Ұлы ақынды ұғына алдық па?
23.08.2019
919
0

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Достық, қастық,
бар қызық — жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл — күзетшісі.
Абай Құнанбай


Өскен ортасында жас Ибраһимге жөн-жоба сілтер жарық тым солғын: «Ойшылдың мен де санды бірімін деп,/ Талап ойсыз, мақтанды қалдым күтіп» (65-б). Мұны да ақынның өзіне деген қатаң талабы ретінде қабылдаймыз. Тегінде, данышпан көп оқып, көп ізденді: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар… Әуелі «білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім», – деп, «дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді», – деп іздемекке керек». Сонымен қатар ақын сөзі «ақиқат мақсатпен үйрену, көзің жеткен нәрседен айрылмау, ақылға кеселі тиетін нәрселерден аулақ болу және мінезді болу» керектігін зерделетеді (отыз екінші сөзден).

Болат Жүнісбеков,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Абай, шын мәнінде, жастарға зор үміт артты: «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,/ Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық…», ендеше «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,/ Ең болмаса еңбекпен мал табалық… (1/53), сонда кімге қарап ой түзейміз? «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,/ Өзі зордың болады ығы да зор (1/57). Тірлік талабына ерте бастан көңіл қойып, оның терең мәнін ертерек түйсінген абзал. Әрине, «Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен» жастыққа не жетсін! Бірақ «осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық… Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат… Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,/ Абайлар әрбір сөзді өз халынша… Керек іс бозбалаға талаптылық… Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» (54-б).
Әлбетте, «Иждихатсыз, михнатсыз/ Табылмас ғылым сарасы» (1/58). Оқымаған, тоқымаған жанға бақыт жолы тым алыс: «Ғылымды іздеп,/ Дүниені көздеп,/ Екі жаққа үңілдім» (1/92), «Жастықтың оты, қайдасың,/ Жүректі түртіп қозғамай?/ Ғылымның біліп пайдасын,/ Дүниенің көркін болжамай» (1/102), «Оқыған білер әр сөзді,/ Надандай болмас ақ көзді» (1/84), «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,/ Қартаймастай көрмелік, ойланалық» (1/53). Демек, білмекке ұмтылып, ғылымға талап қылу әрбір жас үшін адамдық парыз: «Жастықтың оты жалындап,/ Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап,/ Әр қиынға салған шақ» (1/127).
Сондықтан әрқашан «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,/ Еңбегің мен ақылың екі жақтап», «Ынталы жүрек сезген сөз/ Бар тамырды қуалар» (2/21), «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,/ Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің,/ Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» (2/48). Ұлы ақын ұлағаты бұл өмірге келген соң, жатпай, тұрмай білім ізде дейді: «Ондай болмақ қайда деп,/ Айтпа ғылым сүйсеңіз… Сөз мәнісін білсеңіз,/ Ақыл – мизан, өлшеу қыл» (1/61), «Оқыған білер әр сөзді,/ Надандай болмас ақ көзді» (1/84). «Аспаса ақыл қайраттан,/ Тереңге бармас, үстірттер… Атымды адам қойған соң,/ Қайтіп надан болайын?» (2/23).
Хәкім Абайдың өсиетін қазақ ауқымымен ғана шектеу ақын мұрасын бетінен ғана қалқу болмақ. «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық,/ Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық. Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,/ Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» (2/6). Бірақ, ол «адамның баласы – бауырың» дей тұрып та, ең алдымен ауызбірлікті қарындастарына аманат етеді: «Біріңді, қазақ, бірің дос/ Көрмесең, істің бәрі бос» (1/89). Өйткені бірте-бірте орыс патшасының отарына айналған қазақтың тағдыры тал қармағандай тым мүшкіл еді. Аласапыран заманда адамдық азайып, болашақ буылдыр тартқан: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын,/ Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың… Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,.. Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын» (1/49).
