Сүйекті сөйлеткен шебер

Құрманғазы Қайруллаұлымен таныстығым 2002 жылдың күзінде басталып еді. «Қазақстан» ұлттық арнасының «Елден хабар» бағдарламасына лайық кейіпкер іздеп жүргенде жолымыз түйіскен. Шаңырағында болып, туындыларын асықпай көріп, өзін бір ағыл-тегіл сөйлеткенбіз. Одан беріде де талай кейіпкер таптық, талайымен дәмдес-тұздас болдық. Бірақ осы кісі ұмытылмай, ойымда қалып қойыпты. Есік қаласындағы жақын таныстарға сұрау салып жүріп, 17 жылдан кейін ағамды қайта тауып алдым. Жасы егде тартып, сақал-шашына ақ кірген демесеңіз, сол ширақ қалпы. Даусы да жиырма бестегі жігіттің үніндей сергек, саңқылдап тұр.
Құрманғазы Қайруллаұлы 1959 жылы 29 қаңтарда Қызылорда облысының Жаңақазалы станциясында өмірге келген. Айтпақшы, биыл алпысқа толды. Негізгі мамандығы архитектор-сәулетші.
Ағам «Бейнелеу өнеріне мектеп кезінен жақын болдым. 5- сыныптан бастап алғашқы ұстазым Қабылов Жақсылық Санауұлы өзінің сурет үйірмесіне әкеліп, бейнелеу өнерімен түпкілікті айналуысымды сұрады. Марқұм Жақсылық ағайымның маған бергені өте көп. Жаны жәннатта болсын!» дейді.
– Бір қарағанда сіз пайдаланатын шикізатты табу оңай сияқты. Мал терісі, сүйегі… Дегенмен қиындығы да бар шығар?
– Шикізат табу оңай шаруа емес. Бірақ мен ешқашан шикізат таңдамаймын. Маған ескіден қалған заттар да жарай береді. Керсінше, сондай қалдықтардан түрлі дүние жасағанды жөн көрем.
– Туындыларыңызды сатасыз ба?
Ең қымбаты нешеге кетті?
– Иә, сатқан кездерім болды. Дегенмен мен үшін дүниемді сату басты мақсат емес. Менің о бастан негізгі мақсатым, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді келешекке жеткізу. Міне, нағыз «Рухани жаңғыру» деген осы. Бұл философиялық маңызы терең — күрделі тақырып.
– Қосымша күнкөріс көзі бар ма?
– Қосымша күнкөріс көзі де өз мамандығым бойынша. Яғни, осы Еңбекшіқазақ ауданында сәулетші болып қызмет атқарам. Есік қаласында тұрып жатқаныма да 30 жылдан асыпты.
– Енді бір туындыңыздың тарихына тоқталсаңыз…
– Мен туындыларымды жасағанда көбіне асықтарды пайдаланам. Бірде маған бір тілші былай деп сұрақ қойды: «Неге асықты көп пайдаланасыз?» «Себебі, асық бар жерде бала бар, бала бар жерде тату-тәтті отбасы бар, ел бар, қазақ бар, қазақтың мемлекеті бар», – деп жауап бердім. Соңғы кезде осы сүйектерді – жауырын, жіліктерді мүсінге айналдырып одан әрі ой-қиялымды дамытып жатырмын. Кәдесыйлар да баршылық.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Табысты болыңыз!
Сұхбаттасқан
Қ.Әбілқайыр