Түркістан тарихы жайлы қызықты 5 дерек
03.09.2019
1816
0

Төрт қақпалы Түркістан шаһары – Орта Азия бойынша ең көне қалалардың бірі. Өзінің сан ғасырлық тарихында Түркістан түрлі мемлекеттер құрамында болды. Қала іргесі бірнеше рет сөгіліп, бірнеше рет қайта түледі. Назар­ларыңызға қасиетті мекен хақында қызықты бес деректі ұсынамыз.

Түркістанға 1500 жыл

Қала ежелде Ясы деп ата­лып, оның төңірегі VII-XII ғасыр­ларда Шауғар өңірі ретінде тарих­та қалған. Шауғар саяси-эконо­микалық орталық болды. Кейбір деректер бойынша, Ясы ежелгі Шауғардың жанындағы қала бол­ған, ал келесі бір пікір бойын­ша, ол Шауғардың қала-серігі ретінде көрсетіледі.

ХІІ ғасырда мұсылмандар үшін қасиетті мекенге айналды

ХІІ ғасыр­да сопылық ілімнің бел­сенді ұстану­шысы Қожа Ахмет Яссауи осы қалада жерленді. Ясса­уи өмір­ден өткен соң қабірінің басына үлкен мазар тұрғызылады. Мазар мыңдаған мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды.  Кесенені тұрғызуға ұйытқы болған Әмір Темір болатын.

Түркістан Қазақ хандығының астанасы болды

XVІ ғасырдың соңында Сырдарияның бойындағы қала Сығанақ өзінің бұрынғы маңызын жоғалта бастады. Ал Түркістан Ахмет Яссауидің әсем де зәулім кесенесінің арқасында Орта Азияның рухани орталығы саналды. 1598-1628 жылдары Есім хан Ясыны Түркістан деп атап, оны Қазақ хандығының орталығы етті. Қазақ хандары  XVІІІ ғасырдың соңына дейін билік құрды.

1694 жылдың шілдесінде Түркістанға Ресейден елшілер келді

Қаланы басқарып тұрған Тәу­ке хан елшілердің іс-әрекетін ұнат­пады. Өйткені қабылдау рәсімі кезінде елшілер ханның бас киімін шешуін талап етеді. Ресейде пат­шаның бұйрығын тек қана бас киімді шешіп отырып тыңдау тәр­тібі бар-тын. Алайда Тәуке «қа­зақтар тіпті намаз оқығанда да басындағысын шешпейді», – деп, елшілерге «тәртіпті болуды» үйреткен.

Түркістанда хандар, батырлар мен билер жерленген

Тарихи-мәдени «Әзірет сул­­тан» қорық-мұражайының терри­ториясында 164 атақты тұлғалар жерленген. Олар – әртүрлі заманда өмір сүрген күллі қазақ халқының игі-жақсылары. Кесенеде қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Шығай хан, Жәңгір хан, Қанжы­ғалы Бөгенбай, тобықты Мамай, қоңырат Сырғақ жатыр.

Өмірбек Сансызбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір