АЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ АЛТЫН ШОҒЫРЫ
23.08.2019
1056
0

Өткен аптада газетімізде «Азия жазушыларының І форумына» әр елден келетін бір топ қаламгерді таныстырған едік. Азия құрлығына ғана емес, әлемнің әр тарабына аты танымал қаламгерлердің өмірбаяны мен шығармашылығы туралы шағын аңдатпалардан оқырман қауым ой түйер ақпарат алып үлгерді деп ойлаймыз. Ал, «Қазақ әдебиеті» – әлем жазушыларының антологиясы іспетті ауқымды жобаны одан әрі жалғастырады.

«МЕН ӨЛЕҢ ЖАЗУ ҮШІН ЕЛ КЕЗЕМІН»

Жапырақты сұра,
Мен саған сый етер жапырақты сұра,
Жапырақ – бейне гүл тәжі.
Пантунды сұра,
Мен саған сый етер пантунды сұра,
Пантун – бейне ой тәжі.
Осынау сырлы өлең жолдарының авторы – малайзиялық ақын Мухаммад Хаджи Саллех. Әрі эссеші, аудармашы, әдебиет сыншысы. Малайзияның Ұлттық жазушысы. Малай интеллектуалдық поэзиясының негізін қалаушы.
Сенесіз бе, қаламгер бүгінгі күнге дейін әлемнің 64 елін аралап шығыпты. Соның бәрі – поэзия үшін екен. Өз сөзімен айтсақ, «Соның бәрі малай дәстүрлі өлеңі – пантун үшін». Ол бір сұхбатында: «Мен өлең жазу үшін, жаңа нәрсе жазу үшін, адамдарды танып-білу үшін ел кеземін, жер шарын шарлап, саяхаттаймын. Мен жаңа адамдарды көрген сайын, түрлі оқиғаларға куә болған сайын жаңа поэманың ақиқат бастауын көргенімді ұғынамын», – депті.
«Әлем дейтін үлкен суретке қарап отырып өлең жазғанды ұнататын» Мухаммад Хаджи Саллех 1942 жылы Малайзия елінің Тайпинг қаласында (Перак штаты) дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң Бринсфорд-Лодждегі (Англия) Малай педагогикалық колледжінде білім алады. Ал 1970 жылы Малайя (Сингапур) университетінен әдебиет магистрі атанып шығады. Еңбек жолын мектепте оқытушылықтан бастаған Саллех ғылымға ден қойып, 1977 жылы АҚШ-тың Мичиган университетінде докторлық диссертациясын қорғайды. 1995-1999 жылдары Малайзия Ұлттық университетінің, Малай өркениеті институтының директоры қызметін атқарған.
АҚШ, Бруней, ФРГ, Голландия, Жапония елдеріне құрметті профессор ретінде дәріс оқуға шақырылып, ғылымда үлкен жетістіктерге қол жеткізген Мухаммад Хаджи поэзия есігін қай кезде ашты екен? Бұл сауалға өзі: «Мен 1963 жылдан өлең жазуды бастадым. Оған Англия елінде әрі тәжірибеден өтуші, әрі оқытушы болып еңбек етуім зор ықпал етті. Мен сол уақыттары пантунның сиқырына арбалдым. Содан бері тынығуды білмедім», – деп жауап береді. Расымен, әдебиет сыншылары да пантунға өлердей ғашық ақын өлеңдерінен құштарлық лебі сезілетінін айтады. Саллехтің бертінде шыққан кітабы да «Пантун: Құштарлық поэзиясы» деп аталады. Жаңа еңбегінде ол малай дәстүрлі өлеңінің тарихы және оның малайлар мен нусантарлардың өміріндегі маңызы туралы жазған.
Ал сыншылардың да, оқырмандардың да жоғары бағасына ие болған жыр жинақтары: «Келімсектің жырлары» (1973), «Таным сапарлары» (1975), «Бұл сенің де әлемің» (1977), «Өзен жағасындағы алау» (1996), «Жас әліпбиі» (1998), «Сибуя қары» (2004), «Дәуірге тіл біткенде» (2006) т.б. Өлеңдері әлемнің 15-ке тарта тіліне аударылған.
Өлең жазуда тек эмоцияға ғана сүйенуді дұрыс көрмейтін ақын былай дейді: «Біз одан да әріге үңілуіміз керек. Мен үшін идеялар мен мұраттар қымбат. Мен өлең арқылы адамдардың діни сеніміне сезімталдықпен қарауды үйрендім».
Мухаммад Хаджи Саллехтің әдеби сын еңбектері көптеген елдерде анықтамалық ретінде қолданысқа ие. Атап айтсақ, «Малай әдебиетінің поэтикасы» (2005; 2008 жылы ағылшын тіліне аударылған), «Поэтикалық ізденістер» (2005), «Тарих жайлы толғаныс» (1999), «Әдебиет – ұлт кеңістігі» (2008), «Қазіргі заманғы малай әдебиетінің антологиясы» (құрастырушысы). Жалпы, пантун, өлең, очерк, аударма және теориялық ізденістер туралы 50-ден аса кітабы жарыққа шығыпты. Сондай-ақ, Малай зерттеу орталықтарын құрушы (Риау Ислам университеті және Джамби университеті).
Аудармаларына келсек, пантундардан бөлек, малай халқының ХVІІ ғасырда дүниеге келген «Ханг Туах туралы повесть» атты әйгілі тарихи дастанын ағылшын тіліне аударған. Ал 1978-1982 жылдары Малайзияның Аудармашылар одағының Президенті қызметін атқарады.
Малай және ағылшын тілдерінде жазатын қаламгер француз, араб, жапон, неміс, голланд, испан тілдерін еркін меңгерген.
Мухаммад Хаджи Саллех – өз елінде де, сырт елдерде де құрмет, беделге ие қаламгер. Ол – Малайзия тілі мен әдебиеті кеңесі комитетінің мүшесі, Мемлекеттік әдеби сыйлықты тағайындау алқасының мүшесі. АСЕАН (1977), «Оңтүстік-Шығыс Азия» (1997), Мастра әдеби сыйлығының (2001) және «Нумер» халықаралық сыйлығының иегері (2016). «Елдің көрнекті ғалымы» (2008).
«Сіз жас кезіңізде әдетте белгілі бір адамдарға бас иіп, табынасыз, ал есейген шағыңызда неғұрлым көп адамның бо­йынан сәуле табуға тырысасыз». Осы сөзді өмірлік ұстанымы еткен ақын әрі ғалым Мухаммад Хаджи Саллех адамдық болмысымен де, шығармашылық еңбегімен де қолына қалам ұстаған кез келген жасқа үлгі десек, артық айтқандық емес.


«АҚБОЗ АТТЫҢ ӨМІРІН» ЖАЗҒАН ҚАЛАМГЕР

Ибрагим Насралла – иорданиялық ақын, жазушы, суреткер. Ол1954 жылы Иорданияның Амман қыстағында дүниеге келген. Палестинаның босқындар лагерінде білім алған. 14 жыр жинағының, 13 романның, 2 балаларға арналған кітаптың авторы.
2019 жылы оның «Ақбоз аттың өмірі» атты романы Халықаралық араб әдеби сыйлығын алған. «Үрген ит», «Сен екеуміз», «Қираған қаланың қарауылы», «Өшіргіш бала», «Көшедегі зәйтүн ағаштары», «Рауан сәуле жамылғанда», «Қайырлы таң, балалар» сияқты романдары мен «Періштенің айнасы», «Жасыл ағаш», «Жүрек бораны», «Таңғы әуендер» т.б. өлеңдер жинағы оның қалам қуатын әйгілеп, есімін өзгелерге танытты.
Ол «Газадағы үйлену тойы» атты шығармасында Палестинадағы оккупа­цияланған қазіргі Газа маңындағы елдімекенді суреттейді. Ал «Ақбоз аттың өмірі» атты романында палестиналық отбасының аядай ғана қыстақтағы сүреңсіз өмірі туралы айтылады. Осы отбасы мүшелерінің өмірі арқылы Нас­ралла тарихи өзгермелі жағдайдағы тұтас бір ұлттың трагедиясын бейнелейді: Осман билігі, Англия билігі, Накба (1948 ж. Палестина жерін еврейлердің басып алу кезінде болған апат) кезіндегі палестиналықтар және осы апаттың соңғы жағдайы туралы тарихи оқиғаларды баяндайды. Оның романдарының тақырыбы, мазмұны, идея­сы тек бүгінгі күннің еншісінде емес, болашақта да алар орны мен үлесі бар екені шындық. Ол шығармасында жақсылық пен жамандықтың, сұрқиялық пен ізгіліктің қандай болатынын әрі түрлі қоғамдық қайшылықтарды арқау етті.
Күн шығады ала таңмен жарысып,
Мен қуанам жүрегімді ала ұшып.
Өртке ұқсаған жалынымды баса алмай,
Жастығым тұр ауыздықсыз асаудай.
Өз Отанымды өзімдікі дей алмай,
Өзіме-өзім жөнді сұрақ қоя алмай.
Тек әскери қарауылдар тұр мүлгіп,
Қасіретті кеудемізден жоя алмай.
Оның осы сарындас өлеңдері оқыған жанның рухын көтеріп, Отанды, ұлы жерді сүюге үндейді.
Ол туралы әдебиет сыншылары: «Насралланың шығармалары пайым мен парасатты қатар қойып, адамгершілік пен моральдық құндылықтардың күн сайын жойылып, кез келген нәрсені, тіпті адамның жанын да сатып алуға және сатуға рұқсат етілген уақытты елестетіп, қоғамның қатыгездікке бет бұрып бара жатқанын ашып көрсетеді», – деп баға берген.


ОНЫҢ ҚАЛАМ ҰШЫНДА ІЗГІЛІК СӘУЛЕ ШАШТЫ

«Қандай ұлт қаншалықты ұзақ үнсіздікке және соншалықты ашық сөздерге төтеп бере алады?»
Бұл – Маһмұд Доулатабадидың үнемі айтатын қанатты сөзі. Оның қаламы осы күнге дейін тек шындықты, ізгілікті жазды. Оның романдары мен өзге де шығармалары Иранда және басқа елдерде кеңінен таралып, кітап болып шығып жатты.
«Мен өз үйімде бөтен адаммын! Бүкіл еліміздің қасіреті мен айтқан жағдаймен бір­дей: біз өз жерімізде бөтенбіз, бейтаныс­пыз. Бұл – қайғылы әрі жантүршігерлік жағдай, таңқаларлық нәрсе, біз оған ешқашан үйрен­бе­­генбіз. Әйтсе де, бізді қасірет күлкісі мазақ­­тау­дан жалыққан емес. Егер сіз шынымен адал ирандық ретінде көрінгіңіз келсе, және, әсіресе, осы елде жоғары лауазымға ие болғыңыз келсе, алдымен шетелдік болыңыз, қысқасын айтқанда, бұл жерде тумаған адам болуыңыз керек», – дейді ол «Полковник» атты романында. Ащы шындық та, ел болашағы үшін айтқан сүбелі ой да осында жатыр емес пе!
Маһмұд Доулатабади 1940 жылы өмірге кел­ген. Ирандық жазушы және актер. Ол кедей отбасында тәрбиеленсе де, көркем әдебиет оқуды бала жасынан бастаған. Лашық үйде, май шамның түбінде Толстойдың «Соғыс жә­не бейбітшілігін» жата-жастана оқыған ол жазушы болуға аңсары ауған сол кезден бері қолынан қаламын тастаған жоқ. Әкесі оны ирандық даңқты ақындар Сағди мен Хафиз және Фирдоусидың шығармаларымен ерте таныстырады. Аздап сауаты бар Маһмұдтың әкесі оған өлеңнің құдіретін, қуатын, оның қарудан да күшті екенін жалықпай түсіндіреді.
Маһмұдтың бала кездегі бар арманы шығармашылық ортада өмір сүру болыпты. Оның жастау кезінде әкесі ұлынан шаштараз болып, ақша табуды үйренуін сұрайды. Аядай үйде іші пысқан Маһмұд дүкенін тарс бекітіп, Теһранға қашып барып, сондағы бір театрға қосымша жұмысқа тұрады. Ол актер, жазушы, етікші, велосипед жөндеуші де болып жұмыс істеп көреді. Осы сәттердің бәрінде ол қолынан қаламын тастамай, арманына жетуге күрес жасайды.
1974 жылы ол Шахтың құпия сақшыларына ұсталып, 2 жыл түрмеде отырады. Себебі, оның романы жергілікті билік өкілдері мен полицейлерді тіксіндірген еді. Маһмұд олардан «Айыбым не?» деп сұрағанда, тергеуші оған: «Біз тұтқындаған бірнеше адамда сенің романыңның көшірме нұсқасы бар екен. Сол үшін сізді революционерлердің насихатшысы болды деп түсінеміз», – деген.
Маһмұд Доулатабадидың шығармаларын талдаған сыншылар: «Оның шығармашылық негізі халық фольклорының тамырында жатыр. Ол бала жасынан естіп, көргендерін қағазға түсіріп, оқырманға жаңа дүние ретінде ұсына білді», – деп жазады. Оның 15 жыл жазған «Келидар» атты романы 10 кітаптан тұрады. Парсылардың халықтық фольклорын негіз ете жазылған бұл туынды әлемнің оннан аса тіліне аударылып, жазушының атағын шет жұрттарға паш етті. Ал «Полковник» романы Ислам төңкерісі кезіндегі ұлт, тарих, отбасы тағдырын баян етсе, «Шөл» атты романы 1980-1988 жылдар аралығында болған Иран-Ирақ соғысы туралы баяндайды.
«Қиындықтар теңізінде суға батып, өзін-өзі меңгеруді жоғалтқан адамдар өзімшілдік пен өзгенің сыртынан үкім шығаруды өзі­нің бірден-бір шаруасы ретінде түсінеді. Бұл жағдайдың соңы ақылсыздықтың, ар­сыз­дықтың, менмендіктің көмбесінен бір-ақ шығарады. Егер сіз араздасқан ортада өмір сүрсеңіз, барлық қадыр-қасиетіңізді жоғалтсаңыз, сол көмбе сізді күтіп тұратыны шындық». Тағы да турашылдық, ізгілік туралы сөйлемдер. Оның қалам ұшында тек ізгілік қана сәуле шашты. Біз үзінді келтіріп отырған оның «Полковник» романы 2009 жылы Хаус дер Культурен Берлин халықаралық әдеби сыйлығын, 2011 жылы Азия әдебиет сыйлығын иеленген-ді.


Біздің КИМ

Белгілі прозашы, драматург, аудармашы, сценарийст Анатолий Ким – 1939 жылы 15 шілдеде қазіргі Түркістан облысы, Сергиевка ауылында қарапайым мұғалімдер отбасында дүниеге келген.
Атасы Ким ерте кезде Ресейге қоныс аударған соң бола­шақ жазушы Мәскеу әдебиет институтында оқып, шығар­ма­шылық қарымын жетілдіреді. 1971 жылы М.А.Горький артындағы әдебиет институтын сырттай оқып бітірді. Көптеген мамандықтардың басын шалған жазушы, өзіне өмірлік сабақ алып, жазуға жан-жақты материалдар жинайды. Шығыс әдебиетінің құнарымен тереңінен танысып, аңыз-әпсаналарға, бұлбұлды хауыздарға толы шежірелі Шығыс әсерімен біршама еңбектер жазады.
Ерте кезден-ақ «ақындар елі» атанған Шығыстың көркем мұралары біздің қазақ әдебиетімен де тығыз байланысты екені даусыз. Жазушы Корей халқының да ауыз әдебиетімен жете танысып, бойына сарқылмас рухани байлық жинайды. Тіпті, Корея астанасы Сеульге барып, шәкірттерге лекция оқиды. 1979 жылы христиан дінін қабылдап, «Онлирия» атты роман жазады. Анатолий Ким тек прозамен ғана шектелмей, сурет өнерін де терең меңгеріп, суреттер салады. Сюрреалистік бағыттағы картиналары – бұйығы әлемнің сан қырлы сырларын, уақыттың мәңгілікпен шектесуін нәзік сезіне отырып салынған еңбектер. Адам мен қоғам, бүгін мен ертең, кеше мен кеңістік, адам бойындағы жақсылық пен жамандық, абзалдық пен қораш мінез жайлы толғану – таланттың басты кредосы іспеттес. Жазушы кестелі шығармалалары үшін 1980 жылы «ДН» журналының жүлдесін алса, 1984 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Сонымен қатар 1997 жылы «Юность» журналының жүлдесін, 2000 жылы Қазақстандағы Пен-клубтың Ю.Казаков атындағы сыйлығын иеленсе, 2005 жылы «Ясная поляна» сыйлығымен, 2009 жылы 2-ші дәрежелі Достық орденімен марпатталды.
Алуан қырлы жазушы 1978 жылы СССР Жазушылар одағына мүше болып, «ЛГ», «День», Московский весник», «Роман-газета» сынды біршама басылымдарда қызмет етті. 2004 жылдың аяғында Қазақстанда тұрақтап, 2012 жылы Мәскеуге қоныс аударды. Бүгінде Переделкино қыстағында тұрады. Анатолий Ким есімі бізге классик жазушымыз Ә.Нұрпейісовтің шығармаларын аударған тәржімандығымен таныс. Қазақ жазушылары оны «Біздің Ким» деп жақын тұтады.

Бетті әзірлегендер: Д.ӘЛІМАҚЫН, М.СЕРІК, Б.СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір