Рза да, анасы Нигер Рафибейли де сөз маржанын тізген ақындар болған.
Анар Расул-оғлы Бюльбюл атындағы музыкалық мектепті үздік аяқтаған соң, Әзірбайжан мемлекеттік университетінің филология факуль­тетінде білім алады. Оны бітіре сала Мәскеудегі Жоғары сценарийлік және Жоғары режиссерлік курстарда оқиды. 1968 жылдан бастап «Гобус­тан» өнер альманағына редакторлық етеді. Ал 1972 жылы повесті сүйікті жанры санайтын жазушының «Байланыс» атты тұңғыш повесі жарық көреді. Өзі бір естелігінде былай дейді: «Шушадағы сол күн әлі күнге дейін есімде. Есік алдында әкеме, анама және әпкелеріме шығармамды оқып бердім. Сондағы әкемнің бейнесін ешқашан ұмытпаспын. Таңғала әрі қуана қараған оның жүзінде өкініш те бар еді. Сосын бір күрсініп алды да: «Міне, енді сен де жазушы болдың», – деді. Жазушы жолының қиын екенін білгендіктен солай айтты, әрине». Содан бері қаламын суытпай жазып келе жатқан қаламгер шығармашылығының басты тақырыптары – қазіргі заманның өзекті мәселелері, өмірлік сұрақтар, бүгінгі адам және адамдық қасиеттер. Шығармаларының ішіндегі ең белгі­лері: «Бес қабатты үйдің алтыншы қабаты», «Қонақүйдегі бөлме», «Дан­тенің мерейтойы», «Мен, Сен, Ол және телефон» т.б. Сүбелі туындыларының бірі – «Қорқыт атаның кітабы» түркі батырлық дастанының желісінде жазған «Қорқыт ата» («Деде Коркут») атты повесі.
Анар Рзаның сценарийі бойынша оннан астам фильм түсірілген («Күн өтті», «Тахмина», «Қонақүйдегі бөлме» т.б.). Олардың үшеуінде өзі режиссерлік еткен.
Оқырмандар жазушының прозасы философиялық терең ойларға толы екенін айтады. Оны рухани ұстаз тұтып, алғыстарын айтушылар да аз емес. Анар Рзаның әсіресе мынадай ой-пікірлері оқушысын бей-жай қалдырмайды: «Егер адам талантты болса, ол өзін шыққан тегінің қандай екеніне қарамастан әйтеуір бір танытады. Егер таланты жоқ болса, оған отбасылық дәстүр де көмектесе алмайды». «Кез келген жазушы өзінің шынайы және жалған жетістіктеріне мастанбай, қашанда өз-өзіне сын көзбен қарай білуі керек. Әйтпесе, ол өз-өзін пір тұту дертіне шалдығады». «Патриоттықтың жалғанпатриоттық деген бір қас жауы бар. Мен үшін патриоттық дегеніміз – ізгі іс жасау және өз кәсібімді жетік меңгеру. Мен үшін сәтті оталар жасайтын және ешқашан патриоттық жайлы айтпайтын жоғары санатты дәрігер патриоттық туралы айудан жалықпайтын, бірақ қолынан түк келмейтін білімсізден әлдеқайда патриот». «Барлық адам жетістікке жеткісі келеді. Алайда жетістік дегеніміз не? Көпшілік оны атақтар мен сыйлықтар деп түсінеді. Сенсеңіз, мен үшін атақ пен сыйлықтың еш құны жоқ. Мен үшін өзім сенім артатын бірнеше адамның пікірі маңызды. Олардың бағасы мен үшін кез келген сыйлықтан жоғары. Өйткені олардың бағасы – әділ де шынайы. Жоғары бі­лімді адамның бағасы. Ең бастысы, олар әдебиетті сүйеді». «Жазушылық жан қалауынан, адамдарға сөзіңді жеткізсем деген тілектен, өз халқыңа, өзің өмір сүріп отырған қоғамға қызмет етсем деген ұмтылыстан, ішіңдегіңді сыртқа шығаруға деген қажеттіліктен туады. Егер сенің бойыңда әдеби талант болса, осынау ауыр еңбекпен айналысуға дайын болсаң, онда осы кәсіпті таңдағын».
Анар Расул-оғлы 1995-2000 жылдары Әзірбайжан Парламентінің – Милли Меджлистің мүшесі де болған. Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы (1991 жылдан). Әзірбайжан Мем­лекеттік сыйлығының иегері. Әзір­байжанның Халық жазушысы. 2014 жылы Түркітілдес елдер жазушылары одағының тұңғыш Төрағасы болып сайланған.
Өткен жылы сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгер бертінде берген бір сұхбатында былайша ақтарылыпты: «Бәлкім, бұл тым асыра айтқандық болар, әйтсе де, мен өзімді қашаннан әлдебір миссиясы бар адамдай сезінемін. Сол миссиямның арқасында әлі де тік жүріп келемін. Мен өлімнен қорықпаймын және ойға алғанымды бітірмейінше кетпейтінімді де білемін».
Қаламына адал, ойы сергек жазушыға біз де ұзақ ғұмыр тілейміз.


ӘЛЕМДІ БӨЛІКТЕРГЕ БӨЛМЕЙТІН АҚЫН

Азия ақындарының алтын шоғырының бір өкілі – айыр қалпақты қырғыз бауыр Нұрлан Калыбеков. Ақын 1973 жылы дүниеге келген. Ол орта мектепті аяқтағаннан кейін бірден еңбекке араласып, зауытта жұмысшы болып жұмыс істейді. Екі жылдан соң Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға түсіп, журналистика (1996), философия (1998) факультеттерін бітіреді. Әрі дінтану факультетінің магистрі атанып шығады. Әрі қарай өзі білім алған университетте оқытушы болып қызмет еткен. Алғашқы өлеңі 1990 жылы «Ленин жолы» газетіне басылыпты. Содан бері поэзия өлкесінде тынбай жортумен келе жатқан ақынның қоржынында орыс және қырғыз тілдеріндегі бірнеше өлеңдер жинағы бар. Өлеңдері қазақ, орыс, әзербайжан тілдеріне аударылған. Әдеби сыншылар Н.Калыбековтың өлеңдері кестелі сөздерге, философиялық ой түйіндеріне толы екенін айтады. Ақын аудармашылықпен де айналысады. Мәселен, Мағжан Жұмабаевтың және Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін қырғыз тіліне аударған. Ол – Қырғызстан Республикасы үкіметінің Жастар сыйлығының, Қырғыз елінің Жолон Мамытов атындағы әдеби сыйлығының иегері. Бұған қоса, аударма саласындағы жемісті еңбегі үшін көршілес Қазақ елінің Ғ.Мүсірепов және М.Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтарын иеленген. Ақын бүгінде Бішкек қаласында тұрады. Осы жылдың сәуір айынан Қырғызстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы болып бекітілді.
Назарларыңызға ақынның филосо­фиялық ойлармен өрнектелген сырлы өлеңін ұсынамыз (орыс тілінен аударылды).

БІРТҰТАС ӘЛЕМ

Мен әлемді бөліктерге бөлмеймін,
Ақ пен қара – біртұтас.
Жауыздық пен қайырым да,
Күлкі менен қайғы-мұң да –
Бәрі-бәрі – біртұтас.
Түндіктен күн сығалайды,
Шұғыласын аямайды
Қонақтан да,
Үй иесі,
Отау менен ошақтан.
Ал, етекте гүл мен шөп –
Аңсағаны – зеңгір көк.
Әлемді ақ-қараға бөлетіндер,
Жұмаққа ұмтылып, қасиетті көксейтіндер,
«Тозақ күтіп тұр», – деп сөйлейтіндер –
Жолың әне – жоқ кедергі, бөгесіндер.
Мені олардың толғандырмас ойлары,
Әлем деген бөліктерден тұрмайды.
Жаратылыс, ең қызығы, мен үшін –
Біртұтас бақ-қойнауы –
Күн сәулесі жер бетінде ойнайды,
Ал, етекте шөп пен гүл
Зеңгір көкке қараудан еш тоймайды.


«Жас күнгі қателік – дерт…»

Ежелден батырлар елі атанған Түркінің тік шаншылған найзасы бүгінде қаламмен әрленіп, парасатпен нұрлануда. Ахмет Яссауи, Әлішер Науаи, Махтымқұлы, Абай даңқын көтерген асыл тілдің қайнары байып, кемері жаңа сөздермен толыққан кемел тіл – әдебиет тіліне айналды, әлемге ақыл-ойын паш етті. Поэзия мен проза саласында біршама жетістіктерге жетті. Жан-жақты экспериментке, ізденіс шоғырларына барды. Сол Түркінің бір бұтағы – Татар халқы. Татарстан әдебиеті жыл сайын өрлеп, дамумен келеді. Ғабдолла Тоқай есімі Кеңестік кездің өзінде әрбір елге таралып, жырлары жоғары бағаға ие болды. Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың ғажайып ақындары арқылы біздің елге де қадам басты.
XXI ғасыр – Түркі әдебиеті үшін же­місті ғасыр. Татар әдебиетінің ірі өкілі, Татарстанның бүгінгі мақтанышының бірі – Даниал Салихов бұл сөзімізге дәлел болмақ.
Даниал Хабибрахманұлы Салихов 1958 жылдың 7-ші қазанында Татарстанның С.Киров ауданында туған. Мектеп бітірісімен Қазандағы музыкалық училищеге оқуға тапсырады. Сонымен қатар 1979-1983 жылдары Қазан қаласындағы театр училищесінде оқыды. 1983-85 жылдары Г.Камал атындағы Татарстан мемлекеттік академиялық театрына актерлер құрамына қабылданды. 1992-1995 жылдары «Салават күпере» атты журналдың бас редакторы болып қызмет етті. Даниал Салихов прозасы – жаңа ғасырдың жаршысы, жаңа үміттің оянуы іспеттес. Роман, повест, әңгіме жанрларымен қатар, драматургияға ден қойған жазушының жан-жақты ізденістері ерек. Шығармаларында Татар халқының тарихи тамырын, бүгінгі ахуалын, арманын, аңсарын көркем тілмен жеткізеді. Сірә, әр жазушының негізгі мұраты өз халқының шежіресін жазып шығу болса керек-ті. Бұл тұстан алғанда Даниал Салиховтың маңдайалды прозаларынан бастап жоғарғы баға беруге болады.
Оның пьесалары Татарстанда, Башқұртстанда, Оренбургта жиі қойылып, көрерменнің ықыласына бөленіп келеді. «Жас күнгі қателік – дерт», «Гилаждың терезесі», «Тас сандық» секілді жыр жинақтарының авторы. 2000 жылы «Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. 2005 жылы драматургиялық еңбектері үшін Г.Исхак атындағы Татарстан Жазушылар одағының сыйлығын иеленді. 1992 жылдан бері Татарстан жазушылар одағының мүшесі.
Даниал Салихов шығармалары – адасқақ ғасырдың айнасы, жасампаз мақсұты, мұраты. Оның пьесаларынан бүгінгі түркі әлеміне тән түпмекенді іздеу, өзін табуға құлшынған адам жанының арпалысы, адасқақ арман жайындағы әфсаналар менмұндалайды.


ПСИХОЛОГ ЖАЗУШЫ

«Мен үшін, бейбітшілік дегеніміз – өркениет, даму, тұрақтылық, қауіпсіздік, әділет, теңдік, махаббат, рухани және өзара әрекетке толы әлемде бірге өмір сүру».
Бұл араб текті жазушы әрі психолог Моуза әл-Малкидің ойы. Ол қолына қалам ұстағаннан бері шығармашылықпен қатар, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, еркіндік пен тыныштық үшін ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене атсалысып келеді.
Ол 1957 жылы Катардың Доһа атты елдімекенінде өмірге келген. Бейрұт университетін «Психология» мамандығы бойынша бітірген. Ол психологиялық тәрбиелеу орталығын ашып, науқастарды емдеп келеді.
Ол – Катар университетінің ассистент профессоры және араб әйелдері мен балаларға арналған бірнеше кітаптың авторы. 2005 жылы Моузаның есімі Швейцария парламентінің мүшесі Рут-Габи Вермот-Мангольд ұсынысымен Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылған 1000 әйелдің қатарында болды.
Ол – Катардағы психотерапевт маманы, АҚШ-та ғылыми жұмысын қорғаған катарлық алғашқы әйел дәрігер. Оның 2014 жылы «Болашақ жазушылар» атты кітабы шыққан. Жазушы ана тілімен қатар ағылшын, француз тілдерін жетік біледі.
Әдебиет әлемінің ортасында жүрген әр қаламгердің өз орны, беделі, құрметі бар екені шындық. Біз сөз етіп отырған Моуза әл-Малкидың өзгеше стильде жазылған шығармаларына әдебиет сыншылары оң бағасын беріп келеді. Айталық, «Апта» журналы ол туралы арнаулы бет дайындап, оның адам жандүниесінің ішкі иірімдеріне, қатпарларына үңілетін туындылары жайында тамаша көзқарастар айтқан. Оның бағыты – адам өмір сүріп жатқан қоғам, беталысы – болашақ деген жылы пікірге тоқтағанымыз жөн секілді.
«Тектілік, тазалық, сосын мейірімділік біріксе, кез келген адам ізгіліктің шыңына шыға алады» дейді ол бір сөзінде.
Ол бір сұхбатында жазудың машақаты мен рахаты туралы сұраған тілшіге:
– Әуелі жазатын шығармаңды зерттеп, пайымдап аласың, сосын оқырманға жеткізуге тырысасың. Кейде шабытты шақтарда қалам жорғалап, айтарыңды ақ қағазға кестелейді. Сол сәттер ең бақытты шақтар деуге болады, – деп жауап берген. Шынымен де жазушы үшін ең бақытты сәт –шығармасының сәтті жазылуы және оқырманға жетуі болмақ. Оның шығармаларының басты ерекшелігі – адамның табиғатын, өмірге құштарлығын, болашаққа деген ұмтылысын зерттеуге арналған. Осы тақырып аясында ол бірнеше кітап жазып, атын алысқа мәшһүр етті.

Бетті әзірлегендер: Д.ӘЛІМАҚЫН, М.СЕРІКҚЫЗЫ, Б.СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір