АТАҚТЫЛАР АРАСЫ
03.09.2019
1215
0

Нұрмахан ЕЛТАЙ

Ақырын жүріп, анық басатын сықақшылардың бірі – Нұрмұхан Елтай. Қаламына іліккендерін әзілмен әлдендіріп, кез келген күлкі нысанына қалжыңмен қан жүгіртетін ол ешқашан әдептен аспайды. Шағын бірқақпайларында да, юморлы өлеңдерінде де езу тартқызып отырып, ойлантатын астар бар. Адамдар тірлігіндегі, қоғам қозғалысындағы қайсыбір кемшіліктер сынға алынса да, артық сөзділіктен аулақ.
Ендігі баға оқырман құзырында.


Алматыда Асқар Тоқмағанбетовтің 100 жылдығына байланысты жиын өтіп, облыстан келген өкіл Сыр өңірінен шыққан бірқатар атақты жазушыларды атайды. Алайда олардың арасында жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбайдың есімі айтылмапты. Мұны байқаған бір әріптесі:
– Оу, сені атамады ғой, –десе керек. Сонда Орекең: –Мен бір облыстың көлеміне сыймаймын ғой, –деп әзілді қалжыңға ұштастыра жауап беріпті.


ТӨРЛЕТІҢІЗ!

– Мынау кім-ей?
Тықылдатып есікті,
Енбей тұрған ыздиып.
Кім болсаң да келе бер!
Қарсы алармыз біз күліп,
Қысылмай-ақ, кіре бер.
Өз үйіңдей жүре бер!
– Салам!
– Уа, сәлем, ака, өзбегім!
Маңнан келдің көз көрім.
Өзбек халқы – өз ағам,
Тисе табан – өз жерің.
Төрге шық,
Жанға жайлы жерге шық!
– Алика-хошеминика!
– Ой-хой, кәрісім!
Бұл келген де танысым.
Талай жеп ем дос болып,
Шімшиі мен қызыл дәрісін.
Төрге шық!
– Привет!
– Здрасти!
Қымбатты орысым,
Бір дәуірдің зорысың.
Қалаған жер – сенікі,
Құтты болсын қонысың!
– Ассалау…
– Оһо, түрігім!
Айналайын, мұртыңнан,
Қарайлас жүрген жұртымнан.
Егемендігіме қуандың,
Тілектес болып сыртымнан.
Төрге шық!
– Шүлдір-шүлдір,
Былдыр-былдыр.
– Еһе, қытай!
Айдады сені қай Құдай?
Есіктен еніпсің,
Елімізге келіпсің.
Бөтен емессің енді,
Құшақтай құла жерді.
Тұрғың келсе – үй көре бер,
Үйленгің келсе – үйлене бер.
Төрлет!
– О, туған жер, армысың!
Туыстарым, бармысың?
– Айналайын, қазағым,
Аз емес көрген азабың.
Көш мәселесі жөнінде,
Тағы бір заң жазамын.
Асықпай-ақ, келерсің,
Несібеңді терерсің…
Аларыңды көрерміз,
Бірдеңе әуелі берерсің…

***

«Төрлетіңіз», – дей беріп,
Анаған да, мынаған.
Азапқа қазақ қалғандай,
Мың күліп, мың жылаған.


ЖИЫРМА БЕСТІҢ ҚАДІРІ

«Қылмыңдаған жиырма бес,
Етікшінің бізіндей,
Жылмыңдаған жиырма бес»,
Әупей мүшелін тойлады.
Өткенін де ойлады:
Өй-дөйт!
Тәп-тәуір шарықтапты.
Күні-түні кафе кезіп,
Ішіп-жемнен тарықпапты.
Жігіттің бір науқаны төбелес деп,
Талайымен алысты,
Талайымен салысты.
Қой дегенде тиылмай,
Қапаспен де танысты.
Болмай істің берекесі,
Дырду екен мерекесі.
Артында қап шаңы,
Енді түсті есіне,
Үй болудың қамы.
«Не алған білім жоқ.
Өнер үйренген түгім жоқ.
Орысшам да қиқым,
Не қазақша тілім жоқ.
Інінің кішілігін,
Үлкеннің кісілігін ұқпаппын.
Расы,
Жөнді адам боп шықпаппын», –
деп Әупей
Бармағын бүгін шайнайды.
Зығырданы кімге қайнайды?

***

Үлкендердің ақылын,
Құлағыңызға іліңіз.
Қамал бұзар жастық шақ,
Қадірін оның біліңіз.


ГӨЙ-ГӨЙ

Екеуі
Бөтелкені ап ортаға,
Егемендігімізді жуып отыр.
Әңгімені былайша қуып отыр:
– Әмериканың фермерлері
Шеттерінен бай болады дейді.
Техникасы сай болады дейді.
Жанармайдан да тарықпайды,
Шідерленбей шарықтайды.
Болады екен ұқыпты.
Еселеніп еңбегі,
Топ басына шығыпты.
– Япырмай, ә!
– Жапонның
радиотехникасы мықты.
Теледидарын кілемдей
Қабырғаға іледі, тіпті!
– Япырмай, ә!
– Түріктер епсепті.
Жиып тері-терсекті,
Кереметтерді істейді.
Заттарының бағасы,
Рынокте түспейді.
– Япырмай, ә!
– Немістер автокөлікті қатырады.
Таңдай қағып,
талай жұрт « аһ» ұрады.
– Япырмай, ә!
– Италия өнерді бағалайды, – дейді.
Озғанын күндеп,
Ақындарын сабамайды, – дейді.
– Япырмай, ә!
– Бразилия
Футболыңды тебеді.
Кездескен командасын,
Быт-шыт етіп жеңеді.
Ұлттық ойыны сол екен,
Тепкен добы гол екен!
– Япырмай, ә!
– Үндінің киносы-ай!
– Япырмай, ә!
– Грузиннің виносы-ай!
– Япырмай, ә!
– Ал біздің қандастар ше?
– Е-е, жартысы өзге тілде сөйлейді.
Таңданумен шетелге,
Тауыса алмай жүр гөй-гөйді!
– Япырмай, ә!


БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША ӘРЕКЕТ

Жазушы Қалмақан Исабаев парктің ішіндегі соқпақ жолмен өтіп бара жатса, бір жігіт пен қыз сүйісіп отыр екен. Тапа-тал түстегі мына ерсі қылыққа ашуы келген ақсақал: – Әй, бұларың қалай? Басқа оңаша жер таппай қалдыңдар ма? – деп кейиді. Қыз бетін жауып ұялғансып қалады, ал жігіт болса: – Ата, қазақтың санын көбейту туралы бағдарлама бар. Біздікі соны жүзеге асырудың жолындағы әрекет қой, – деп уәж айтқан көрінеді.


ТОНЫМ ӨЗГЕРМЕЙДІ

Баспагерлердің бір жиынында «Қазақстан» баспасының директоры, баспагер-журналист Нұрмахан Оразбек өз ұсыныс, пікірлерін әдетінше қаттырақ дауыстап, нықтаңқырап айтса керек. Жиынға қатысып отырған салалық министр:
– Пікірлеріңіз дұрыс, бірақ дауыс тоныңыз ұнамайды,–деп ескерту жасайды. Сонда тура сөйлейтін Нұрекең кідірместен:
– Алпыс сегіз жылдан бергі тоным осы. Енді келіп оны өзгерте алмаспын, – деп, мінбеден түсіп кетіпті.


СЫҚАҚШЫЛАР НАЗАРЫНА!

Осы әзіл шаржды екі-үш шумақ әзіл өлеңмен немесе жарты беттік сықақ әңгімемен суреттегендердің жеңімпаздарына
«Бұзаутістің» тарту етер сыйы бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір