Қос қаламгер де сіреспе қағидаларды мойындамайды
Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
Ұлт руханиятының берік ұстындарының бірі – «әдебиет» дейтін тәкаппар шыңға қаламын ту етіп қадаған, сол биіктен дара тұлғасымен оқшаулана көрінетін классик жазушылар. Олардың өміршең шығармалары қай кезде де құнды, қадірлі, бағалы. Олардың нағыз бағасын беру де шын ғалымдардың ғана қолынан келеді. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – белгілі әдебиеттанушы ғалым Зинол-Ғабден Бисенғали. Ал, сұрақтарымыз әдеттегідей:
Жиі оқитын жазушыңыз кім? Оның өзіне тән ерекшелігі неде?
Сіз үшін қаламгердің шоқтығы биік шығармасы қайсы?
1. Шығармаларына жиі оралып, тоқтала оқитын қаламгерлер жалғыз емес. Сондықтан сұрақтардың ыңғайына орай бірер қаламгерді, нақтыласам, екі жазушыны атағым келіп отыр. Олар – Әбіш Кекілбай мен Мұхтар Мағауин. Бірі тарихи романын деректі тарихи хикая десе, екіншісі деректі тарихи баян деген. Бір қарағанда айырма жоқ тәрізді. Бірақ, алғашқы қабылдауда ғана солай көрінеді. Шығарма пішіні мен көркемдігіне ойлана, талдай қарағанда, басты айырма – осыларда екеніне көз жеткіземіз. Алайда ол – көлемді, күрделі өзге тақырыптар үлесінде.
Талантты қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріне іргетас болған кейбір жайларды атасақ: олар орыс идеологиясы қабылдамаған, түбегейлі қарсы болып, жоққа шығарып баққан қатпа, сіреспе қағидаларды мойындамайды; әлемдік әдебиеттануда сирек қолданылатын жаңа шығармашылық бағыттарды қолдайды; көпшілік біле бермейтін немесе ескере қоймаған тарихи деректер келтіреді, жаңа тарихи құжаттары аз емес; авторлардың ой-тұжырымдары ақиқат шындық ретінде оқырмандар қабылдауына тықпаланбайды, өз ойлары ретінде аталып, диалогқа жетелейді, ойлануға шақырады т.б.
Ә.Кекілбайдың «Шандоз» болмаса М.Мағауиннің «Шыңғыс хан» романында Махамбет пен Шыңғыс ханның жеке өмірі, мақсатқа жету жолындағы әрекеттері мен күрестері осы жаңа мәліметтер аясында қатар-қатар бейнеленеді. Әйтсе де, бейнелеу ерекшеліктеріне, оқырман алдына тартатын ой-идеялардың көркем құрылымдарына қарасақ, ұлттық рух-іргелері ортақ. Романдардағы күрделі ойлар көркем мазмұнмен ерекшеленген. Оқу барысында қаламгердің ой-сезімдерін, көркем мазмұн өрімдерін қабылдап қана қоймайсыз, еріксіз диалогқа өтесіз. Автормен жарыса ойлауға, мәтінаралық қаламгер ойларын сезінуге, түсінуге, пікірлесуге шығасыз.
2 Ә.Кекілбай Махамбет тақырыбына бала кезден көңіл аударған. Бірақ, жазу жағына келгенде, бұл тақырыпқа бірден бата алмай, кейінге ысыра берген. Өйткені Махамбет туралы әлдене жазбаған жазушы мен қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғалымдарды кездестіру қиын. Жазушы жаңадан тапқан тарихи деректердің дәстүрге айналған дүниетанымдардан бөлектенетін әлдеқандай түйткілдерін аңғарып, жауап іздеді ме екен? Енді бұл сұраққа қаламгердің жазбалары болмаса, басқа жауап беру этикаға жатпайды. Алайда, біздің қолымызға ұстатқан шығармасының өзі де оқырманды талай жаңа ойларға жетелейтіні анық. Міне, осы ізденісті ойлар мен тебіреністі-толғаныстарын көркем мазмұнға аудара бейнелегені үшін бұл шығарманы әркез қайта оралып оқи бергім келеді. Махамбет өмірі мен шығармашылығы арасындағы аса күрделі, тіпті жұмбақ қатынастар иірімдерін қаламгердің сол қалпында бейнелегені қуантады. Келтірілетін тарихи деректер мен Махамбет замандастарының естіген-көргендерін, қазақи ауызша шежірелерді де қолдана отыра, романның жалпы өрнегін бұзбай, қайта құлпырта, ойната бейнелейтіні қуантады.
Ал М.Мағауиннің төрт кітаптан тұратын «Шыңғыс хан» романының деректі уақиғалары мен авторлық толғамдарын кез келген оқырман түгіл, бұл кезең тарихымен етене таныс зерттеушілердің өзі де біле бермеуі әбден мүмкін. Бірақ көлемді шығарма көркем тіл, келісті құрылымымен оқырманды талай әсерлі ойларға жетелейтіні сөзсіз. Алғашқы томдағы Шыңғыс хан дүниеге келген ортадағы кеңістік пен уақыт өлшемдерінен тарихи деректер қалдырған мұсылман елдері, Қытай, Еуропа және далалық шежірелерден басталатын замана хикаясы қаламгерлік танымдар аясындағы ой-толғамдармен араласа келе күрделі, алайда қызықты әлемге бастайды. Тарау романның болашақ уақиғалары мен Шыңғыс хан қалыптасатын уақыт пен орта ахуалынан толықтай хабар береді. Романның екінші, үшінші томдары әлемдік дара тұлға ретінде қалыптасып, оның тарихына мәңгілік өзгерістер енгізген Шыңғыс ханның көркем бейнесін сомдайды. Романның төртінші томы оның өмірінің соңғы кезеңіне арналғанмен, негізінде, Ұлы даланың Ұлы империясын құрған Шыңғыс ханның соңғы шайқастары мен ұрпақтарының өмірінен көпшілік біле бермейтін мол мағлұмат береді. Шежірелік сипаты да аңғарылатын соңғы томда Орта Азия мен Қытай, Иран мен Бағдат халифаты және Орыс елі мен Орталық Еуропаны, Кавказ елдерін жаулап алған Шыңғыс ханның Ұлы империясының кейінгі тағдыры т.б. уақиғалар суреттеледі.
Тарихи шындық пен қаламгер болжамдарының қабаттасатыны соншалық, қадала оқыған зерттеушінің өзі де қолына ұстап отырған тарихи уақиғалар тінін ара-тұра жоғалтып та алады. Мұны біз шығарманың кемшілігі ретінде айтып отырғанымыз жоқ, қайта тарихи уақиғалар тізбегінен бастау алатын баяндардың болжамдарға қай сәтте бұрылып, қай сәтте тарихқа қайта оралатынын байқамай қалатынымызды айту үшін қолданып отырмыз.
Тарихи роман туралы Мұхтар Мағауиннің мына пікірінде бүгінгі әлем әдебиетіндегі басты бағыттың негізгі арналары байқалатын тәрізді: «Әлбетте, тарихи роман – тарихтың өзі емес, көркемделген сұлбасы. Тұлға да, заман да мүлде басқа кейіпте көрінуі мүмкін. Әйтсе де, өз тұсындағы тарихи ұғым, тарихынан ұзап кете алмайды».