Дархан да еркін даланың тынысы Абай заманында барған сайын тарылып бара жатты. Орыстың заңы, әсіресе болыс сайлауы қалың қазақ ортасына оңдырмай жік салды: «Болды да партия,/ Ел іші жарылды» (2/20). Ұлттың турашыл, әділ, қайсар, мәрт әрі жомарт мінезі «құрт» түскендей іріді. Өтірік пен өсек өңмеңдеп, арызқойлық пен жалақорлық алқымнан алды: «Барып келсе, Ертістің суын татып,/ Беріп келсе, бір арыз бұтып-шатып,/ Елді алып, Еділді алып есіреді,/ Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып… Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,/ Әркім, бір ит сақтап жүр ырылдатып» (1/50).
Бас көтерер игі жақсының көбі елге теріс айналып, орыс патшасының билігіне жалтақ күй кешті: «Орыс сыяз қылдырса,/ Болыс елін қармайды… Орыссыз жерде топ болса,/ Шақырған кісі бармайды» (1/71), «Орныңнан тұра шабасың,/ Атшабар келсе қышқырып/ Ояз келсе, қайтер ең,/ Айдаһардай ысқырып» (1/79). Қарындастарының күйкі тірлігіне әбден жаны күйген ақынның тілегі біреу-ақ: «Ұрысса орыс,/ Елге болыс,/ Үйден үрген иткен ұқсап» (1/115). Алайда, атқамінерлердің ойына шен-шекпеннен өзге ештеңе кірмей, бос мадаққа мас: «Болыс болдым мінеки,/ Бар малымды шығындап…/ Күштілерім сөз айтса,/Бас изеймін шыбындап…/Оңашада оязға/ Мақтамаймын елімді,/Өз еліме айтамын:/»Бергем жоқ,- деп, — белімді» (1/81), «Мәз болады болысың,/ Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың,/ Шенді шекпен жапқанға» (1/85).
Абайдың, өкінішке қарай, тым болмаса, кейінгі ұрпақ ойланар деген сабыры да сарқылып бара жатты: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман,/ Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» (2/12), «Заманақыр жастары,/ Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа – /Қойнына тыққан тастары» (1/126), «Пысық кім деп сұрасаң – /Қалаға шапса дем алмай,/ Өтірік арыз көп берсе,/ Көргендерден ұялмай» (1/79), «Құтырды көпті қойып аз ғанасы,/ Арызшы орыс– олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны,/ Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы» (1/103), «Қайғы шығар ілімнен,/ Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң,/Зар шығады тілімнен (1/135), «Жалын мен оттан жаралған/ Сөзді ұғатын қайсың бар?/ Партия жиып пара алған,/Пейілі кедей байсыңдар» (2/60).
Әсілі, өнер – өмірді шынайы жырлайтын күш, өмірге бақытты болу үшін келген адамға айнымас серік. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, /Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» (2/22), «Жүректе қайрат болмаса,/ Ұйықтаған ойды кім түртпек?» (2/22). Абай ғақлиясының он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні есіңізде болар. Ғылымның осы үшеуін де тыңдап алған соң, айтар тағылымы да терең адамдық дерегіндей: «Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді… Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді… Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет… Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» (2/104-105).
Міне, осылайша біз де ұрпаққа ұлағаты мол асыл мұраның сәулесін ептеп қана сезіне бастағандаймыз. Бірақ, соның өзі-ақ ерекше рахат. Абай сәулесі, тіпті құлазыған көңілді жалғыздықтан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды. Абай жалғыз болғанмен, енді Сіз жалғыз емессіз. Олай болса, Абайды оқиық, данышпан сөзі жанымызға әрқашан араша болады екен. Демек, қазақ поэзиясының, әдебиеті мен өнерінің мынау таңғажайып өмірді, адам мен оның бақытын жырлап, сол үшін күресу – ең биік мұраты: «Сонда ақын белін буынып,/ Алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып,/ Көрініп ойға сөз салар. Қыранша қарап қырымға,/ Мұң мен зарды қолға алар. Кектеніп надан, зұлымға,/ Шиыршық атар толғанар» (2/6-7). Бұдан асырып қалай айтарсың, қаламгер әрқашан ел бақытына қызмет етсе, құба-құп. Абай сәулесі – адам бақытын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салатын құдірет.

(Соңы)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір